Түркістан: Отырарда музей түні акциясы аясында тарихи-танымдық кеш өтті

Түркістан: Отырарда музей түні акциясы аясында тарихи-танымдық кеш өтті

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Мәдениет комитетінің «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы» РМҚК-нің ұйымдастыруымен Халықаралық музей күні кәсіби мерекесіне орай «Музей түні – 2024» акциясы аясында «Отырар-тарих кеніші» тақырыбында тарихи-танымдық кеш өтті. 

Мақсаты, музей құндылықтарына халықтың ыстық ықыласы мен қызығушылығын туғызып, музейдің адам танымын арттырып, ұлттық сана–сезімін қалыптастыруда алар орнының маңыздылығын түсіндіру. 

Шараның шымылдығын «Отырар» мемелекеттік археологиялық музей-қорығы» мекемесінің басшысы Айбек Жандосов ашып берді. Этнограф, ардагер Абдулла Жұмашев, өлкетанушы Бекжан Бейсенбай сынды құрметті қонақтар ұйымдастырушылар тарапына алғыс айтып, ыстық ықыласын жеткізді. 

Тарихи-танымдық кеште музей экспозиция залында алғашқы қауым, яғни тас ғасыры тұсындағы азамзат тіршілігі қазақ халқының ХІХ-ХХ ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ағаш шеберлері мен темір ұсталарының көрінісі, қолөнер шеберлерінің жүн өңдеу, жіп иіру, тоқыма тоқу өнерлері, құмырашылардың құмыра жасау, оны күйдіру тәсілдері бойынша шеберлік сабақтарын өтті. Ұлттық нақышта киінген музей қызметкерлері келі түю, диірмен тарту, күбі пісу, қамыр жаю сияқты асханалық тіршіліктен көріністер ұсынды. 

Сондай ақ мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілеріне арналған «Дара тұлға- Әбу Насыр әл-Фараби» мультфильмі көрсетіліп, мүмкіндігі шектеулі ерекше жандарға «Отырар-ғажайыптар ордасы» атты инклюзивті тақырыптық экскурсия монғол әскерінің шапқыншылығы, Әбу насыр әл-Фараби бейнесі сомдалған қойылымдар қойылып, викториналық ойындар ойнатылды. 

Ұлттық спорт түрлері: ләңгі тебу, қошқар көтеру, қол күрес, кір тасын көтеру, сонымен қатар, ұршық иіру, қымызмұрындық сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар табысталды.