ЕГІЗ БАЛАНЫҢ БІРІ
2024 ж. 24 маусым
489
0
1947 жылдың маусымында Алматы облысындағы бұрынғы Кеген ауданы «Ленин» колхозында, Нүсiпәлi Сыдықовтың отбасында жүрген, жұрт айта беретiн егiз баланың бiреуi жоқ болып кеттi. Ауыл балалары өздерi күнде бiрге ойнап, бiрге жүретiн екi баланың бiреуiнiң iзiм-ғайым жоғалып кеткенiне түсiне алмай аң-таң болып қалған. Олар бұл шаңыраққа бұрыннан таңырқай қарайтын. Себебi, бұл үйдегi егiз баланың бiреуi – қазақ, бiреуi – орыс едi.
Ол кез Ұлы Отан соғысының аяқталып, елдiң жүзiне қуаныш пен күлкiнiң қайта орала бастаған уақыты. Жадыраған жұрт не нәрсенi де шын ықылас-пейiлiмен берiле iстейтiн. Көңiлдiң таза, жүректiң адал балалық дәуренi едi. Нүсiпәлi ағаның үйiндегi егiз баланың бiрi таңертең ойынға келмедi. Ауылдың кiшкентай балалары оның сол күйi жоғалып кеткенiне түсiнбей қойған.
Нүсiпәлi Сыдықов Ұлы Отан соғысы басталғанда қылыштай жас жiгiт едi. Әскери комиссариаттағылар оны арнайы бронмен ауылда қалдырған. Бұл аймақтағы колхоз-совхоздар жаңадан құрылып жатқанда, Нүсiпәлi Сыдықов «Ленин» колхозының төрағасы болып қызмет еттi. Күйеуi ешкiмнiң ала жiбiн аттамайтын нағыз коммунист болғанын Сән апай осы күнге дейiн жыр қылып айтып отырады. Ол кiсiнiң солай болғанын, қандай жұмыс болса да, алдымен өзi кiрiсiп кететiнiн ауылдың сол кездегi бала-шағасына дейiн жақсы бiледi.
– Нүсiпәлi ағаның үйiнде екi бала егiз болып өстi. Бiреуi – орыс, бiреуi – қазақ. Олар – ағамыздың өз баласы Бекболат пен Фомин Саша деген орыс баласы едi. Саша қазақшаға судай едi. Сондай таза сөйлейтiн. Сол кiшкентай кезiмiзде бiр үйде бiр орыс, бiр қазақ бала қалай тұрады деп ойлайтынбыз. Олардың бiрге тумағанын бiлмейдi екенбiз ғой сонда. Саша кетiп қалған соң барып оның Ленинградтан әкелiнген бала екенiн естiп бiлдiк, – дейдi сол кездегi ауыл баласы Несiпхан Батырханова.
Ауылдың бетке ұстар азаматтарының бәрi соғысқа кетiп, кемпiр-шалдар мен балалар ғана қалған тұста шаруашылық жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып, елге бас-көз болу оңай шаруа емес едi. Түрлi науқандық iстерден азып-тозып кеткен елдiң аяғы әлi де бүтiнделе қоймаған. Аштық жылдарындағы, тiптi, одан кейiнгi басқа түскен ауыртпалықтарға шыдамай, бас сауғалап қырғыз асып кеткен ағайындардың бiразын Нүсiпәлi Сыдықов елге қайта әкелген. Жоқтан бар жасағандай болып, ауылда қалған жұртты ұйымдастырып, шаруашылық жұмыстарын жан-жақты алға бастырады. Өстiп жүргенде, 1947 жылы ауылға Ленинград қаласынан 17 бала алып келдi.
Күйеуi үйге орыс баласын жетектеп келгенде, Сән апайдың алғашында таңғалып қалғаны рас едi. Саша деген бала өзiнiң Бекболатымен жасты болып шықты. Өзi дүкенге кеткенде, Ленинградтағы үйiне бомба түсiп, шешесi мен бауырларынан ажырап қалған Сашаны Сән апай баласындай көрiп, бауырына басқан. Бекболат екеуiн бөле-жара қарамады. Күйеуi колхоз төрағасы болған соң, үйден гөрi түзде көп жүретiн.
– Бiздiң үйдегi кiсi таза коммунист болған адам. Сол бiр кездерi бастығы қамалып кеткен «Қайрат» деген колхозды көтеруге арнайы жiберген едi. Қамбасында тұқым жоқ, жан-жақтан қарыз алып, астықтың тұқымын жинады. Оны себетiн де адам жоқ, өңкей шалдар мен әйелдер. 13-14 жастағы пионерлер мен комсомолдарды қарауыл етiп қойып, сол жиналған тұқымды сепкiздi. Астық, құдай жарылқап, жақсы шықпасы бар ма, сол жылы тұқымды игере алмай қалдық. Елдiң қарны тойды. Кезiнде жан баға алмай қырғыз асып кеткен елдiң бiршамасын керi қайтарып әкелдi. Ендi ел боламыз, жағдайымыз бiршама жақсарып қалды деген соң, ол ағайындар да көп кешiкпей қайта оралды. Ал, баламнан кем көрмей баққан Саша болса, ес жиып, өз-өзiне келген соң, шешесi мен бауырларын iздеуге Ленинградқа қайтадан кетiп қалды, – дейдi орыс баласын баққан Сән Әлдiбаева.
Ленинградтан әкелiнген балаларға ауылдың үлкен-кiшiсi тез арада бауыр басып кеткен едi. Саша болса тез арада қазақша үйренiп алды. Сабаққа барса да, үй шаруасымен жүрсе де, Бекболат екеуi егiз қозыдай бiрге жүретiн. Балалармен ойнағанда әдiл, турашылдығымен көзге түстi. Оны балалардың бәрi сыйлайтын едi. Саша осылайша ауылда бiр жылдай жүрген.
– Ленинградтан келген он жетi баланың iшiндегi ең ересегi Саша болатын. Ұлы Отан соғысы Жеңiспен бiткеннен кейiн ол өзi ойланып, әке-шешемдi iздеп тапсам деген оймен рұхсат сұрап, өз елiне кеттi. Менiң шешемдi өзiнiң шешесiндей көрiп едi, кетерде оған да оңай болған жоқ. Өзiм бала болсам да, бәрi күнi кешегiдей есiмде, жас бала тез бауыр басып қалады ғой, қоштасарда қайта-қайта жылады. Оның үстiне, iштей өзiнiң отбасын таба алам ба, таба алмаймын ба деген ой да мазалаған болар, – дейдi егiз баланың қарындасы Роза Нүсiпәлiқызы.
Ананың мейiрiмi мен ананың ықыласы деген – орны бөлек дүние. Өзiнiң бiр баласына айналған Саша – Александр Фомин Ленинградқа қайта кетерде, Сән апайдың көзiне жас үйiрiлiп, көңiлi астаң-кестең болған. Сыңарынан айырылған Бекболат та бiразға дейiн үйрене алмай қойып едi. Ал, Сашаның қайда кетiп қалғанынан хабарсыз ауылдың балалары сыңарын сұрап, Бекболатқа көпке дейiн маза бермей жүрдi.
Саша өз туыстарын тапты ма, таппады ма, ешкiм бiлмейдi. Балалық қылды ма, қайдам, ол сол күйi хабарсыз кеткен. Аналық шын ықылас мейiрiмiн төккен Сән апай оны әлiге дейiн өзiнiң бiр баласы санайды. Ал, бұл үйде бiр кезде бiрi қазақ, бiрi орыс егiз бала болғаны сол кездегi ауыл балаларының бала көңiлдерiнде мәңгi жазылып қалған едi.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
Қазақстанның Құрметті журналисі