ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН «Музей түні – 2024» акциясы өтті
2024 ж. 27 мамыр
863
0

ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде Халықаралық музейлер күніне орай 18-рет «МУЗЕЙ ТҮНІ – 2024» дәстүрлі акциясы өтті. Биылғы жылы шара өскелең ұрпақты тарих пен дәстүрді дәріптеу арқылы тәрбиелеудегі және ұлттық мәдениетті насихаттаудағы музейдің зор үлесін айқындау мақсатында «БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУДЕГІ МУЗЕЙЛЕР» тақырыбында өтті. Бұл музейдің негізгі қызметінен бөлек тәрбие мен білім беру салаларын да қамтитын серпінді білім-ғылым орталығы екенін көрсетуге бағытталған болатын.
Орталық музей тарихты, дәстүрлі мәдениет пен өнерді зерттеуге арналған білім беру және ғылыми зерттеу бағдарламаларын ұсынды. Білім беру, шығармашылық, зияткерлік стартаптар мен музейлік кластерлер және түрлі workshop үлгілері оқу-ағарту платформасы есебінде ұсынылды.
Мереке қонақтарына Орталық музей қорындағы бағалы коллекциялардан ұйымдастырылған екі көрме ұсынылды. «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ЕСІМДЕРІ» көрмесі қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнері, білім беру саласы мен ғылымына өлшеусіз үлес қосқан А.Құнанбайұлы, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Х.Арғынбаев, К.Акишев, Ө.Жәнібеков, Б.Қожамқұлова сынды ұлы тұлғалардың мұраларымен танысуға мүмкіндік берді. Көрме ғалымдардың қазақстандық ғылымның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін көрсету мақсатында ұйымдастырылып, Шоқан Уәлихановтың мемориалдық кешендерінен жеке заттар (бөрік, мылтық, шам, күміс қасық және шанышқы, тұмарша), экспедициялық материалдары, эскиздері, Қ.И. Сәтбаевтың жеке заттары (фотоқұжаттар, кітаптар, марапаттар, кәдесыйлар), Өзбекәлі Жәнібековтің фотоқұжаттары, құжаттары, кітаптары, жеке заттары (үстел сағаты, екі ішекті домбыра және т. б.), Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсариннің қолжазбалары, А.Байтұрсынов пен Мұхамеджан Тынышпаевтың ҚР орталық мемлекеттік мұрағаты мен ҚР Президенті Мұрағатының қорларынан анықталған материалдары ұсынылады. Ал «ШЕБЕР МЕН ҚЫЛҚАЛАМ» көрмесі қазақ бейнелеу өнерінің бастауында тұрған ұлы суретшілер Ә.Қастеевтің 120 жылдық, Ү.Әжиевтің 100 жылдық, Н.Нұрмұхамедовтың 100 жылдық, С.Қожықовтың 100 жылдық, Г.Исмаилованың 95 жылдық мерейтойларына орай ұйымдастырылды. Көрме Қазақстан бейнелеу өнері мектебінің ұлттық өнердің әр саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан суретшілердің шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Көрмеде ұлы суретшілердің бірқатар туындылары ұсынылып, шығармашығы және қоғамдық қызметтеріне қатысты фотоқұжаттық материалдарымен (фотосуреттер, дипломдар, сертификаттар және т.б.) толықтырылды. Әсіресе, Қазақ КСР-нің халық суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеевтің музей қорынан алғаш рет ұсынылып отырған акварель жұмыстары көрмеге келушілердің үлкен қызығушылғын тудырады. Оның басым бөлігі кең жанрлық сипатымен және маңызды этнографиялық материалдарды қамтитын тақырыптық диапазонмен ерекшеленеді.
Сондай-ақ, Нағима Ибрашева, Ләйла Жарқын, Әсем Сүлейменова, Алтынай Байжанова, Динара Закарадзе сияқты жаңа заман суретшілерінің шығармашылығы негізінде «ДӘСТҮРДІҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ СИМФОНИЯСЫ» көрмесінде көпшіліктің назарына ұсынылды.
ҚР Орталық музейі «Музей түні» мерекесінің шеңберінде «МУЗЕЙГЕ – СЫЙЛЫҚ, ҰРПАҚҚА – МҰРА» акциясын жариялап, азаматтарды музейлік құны бар заттар мен отбасылық жәдігерлерді музей қорына тапсыруға шақырған болатын. Осы күні әнші А.Нұрмағанбетованың, күйші Қ.Жантілеуовтің, жазушы А.Мекебаевтың жеке қорындағы бірқатар бұйымдары Орталық музей қорына тапсырылды.
«БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУДЕГІ МУЗЕЙЛЕР» тақырыбында өткен сан алуан бағдарлама музейдегі бұл түннің ерекшелігін айқындады. Музей қонақтарына төмендегідей бірқатар жобалар мен бағдарламалар ұсынылды:
Қазақстандық суретшілердің (М.Нысанбаев, Л.Дроздова, М.Қаңтарбаев, Д.Гаитова, А.Бейшекеев, М.Ықыласова, М.Құлдыбаев, Р.Искаков, М.Гречкина, И.Гущин), Ә.Қастеев атындағы Өнер және дизайн мектебінің және «Ұмай» көркемсурет студиясы шәкірттерінің қатысуымен «Музей – тарих пен материалдық мәдениеттің сақтаушысы» музейлік пленері өтті.
Қазақстан тарихы жайлы музейдің ғылыми қызметкерлері өткізген интерактивті тақырыптық экспозициялар мен оқыту бағдарламалары аясында: «Археологтың далалық қосы» интерактиві, «Көненің көлеңкедегі бейнесі» бағдарламасы, «Археологиялық артефактлердің суретін құрастыру» шеберлік сағаты, «Алыс және жақын шететелдердің ақша белгілері» және «Әлемнің ұлттық музыкалық аспаптары» экспозициялары, «Музейдің ғажайып әлемі» балалар экскурсиясы, «Мен қазақтың дәстүрін білемін» викториналық ойыны, «Ұлы Жібек жолының тарихы» отбасылық музейлік сабағы өтті.
Музейдің қалпына келтіру орталығының қызметкерлері қонақтарға музей заттарын, кескіндемелерді, түрлі материалдардан жасалған бұйымдарды қалпына келтіруден ашық шеберлік дәрістерін өткізді.
«МУЗЕЙЛІК ҒЫЛЫМИ ТӘЖІРИБЕЛЕР» КЛАСТЕРІ аясында мектеп оқушылары, ЖОО және колледж студенттері арасында «Болашақ инновациялық музей» бейнероликтер байқауы өтті.
Зағип және нашар көретін келушілерге музейлік білім беру арқылы өз халқының мәдени құндылықтарын тануға көмектесу, олардың тарих пен мәдениет туралы түсінігі мен ой-өрісін кеңейту, қиял мен шығармашылық қасиеттерінің дамуына серпін беру мақсатындағы «ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ МӘДЕНИЕТІН ТАКТИЛЬДІ ЭКСПОНАТТАР АРҚЫЛЫ ТАНИМЫЗ» инклюзивті жобасының тұсаукесері өтті. Инклюзивті жобада түрлі материалдардан этникалық стильде жасалған және дәстүрлі қазақ мәдениеті мен оның алуан түрлілігін көрсететін қолөнер бұйымдары ұсынылды. Жоба Qazaq-Оner Ұлттық қауымдастығының, Aigul Line брендінің негізін қалаушы әрі президенті А.Жансерікованың, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжі мен «Бақыт» сәндік және қолданбалы өнер орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Көрмеде түрлі материалдардан – киізден, жүннен, ағаштан, былғарыдан, металдан қазақ халқының дәстүрлерін сипаттайтын этникалық стильде қолөнер бұйымдар ұсынылды. Тактильді экспонаттар нашар көретін және зағип келушілерге ұсынылады.
Көрермен назарына ұсынылатын «ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ» шығармашылығының алаңы кластері аясында сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, суретшілер мен изостудиялар, мектептер кескіндеме, қолөнер, шығармашылық пен каллиграфия бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Оған О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының колледжі, Абай атындағы ҚҰПУ, тігін машиналары үйі, «SANAT» изостудиясы, ByART, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн мектебі, «Ұмай» көркемсурет студиясы, Толғынай құрақ көрпесі бойынша мастер-класы, оқушылар сарайы және т.б. қатысты. ҚХР Бас консулдығы мен Иран Ислам Республикасының Бас консулдығының каллиграфия бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырды.
«OPEN SPACE» «Әлеуметтік-мәдени байланыс жүйесіндегі музей. Ұлттық мәдениетті насихаттау» диалог алаңында шығармашылық индустрия өкілдерінің, суретшілердің, өнертанушылардың, дипломаттардың, кәсіпкерлердің қатысуымен ұлттық мәдениет пен өнерді сақтаудың және насихаттаудың өзекті мәселелері талқыланды. DARU университеті «Музейдегі AI: технология мен өнердегі революция» шарасының аясында музей экспонаттарына жан бітіру үшін жасанды интеллекті пайдаланудың озық технологияларын көрсетті. Қатысушылар үшін жасанды интеллект саласындаы атақты сарапшылардың қатысуымен екі воркшоп: 1) AI сарапшысы Айдын Муатханның «Тұлғаны дамытуда жасанды интеллектті пайдалану» тақырыбындағы семинары. 2) Нейродизайнер және нейрондық желілер саласындағы зерттеуші Риз Есентаевтың «Дизайн үшін нейрондық желілерді пайдалану» тақырыбындағы сессиясы өтті.
Қонақтар назарына үздік дизайнерлер мен колледж студенттері ұсынған дефиле-таныстырылым ұсынылды. Оған дизайнер, суретші Айжан Абдубаит, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжі, Алматы сән және қызмет көрсету саласы колледжі, «Сымбат» сән және дизайн академиясы, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының колледжі қатысты. «Кездесу орны – музей» қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп, түрлі бұйымдарды алуға мүмкіндік жасалды.
Кеш барысында өткен концерттік бағдарламада ҚР Халық артистері, мемлекеттік оркестрлер, музыкалық және шығармашылық ұжымдар мен ансамбльдер (Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы, «Қазақстан камератасы», Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық халық аспаптары оркестрі, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрадалық-цирк колледжі, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы, К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мектеп, Алматы қалалық белсенді ұзақ өмір орталығы) мен қазақ, күрд, ұйғыр, кәріс ұлттық-мәдени этноорталықтары, «Родина» хоры т.б. өнер көрсетті.
«МУЗЕЙ ТҮНІ-2024» акциясына LUXE TABLEWARE, AlmaLife.kz, «DARU UNIVERSITY», Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР Ұлттық кітапханасы, «Мектеп», «Arman-PV», «Көкжиек-Горизонт» баспалары демеушілік көрсетті.
qazaquni.kz