АҚҚАНАТ ТҮЛЕКТЕРГЕ АҚ ЖОЛ!
2024 ж. 25 мамыр
1019
0
Әлемде өзінің ана тілін білмейтін данышпандар, Нобель сыйлығының лауреаттары жоқ!
Бүгін, 2024 жылдың 25 мамырында біздің отбасының кенжетайы Әмина Қазыбекқызы Жарылқасынның мектеп бітіру салтанатына қатыстым.
Ақ жол, ақмаңдай Күншетайым!
Астана қаласындағы Қ.Мұхамедхан атындағы #90 ұлттық гимназияда өткен мектеп бітіру салтанатында ата-аналар атынан сөз сөйледім.
Бірден айта кету керек, биыл еліміздің жартысын тасқын су басып, сан мыңдаған оқушылар мектебін көруі мұң болып қалғанда, Совет заманындағыдай “Соңғы қоңыраулатып” шерулетіп, тойлатуды тоқтатқандары дұрыс болды. Кеше еліміз бойынша барлық мектептерде тәрбиелік сынып сағаты өтіпті.
Бүгін “Мектебім саған, мың алғыс!” атты мектеп бітірушілердің салтанаты болды. Яғни, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары енгізілген кеңес империясы кезіндегі “Соңғы қоңырау” рәсімінің соңғы нүктесі қойылды…
Мектеп бітірушілер салтанаты әдемі де, әсерлі өтті.
ҰЛТТЫҚ МЕКТЕПТІҢ ҰЛАНДАРЫ
Қадірлі ұстаздар мен мектеп түлектері! Ардақты ата-аналар!
Бүгін мектеп бітірушілердің салтанатына қатысып отырып, менің есіме өткен ғасырдағы екі әсерлі сәт түсіп отыр. Оның біріншісі - 1979 жылы Түркістан өлкесіндегі, Шардара ауданындағы Қызылқұм ауылындағы өзімнің мектеп бітірген кезім. Екіншісі осы мектепке мұғалім болып жүріп, 1990 жылы өзім класс жетекшісі болған оқушыларымды мектеп бітіргізіп, шығарып салған сәтім.
Бүгін міне, сендер Алтын ұядан Арман тауға аттанып, қанат қағып бара жатсыңдар! Алда қандай асқар асуларда да қанаттарың талмасын!
Сан қияға самғауда мектепте алған білімдерің, ұяда алған ұлттық тәлім-тәрбиелерің қуат береді.
Мен сендерге қарап қызығып тұрмын! Сендер Тәуелсіз Қазақ Елінің асқақ астанасында, Алаш алыптарының соңғы тұяғы Қайым Мұхамедхан атындағы Ұлттық мектепті бітіріп бара жатсыңдар! Бұл -зор мақтаныш! Біздің үйдің айналасында, Сол жағалауда талай жақсы мектептер бар. . Қызым Әминаны қандай мектепке болса да, беруге болар еді. Бірақ мен алыста болса да, қызымның қолынан жетектеп, осы Ұлттық мектепке алып келдім.
Алматыда балаларымызды ұлағатты ұстаз, академик Асқар Жұмәділдаев бағалайтын мықты математик, ағартушы Әбдімәжит Өтеш қай мектепке ауысса, сол мектепке артынан барып жүріп, бітіріп едік. Бұл мектепке де Аятжан Ахметжанұлы бауырымның артынан іздеп келгенбіз.
Ұлттық мектептің іргесін қалаған ұлтшыл ағартушылар Іргебай Ербол марқұмға, гимназияны бүгінгі деңгейіне жеткізген Аятжан Ахметжанұлына елдің алғысы зор, рахмет айтамыз! Қазіргі мектеп директоры Гүлжанат Асанқызы да осы жолмен жүреді деп сенеміз. Мектеп бітіруші 11 сыныптардың Ақжарқын бастаған жетекшілері мен мұғалімдеріне алғыс айтамыз.
Астанадағы, жалпы еліміздегі алғашқы ұлттық мектепті бітірген сендер бақыттысыңдар! Осыдан біраз жылдар бұрын, Целиноградты айтпай-ақ қояйын, Тәуелсіз еліміздің Ақмола қаласының өзінде қазақ мектебін табу оңай емес еді. Ал сендер тек қазақ мектебі ғана емес, білім беруі жоғары ұлттық мектеп-гимназияны бітіріп отырсыңдар.
