ТӨРТІНШІ БИЛІКТІҢ ТӨРГЕ ШЫҚҚАН КҮНІ!
2024 ж. 28 маусым
633
0
Құрметті қаламдастар қауымы!
Барлығыңызды бүгінгі кәсіптік мерекелеріңізбен құттықтаймыз!
Тәуелсіз Қазақ Елінің іргесін берік қорғауда журналистердің ерлігі ерен, жұмысы аса маңызды! "Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де, болашағы да мықты" деп Алаш арысы Міржақып Дулатұлы айтқандай, ең алдымен Ұлттық мүддемізді қорғауда қаламымызды қаруымызға айналдырып, қайсарлығымыз бен қайратымызды таныта берейік!
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы талап еткендей "Баспасөз -халықтың көзі, құлағы, тілі" болуы тиіс. Ендеше, Елдің мұңын мұңдап, жырын жырлап, қақын қорғап, Әділдік туын көтере берейік!
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАҚ саласы қызметкерлерін барша журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Жалпы, депутат пен журналист қызметі бірі-бірімен тығыз байланысып жатыр. Екеуі де ел мүддесін қорғайды. Халық сенімін арқалап, оған мүлтіксіз қызмет етеді. Қазір депутаттар корпусы мен масс-медиа өкілдері үйлесімді жұмыс істеуде.
Журналистер қауымы ұлттық парламентаризмді дамытуға қашанда зор үлес қосып келеді. Қазіргі депутаттар құрамында ақпарат саласының өкілдері жеткілікті. Атап айтқанда, Нұртөре Жүсіп, Ермұрат Бапи, Қазыбек Иса, Сергей Пономарев, Жанарбек Әшімжан, Бибігүл Жексенбай, Айгүл Қапбарова секілді әріптестеріңіз көпшілікке белгілі.
Ұлт мүддесін қорғап жүрген журналистердің Парламент төрінде отыруы – заңдылық”-деп журналист мамандығының халық үшін маңызы зор екенін атап айтты.
Иә, журналистер -халықтың көзі, құлағы, тілі болса, сол халық мүддесін парламентте заңға, ел игілігіне айналдыратын депутаттар.
Жалпы, Тәуелсіздік жылдары Қазақ журналистері Ұлттық партияның рөлін атқарды деген зор бағалау өте лайықты.
Баспасөзді ел "Төртінші билік" деп тегін айтпайды. Ендеше бүгін үнемі майдан даласында жүретін "Төртінші биліктің" төрге шыққан күні құтты болсын!
Мамандығымыз -мақтанышқа, Кәсібіміз нәсібімізге айнала бергей, қадірлі қаламдастар!
ҚАЗАҚ ҮНІН биіктен шырқай берейік деп, барлығыңызға АҚ ЖОЛ тілеймін!
Қазыбек ИСА, ақын, журналист, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты