Төлебиде «Табиғаты тұнған өлкем» суретшілер байқауы өтті
2024 ж. 27 мамыр
725
0
Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округінде КСРО суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан сурет өнеріне еңбегі сіңген қайраткер Еркін Айтбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай, салтанатты жиын өтті. Қылқалам шеберінің құрметіне мектеп оқушылары арасында «Табиғаты тұнған өлкем» атты суретшілер байқауы ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Бақыт Кемелов мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, аудан әкімінің, мәслихат төрағасының арнайы құттықтау хатын жеткізді.
Керегетас мекенінде ұйымдастырылған байқауға қатысушылар Алатау баурайында, табиғат аясында шабыттана отырып сурет салды. Жастар бойына Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу мен оларға қолдау көрсету мақстаында ұйымдастырылған байқаудың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары шараның маңыздылығын әңгімелеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Кез келген елдің атақ-даңқын шығаратын - сол елде туып өскен талантты тұллғалары мен дарынды жастары екенін айтқан Сержан Дауылбайұлы дарынды жастар үнемі мемлекет қолдауына ие болатынын, байқауға қатысушылар арасында ауданның абыройын асқақтатып, болашақта Төлеби жерін әлемге танытатын суретшілер тәрбиеленетініне сенімі мол екенін жеткізді.
Еліміздің бейнелеу өнерінде ерекше орны бар қылқалам шебері Еркін Айтбайұлын мерейлі мерекесімен арнайы құттықтау үшін еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп, ізгі тілегін ыстық лебізін білдірді.
Байқауда жас суретшілер ауданымыздың әсем табиғатын бейнеледі. Ал, әділ қазылар жүлдегерлерді анықтау барысында оладың ой ұшқырлығына, идеялық шешіміне, шеберлігіне баса мән берді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған талантты жастарға диплом мен арнайы сыйлықтар табыстады.