Қазақ мектебін бітіргендердің орыс тіліндегі мектеп бітірген қазақ балаларынан артықшылығы, үлкен айырмашылығы неде? Қазақ мектебін бітіргендердің республикалық, халықаралық олимпиадада, ҰБТ тапсыруда 80 пайыз алда болатыны өз алдына. Ең алдымен айтарымыз, Қазақ мектебін бітіргендер өздерінің Ана тілінде ойлана алатындығында. Адам бірнеше тілде сөйлеуі мүмкін. Бірақ қай тілде ойланса, негізгі тілі сол тіл. Сондықтан да, біз, ішінде бірнеше депутаттар бар ұлт зиялылары осыдан екі жыл бұрын Астанадағы #93 мектептің аралас мектеп болуына қарсы болдық. Сонда баласын қазақ мектебіне бергісі келмеген ата-аналарға айтқан сөзім бар еді. Видеосы ютубта қатты тарап кетіпті: “Қазақ мектебінде оқымаған, орысша мектеп бітірген қазақ баласы өз тілінде ойлана алмайды. Өзінің Ана тілінде ойлана алмаған адам - рухани мүгедек! Сіздер өз балаларыңызды өз қолдарыңызбен рухани мүгедек жасап жатсыздар! Бұл - ата-ананың өз баласына жасаған рухани қылмысы!”-деген едім.
Әлемдегі данышпандар, кемеңгерлердің, ең мықты тұлғалардың ішінде өзінің тілінде сөйлей алмайтындары, ойлана алмайтындары жоқ! Нобель сыйлығының лауреаттарының 99 пайызы өзінің ана тілінде ойланатындар. Өзінің ана тілін білмейтін Нобель сыйлығының лауреаттарын есіттіңіздер ме? Жоқ!
ҰЛТТЫҚ РУХ
Ұлттық мүддені қорғау үшін ең алдымен Ұлттық рух керек! Ұлттық мектептің ұландарында ұлттық рухы зор болады деп сенеміз!
Ұлыларымыз ұлт тәрбиесі жөнінде аз айтпаған.
“Тәрбиесіз алған білім - адамзаттың қас жауы” дейді адамзаттың екінші ұстазы, данышпан Әл Фараби аталарың. “Ұлтқа қызмет ету - білімнен ғана емес, мінезден” дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан! Ұлттық мүддені қорғауда білімдеріңе мінездерің де сай болуы керек! Қазақтың мүддесі қорғайтын кезде үнсіз қалмау керек ұландарым! Ұландар сонда қырандарға айналады!
“Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан ер халық. «Кімнен таяқ жегендей біздің түріктің баласы, алдырып жүрген дұшпанға аузының аласы», бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек!”-дейді мұзбалақ Мұстафа Шоқай! Яғни, “Қазақтың баласы кімнен кем, тек бірлігі мықты болу керек” дейді.
Мемлекеттік тілде - Қазақ тілінде мектеп бітіргендер білімде де, ұлттық тәрбиеде де, барлық жағынан алда болуы тиістігін көрсететіндер, дәлелдейтіндер сендерсіңдер!
“Мен мектебімді бітірдім, білімімді алдым, енді не істесем де өз еркім, өз шаруам” деген ой болмауы керек! Әр қазақтың ұл-қызы ең алдымен Тәуелсіз мемлекетіміздің бір сенімді тірегі болуы тиіс!
Қазақ қандай болуы керек дегенге кім жауап беруі керек?
Қазақ қандай болуы керек дегенге жауап беретінде алыста, басқа бір әлемде, биікте жүрген өзгелер емес - өздерің, ең алдымен сендерсіңдер!
Әрдайым кеуделеріңді “Мен -Қазақпын” деген өр рух кернеп, өздерің соған лайық болыңдар!
Қандай биікке шықсаңдар да, әлемнің қандай мықты университетінде, Кембридж бе, Гарвард па, Оксфордта оқысаңдар да, оған ең алдымен Қазақ мектебін бітіргесін, жетіп отырмын деп білулерің керек, айналайындар!
Ұлт ұстазы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, “Біз білімді, бай және күшті болуымыз керек! Білімді болу үшін оқу керек. Бай болу үшін кәсіп керек!
Күшті болу үшін бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!
Аққанат түлектерге ақ маңдайларың жарқырай берсін деп, Ақ жол тілеймін!
АҚ ЖОЛ
Ұшып бара жатсыңдар түлеп демде,
Дүрсіл қағып, бұлқынар жүректер де.
Сенім зор сендерге айтар тілектерде.
Қанаттарың талмасын қияларда,
Ақ жол біздер тілейміз түлектерге!
Әр кеудеде үкілі үмітті ән бар.
Алдарыңнан атсын тек тұнық таңдар.
Асулардан қаншама ассаңдар да,
Алтын ұя мектепті ұмытпаңдар!
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты