САНАДАН ӨШПЕЙТІН ҚАСІРЕТ
2024 ж. 27 мамыр
799
0
Кей-кейде қазақ бастан кешкен сонау 1928-1937 жылдардағы зобалаң ізі мәңгілік өшпей ме деп те толғанатын сәттер бар. Бәлкім, расында да, тарихтың ондай «ақтаңдақ» парақтарын ара-арасында ақтарыстырып қойған да дұрыс шығар. Өйткені, жанға қанша батқанмен ол шындықты жас ұрпақтың ұмытпағаны дұрыс сияқтанады. Мәселен, әлгі нәубетті өткерген байтақ еліміздің бүгінгі бір ғана оңтүстік өлкесіндегі оқиғалардың өзі том-том кітапқа негіз болғандай екен. Әсіресе, қылышынан қан тамған тоталитарлық саясаттың қаймана қазақты бір-біріне аяусыз айдап салғанын аңдап, қынжылмасқа лажың қалмай отырасың.
Ендеше кейбір құжаттар сөйлесін.
Тұрбат қыстағында Қаратас аудандық партия комитеті
конференциясынын хаттамасы. №70. Шарапхана ауылы. 8 сентябрь 1928 жыл.
Конференцияда 32% диқан болды. Конференция округтік партия комитетінің уәкілі жолдас Құлжанұлының қатынасуымен ашылды.
Мәжіліске төрағалық етті: Қырғызбайұлы. Хатшылық етті: Түртімбайұлы.
Күн тәртібінде:
Ірі байлардың малдарын қазынаға алу туралы. Азық науқаны туралы.
Кезектегі мәселе. Тыңдалды:
Ірі байлардың малдарын кәмпескелеу туралы жолдас Құлжанұлы баяндама етті. Сауалдар берілді. 13 адам жарыса сөздер сөйледі. Қорытынды сөзді жолдас Құлжанұлы сөйледі.
Азық даярлау науқаны туралы губерниялық уәкіл жолдас Мақарұлы баяндама етті. Сауалдар берілді. Жарыса сөздер сөйленді. Қорытынды сөзді жолдас Мақарұлы сөйледі. Жолдас Мақарұлының сөзін қазақшаға аударып тұрған жолдас Қырғызбайұлы.
Кезекті мәселелер. 1906 жылы туған жастар туралы Хансейітұлы баяндама етті.
Қаулы қылды:
1. Жолдас Құлжанұлының баяндамасын тыңдап, Қаратас аудандық партия конференциясы бір ауыздан мына қаулыны қабылдады: Қазақстан кіндік аткомының ірі байлардың малдарын кәмпескелеу туралы шығарған заңдарын уақытылы шығарған заң деп санайды.
Октябрь төңкерісінің 11-жылға аяқ басуына қарамастан, аудандық жердегі байлар шаруашылық жағынан кедейлерді өздеріне кұл ретінде бағындырып, кеңестер үкіметінің тап-тартысын көздеп шығарған бұйрықтарын көмескілеп, ауылда тап жігінің ашылмауына үлкен кедергі болып келіп еді. Ірі байлардың малдарын кәмпескелеп, өздерін басқа жаққа жер аудару, ауылда тап жігінің күшеюіне жол ашатын кедей табының, хандардың, датқалардың патша кезінде ұзақ уақыт болыс, би болып қара халықты патша үкіметінің табанына салып езгені үшін шен, шекпен алған атқамінерлердің уыстан мүлде құтылып, кең түрде өріс алып өркендейтінін бекітеді.
Бұл жұмысты жоғарғы үкіметтің берген нұсқауының шегінен шықпай күнге асыруды, бұлжытпай орындауды партия көпшілігі міндетіне алды. Аудандық жердегі ірі байлардан кәмпескелеу ретінде алынған малдарды кедейлерге үлестіргенде ауылдағы кейбір кедейлерге аздан тиюі сияқты ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетсе онан нәтиже шықпайды. Сол себепті, бұл тәртіппен алынған малдарды әкімшілік ауылдың ішіндегі бұрын ұйымдасқан артельдерге беруді, яки, жаңадан артельдер ұйымдастырып, солардың шаруашылығын гүлдендіруге қорға беруді орынды табады.
Байлардың түпкі сырын ашып, жасырған малдарын табуға әкімшілік ауылдың ішіндегі өз кедейлері ғана жарайды. Сол себепті әкімшілік ауылдың кедейлері ұйымдастырылып, әкімшілік ауылдың ішіндегі байларға қарсы жұмысқа жегілсін һәм осы байлардан алынған малдар бірінші ретте сол еңбегі сіңген кедейлерге бөліп берілсін, және сол кедейлерден бірігіп шаруа жүргізу артельдер ұйымдастырылсын.
2. Азық даярлау туралы жолдас Мақарұлының баяндамасын тыңдап, аудандық партия конференциясы бір ауыздан мына қаулыны қабылдады: азық даярлау жұмысының бүкіл Қазақстан мемлекеті үшін саяси мағынасы бар. Сол себепті, азық даярлау жұмыс туралы жасалған жоспардың дұрыс орындалуына жәрдемдес болуды барлық партия мүшелері өздеріне міндет деп санайды. Конференция бұл жұмысы туралы аудандық партия комитетіне мына жұмыстарды тапсырады:
Азық даярлау жұмысы туралы ауылдарда кең түрде үндеу жұмысы жүргізілсін. Бұл жұмысқа сайлау науқанын өткеруге ауылдарға шыққан аудандық уәкілдер пайдалансын.
Жәй азық даярлаушыларға жол бермей алыпсатар, жасырынып жүрген майда саудагерлермен мейлінше күресу жүргізілсін.
Қаратас ауданының барлық азығын Ташкент базары жұтып жатыр. Себебі, Ташкентте нарық өте жоғары. Сол себепті, жоғары тұрған партия комитеттері арқылы бұл мәселені халыққа жағдайлы түрде шешсін.
Бұрын түбірінен сатып алған азықтардың 15 сентябрьден қалмай жиналып бітуіне шара көрсін. Азық даярлау мекемелерінен белгіленген жоспар бойынша есепті баяндамалар алып, оларға дұрыс бағдар көрсетіп, қызметінен пайдаланып, қылмыс істегендері аяусыз ретте жауапқа тартылып сотқа берілсін.
Жәй саудагерлер кооперативтің диқандарға ақша санайтындығын пайдаланып тауарларын заңның шегінен шығып, өте қымбат сатып жүр. Сол себепті, жәй саудагерлер жете тексерілсін.
Ескерту: таудың қабағына егілген Жігерген, Жалпақ, Ұя ауылдарында түбірінен сатып алынған азықтарды 15 сентябрьге дейін жинап, бітіру мүмкін емес. Сол себепті, бұл ауылдардың ең соңғы төгіп бітіру срогі 30 сентябрьге дейін созылсын.
Мәжіліске ағалық етуші – Қырғызбайұлы. Хатшылық етуші –Түртімбайұлы.
***
Қаратас аудандық ірі байлар мал-мүлкін кәмпеске ету комиссиясыныц
мәжілісініц № 3 хаттамасы. 15 сентябрь 1928 ж.
Қаратас аудандық ірі байлар мал-мүлкін кәмпеске ету комиссиясының мәжілісі болды. Жиылысқа араласқан мүшелер: Құлжанұлы, Қырғызбайұлы, Исабекұлы, Қайнарбайқызы.
Жиылыс ағасы: Құлжанұлы. Хатшысы: Түртімбайұлы.
Күн тәртібі:
Ірі байлардың мал-мүлкін алушының қайда бара жатқандығы (Құлжанов). Ташкентке сатылуға кетіп жатқан малдар туралы (Қырғызбайұлы).
Қаулы етілді:
Жолдас Құлжанұлының хабарландыруын тыңдап қарағанда, әрі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу жұмысында мына кемшіліктер болып жатыр. Қақпақ ауылындағы комиссиялар байлардың малын алып, мал бағып жүрген қойшыларға есеп беріп, малға қарауылдың жөні осы деп қойды.Тастаққа иіріп қойған. Байкөбекұлы мен Ахметұлдарына жүктелген әкімшілік ауылдардың саны көп болғандықтан, олар бәріне бірдей барып үлгере алмай жатыр. Төбеқұдық ауылында малдары кәмпескеленетін байлардың сандары көп. Бұл ауылда жұмыстың қалай жүріп жатқаны мәлім емес.
Қызылтал ауылына тағайындалған уәкілге осы уақытқа дейін материалдар жеткеріліп берілмеген. Бұл кемшілітерді тездеп жою үшін мына қаулы қабылданады:
Байкөбекұлына сөзбен нұсқау беруге һәм Қызылжүзім ауылының жұмысын атқарып қайтуға Қырғызбайұлы дайындалсын. Шақантайұлына сөзбен нұсқау беруге Түртімбайұлы барып қайтсын. Төбеқұдық ауылындағы жұмыстарга жолбасшы болып қайтуға жолдас Құлжанұлы дайындалсын.
1-Қарабау (һәм) Қоғабау ауылындағы жұмыстарды атқаруға жолдас Өтепұлы барсын. Қызылтал ауылындағы Дәленұлына материалдарды тапсыруға 1 адам жіберілсін. Аудандық аткомнан баратын адамдарды тапсын.
Тыңдалды:
Ташкентке сатылуға кетіп жатқан малдар туралы.
Қаулы етілді:
Жолдас Қырғызбай мағлұматына қарағанда мал айдаған адамдар Ташкентке қарай ағылып жатқанға ұқсайды. Мал айдаушылардың көбісі Шымкент уезінің азаматтары. Бұл туралы округтік комиссияға жазылып, алынған малдарды сатуға айдағандарға шара көрілуі сұралсын.
Мәжіліс төбеағасы – Құлжанұлы. Хатшысы – Қырғызбайұлы.
ТОМА. Қ. 74. Тіз.1. Іс 186.Б. 10-11. №40
22-ауылдың ірі, атақты байы Байкөбек Мүратүлының
мал-мүлкін кәмпескелеу, өзін жер ауыстыру туралы комиссиясының
жиылысының хаттамасы. 15 октябрь 1928 ж.
Жиылысқа Округтік партия комитеті комиссиясының уәкілі Жамболұлы, Бадам ауданы атқару комитетінің төрағасы Қаңлыбайұлы, аудандық комиссияның уәкілі Бақұлы, 22-ауыл атком ағасы Айнабек әйелі, 25-ауыл атком ағасы Байқонұлы, 21- ауыл атком ағасы Әбдірасылұлы, ауылдық Союз Қосшы бастығы Қиятайұлы, ауылдық партия ұясының бастығы Биназарұлы Қасым, ауылдық жердегі жәрдем комиссияның мүшесі Сұлтанұлы, Мәдәліұлы, Әбдікәрімұлы, Нұржанұлы, Төребекұлы, Мырзабекұлы, Молдабекұлы, Әбдірайым-ұлы, Сүгірбайұлы, Мінәліұлы, Құрғанбайұлы, Тоқсейітұлы, Аманұлы, басқа жәй адамдардан қатысқандар: Айтбекұлы, Сармайұлы, Қожабергенұлы, Шалабайұпы, Смайылұлы, Қызырәліұлы.
Жиылыс ағасы: Бақұлы, Хатшысы: Байқонұлы.
Күн тәртібіндегі мәселе:
Байгөбек Мұратұлының малын кедейлерге бөлу туралы.
Тыңдалды:
Байкөбек Мұратұпының мал-мүлкін кедейлерге бөліп беру туралы жолдас Жамболұлының баяндамасы.
Қаулы қылынды:
Бұл туралы округтік комиссияның уәкілі жолдас Жамболұлының істеген баяндамасынан жақсы түсініп мынандай қаулыға келеміз:
Қазақстан мемлекеті қазақ еңбекшілерін ел ішіндегі ірі, атақты бай, жуан-жұдырық және атқамінерден езіліп, тап күресіне белсене кірісе алмаған, өздерінің шаруашылықтарын өркендетудің орнына байлардың ықпалында жүргендіктерін ескере келіп, шығарған қаулының әдістері – қазақ еңбекшілерінің сана-сезімі осы тап күресіне белсене кіріскен мезгілінде болып, келешекте де тап күресін бұдан да өршітіп, жалшылар табының үстемдігін өркендетуге жол ашқан. Біздің Кеңес үкіметінің тап дұшпаны – байлар. Бұлар біздің алға басып, өркендеп социалистік қоғамдарын орнатуға көп кедергі жасап, тап күресін күшейтпекші. Бұлармен біздің де тап дұшпандығымыз, тап күресіміз ұзаққа созылмақшы. Сондықтан біз барлық батырақ, кедей, орта шаруалардың да одақтарын күшейтіп, келешектегі нысанаға жетуга белсене кірісіп, жэрдемдес болуға дайынбыз.
Байгөбек Мұратұлы кәмпескеден аман қалудың жолын іздеп байлығының сандарын кемітуге тырысып, малдарын сата бастаған. Қазірде кәмпескеге алынып отырған малдарының саны да мынандай: ірі жылқы – 22. 1 тай, 5 құлын. Ірі түйе: 22. Қой-ешкі 824. 2 есек, 16 сиыр, 10 өгіз, 6 құнажын, 3 бұзау, ірі қараға айналдырғанда барлық саны: 247.
1928-1929 жылғы бірыңғай шаруа салығының есебінде 39-60 және 65-314 санды салық қағаздары бойынша, малдың саны анағұрлым артық екендігін көрсетеді. 84 ірі жылқы, 18 ірі түйе, 8 өгіз, 4 сиыр, 2 есек,1425 қой, іріге айналдырғанда 411. Сондықтан қазіргі кәмпескелеу уақытында малының саны аз болса да, Қазақстан Халық Комиссарлар кеңесінің 27 августтегі шығарған қаулысына лайық мал-мүлкін кәмпескеге алып, өзін жер аударуға лайық деп табылады. Мұндай мал-мүліктерін күні бұрын сатып, жан-жаққа жасырып түрліше әрекет істеген Байкөбек Мұратұлының барлық қылықтарын рас деп өтті. Үгіт жүргізілген мезгілінде және кедейлер жиналыстарында Байгөбек Мұратұлының әкесімен еншісінің бір екендігі акт қағазының жоқтығын, 2 жылдан бері үкіметті алдап, екі үй болып жаздырып жүргендігін айта келіп, үкімет алдында бір-бірімен еншілерін алғандықтары өтірік екен. Акт қағазы жоқ болғандығынан осы екеуінің еншілерін бір деп таптық. Байкөбек Мұратұлының су салығын төлемеген есебі 1750 сомдай болғандығы үшін бір іске түсетін қойдан 80 қой шығарылып, сатылып төленсін. 22-ауылдағы артельдің пайдасына 6 түйе, 2 ат, 2 өгіз және 7 қой белгіленсін. Осы жоғарыдағы екі бөлінген малдарды Бадам аудандық комиссияның қарамағына беруге келісілсін.
Жиылыс ағасы Бақұлы Хатшы ағасы Байқонұлы
ТОМА. Қ. 74. Тіз.1. Іс 286. Б. 17.
Әзірлеген Гүлжазира АЙХАН.
Түркістан облысы