МЫРЗАШӨЛДІ ЖЫРЛАП ӨТКЕН МЫЛТЫҚБАЙ ЕДІ…

МЫРЗАШӨЛДІ ЖЫРЛАП ӨТКЕН МЫЛТЫҚБАЙ ЕДІ…

Қазақтың белгілі талантты ақыны, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, журналист, баспагер, Мырзашөлдің мырзасы Мылтықбай Ерімбет ағамыз да өмірден өтіпті деген суық хабар жетті… Бұл туралы белгілі тележурналист Жаңыл қарындасымыздың жазбасынан оқыдық. Алла алдынан жарылқасын!

Ақынды көрмей тұрып, “Сенің жазған хаттарың-ай, хаттарың” деген сезімге толы жырын жаттап өстік. Ал біз көргенде Мылтықбай Ерімбетов ағамыз еліміздегі ең үлкен салтанатты сарайда жыр оқып тұрған еді…

Иә, біз алғаш Алматыға келген кезімізде 1979 жылы Республика сарайында жалындаған жас ақындар дүрілдеп жыр оқыды. Сонда дудар шашы бұрқыраған қияқ мұртты Мылтықбай ағамыздың “Никарагуа” деген өлеңі көпшіліктің есінде сақталып қалды. Сол кезде Никарагуада ұзаққа созылған, мен туған жылы басталған революция мен мектеп бітірген жылы жеңіске жетті ғой деймін. Біз сонда әлемнің бір бұрышында, сонау Америка жақта Никарагуа деген ел бар екенін Мырзашөлден шыққан Мылтықбай ақынның өлеңінен оқып білдік. Біліп қана қоймай, өзіміздің Өзбекстан сияқты ел шығар деп, көрмесек те жақсы көріп кеттік… Ақын жырының қуаты деген сол ғой. Әйтпесе, Қызылдың құмында өскен біздерге алыстағы Америкадағы бір ел неге керек десейші?!.

Алыстағы Никарагуаға бүйрегі бұрып жүрген Мылтықбай ағамыз бір бөлігі өзбектерге өтіп кеткен өзінің туған жері Мырзашөлдің әр тасын өмірінің соңына дейін жырлап өтті. Мырзашөлдің тарихын Мылтықбайдай жырлаған, Мылтықбайдан білетін ақын өте аз! “Мырзашөл” журналын шығарды өз қаржысына жалғыз өзі. Өзі бас редактор, өзі журналист, өзі корректор, өзі жазады, өзі басады, өзі таратады. Бір өзі бір редакцияның жұмысын атқарды. Жақсы ақын, жайсаң жан, терең шежіреші кісі еді. Ел Тәуелсіздік ала салысымен алғаш қазақтың шежіресін жазғандардың бірі еді. Алғаш жекеменшік баспаны да Мылтықбай ағамыз ашты. Әңгімені арғы-бергіден қозғап, қатырып тұрып айтқанда, тек тыңдай бер… Тілге бай, сөзге шешен кісі еді…Аңқылдаған ақ көңіл аға еді!..

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын ағамыз Қасымхан Бегмановтың айтуынша, бүгін 7 маусым күні таң атарда жүрегі тоқтап қалған екен…

Иә, талай жыл отасқан, өмірдің қиыны мен қызығын бірге көрген асыл жарының кеткені, жалғыз ұлының жазықсыз жалаға ұшырауы ақын жүрегіне аз соққы болған жоқ!

Түркістан облысы әкімінің орынбасары, белгілі журналист Бейсен Тәжібаев пен Жетісай ауданы әкімі Серік Мамытов бауырларымызға телефон соғып, ертеңгі ақынды соңғы сапарға шығарып салудың жай-жапсарын сұрап білдік. Бейсен бауырымның Мылтықбай ағасының алғашқы жыр кітабы “Бастауынан” бастап, соңғы кітабы “Шөлстаннан Гүлстанға дейін” деген кітабына дейін атап бергеніне іштей риза болып қалдым. Демек, ақын өмірі енді соңында қалған кітаптарымен бірге жалғаса береді деген сөз.

“Көш қаптады жел айдаған бұлттардай,

Біз кетерміз бұл күндерден түк қалмай.

Мырзашөлдің таусылады – ау мұң жыры,

Құштар құмы жаңбыр суын жұтқандай.”-деп

Мылтықбай ақын өзі өмір бойы жырлаған Мырзашөлге барып, мәңгілік дамыл табатын болды… Туыстарының ұйғарымы бойынша әкесінің қасына жерленеді.

Ертең 8 маусымда сағат 11:00-де Түркістан облысы Жетісай ауданы Тельман ауылында жаназасы шығарылып, қоштасу жиыны өтеді. 

Отбасы мен туыстарына, ұлы Ерболатқа көңіл айтамыз. Дарынға мырза Мырзашөлдіктерге, қасиетті Түркістан өлкесіне, қалың қазаққа көңіл айтамыз! 

Алды пейіш, арты кеніш болғай! 

Иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА

7 маусым 2024 жыл

Ақынды соңғы сапарға шығарып жатып та, жырын оқиық, әруағы тербеліп, разы болсын!

МЕНІҢ МҰҢЫМ - МЫРЗАШӨЛ

Көш қаптады жел айдаған бұлттардай,

Біз кетерміз бұл күндерден түк қалмай.

Мырзашөлдің таусылады – ау мұң жыры,

Құштар құмы жаңбыр суын жұтқандай.

Ұлпа бұлттар ұқсап аппақ мақтаға,

Барып қонар біздер кеткен жаққа да.

Тәшкенді алған Сыздық сұлтан сияқты,

Бұл күндерден аңыз қалар тек қана.

Кешкі мұнар кетер таңға айналып,

Құстар әні махаббатқа байланып.

Аға буын үлкендердің қатесін,

Ұрпақтары еске алармыз ойланып. 

Үміт жібін қылыш- жылдар қияды,

Сақтау керек туып-өскен ұяны.

Ол жайлы арман жалғыз уыс топырақ,

Жалғыз түйір көз жасына сияды...

Шаңды, тасты, құмды жолдан өтерсің,

Болат жолдар ел еңсесін көтерсін.

Алатауға жалтақ-жалтақ қараған, 

Шіркін мені сағынар ма екенсің.

Білсең дағы өткен тарих қатесін,

Туған жерді сағынумен өтесің.

Өгей қолда қалып кеткен сол бала,

Кешіре ме елін сатқан көкесін?!

Кешіре ме жерін сатқан әкесін?!

Мылтықбай ЕРІМБЕТ