Аман Төлеев: аңыз бен ақиқат
2024 ж. 11 маусым
804
0
Мамырдың 17-інде Шымкент қаласында марқұм Амангелді Төлеев ағамыздың 80-жылдығына орай «Жеке тұлғаның қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі» деген тақырыпта белгілі меценат, профессор Бекет Тұрғараевтың басшылығымен халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Онда теңдессіз тұлғаның сан қыры жайлы терең зертттеулер мен тәлімді толғаулар айтылды.
Жалпы, Бауыржан Момышұлы секілді өзінің көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған адамдар болады. Бүгінгі заманның «аңыз адамы» – уақытынан озып туған Аман ағамыз еді. Ол кісінің аты аталғанда әрбір жаны қазақ, заты қазақ адамның ойына ең алдымен өкініш оралатын: «Аһ, шіркін, Төлеев біздің елге президент болғанда ғой!» Болмайын деген жоқ, болдырмады, келмейін деген жоқ, келтірмеді... Дәлел? Міне!
1993-жылы күзде Сарыағаштағы «Арман» санаторийде атақты адаммен он күн бірге демалған ақын апамыз Ханбибі Есенқарақызы былай еске алады: «Ағамызға сол кезде өз үйінде қастандық жасалғанынан, бірақ Құдай сақтап атылған оқтан аман қалғанынан хабардар едік. Ал, санаторийде ағамыздың өз аузынан естігеніміз мына сөз болды: «Сол сәтте ойыма ең бірінші келгені – өз елімде, өз Отанымда болсам ешкім маған оқ атпас еді-ау деген ой болды. Эльвираға «тез жинал, елге кетеміз» дедім».
Осылайша ойламаған жерден Сарыағашқа топ ете қалған ол «елге келсем деймін, маған қандай жұмыс берсе де ризамын» деді. Менің қолымнан не келеді?.. Мемлекеттік кеңесші болып отырған Әбіш Кекілбаев ағамызға қоңырау шалдым. Ұялы телефон жоқ кез. Күніге таңертең хабарласам... Күніге таңертең тамақта жолыққанымызда Аман ағамыздың сұраулы жүзін көремін... Ақыры, ол кісі қайтатын күн де жетті. «Бір істі бітіре алмадыңыз!» деп Әбіш ағама ренжіп, бес жыл бойы ол кісімен араласпай қойдым. «Аман аға елге келсе екен, еліне қызмет етсе екен» деген арманымыз орындалмаған күйі бәріміздің ішімізде кетті, қайтейік...» https://www.facebook.com/uakzhigit?locale=ru_RU
Тоқтар Әубәкіров 1994 жылы Мәскеуде А.Төлеевке барып жолығады, «Азамат» партиясының «елге келіңіз» деген өтінішін жеткізеді. «Азаматтарға рахмет! Бірақ, сіздерде жаңа Конституция қабылданайын деп жатыр екен, енді соның ішінде «президент болып Қазақстанда туылғандар ғана сайланады» деп жазылады» деді Әбекең. Мен ағамыздың көрегендігіне қайран қалдым – кейін дәл солай болып шықты ғой!»
Ал, Кеңес Одағының соңғы жылдарында КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің орталық аппаратында Бас инспектор болып істеген генерал-майор Тұрсын Айжолов былай дейді: «Бірде Кемерово облысына барып келген әріптестерім қазақ Аман Төлеев туралы айта алмай келді, «Қазақстанға сол адам президент болса, өкінбес едіңдер!» Ал, мен ойдың орындала қоюына үлкен күмән келтірдім...
1995 жылы, мен ҚР Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Балташ Тұрсымбаевтың орынбасары болып істеп жүрген кезімде Конституцияны жаңарту қолға алынып, Балтекең оған қатысты жұмысты маған жүктеді. Президент әкімшілігі Заңнамалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары Талғат Донақов өзгеріс енгізуді аяқтаған күннің ертесіне маған келіп, өзінің бастығы Б.Мұхамеджановтың Президентке кіріп шыққанын, тағы да толықтыру жасауымыз керектігін айтты. «Бастығыңа кірейік» дедім. Ол кісі менің сұрағыма бірден: «Кім президент бола алады» деген бапқа «ондай адам Қазақстанның тумасы болуы тиіс» деген шарт қосылады» деді. Менің «түсінікті, Түрікменстанда туған Аман Төлеев, Челябинскіде туған Нығметжан Исинғарин, Омскіде туған Балташ Тұрсымбаев президент бола алмайды екен ғой» деген сөзіме Б.Мұхамеджнов сәл ойланып барып «біздің генерал қағазда жазылмаған нәрсені де оқи алады...» деп үн қатты».
Міне, Төлеевтің Қазақстанға келер жолы осылай кесілген болатын...
Аман Төлеевтің аты аталғанда құдыреті де, әділетілігі де шексіз, әрдайым таразының екі басын тең ұстап отыратын Алла-Тағаланың қазаққа «бауырмашылдық» тәрізді теңдессіз асыл қасиеттің қасына көздің ағы мен қарасындай етіп, «көреалмаушылық» сияқты жаман қасиетті де ұмытпай қоса беретін шеберлігіне тәнті болмасқа шараң жоқ! Себебі, мансапқұмар шенеуніктер тұрмақ, қарапайым адамдардың да кейде: «Төлеев қолынан келген бар игі ісін орысқа істеді ғой, қазаққа қандай жақсылық көрсетті? Керек десе ол мұсылман да емес, христиан дінін қабылдаған адам» деп сыртынан тон пішіп, білмейтін нәрсесіне төрелік айтуға дайын тұратынын қайтерсің!
Ал, солар Төлеевтің 21 жыл облыс губернаторы болып тұрған кезінде Кемеровода оқитын қазақ жастарына арнап стипендия тағайындағанын біле ме екен? Ресейде 1948-1991 жылдары өмір сүрген Таулы Алтай автономиялық облысында түгелдей дерлік қазақ тұратын, елімізбен іргелес Қосағаш ауданындағы Үркек, Арғұт, Көксу, Қатынсу, Бірдем, Мөлдірқұлаған атты өзендер ағып жатқан, Садақбай батыр жайлауы, Әкімбай байдың жайлауы, Мақажан жыраудың жайлауы секілді жұмақ жерлерге қоныс тепкен Жаңаауыл, Жазотыр, т.б. ауылдарды Аманкелді ағамыз қазақтарға жекешелендіріп беріпті. «Соның бәрі – Аманкелді Төлеевтің арқасы, – депті аудан әкімі Әуелхан Жатқанбаев 2005 жылы «Яссауи» тобымен Алтайды аралаған арқалы ақын Светқали Нұржанға. – Өлкесі басқа болса да, өз беделінің арқасында қарымы жетер жердегі қазақты қамдаудан, жоқ-жітігін түгендеуден, даңқын асырудан еш танбайды. Ең ақыры біздің қыстық отын-суымыз да сол кісінің мойнында».
«Аман ағаның қамқорлығының іздері Моңғолияда да алдымыздан шықты – қысылтаяң жылдардағы оның жанашырлық көмегін айтып, еміреніп отырған аға-бауырды көп көрдім» дейді ақын.
Ал, Төлеев тек қана Кузбасста 21 мешіт салдырып қоймаған, Қазанда «Құл Шәріп», Алматыда Бекет Ата мешітін салуға себепкер болған.
Бұл жазғандарымыз – білетініміз ғана, ал, білмейтініміз қаншама!
Конференцияда «Төлеев қазаққа қандай тәлім қалдырды?» деген сұраққа жауап іздеген ҚР Президентінің штаттан тыс кеңесшісі Мақсат Ысқақов соғыстан кейін Бакудегі үкімет үйін салып жатқан неміс тұтқындарының мына бір ісін мысалға келтірді. Бір күні тұтқындар жұмыс істеуден бас тартыпты. Мәселе насырға шапқаны сондай, құрылыс басына республиканың басшысының өзі келіпті. «Жұмысқа неге шықпай жатсыңдар?» деген оның сұрағына тұтқындар: «Бізге әкеліп жатқан цемент сапасыз. Ал, ертең «бұл ғимаратта салған кім?» дегенде, неміс тұтқындары деген сөз айтылады. Біз ұлтымыздың, халқымыздың атына кір келтіретін іске ешқашан бармаймыз» деп жауап береді.
Аман Төлеев – қазақ халқының адалдығының, ар-намысын сатпайтындығының, тазалығының, батырлығының символы болған адам. Ол осы қасиеттері үшін Ресейде аты шықты, халықтың қолдауына ие болды.
Конференцияда басты баяндаманы жасаған заңгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Тұрғараев ағамыз А.Төлеевтің ешнәрседен қорықпай, Ресей президенті Б.Ельцинге ашық қарсы шыққандығының дәлелін экраннан көрсетті. 1993 жылы 27-наурызда, Ресей халық депутаттарының ІХ (кезектен тыс) сиезінде А.Төлеев Б.Н.Ельциннің қызметтен кетуін талап етті: «Баяндамаңыздан сіздің нақты өмірден хабарыңыз аз екенін көреміз. Терең талқылау жоқ. Сайлауалды бағдарламаңыз түгел іске аспаған. Орындалған бір пунктін айтыңызшы? Жоқ. Бұндай жағдайда сіздің өз еркіңізбен қызметтен кетуіңіз істің ең дұрысы болар еді. Бірақ сіз оған бара алмайсыз – жігеріңіз жетпейді. Және ең жақын ортаңыз да – Филатов, Шахрай, Шумейко, Чубайс, Козырев, осынау «ұжымдық Распутин» – жібермейді. Жібермейтіні – биліктен айрылады. Конституциялық соттың шешімімен келісемін, бұл адамдар сиездер сарайында емес, Матросская тишина (Мәскеудегі түрменің аты – Ө.А.) секілді жерде отыруы тиіс.
Мен президентті жабық дауыс беру арқылы өз қызметінен кетіруді ұсынамын. Неге жабық? Солай еткен кезде Глеб Якунин де (Ельциннің жақтасы – Ө.А.) импичментті қолдайтынына сенемін».
Қалай ойлайсыздар, басқа жүздеген депутаттың бірі емес, тек Аман Төлеев қана осындай көзсіз ерлікке бара алды? Өйткені, Төлеевтің қолы да, ары да, жаны да таза болатын. Тек өзі таза адамға батыл болады, ерлік жасай алады.
Ел басқару секілді ең ауыр өнерді меңгеру, сол арқылы еліңнің шексіз құрметіне бөлену үшін таза болу да, батыр болу да аз, ол үшін ең алдымен «елім менің!» дейтін жалындаған жүрек керек, бар өмірін еліне арнайтын жасымас жігер, қайтпас қайрат керек. Ал, Амангелді дәл сондай азамат екенін техникум бітіргенде Кемерово темір жолының ең шеткі стансасы – Мұңдыбашты таңдаған кезде-ақ көрсеткен болатын. Екі жыл еңбек еткен соң сол стансаны, 29 жасында Междуреченск қаласының стансасын, 44 жасында КСРО-дағы Мәскеу темір жолынан кейінгі ең ірі Кузбасс темір жолын, бір жылдан соң облыстық кеңесті басқарғанда да ол осынау ғұмырлық ұстанымынан қылдай тайған емес. Арына деген адалдық, оның бойына туа біткен ақылмен, жүре біткен біліммен, күресте шыңдалған табанды мінезбен қосылып Аман Төлеевті өндірістің ғана емес, жалпы қоғамдық та, саяси да өмірдің білікті, істің көзін таба алатын көсемі етті. Халыққа деген жанашырлық оны қара тілдің шешені етті. Қай іске болсын қарапайым халықтың мүддесі тұрғысынан қарау Аманды табанын туған жерге тіреп тұрғанда жеңілуді білмейтін екінші Антей етті. «Қанша көп білем десең де, көптен көп білмейсің» деген қағиданы ұстанып, әрқашан маңызды мәселенің бәрін көппен кеңесіп барып шешу – Төлеевті облыста қандай қиындықтан болса алып шығып отырды. Шыға білген соң ол мемлекет көлемінде ұсыныс айтып отырды, талап етіп отырды.
Мысалы, 1992 жылы 5-желтоқсанда Ресей халық депутаттарының VII-сиезіндегі сөзін Төлеев мынадай ұсыныспен аяқтаған болатын:
«Борис Николаевич!
Сіз бұған дейін, өзіңіз басқарып отырған үкімет шаруасын жүргізе алмаса, доғарысқа кетемін деп бірнеше мәрте мәлімдеген болатынсыз. Үкімет екі рет халықтан «екі» деген баға алды.Сіз Ресей халқын бір емес, бірнеше рет алдадыңыз. Ең болмаса, бір рет айтқан сөзіңізде тұрыңыз. Егер сізде ең құрығанда иненің жасуында ар мен ұят қалған болса, банкрот болған үкіметіңізбен бірге қызметтен кетіңіз!»
Ельцин, әрине, кеткен жоқ. Кеткенді айтасыз, ертесіне «егер сиез Егор Гайдарды үкіметбасы етіп бекітпейтін болса, онда үкімет толық құрамда доғарысқа кетеді» деп мәлімдеме жасады да, келесі күні ол мәлімдемесін қайтып алды. Ақырында екі жақтың келісімімен «газовик» В.С.Черномырдин премьер-министр болып тағайындалды, Ресей шикізат бағытына біржолата бет бұрды...
Төлеев 1991, 1996 және 2000 жылы Ресей президенттігіне үміткер ретінде додаға қатысты. Рас, үшеуінде де жеңіліс тапты, және оның себебі де бәріне белгілі – Төлеевтің ұлты орыс емес еді. Есесіне 1997 жылдан 1018 жылға дейін, 21 жыл бойы Кемерово облысын үздіксіз басқарды. Ненің арқасында? Халқына адал еңбек етудің үлгісін көрсеткенінің арқасында. Ол осы уақыт ішінде бес рет облыс басшысының сайлауына қатысты, бесеуінде де 90 пайыздан аса дауыспен жеңіске жетіп отырды. 2018 жылы, сайланған мерзімі аяқталмаса да, «Зимняя вишня» сауда-сайран орталығындағы өрттен 44 адамның қаза тапқанына өзін кінәлі санап – титтей де кінәсі болмаса да! – өз еркімен қызметінен кетті. Оған дейін ешкім Кемеровода олай етіп көрмеген болатын. Оның бұл ісі «Мен халифалықты қабылдадым. Енді бір жылдан кейін елдегі көтерем малға да ең бірінші жауапты мен боламын» деген Омар хазіреттің ұсанымын еске түсіреді...
Төлеев – Ресейдегі «Халық Губернаторы» (екі сөз де бас әріппен) деген ресми атақ алға жалғыз басшы. Ол облысты басқарған уақытты халық «Төлеев дәуірі» деп, ол халқының қолын жеткізіп кеткен экономикалық, әлеуметтік жетістіктерді «Кемерово ғажайыбы» деп атайды. Десе дегендей. 20 жылда мәскеулік ірі шенунік «сиыр қора» деп атаған шахтерлардың 20 мыңнан астам барағының орнына салынған жанға жайлы пәтерлерге 49 мың отбасы көшірілді. Жыл сайын 1 млн. шаршы метрден астам баспана салынып отырды, 330 мың отбасы жаңа үйге қоныстанды. Жас жұбайларға жиырма жылға өсімсіз заем беріледі.
Иә, басымызға қонайын деп тұрған бақ құсын іші тарлар қондырмай жіберді. Алда қалай болар екен, бұл сабақтан қорытынды шығара аламыз ба, жоқ па? Әзірге ондай оң үрдістің нышаны да байқалмайды...
Өмірзақ АҚЖІГІТ,
Қазақ үні