ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫ ҚОРҒАЙТЫН ЗАҢ КЕРЕК!
2024 ж. 21 маусым
923
1
Қазақтың қасиетті ұлттық ұғымына, қастерлі салт-дәстүріне жат қорқынышты дүниелер көбейіп кетті қазір. Күн сайын бір шабуыл жасалып, шу көтерілуде.
Кеше әлеуметтік желілерде қазақтың қасиетті киіз үйін жынойнақ жасап, ұлттық камзол киіп алып, жартылай жалаңаш билеген «жын-шайтандардың», екі қыз бен бір жігіттің видеосы өріп кетті... Қазақтың бар асылы мен құндылығы сақталатын қарашаңырағы – киелі киіз үйдің төрінде жалаңаш тайраңдаған тәйтіктерге тәйт дейтін ешкім табылмағаны ма сол жерде? Киіз үйдің иесі қайда қараған, ақшасын төлесе, бәріне рұқсат бере береді ме?
Елдің жаппай қарсы шыққан шабуылына жауап берген түрі болуы керек, түрінен не әйел, не еркек екенін айыру қиын, шашын түйіп алған біртүрлі «жігітшенің» нәзік ұзын саусақтарын майыстырып отырып, «Біз шығармашылық адамбыз, біздің батыл идеямызды, шығармашылық жаңалықты жәй адамдардың түсінуі қиын болады» деп ақталмақ болып оттағаны, сырын әйгілеп сызылып тұрғаны да жүр эфирде.
Бұндай қауіпті лаң қайдан шықты өзі, қалай жайылып барады?
1.«Бәленің бәрін бастаған ала тана» дегендей, осыдан үш жыл бұрын 2021 жылы 8 наурызда Алматыдағы гендерлік теңдік тақырыбымен әйелдер құқын қорғаймыз деген атты жамылып, шеру өтті. Шеруде бір жыныстылардың бір-біріне үйленуін үндейтін, жезөкшелердің құқын қорғауға шақырған жын-жыбырлардың жалаулары да жалбырап жүрді...
Сол кезде біз «Тіл шеруіне жол жоқ - жын шеруіне жол көп! Ата-бабамыз сан ғасыр армандап, қолы зорға жеткен қасиетті Тәуелсіздіктің 30 жылдығын -Тәуелсіздік бесігі болған Алматыда осындай Ұлттық ұғым мен салт-дәстүрімізге жат масқара шерумен бастап қарсы алудамыз!.. Мұндай сұмдықты тоқтату керек!» деп, ашық қарсылығымызды білдіргенбіз.
2.Одан соң 2022 жылы жазда біржынысты қарым-қатынасты насихаттайтын "Базз Лайтер" мультфильмінің Қазақстанда көрсетіле бастауы тағы да шу болды. Желіде "Базз Лайтер" мультфильміне тыйым салу талабымен петиция құрылып, лезде 50 мыңнан аса адам қол қойды.
«БІР ЖЫНЫСТЫЛАР ҚАТЫНАСЫН НАСИХАТТАЙТЫН ФИЛЬМГЕ ЖОЛ ЖОҚ! Мультфильм арқылы біржыныстық қатынасты насихаттау - тамырыңды қынадай қырқып түсіру!»-деп, біз ашық қарсы шықтық.
3. Ал биыл 2024 жылы қаңтарда сол жын шеруінің заңды жалғасы ретінде ЛГБТ сайты да жарық көрді Қазақстанда!?.
Қазақстанда ЛГБТ өкілдеріне арналған сайт ашылуына қоғам түгел өре түрегеліп, қарсы болды. Ұлт болашағына алаңдаған ел бұл сайттың да көзін құрту туралы петиция жасады.
«ЕЛДІ АЗДЫРАР АЗҒЫНДЫҚ САЙТ ЖАБЫЛСЫН! Қасиетті Қазақ жерінде жыныстық азғындыққа ұшыраған ЛГБТ сайтының ашылуы - ұлтты құрдымға кетірудің басы!»-деп, тағы да дабыл қақтық.
Қалың халықтың талабы орындалып, кино тоқтатылды, сайт жабылды!
Жалпы, біз секілді Орта Азиядағы мұсылман мемлекетінде ұлттық ұғымымызға, дәстүрімізге жат шеру жасалмақ түгілі, азындыққа шақыратын фильмнің көрсетілмек түгілі, болашағымызды құртатын сайт ашылмақ түгілі бұлар талқыға да түспеуі керек еді! Қандай зайырлы ел болсақ та.
Бұның бәрінен қазақтың “Албасты қабаққа қарай басады” деген мақалындағыдай, азғындық амалы бірте-бірте елімізге қадам басып, енді төрімізге шығып, жалаңаш тайраңдағанын көріп отырмыз.
Ұлттық негізімізді, Діліміз бен дініміздіқұртатын, Ұлттық кодтың тас-талқанын шығаратын азғындық мұның бәрі!
Батыс талап еткен “адам құқы” мен “демократияның” құны дәл осы ЛГБТ талабына тіреліп тұрса да, мұндай елдің іргесін жеп құртатын жегіқұрттар жойылуға тиіс!
Сан ғасыр ұстанған салт-дәстүрі берік, ізгілік қайнары ислам дінін ұстанған унитарлы мемлекетіміздің ұлттық ұғымына жат аса қауіпті вирусты жою қажет! Бұл ел іргесін құртатын, SOS шақыратың сорақы мәселені заң жолымен қатаң тыйым салуымыз керек. Қауіпті лаңды қатал заң ғана тоқтата алады!
Сондықтан да біз бүгін парламентте Самат Мұсабай бастаған бір топ депутаттар Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне депутаттық сауал жолдадық.
Ғаламтордың дамуымен бірге түрлі жамандық атаулы да жайылып, жарнамаланып барады. Қазір кейбір пікірлерге қарасаңыз, олардың ойынша ЛГБТ-ны қолдаған теріс пиғылдылар “дамыған, өркениетті” болып “бағаланады” екен де, оған қарсы біз секілді ұлтшылдар «артта қалғандар» деп саналады-мыс. Бұндай «дамығандардың» ішінде өздерін шындықтың соңғы инстанциясы санап, жалған жарнама жасап алған журналистер мен блогерлер де жүр...
Бұндай көзқарастың баспасөзде көбейе бастауы – бұл әйгілі Овертон теориясы бойынша “Азғындықтың ақтала бастауы” деп біліп, дабыл қағу керек. Дабыл аз, аттан салу керек! Бұндай халық санасын өзгертуге бағытталған манипуляциялық механизмге барынша күш алып кетпей тұрып, шұғыл қарсы тосқауылдар қойылуы тиіс.
Жақында E-petition.kz мемлекеттік платформасында ЛГБТ насихатына қарсы Бағила Балтабай бастаған қоғам белсенділері жасаған петицияны екі аптада 50 мыңнан аса адам қолдап, азғындыққа қарсы шықты.
«Біздің балаларымызға бір жынысты қатынастар ашық түрде жан жақтан насихатталып жатыр. Кітап дүкендерінен, теледидар экрандарынан, тіпті үлкен экрандарда да жылт етіп шығып жатады біржынысты қарымқатынастардың көріністері және смартфонмен әлеуметтік желі арқылы да көп таралып жытыр. Кейінгі жастар азғындық қарым-қатынастарын ашық түрде таратып және насихаттап жүр. Осылайша, жасырын және байқалмай, жастар арасында жыныстық қатынастардың жаңа стандарттары қалыптасуда.
Көпшілігіміз үнсіз отырғанда, біздің санасы қатпаған балаларымыз бір жынысты қарымқатынасты (лгбт) қалыпты жағдай деп үйреніп келеді, тіпті тренд қылуда. Бұл үлкенқасірет, отбасылық және жеке басты трагедия десек те болады. Көрші елдерде ЛГБТ-нынасихаттағаны үшін және оны таратқаны үшінжазалар қарастырылған.»-деп тура жазылған қалың ел қолдаған петицияда.
Осы петиция талабын тез ісе асыру үшін комиссия құрылып, тиісті шешім қабылдауымыз керек.
Негізі, заң жолымен шектемей, ұлттық ұғымымызға жат пиғылдылардың жаппай шабуылына тосқауыл қоя алмаймыз! Сондықтан ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қорғайтын заң қабылдауымыз керек.
Мысалы, көрші, туыс еліміз Өзбекстанда гомосексуализм және ЛГБТ құқықтары тақырыбына бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық пікірталастарда талқылануға тыйым салынған, ешқандай жол жоқ! Ресей Федерациясында 2022 жылы "біржынысты қарым қатынастарды насихаттауға", жынысты өзгертуге және педофилияға толық тыйым салу туралы Заң қабылданды. БАҚ-та, интернетте, жарнамада, әдебиетте, яғни кітаптарда және кинода ақпарат таратуға тыйым салынған.
Әлемдегі дамыған елдер қатарындағы Жапония, Қытай, Франция, Германия елдерінде ұлттық құндылықтарын қорғайтын заң бар. Оңтүстік Кореяда ұлттық құндылығын қорлаған азаматты халықтың талап етуімен 10 жылға соттағаны туралы баспасөзде жазылды.
Бұл азғындықққа шақыратын мәселені біз де БАҚ-та, сайттарда, әлеуметтік желіде сөз болуына қарсы тыйым салуымыз керек. Өйткені, қазақ халқы жаманатты жасатпақ түгілі, елдің еті үйреніп кетпесін деп, атын атап та айтқызбайтын. Яғни, Америка ғалымы Офертон 1990-шы жылдары ашып жүрген «Азындықтың алты қадамына» қазақ бағзы заманнан қарсы болып, тыйып тастаған. Тек сол ұлттық ұғымымызды, қорғанысы күшті иммунитетімізді сақтай білуіміз керек.
Қазір қазақтың ұлттық ұғымдарына оңнан да, солдан да , жан-жақтан шабуыл жасалуда. Діни теріс ағымдағылар ұлттық салт-дәстүрімізге, киелі домбырамызға, қобызымызға қарсы шықса, Батыстан келген азғындықты насихаттайтын трансгендер міне, қазақтың қасиетті киіз үйінде жалаңаш жын-ойнақ жасап, ұлттық киімімізбен қосып қорлауда.
Бұндай ұлттық ұғымқа қарсы жымысқы шабуыл - Ұлттық қауіпсіздік мәселесі! Сондықтан Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратура бұл бассыздық һәм заңсыздыққа қарсы шара қолдануы тиіс!
Қорыта айтқанда, Азаттықты асқақтататын, Ұлтты сақтап қалатын Ұлттық идеологиялық Концепция қабылдайтын уақыт жетті!.
Қазыбек ИСА