ЕР ЕСІМІ ЕЛМЕН БІРГЕ ЖАСАЙ БЕРЕДІ!

ЕР ЕСІМІ ЕЛМЕН БІРГЕ ЖАСАЙ БЕРЕДІ!

Аты әлемге әйгілі, атақтарын атан тарта алмайтын академик, Еңбек Ері Төрегелді Шарманұлы да өмірден өтіпті…

Төрткүл дүниеге аты мәлім Алаш абызы Төрегелді ағамыз өмірден өткенде бұл өмірден адамның бәрі де өтетінін еске түсіріп кетті. Дүниежүзі медицинасы дүлдүлі атанды. Ұзақ жасау үшін Денсаулықты сақтау қажет болса, денсаулық сақтау министрі болды. “Ауру астан келеді” десек, өмір бойы Тағамтану академиясы президенті болды. Сондықтан да, ұзақ жасап тоқсанның бесеуіне келді. Бірақ, бәрібір бұл өмірге келген адам кететінін де, бұл өмірдің жалған дүние екенін көрсетіп кетті. Бұл фәни дүниеден мәңгілік бақи дүниеге бет түзеді…


Бір жыл бұрын ғана Төрегелді ағамызға өзінің жақсы көретін, әзілі жарасатын жиені, белгілі саясаткер Әлихан Бәйменмен бірге сәлемдесіп шығып едік. Сергек отырған. Біраз әңгіме дүкен құрдық. Біздің парламентте көтеріп жүрген ұлттық мүддені қорғау жолындағы мәселелерімізді қолдап отыратынын білдірді. Қоштасарда бәрімізге өзі шығарған, түйенің шұбатынан жасалған қазақ шоколадтарын, тәттілерді сыйлады. Төрегелді ағамыз қазақтың ұлттық тағамдары қымыз, шұбат, қазылардың құндылығын іс жүзінде дәлелдеп жүргенін жақсы білеміз.

Осы кезде еске түсіп отыр. 2020 жылы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап етіп, ұлт зиялылары бастаған, қол қоюшылар екі айда 130 мыңға жеткен Президентке жазылған Ашық хатқа алғашқылардың бірі болып қолдап, қол қойғандардың бірі Төрегелді ағамыз еді…

Атағы жер жаратын кейбір ағаларымыз өзінің ана тілі Қазақ тілін - Мемлекеттік тілді қолдаудан қашып жүргенде, Төрегелді ағамыз бізді бірден қолдап, “әр мемлекеттің мемлекеттік тіл туралы заңы болуы заңдылық” екенін айтып еді…

Енді міне сол Тәуелсіз Қазақ Елінде Қазақ тілін талап еткен Ашық хатқа бірінші болып қол қойған, 98 жасқа дейін сол заңды күтіп, бірақ көре алмай өмірден өткен қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейістің соңынан 95 жаста Алаш абызы, елінің Еңбек Ері Төрегелді Шарманұлы да кетті…

Бұл кісі де көре алмай кетіп барады… Осы Ашық хатқа қол қоюшылардан осымен 13 тұлға өмірден өтіп кетті…

Төрегелді Шарманұлы 1978 жылы Алматыда әлемнің 140 елі қатысқан, алғашқы медициналық көмек жайында халықаралық конференция өткізді. Әлемдік денсаулық сақтаудың "Ұлы хартиясы" аталатын декларация қабылданды. Бұл өте маңызды құжат тарихқа Алматы декларациясы деген атаумен енді. 

Бүгін Алматы аспаны Алаш абызымен жылап қоштасып тұр…

Ұлытауда туып, Ұлтқа қызмет етудің ұлағатты үлгісін көрсеткен Төрегелді Шарманұлы ағамыз да өмірден өтіп барады…

Қоштасуға Парламент депутаттары мен үкімет мүшелерін бастап келген ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді. Төрегелді ағаның ұлтқа жасаған қызметін жоғары бағалап, сан қырлы қасиеттеріне тоқталды. Иә, Ерлан Жақанұлы айтқандай, Төрегелді Шарманұлымен бірге бір дәуір кетіп барады…

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова ҚР Премьер-Министрі О.Бектеновтың көңіл айтуын оқыды. Төрегелді Шарманның медицина саласына қосқан үлесін, көпке ақылшы аға болғанын жеткізді. 

Астана қаласы әкімі Е.Досаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаевтар қоштасу сөздерін айтты. 

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өткен қаралы жиынды Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова жүргізді.

Алаш абызымен қоштасуға Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастаған “Ақ жол” фракциясының мүшелері Астанадан арнайы келдік. 

Төрегелді Шарманұлының жаназасына қатысқан жұрт университеттің үлкен ауласына толып тұрды. Жаназа намазды Қазақстанның Діни басқармасы төрағасы, бас мүфти Наурызбай Тағанұлы оқыды.

Төрегелді ағамыздың Алла алдынан жарылқасын! Алды пейіш, арты кеніш болғай!

Қалың қазаққа көңіл айтамыз! Отбасына, ұлы Алмазға, туған-туыстарына көңіл айтып, қайғысын бөлісеміз.

Ер есімі Елмен бірге жасай береді!

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні