МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ КЕРЕК

 Кез келген қоғамда қалыптасқан жағдай, саяси көзқарас, халықтың әл-ахуалы тілге де әсер етеді. Сондықтан тілдің тағдырын, қоғамдық ортадан бөле-жара қарауға болмайды. Сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басындағы саяси өзгерістер, ұлттық сананың күрт өрлеуі қазақ тілінің дамуына да ерекше ықпалын тигізді. Ал арадан көп уақыт өтпей-ақ қоғамда өз өктемдігін жүргізген нарықтық қатынас, экономикалық аласапыран, дағдарып қалған интеллигенция, қазақ тілінің алтын діңгегі саналатын ауылдардың іргесі ыдырап, жоқшылыққа ұшырауы, ұлттық рухани қазынасын сақтауға деген үкіметтің салғырт саясаты, қабылданған заңдардың орындалмауы қазақ тілінің қайтадан құлдырауына әкеп соқты. Бұл ұлт мүддесін жоғары қоятын зиялы қауымның ашу-ызасын туғызды. Сол жылдары ұлттық басылымдарда ана тілінің мәртебесін қорғау мақсатындағы жарияланымдардың көптеп жарық көруі де сондықан. 

 Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тұрғысында дамылсыз дабыл қағып, шовинистік пиғылдағылармен бітіспес майданға шыққан қазақ публицистерінің алға қойған мақсаттары, талап-тілектері негізінен мынадай: Мемлекеттік тілді күнделікті қолданысқа енгізу, қазақ тілін мемлекеттік басқару тіліне көшіру; қазақ тілін халықаралық қатынастар тіліне, Қазақстанның шет мемлекеттермен байланыс жасау тілі дәрежесіне көреру; қазақ тілін ғылымның сан-салалы күрделі түрлерін игеретін тілге көшіру; қазақ тілін заң шығару, құқық қорғау орындарында еркін қолданылатын тілге айналдыру, т.б. 

Мықтап тұрып ескеретін ең басты жағдай мынау: Қазақстан – тәуелсіз мемлекет, қазақ халқы – азат ұлт. Соған сай оның заң жүзінде мемлекеттік деп құқықтандырылған Ана тілі де тәуелсіз, азат болуы міндет. Бір ұлттың басқа бір ұлттың тілінде жаппай сөйлеуі тек қана мәжбүрліктен болатын әрекет. Ол бұғауға, тәуелділіке түскен ұлттың, езгідегі халықтың көретін құқайы, жау басып алған елдің тартатын азабы. Ғасырлар бойы бодандыққа қарсы күрестің ошағына айналып келген Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткіздік деген зиялылары мен қаламгерлері қазіргі шақта да мазасыз күй кешіп отыр. Біздің саясаткерлеріміздің де, үкіметіміздің де ұлтқа деген оң қабағы болмайынша қазақ оңалмайды. 

 Мемлекеттік тіл тұрғысында өзекті мәселелердің туындауына өз ұлтымыздан шыққандардың себепкер болатынына жасырын емес. Оған сандаған мысал келтіруге болады. Осындай келеңсіз жағдайлардың жоғарыдағы атқарушы билік өкілдері тарапынан жиі қайталанып жатуы үйреншікті құбылысқа айналғанын жоққа шығара алмаймыз. Айталық, 2024 жылғы 24 ақпанда Парламент мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Қайрат Ермекұлы Омаров депутаттардың қазақша қойған сұрағына орысша жауап берген. Ал, осы отырыста Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева өз баяндамасын толық қазақ тілінде жасаған. Осы ретте Парламент мәжілісінің депутаттары Г.Шиповских, М.Рожин, Н.Дементьевалардың қазақ тілінде таза сөйлейтінін, баяндамаларын қазақ тілінде жасайтындықтарын ризашылықпен айта кеткен жөн. 

 Қазақ өзі қандай ұлт? Әлеуметтік желіде жапон түркологы, тарихшы Наката Оконның қазақтарға қатысты пікірі жарияланды. Сонымен жапондықтың пікіріне зер салып көрелік: 

 – Әрине, мен сіздерге баға бере алмаймын. Бір тілде сөйлейсіздер ме, әлде екі тілді бірдей таңдайсыздар ма – оны өздеріңіз шешесіздер. Екі тілді бірдей білген де жаман емес. Билингвизм – әлемнің көп елінде бар. Таришы ретінде айтатын болсам, маған қазақтар өзінің ұлттық ерекшелігін, тілін жоғалтып алған халық секілді болып көрінеді. Сіздер – адасқан, жолынан жаңылып қалған халықсыздар меніңше. Халықты әдейі не қасақана тарихи жадынан айырып тастаған сияқты. Әйтпесе, есі дұрыс адам ана тілінен гөрі орысша білген дұрыс па деп сұрай ма? Бұл – абсурд. Тамырынан ажырап қалған, не істерін білмей аласұрып жүрген халықтар ғана осындай сұрақтар қояды негізі. Тіл мәселесін біржолата шешу үшін халыққа тарихын оқытып, халықты, ұлтты соған ынталандыру керек. 

 Бір мысал. Мен Алматының дүкендерін аралап жүріп тарих тақырыбын қозғаған бір дені дұрыс кітап таба алмадым. Бүкіл әлемде ғылыми басылымдардың, соңғы шыққан кітаптың бәрін осындай үлкен-үлкен кітап дүкенінен табасың. Сұраныс бар оған. Сіздерде сатылмайды, өйткені халық өз тарихына қызықпайды. ... Тарихқа қалай қарасаңыздар, тілге де солай қарап жүрсіздер. ... Сіздер тарихқа бей-берекет қарамаңыздар. Тарихи шындық қалпына келсе, мемлекеттік тіл де өз жолын тауып, ол бара-бара ұлтты ұйыстыратын факторға айналып шыға келеді. Бұл ең алдымен тілді кіршіксіз күйінде сақтап қалуға байланысты. Сондықтан да ұлт мүддесін жоғары ұстаған рухы күшті қазақ осы күрес жолында келеді. 

 Парламент мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса мемлекеттік тілдің қолданылуына қатысты өзекті мәселелерді ұдайы алға тартумен келеді. Айталық, депутат 2021 жылғы 3 ақпандағы Парламент мәжілісінің жалпы отырысында Үкіметке сауал жолдап, мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуына қатысты ұсыныстарын жариялады. 

 «Қазақстан Президенті болып сайланғанда «Ең бастысы – Қазақ тілі» деп мәлімдеген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жасаған алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп, атап көрсеткені еліміздің үмітін оятты. Мемлекет басшысы тапсырған мемлекеттік тілдің өз атына сай болу талабын кейінге қалдыруға болмайды», – дей келе депутат қоғам мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуын талап етіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол, 2020 жылы 28 желтоқсанда Ұлттық кеңес мүшелерімен кездескенде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бұл ұсыныстың өндіріске алынып, қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасының тұжырымдамасы жасалып, 2020 жылы тамыз айында Үкіметке жібергенін жеткізді. Қазір халқымыз 19 миллионға, оның ішінде қазақ халқы 78 пайызға жетіп қалды. Халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекттік тілді білмеуі азаматтардың қызмет алу құқығын аяқасты етіп отырғаны айқын болатын. 

 «Мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке-дара анықтайтын уақыт жетті! Тәуелсіздік жылдарында Мемлекеттік тіл туралы Заңның жүзеге аспауы демографиялық және демократиялық тұрғыда тым әлсіз екенін дәлелдейді. Суға түспей жүзуді үйрену мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей, оны үйрену де сондай мүмкін емес! Ал ешбір заңда не бағдарламаларда, мемлекеттік органдарда міндетті түрде мемлекеттік тілді білу туралы норма жоқ. Сондықтан да, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті» – деп нақты атап айтқан болатын. 

 Депутат жоғарыда айтылғандардың негізінде төмендегідей ұсыныстар жасады: 

■ Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы стандарт енгізу;

■ Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеу, оның қажетті механизмдерін жасау; 

■ Заң актілері мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерді, мемлекеттік органдардың құжаттары мен хаттарын, ақпараттары мен есептерін, іс қағаздарын және т.б. ресімдеудің негізгі нұсқасы – тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс. 

■ Кез келген тілдің дамуының кепілдігі – оның экономикалық және қаржылық салада қажеттілігі. Сол себепті мемлекеттік тілді ең алдымен экономикада да қолдануды күшейту қажет. 

Сондай-ақ депутат Қ.Иса өз ұсыныстарында әлеуетті инвесторларды, шетелдік компанияларды қоса алғанда, келісім-шарттарда мемлекеттік тілді міндетті түрде пайдалану талабын белгілеу керектігіне де баса назар аударады.  

Өзге ұлт өкілдері қазақ тілінің мәртебесін көтеруге атсалысады деп айту қиын. Әлемнің түкпір-түкпіріне шашырап кеткен төрт миллиондай қазақты Атажұртқа қайтаруды жеңілдету ана тілімізде сөйлейтін ұлттық ортаны қалыптастырудың маңызды шарты.

Мемлекеттік тіл мәселесі тұрғындардың этникалық құрамы саналуан Қазақстан үшін мемлекеттілік пен егемендікті нығайтудың басты факторларының бірі болып табылады. Сондықтан да ұлттық идеяның өзегі саналатын қазақ тілі мәселесі Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясында, ұлттық бірлік Доктринасында айрықша маңызға ие.     

Соңғы онжылдықта, негізінен алғанда, білім ордалары Ана тілінің қазіргі жағдайы және жаңа көзқарас тұрғысында тың серпіліс танытып келеді. Қазақ елі тәуелсіздігінің басты нышаны болып табылатын мемлекеттік тіл ұлттық идея өзегі ретінде қарастырылып, ана тілін бір-бірімен сабақтас білім мазмұны арқылы терең игеріп, тілдік қатынасқа бейімді ұрпақ тәрбиелеу міндеті айқындалып отыр. Осы орайда 2016 жылғы 16 қарашада Назарбаев унивеситетінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдасырылған «Мәңгілік елдің мәңгілік тілі» атты Халықаралық симпозиумның орны айрықша болды. Кезінде біз де бұл симпозиумға қатысып, «Ана тілі – ұлттық идея өзегі» тақырыбында баяндама жасадық. 

Жиынның пленарлық мәжілісінде тіл мәселелерімен айналысатын шетелдік және отандық танымал ғалымдар баяндамалырында негізінен алғанда қазақ тілінің өзекті проблемалары тұрғысындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Симпозиумның «Қазақ әдеби тілінің тарихы және болашағы», «ХХІ ғасыр филологиясындағы өзекті мәселелер», «Жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқытудағы инновациялық технологиялар мен әдістер» және «Қазақ тілінің болашағы жастардың көзімен» атты секцияларда мемлекеттік тілдің әлеуметтік рөлі, ұлттық, жалпыадамзаттық және мемлекеттік құндылықтар, білім мен тәрбиенің жаңа бағыттары, тағы да өзге көкейкесті мәселелер жайында баяндамалар жасалып, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге негізделген ой-пікірлер сараланды. Осы ретте әріптесіміз, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Анар Салқынбайдың «Үштілділік жағдайында қазақ тілінің өміршеңдігінің негізділігі» тақырыбында көтерілген мәселе назар аударады. Баяндамашы ғалымның пайымдауынша, қазіргі кезде тіл біліміндегі әлеуметтік парадигма дамып, макро әлеуметтік және микро әлеуметтік бағытта зерттеле бастады. Макро әлеуметтік тіл білімі бағыты бойынша – тілдік мәртебе, кодтау, этнос тілінің рөлі, тілдік жоспарлау және тілдік құрылыс мәселесі терең қарастырылса, микро әлеуметтік тіл білімі бағытында – тілдің қызметі, лебіз (сөйлеу), тілдердің бір-біріне ықпалы, қатысымдық контекст, тілдің стилистикалық және әлеуметтік құрылымын зерделеу жүргізілуде. 

Қазақ тілінің өміршеңдігінің басты белгісі ретінде зерттеуші ғалым мыналарды көрсетеді: 

ұлттық сананың өсуі мен ұлттық құндылықтардың бағалануы;

ұлттық мәдениет пен ұлттық көркем әдебиеттің болуы;

өмірдің әртүрлі салаларында мемлекеттік тілдің әлеуметтік қызметінің артуы; 

10 жасқа дейінгі балалардың мемлекеттік тілде еркін сөйлеуі. 

Қазіргі үштілділік жағдайында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтудің мүмкіндіктерін арттыру, оның қоғамдағы орнын кеңейту, балалар бақшасы мен мектеп жасындағы балалардың мемлекеттік тілде білім алуына жағдай жасауға ерекше мән беру – қазақ тілінің өміршеңдігін арттырудың басты жолдары болып табылады.  

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметінің маңызды саласы оның ғылымдағы тілдік коммуникацияда атқаратын рөліне байланысты. Ғылымның ұлттық мазмұнының дамуы – қазақ тілінің ғылыми сананы қалыптастырудағы этномәдени және саяси әлеуетімен сабақтасып жатыр. Бұл жағдай тілдің әлеуметтену үдерісімен бірлікте қалыптасады. 

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің символы» деген саяси мәлімдемесіне сәйкес 2024 жылғы 1-2 наурызда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік унивеситетінде «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» тақырыбында симпозиум өтті. Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі маңыздылығы оның әлемдік саяси, мәдени, ғылыми-техникалық және технологиялық үдерістер мен сабақтастығына қарай белгіленеді. Осыған сәйкес қазақ тілінің терминологиялық жүйесі, лингвомәдени мазмұны, ғылыми аппараты, тұғырнамалы, категориялы, тұжырымдамалы ұғымдары қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша да сұрыпталуы, жинақталуы, сараптамадан өтуі, жүйелі құрылымға айналуы тиіс. 

Бұл жұмыстарды алдағы уақытта жалпы мемлекеттік, ұлттық деңгейде жүзеге асыру үшін оларға отандық белгілі ғалымдар, тәжірибелі оқытушылар, жоғары білікті мамандар, жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелер мен ұйымдар тікелей атсалысса нұр үстіне нұр. Осы ретте, қазақ тілінің ұлттық мәртебесін көтеруде оның ғылыми мазмұнына, сөздік қорына, сөзжасам жүйесіне айрықша көңіл бөлінуі қажет. Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі базалық негізін нығайту ісі ғылыми жолға қойылуы тиіс. 

Симпозиум аясында елімізге танымал ғалымдардың қатысуымен 6 секция жұмыс жасады. Олар: «Қазақ тілінің салалық лингвистикасын дамытудың іргелі әдіснамалық негіздері», «Қазақ тілінде ғылым журналистикасын іске асырудың мүмкіндіктері мен бөгеттері», «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың ұлттық мазмұнын жаңартудың заманауи парадигмалары», «Жаратылыстану ғылымдарының ұлттық мазмұнын нығайту аспектілері», «Техникалық ғылымдардың ұлттық мазмұнын нығайтуда кадрлардың біліктілік сапасын арттыру», «Қазақ тілін оқытуда инновациялық технологиялар рөлі». Талқылаулар мен пікір алысу нәтижесінде төмендегідей мәселелерге баса назар аударылды. 

Ғылымның ұлттық мазмұнын мемлекеттік деңгейде айқындай отырып, оның қазақ тіліндегі базалық негізін күшейтуге күш салу. Ол үшін қазақ тілінде шығып жатқан еңбектердің жалпы тізімін жариялау және олардың ішінен таңдаулы үлгілерін арнайы комиссияның шешімімен тізбелі (сериялы) басылымдарда жариялау.

Осы күнге дейін қазақ тілінде жарыққа шыққан ғылыми еңбектердегі терминдердің, тұжырымдамалық және тұғырнамалық ұғымдардың көрсеткіштерін, сөздіктерін, каталог, анықтамалық басылымдарын дайындау. Қолданыстағы әртүрлі аталып жүрген терминдік сөздерді бір жүйеге келтіру. 

Қазақ тілінің ғылыми мәртебесін нығайту үшін оның саяси-құқықтық негіздерін министрліктер тарапынан қабылданатын ережелердің, бағдарламалардың қазақ тіліне басымдық беруін қамтамасыз ету. Гранттардың, жобалардың, конкурстық жұмыстарда қазақ тілінің рөлін арттыру. 

Қазақ тілін толыққанды ғылым тіліне айналдырудың мемлекеттік концепциясын жасау. Ол үшін ғылым салаларының білікті мамандарының ұсыныстары мен пікірлерін жинақтай отырып, мәселенің нақтылы жүзеге асуына негіз болатын құжаттарды дайындау. 

Ғылыми жұмыстарды бағалаудың критерийлері мен индикаторларында, көрсеткіштік параметрлерінде ұлттық мазмұнның басымдығына, мемлекетіміздің мүддесіне, ғылыми әлеуетіміз бен құзыреттілігіміздің мемлекеттік тілде жүзеге асуына баса назар аудару. 

Білім мен ғылым жүйесінің қызметін бір-бірімен оңтайлы ықпалдастыру арқылы олардың ұлттық мазмұнын, ғылыми-зерттеулердің нәтижесін қазақ тілінде жинақтау және жүйелеу арқылы оқыту әдістемесін жетілдіру.

Заман талабына орай министрлік жанынан интернет ресурстарын және инновациялық-педагогикалық технологияларды оқу үдерісіне түрлі салада енгізу мақсатында оқулықтар мен оқу құралдарын жазу үшін заманауи техникамен жабдықталған орталық ашу. 

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 2024 жылғы 25 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының онлайн отырысында алдымен еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдай төңірегінде сөз қозғады. Осы қиын сәтте қазақ елінің халқы ұйымшылдықтың өнегесін көрсетіп отыр. Алапат тасқыннан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға елдің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан гуманитарлық көмек легі толас тапқан жоқ. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырып отырған сан қырлы іс-шараларының ауқымы көңілге жұбаныш орнатады. Сондай-ақ мұның өзі іргесі берік елдігімізді, саналуан ұлттардың ұйымшылдығы мен береке-бірлігін айқын танытқандай. Мұның өзі Қазақстанда мекендеген алуан тұрлі ұлттар мен ұлыстардың әлеуметтік-саяси, экономикалық тұрғыдағы бірегейлігін айқын дәлелдейді. 

 Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдаулары мен мақалаларында ұлттық бірегейлікке баса мән беріп келеді. Қазіргі жаһандану дәуірінің табалдырығын аттаған қазақ халқының ел тағдыры, ұрпақ болашағы жөнінде ойланатын, етек-жеңді жинап, қарышты қадаммен алға басатын, қандай қиындыққа болмасын қасқая қарсы тұратын аса жауапты кезеңі туып отыр. Біз, қазақтар, осы төңіректе ойлануымыз керек! Президенттің сассияда жасаған баяндамасында айтылған бірқатар ойларының астары терең пайымдауларға жетелейді.  

 Қасым-Жомарт Кемелұлы баяндамасында тіл мәселесіне басты назар аударды. «Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдің қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толлеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, солардың ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды» деді Президент. 

 Мемлекет басшысының сессияда саналуан ұлт өкілдеріне өз қолымен мемлекеттік наградалар тапсыруы айтқан сөздерімен үйлесіп жатты. 

 Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық топ жетекшісі ретінде өзге ұлттар өкілдерімен жиі араласып тұрамын. Түркістан қаласы мен облысты тұтастай алғанда өзге ұлттардың қазақ тіліне деген құрметі олардың тілді жетік білуінен айқын аңғарылып тұрады. Демек, Оңтүстік өңірде қазақ тілі этносаралық қатынас тіліне айналған деп батыл түрде айта аламыз. Біздің бұл пікірімізді ешкім де жоққа шығара алмаса керек. 

      Сейдулла Садықов,

   Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік

   университетінің профессоры, филология ғылымдарының 

   докторы, Түркістан қаласының Құрметті азаматы