Қош, “Күрес патшасы” атанған Алтай алыбы!

Қош, “Күрес патшасы” атанған Алтай алыбы!

Әйгілі балуан Солтікен Көкішұлының қазасына орай

Солтікен Көкішұлы 1952 жылы ҚХР ШҰАР Алтай қаласы Қызылтас ауылында туған. 1973 жылдан 1986 жылға дейін Қытайда өткен өлкелік, мемлекеттік балуандар бәсекесінде көп рет аға жүлдегер болған. 1979 жыл қарашада Үндістанда өткен еркін күрес бойынша бірінші кезекті Азия чемпионатында бесінші, 1980 жылы мамырда Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында өткен «Такти» атындағы халықаралық еркін күрес бойынша әлем кубогіне таласу бәсекесінде 90 килограмдық салмақ бойынша төртінші орын иелеген. 1981 жылы қазанда Шриланкада өткен Азияның еркін күрес жүлдесіне таласу достық жарысында өнер көрсеткен. ҚХР-дың «Таңдаулы спортшы», «Бірінші дәрежелі мемлекеттік жаттықтырушы», «Күрес алыбы», «Азия жұлдызы» атақтарының иегері. Балуан Шолақ, Қажымұқанның жолын қуып, өлең тербеп – «Ақ семсер», «Жасыл жебе», «Көк сүңгі», «Айбалта» «Әйел жаны ардақты» «Бір биік тау» кітаптары жарық көрген. ШҰАР Жазушылар одағының мүшесі. 

2009 жылы даңқпен зейнетке шығып, 2024 жылы 25 сәуірде ҚХР ШҰАР Алтай қаласында 72 жасында аурудан қайтыс болды. Сүйегі туған ауылы – Қыран өзенінің жағасындағы Қызылтас ауылының Сарықамыс қыстағына жерленді.

2024 жылы 2 маусымда Алматы қаласы «Алтын палас» ресторанында марқұмның рухына арнап ас беріледі, Құран-хатым бағышталады. «Солтікен балуан» кітабының тұсауы кесіледі. Төменде марқұмға арналған бір бөлім көңіл айту хаттары мен жоқтау өлеңдерді жариялап отырмыз.


КӨҢІЛ АЙТУ ЖЕДЕЛХАТЫ

Алыстағы ағайын арасындағы көрнекті тұлға, әйгілі балуан, арыс алыбы, Қытай мемлекеттік чемпионы, Халықаралық еркін күрес шебері, аға жаттықтырушы, бірнеше жыр жинағының авторы – Солтікен Көкішұлының қазасы барша қазақ баласының ортақ қайғысы. С.Көкішұлы әлемдік деңгейдегі қазақ балуаны. Басқа елде өмір сүрсе де қазақ атын әлемге паш етіп жүрген аяулы бауырымыздың қазасына шын жүректен қайғырамын. Қазақ перзенттері жер шарының қай түкпірінде жүрсе де қазақ ұлтының ар-намысын жоғары көтеретіні Сөкеңнің өнегелі өмір жолынан көрініп тұр.

Алтайдың ар жағындағы отбасына және Алматыда ас-хатым ұйымдастырып жатқан азаматтарға шынайы көңіл айтамын.

Марқұмның жатқан жері жаннат, топырағы торқа болсын!

Артындағы ел-жұрт, туыс туғандары ол кісі жете алмаған биіктерді бағындырып, балуанның даңқты есімін алтын әріппен жазары сөзсіз. 

Ізгі ниетпен:

Абай Тасболатов, генерал-лейтенант, ҚР Парламенті Мәжілісі VI шақырылымы депутаты

16.05.2024. 

Астана қаласы.

АЛТАЙДЫҢ АЛЫБЫ СОМ БІЛЕК СОЛТІКЕН ЕДІ…

Өмірден қазақтың Алтайдағы алып балуаны Солтікен Көкішұлы ағамыз да өтті деген суық хабар жетті. Алла алдынан жарылқасын дейміз.

Солтікен Көкішұлы 1952 жылы ҚХР ШҰАР Алтай ауданының Қызылтас ауылында, Қыран өзені жағасында туған. 1973 жылдан бері ШҰАР балуандар командасына қабылданғаннан даңқы дүркіреп шыға бастады. Содан бері өзінің күрес тарихында 16 рет бас жүлдені жеңіп алып, «күрес патшасы» атанған атан жілік, сом білек Солтікен балуан ағамыз еді. Шетелдің небір түйе палуан, өгіз палуандарын алып ұрған алып күш иесінің аты елге жақсы мәлім.

Сондықтан да, Солтікеннің есімі Қазақ ұлтының балуаны ретінде Шыңжаңның «Әйгілі адамдар кітабына» енгізілген. Сондай-ақ, Қытай мемлекеттік спорт комитетінің шешімімен «Спорт саңлағы» деген құрметті атаққа ие болған.

1981 жылы ҚХР мемлекеттік спорт мәжілісінде «Спорт шебері» куәлігін және «Күрес патшасы» атағын алып, «ҚХР мемлекеті бойынша бірінші дәрежелі спортшы» атанды.

1985 жылы ілгерінді-кейінді «Таңдаулы спортшы», «Күрес алыбы» және «Азия жұлдызы» атақтарына ие болған.

Солтікен ағамыз тек кілемнің шаңын шығарған қара күш иесі ғана емес, қалам ұстап, өлеңнің де нәрін білетін ақын да болғанын жақсы білеміз. Өйткені, оның “Ақ семсер” атты жыр кітабы 2006 жылы Қазақстанда да шыққан еді. Әйгілі балуан туралы 2010 жылы сол кездегі “Қазақ үні” газеті бас редакторының орынбасары, дарынды жазушы Жәди Шәкеннің Солтікенмен сұқбатында толық мәлімет берілген.

Солтікен ағамыз шетелдегі қазақтардың Атамекен - Тәуелсіз Қазақ еліне кедергісіз келуі жолында өзінің ұтымды ой-пікірлерін айтып жүретін.

Қазақтың атын бір жарым миллиард халқы бар Қытайда шығарған алып күш иесі Солтікен ағамыздың 70-ке жуық шәкірттері қазір аламанда ақ маңдайлары жарқырар жүр.

Яғни, Қытайдағы күресте Солтікен салған жарқын із жалғаса береді деп сенеміз.

Алды пейіш, арты кеніш болғай! Отбасы мен туған-туыстарына, Алтайдың арғы жағындағы қалың қазаққа қайғырып көңіл айтамыз.

Иманы саламат болсын!

Қош, “Күрес патшасы” атанған Алтай алыбы!

Қазыбек Иса, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын Күз» орденінің иегері.

2024 жыл. 17 мамыр.

Астана қаласы

КҮРЕС АЛЫБЫ

Не дейді? 

Ой дүние-ай! Кетті ме арыс?

«Гүрс» еткен соққандай бір екпін, ағыс.

Атағы Алатаудай Сөкең құлап,

Мәңгіге көз жұмыпты-ау, текті барыс!

Жықтың ба, о, сұм ажал алыпты бір,

Бос қалды-ау, биік құрған даңық тұғыр.

Күңіреніп жер сілкініп жай түскендей,

Жарқ етіп ағып түсті жарық ғұмыр.

Жо-жо жоқ, сөнген емес жырға айналдың,

Ертіске қостың тұма сыр қайнарын.

Орнатып еңбегіңнен ескерткішті,

Жығылмай тау басында тұр байрағың.

Ер едің арыстарда десі басқан,

Таулықтың шынықтырған көші жастан.

Атанып «балуан білек, ақын жүрек»

Талабың қос саладан есік ашқан.

Сұм сырқат жаныңды аңдып ілескенде,

Қапыда келмеді ме күрескенге.

Бақилық болғаның-ай жас жасамай,

Қоштастың қос жанардың нұры өшкенде.

Туған жер топырағына көсіл енді,

Тыныштық, мәңгі ұйқының кеші келді.

Жасайсың енді архив беттерінде,

Бақұл бол, Әз халықтың есіл ері!

Нұрила Қызыханқызы, ақын.

25.04.2024.

ҚХР ШҰАР, Алтай қаласы.

ӨР АЛТАЙҒА КӨҢІЛ АЙТУ

Ақ иық ұшты қайда, 

Аһ ұрам ба?

Бейіштен тағы бір шам жақтың Алла!

Айрылған арда ұлынан 

Ана – Ертіс,

Беу, Алтай,

Көңіл айтам, қарт Қыранға!

Қайысып қабырғасы тау құлады,

Етекке таудың тасы саудырады.

Сарғайып Сарықамыс пен Сарыбұлағы,

Тұлданып Тұлты, Ақбұлақ аңырады.

Үзілді үзеңгісі, қаншама әні,

Жылады қарағайы, аршалары.

Сия алмай арнасына дөңбекшіді,

Үліңгір, Таңбалының тар шанағы.

Жаралған тауы – айбат, талы – мұңға,

Беу, Алтай, жылай берме қара ұлыңа!

Жастанды ол туған жердің топырағын,

Қош айтып мына пәни жарығына.

Боздаған бота көрдім қыр басынан,

Нар көрдім көлеңкесін құмға сызған.

Құз көрдім мұз кеппеген жамбасынан,

Қыз көрдім ай жылаған сырғасынан.

Жер ыңырсып таулардың тыртығынан,

Аңғар көп айықпаған ұрты мұңнан.

Қара жер көңіл айтсам қан жылар деп,

Күн қарайды бұлттардың жыртығынан.

Алтай ма,

Солтікен бе,

Ағажай ма? – 

Бос қайық тербеледі жағажайда.

Ақының қайда кеткен, қайран мекен,

Сүйей сап домбырасын қарағайға?

Қарт Алтай, ғашық жүрек – сырың қайда,

«Өрт қойса өзегіңе жылынбай ма?»

Жылайды жетім толқын жер бауырлап,

Ертіс боп еңіреген суың қайда?

Ұсынған Ер Жәнібек туың қайда,

Жоғалмас ақ алтындай буың қайда?

Төріңде төбедей боп отыратын,

Баласы Көкіш шалдың – ұлың қайда?!

Ақанның құласа да Құлагері,

Отты жыр Ілияс боп тулап еді.

Күрсінбесін далаңның құба белі,

Қарт Алтай, жыламашы, жылама енді!

Томпайса топырақтың бір бүйірі,

Таусылмас жыр күйігі, тіл күйігі.

Өлген жоқ алып ұлың, 

Қасқайып тұр –

Алтайдың Солтікен боп бір биігі!!!

Жәди Шәкенұлы,

жазушы, тарихшы. 

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі.