АЗАТ ЕЛДІҢ АТТАРЫ ДА АЗАТ ҰЛАНДАРЫ

АЗАТ ЕЛДІҢ АТТАРЫ ДА АЗАТ ҰЛАНДАРЫ

ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕК ӘЛ ҮСТІНДЕ ЖАТЫП, НЕГЕ ТЕГІНЕН «ОВ»-ты АЛҒЫЗЫП ТАСТАДЫ?!

БОСТАН АТ ТУРАЛЫ ҮГІТ БОСҚА КЕТПЕПТІ!

Өткенде 10 мамырда Алматы қаласына барып қалғанда, керемет бір жетістікке куә болдым. Наурызбай ауданындағы Қалқаман ықшамауданындағы #206 мектеп-гимназияда оқитын немерем Иманғали Қазыбек Әзіретұлы 1-ші сыныпты бітірушілердің суретіне түскендерін көрсетті. Бұны біздің кезімізде “виньетка” деуші еді… Балдырғандардың бал-бұл жанған бақытты жүздеріне қарап отырып, аты-жөндерін оқып, тектерінің, фамилияларының қалай жазылатынына қарайтын әдетіммен шолып шықтым. Бірден көзім жарқ ете қалды қуаныштан!!! Мектептегі бір ғана сыныптағы 28 баланың барлығы дерлік, 27-сінің тегінде құлдық жалғау “ов” пен “ова” жоқ екен! Бірінші сынып бітірушілердің 99,9 пайызының фамилиялары ұлттық негізде жазылған! Қандай керемет! Азат елдің аттары да азат ұландары! Кеудеңді қуаныш кернейді! 

Міне, біздің ширек ғасырдан астам, отыз жылдан бері ұлттық тек – ұлттық мүдде үшін күресіп келе жатқанымыз босқа кетпеген екен-ау деп қатты риза болып қалдым.


Содан шыдамай, сынып жетекшісі апайы мен мектеп директоры уатсабына рахмет айтып жаздым. Ертеңіне осы сыныпқа барып, Азат елдің аттары да азат ұландарымен кездестім. 

Мектеп директоры Фатима Әлиакпар Мәмедәлиқызы қарсы алып, сынып жетекшісі Асылзада Еркебай Исақызы қуанып қалып, оқушылармен әдемі кездесу болды.


«Аттарыңды азат рухта қойған ұлтшыл әке-шешелеріңе, ардақты ата-апаларына рахмет! Тәуелсіз Қазақ еліне қосар сендердің үлкен үлестерің ең алдымен тәрбиелі де білімді, озат оқушы болуларың керек» дедім.

Мектепте бір күн, сәрсенбі күні оқушылар түгел ұлттық киім киетін күн екен. Мұны естіп қуанып қалдым. Биыл Әз Наурыз мейрамы күндері, 20 наурызда Парламент Мәжілісі депутаттарының көбісі, «Ақ жол» фракциясының мүшелері түгел Жалпы отырысқа ұлттық киімде келгенін айттым. Тақия киіп отырған немерем Имашқа қарап, парламенттегі тақиялы депутат Дәулет Мұқайдың жақсы үлгісі туралы әңгімелеп бердім.

Бәріміз суретке түстік.


Мектептен шығып бара жатқанда, мектеп директоры мен сынып жетекшісіне «Енді сіздер де аттарыңыздан құлдық жалғауды алып тастаңыздар, бірінші сынып оқушыларынан ұят емес пе? Мен сіздердің аттарыңызды солай жалғаусыз жазамын. Біздің депутаттар да арыз беріп, аттарын ұлттық негізде жаздырып жатыр»-дедім. «Иә, дұрыс айтасыз, қолдаймыз» деді олар.

Мен мектептен өте әдемі әсер алып, қанаттанып қайттым. 


ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕК ӘЛ ҮСТІНДЕ ЖАТЫП, НЕГЕ ТЕГІНЕН «ОВ»-ты АЛҒЫЗЫП ТАСТАДЫ?! 

Иә, елдің аты-жөні таза қазақша жазылу үшін, отарлық “ов” пен “ова” құлдық жалғауынан құтылу туралы талай мақала жаздық! Талаймен айтыстық, тартыстық. Кейде сол ұлттық тек үшін күресіп жүргенде ұлттық мүддені қорғайды деген қаламдас-қатарластардың, тіпті қазақша БАҚ басқарып отырған достардың әділетсіз шабуылын көргенде, қатты ашуланып та кетесің де, аямай қарымта қайтарасың…

Анау жылдары осы мәселені тұрақты көтеріп келе жатқан қоғам қайраткері, тіл күрескері Дос Көшім ағамыздың насихатын «Қазақ үні» газетіне жыл сайын көктемнің ортасында, мектеп бітіруші оқушылар жеке куәлік алар кезде бірнеше нөмірге қатарынан жариялап жүрдік.

Тоқсаныншы жылдары Рахманқұл Бердібай, Шерхан Мұртаза т.б. қаламгер-қайраткерлер, ұлт зиялылары аты-жөндерін қазақшалау үрдісін бастап, тұңғыш президентке де емеурін танытқанда, Нұрсұлтан Назарбаев "Мен Біріккен Ұлттар Ұйымына қол қойып қойдым. Сіздер түгел өзгерте беріңіздер, арнайы Жарлық шығарып бердік қой" дегендей мазмұнда жауап берген еді. Бірақ бұл мәселеге біз кейіннен қайта оралдық.

Осыдан он жеті жылдай бұрын "Қазақ үні" газетіндегі "Тәжік президентінің тәлімі" атты мақаламызда Біріккен Ұлттар Ұйымына қол қойған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның тегінен "ОВ"-ты алып тастағанын жазған болатынбыз... «Эмомали Рахмон секілді фамилияңыздан "ов"-ты алып тастағаныңыз дұрыс" деп, еліміздің экс президентіне де ұсыныс жасаған едік...

Тәжікстанда 2016 жылы қолданысқа енген заң бойынша тегі тәжік азаматтардың аты-жөндеріндегі орыстың «ов», «ова», «ович» және «овна» жалғаулары заңсыз деп танылады. 

Бізге де сондай ұлттық текке көшуде нақты заң керек.

Иә, біз бұл ұлттық тек туралы мәселені отыз жылдан бері көтеріп келеміз. Кезінде «БОСТАН АТ пен БОДАН АТ» деген мақалалар сериясын жарияладым.

Әйгілі қаламгерлердің бәріне де айтқанмын. Тіпті, еліміздегі үшінші мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы Майемеровты Қазақстанның Бас мүфтиі болып сайлануымен құттықтай отырып: "Дініміз бен діліміздің ұлттық мүддемізге сай дами беруіне жастық қайрат, жалынды жігерімен зор үлес қосады деп үміттенеміз.

Бізден, «Қазақ үні» газеті оқырмандары атынан бір ұсыныс: ең алдымен Майемеров деген тегіңіздегі «ов» деген орыс отарынан қалған құлдық жалғауды алып тастасаңыз дұрыс болар еді… Мүфти мырза! Әйтпесе, мүфтидің де, поптың да, аттары «ов» болып жүргенін көрген шет жұрт «Бұлар өзі Тәуелсіздікті алған ба, алмаған ба?»-деп күмәнданып жүрер. Бұл жақында ғана газетімізде Діни басқарманы сынағанымыздың жалғасы деп емес, ұлтық ұстаным тұрғысынан ұсынысымыз ретінде қабылдаңыз"-деп жазғанбыз. Құрметті мүфтидің өзі ұсынысымызды құп алып, ертеңіне көмекшісін төлқұжатын өзгертуге жіберіп, өзі сол күннен бастап, Ержан қажы Малғажыұлы деп жаза бастады. Бұл туралы сол кезде Діни басқарманың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбай ресми мәлімдеді бізге. Қадірлі мүфти кейбіреулер секілді өзіне қатысы болса да, болмаса да, жатып кеп, ерін бауырына алып, шаң шығарып тоңқыған жоқ...

Белгілі қаламгер-қайраткер, ұлтшыл ағамыз Марат Тоқашбаев та біздің бір айтқан ұсынысымызды жерге қалдырмай, Maрат Байділдаұлы болып өзгертіп алды. Тіпті бізге алғыс айтып, фейсбук парақшасына жазба да жариялады.

Ал «Мәселе осыған, тілге, теккке тіреліп тұр ма? Басқа шаруалар шешіліп қалды ма» деп, кері шаптырып, шаптығып, тар шекесі тырысып шыға келетіндер, нағыз ұлттық мүддеге қарсылар!

Құлдық жалғаудан құтылған белгілі саясаткерлер мен зиялылардың кейбіреулерінің "атым мен атамның атының орнын ауыстырып ала береді" деп, қайтадан "ОВ" құлдық жалғауына тұтылуы, жұмсақ айтқанда "битке өкпелеп тоныңды отқа жағу" болды.

Қазақтың аты-жөні о бастан аты бірінші, тегі екінші жазылатынын әлі білмейтіндерге Әлкей Марғұлан, Шерхан Мұртаза, Рахманқұл Бердібай секілді тұлғаларымызды мысалға келтіріп айту керек! 

"ОВ"-ты құлдық жалғау дегенім біреулерді мұқату үшін емес, шынында да "ОВ" жалғаулы фамилияның шығу тарихын орыс зерттеушілерінің өзі дәлелдеген. Ресей помещиктерінің, байларының басыбайлы құлдарын меншіктеп атаудан шыққан, яғни тексіздерге телінген "тек" бұл. 

Құлдарға құжат толтыра бастаған кезде, олардан кімнің құлы екенін “чей холоп?” деп сұрағанда “Иванның құлымын” дегенге “Иванов” деген фамиля берген. Сондықтан тегіне “ов -ова” деп жаздыру о баста құлдық таңбадан басталғанын білуіміз керек.

Кезінде бұл туралы да жазғанмын.

Қазір де фейсбук парақшамда ұлттық тектің маңыздылығын түрлі жолдармен насихаттап отырамын. Менің парақшама жазылған 23 мыңғв жуық жазылушыларды іріктей алмаймын. Ал лимитімдегі 5 мың достың ішінен "ОВ" құлдық жалғауы бар, оның үстіне ешқандай белсенділігі жоқ "өлі жандардан" құтылып, олардың орнын достық сұрап, кезекте тұрған мыңдаған тілектестермен жаңартып отыру - ол менің жүйелі түрде жасап келе жатқан ескерту шарам. 

Реті келіп тұрғанда бүкіл қазақтың Рухани сардарына (Әбіш Кекілбайдың бағасы) айналған Өзбекәлі Жәнібектің әл үстінде жатып неге паспортынан "ОВ"-ты алғызып тастағанын тағы да айтып берейін. 

Өткен 2023 жылдың аяғында, 9 желтоқсанда Астанадағы Ұлттық мұражайда әріптесім, әйгілі адвокат депутат Абзал Құспанның шақыруымен қазақтың біртуар қайраткері Өзбекәлі Жәнібек туралы “ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕК. МӘДЕНИ МАЙДАН” кітабының тұсаукесеріне қатыстық. Авторлары Санжар Керімбек пен Әділбек Нәби. Ұлттық мұражайдың кең залындағы сыймай қалғандар аузы-мұрнынан шығып, аяғынан тік тұрып тұрған қаптаған халықты көріп, Торғайдан келген ақжаулықты апалар мен ақсақалды аталарды, жалындаған жастарды көріп, мінбеде қатты толқып, шабыттанып сөйледім. Халық та қайта-қайта қошемет білдіріп, оншақты рет қол шапалақтады. Бұл бір керемет рухани шара болды. Сөзімнің видеосы мен фотосуреттерді фейсбук парақшама “ҚАЗАҚ БОЛЫП ӨЛГІМ КЕЛЕДІ!”-деген Өзағаңның сөзін өзгертіп, ҚАЗАҚ БОЛЫП ӨМІР СҮРЕЙІК! Өзбекәлі дәуірі басталды!»-деп жарияладым. 


Өзбекәлі Жәнібек ауырып, әл үстінде жатқанда, ұлын шақырып алып, «Аты-жөнімнен "ОВ"-ты алып тастап, ұлттық текте жазып, төлқұжатымды ауыстырып әкелші»-дейді. "Оны қайтесіз, өзіңіз әл үстінде жатырсыз ғой, әке?!"-деген ұлына: "ҚАЗАҚ БОЛЫП ӨЛГІМ КЕЛЕДІ!”-деп жауап беріпті қайран Өзағамыз!

Бәріміз де Өзағаңнан өнеге алайық, ағайындар! 

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты