ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ САЯСИ САЛМАҒЫ АРТТЫ! - Әбдірашит Бәкірұлы
2024 ж. 23 мамыр
522
0
✅ Мемлекеттік тіл өз статусына сай осы «саяси процесске» араласуға Заңды түрде мандат алды. Бұдан былай азаматтық алу үшін қазақ тілін белгілі бір деңгейде меңгеру қажет болады.
✅Бұл заң мемлекеттік тілдің статусын мемлекеттік шарамен ұштастыру арқылы, қазақ тілінің беделін көтеруге қызмет етпек.
✅ Заң тілге деген құрметті заңдық тұрғыда бекітті. Ал, ол қазақ тілінің дамуына қарқын береді.
Қазақ тілінің саяси салмағы артты. Кеше, 21 мамырда Қазақстан Республикасы Мәжілісі депутаты, белгілі қоғам қайраткері Қазыбек Иса интернет желілері арқылы осы жаңалықпен қазақ халқын сүйіншіледі. Депутаттың қуанатын да жөні бар, себебі, осы уақытқа дейін ол парламент мінберінен қазақ тілінің жәй‑күйі мен статусы туралы үнемі мәселе қозғап: «Заман талабына сай «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдау қажет», ‑ деп үзбей айтып келді. Әрине, бұл жолғы заң «сүйіншінің төресі» дейтін емес, бірақ, бұл заң Қазақстанда «көп ұлттың бірінің тілі» деңгейіне түсіп кеткен қазақ тіліне келген көмек болды. Ол «көмек» – Қазақстанның көші‑қоны туралы Заңнамасы арқылы жетті.
1. Мемлекеттік тіл мен мемлекеттің өзара байланысы қандай?
Енді осы мәселені тарқатып айтып көрейік. Жалпы, мемлекетте қазақ тілі мәселесі тек қана «Мемлекеттік тіл туралы» заңмен шешіле салады деу қате пікір. Әрине, тіл статусын мемлекеттік заңмен бекіту – заңнамалық тұрғыда оның тұғырын нығайтады. Содан бастап «мемлекеттік тіл мемлекеттік дамудың ажырамас құрамдас бөлігіне» айналады. Бұл жағдайда «мемлекеттік тіл» мемлекеттің барлық коммуникация жүйесін, қоғамдық қарым‑қатынас жүйесін толық қамтамасыз етуі тиіс болғандықтан ‑ соған сай өзі де қарқынды дами бастайды. Тілдің мемлекеттік жауапкершілігі еселеп артады. Мәселен, бұрын өзге тілдермен бәсекелестікке түскен қазақ тілі өзін жетілдіру бағытында өте баяу қимылдайтын. Мысалы, терминология саласында делік... Ол кезде қазақ тілі «аударманың тілі» болғандықтан, әрбір терминді қазақшалауды қоғамдық талқыға салып отырды. Оған мүмкіндігі мол болатын. Ал, енді, қазақ тілі мемлекет ісіне терең араласа бастағанда ‑ мемлекеттік тілдің ондай мүмкіндігі (уақыты) күрт азаяды. Себебі, мемлекеттің сыртқы және ішкі қарым‑қатынас жүйесі бір сәтке тоқтамайды, әрі, ол үнемі жетілу үстінде болады. Ендеше, соған сай тіл де үздіксіз жұмыс жасап жатқан комбайн сияқты өзіне қажет терминдерді қарқынды сіңдіре бастауға мәжбүр.
Бұрын тіл жанашырлары осыдан сескенетін. Олар «біз қазақ тілінің табиғатынан ажырап қалуымыз мүмкін» деген қауіпті алға тартатын. Әрине, ол да шындық – тіл өз табиғатынан ажырамау керек. Сөйтіп, тіл жанашырлары бір жағынан ‑ «өгізді де өлтірмей», екінші жағынан ‑ «арбаны да сындырмай» тілімізді дамытсақ деді. Алайда, тілдік қолданыс жаңа сатыға көтерілген сәттен бастап бұл ереже бұзылады. Себебі, алдыңғы орынға «мемлекеттік дамуды қамтамасыз ету жауапкершілігі» шығады да, тіл оған ілеседі. «Ілесу» барысында өзін жедел тілдік коммуникация тұрғыдан, терминдік тұрғыдан және т.т. жағынан толықтырады.
Әрине, бұл «тіл тазалығын» жоққа шығара алмайды. Себебі, қазақ тілі осыған дейін‑ақ әдеби тіл ретінде әлемдегі ең бай тілдердің бірі болып қалыптасты. Ол тіл «материалданған рухани байлық» ретінде кітапханаларда, архивтерде, «қолданыстағы тіл» ретінде өнер адамдарында, ақын‑жазушыларда және т.т. қала береді. Бұл байлық халыққа қызмет етуге әрқашанда дайын. Мұндағы өзгеретіні – коммуникациядағы тіл. Себебі, қарым‑қатынас тілі ‑ нақтылыққа, қысқа‑нұсқа мәнге ұмтылатын тілдік форма. Ол солай болғанда ғана мемлекеттіі дамуына жедел әрі нақты ықпал ете алады. Бұл дегеніміз – «мемлекетте мемекеттік тіл бірнеше сатыдан тұрады» дегенді білдіреді. Сөйтіп, қоғам дами келе өзінің «мемлекеттік басқару тілін», «дипломатия тілін», «өндіріс тілін», «бизнес тілін» және «ғылыми тілін» қалыптастырады. Оның жалпы қолданыстағы «әдеби тілден», не болмаса, «күнделікті қарым‑қатынас тілінен» (ауызекі тілден) біршама айырмашылықта болары анық. Соның ішінде, ең күрделісі «ғылыми тілді» және «өндірістік тілді» қалыптастыру болмақ. Өйткені, ғылым‑білім тілінің өмірдің бар саласына қатысы бар. Қоғам онсыз мемлекет ретінде қарқынды дами алмайды. Мұның ішінде, ғылыми тілдің өзі көптеген салалардан тұратындықтан, оған апаратын «білім тілі» ‑ «ғылыми тіл» мен «жалпы көркем тіл» арасындағы алтын көпір ретінде қалыптасады. Яғни, бұл ‑ білім беруде тілдің барлық деңгейі қолданыста болуы тиіс деген сөз. Ол қарапайым формадан бастап күрделі формаға ауысып отырады...
2. Мемлекеттік тілдің саяси жағдайларға тәуелділігі туралы
Енді, бүгінгі мақалаға себеп болған «тілдің саясилануы» мәселесіне көшейік. Жалпы, осыған дейін де қазақ тілі мемлекеттің саяси өмірінен тысқары қалған емес. Ол – «қоғамдық қатынас және мемлекеттік басқару тілі» ретінде өз қызметін атқарып келді және атқара береді. Мұндағы мәселе ‑ осы қызметтегі «тіл сапасы» төңірегінде болып отыр. Ал, ол, өз кезегінде, біздің тәуелсіздікке дейінгі тарихымызға тікелей байланысты болып шықты. Кеңестік кезде «социалистік жалпыкеңестік халық» орнықты деп жар салды. Бұл идеологиялық бу еді. Ал, «кеңестік халықтың» тілі «орыс тілі» болғандықтан ‑ орыс тілін жан‑жағына таратып жатқан орталықпен (Ресей Федерациясы) шектесетін қазақ тілі «тілдік ассимиляция» зардабын мейлінше көп тартты. Қазақ ұлты тілдік тұрғыдан екіге жарылды: бірі – қазақ тілді, екіншісі – орыс тілді болып. Осындай тілдік және мәдени бөліспен қазақ ұлты тәуелсіздікке аяқ басты. Бірақ, тәуелсіздік бізге бірден, тез арада қазақ тілін орнықтырып бере алмады. Билік жүйесі, яғни, мемлекеттік қарым‑қатынас жүйесі толығымен орыс тілінде қала берді. Кеңес заманынан өсіп шыққан кадрлар қазақ тілін тек «қарапайым қолданыс» аясында қалдырды. Мемлекеттік деңгейде қазақ тілі «өлі тіл» санатында қала берді. Себебі, «мемлекеттік тіл статусына сай» деген декорациялық көріністі көрсету үшін құжаттар орыс тілінен аударылып отырды. Ал, ол құжаттардың қазақ тіліндегі нұсқасы сапасына ешқандай назар аударылмады.
Қазақ тілді қоғам өз ана тілінде күнделікті ауызекі сөйлеп жүрсе де, олардың өкілдері мемлекеттік аппаратқа, бизнеске және т.б. салаларға келгенде орыс тіліне көшіп кетіп отырды. Осының нәтижесінде қоғамда «қазақ тіліндегі білім төмен» деген қоғамдық миф пайда болды. Оған керісінше, орыс тілі мен ағылшын тілі дәріптелді. Сөйтіп, назарбаевтық аторитаризм әбден коррупцияланып, қоғам азып‑тозу шағында жеткенде – жастар шет елдерге барып жұмыс істеу үшін жапай шет тілдерін игеруге бет бұрды. Қазақ тілі тағы да көш соңында қалып қойды...
Бірақ, осы жағдайда қазақ тіліне «көмек» ұлттық патриотизменен емес, сыртқы және ішкі жағдайлардың шиеленісе бастауынан туындады. Солтүстікте екі туыс елдің өзара соғысы – Қазақстанға Ресейден миграцияны күшейтті. Ол бұрыннан келе жатқан «тіл мәселесі» қайшылығын арттырды. Одан өзге, осыған дейін әбден коррупцияланған көші‑қон жүйесі еліміздің азаматтығын оңды‑солды «тарату» арқылы ‑ қазақ тілін мемлекет саясатынан тысқары қалдырды. Бұл – тілдің беделін одан әрі төмендетті. Еліміздегі шет елдіктерге азаматтық беру ісі мемлекеттік бақылаудан шығып, жеке шенеуніктердің «жеке фирмасына» айналарлықтай күйге жетті. (Азаматтық саудаға түскенде тіл жайына қалады екен). Бұған тоқтау салудың ықпалды заңдық тетіктері болмады. Өйткені, заңдардың өзі дұрыс жұмыс істемеді – Заң коррупцияны «көрсе де көрмегендей» болуға бейімделіп алған болатын...
Міне, дәл осы жағдайда, мемлекет тілді «еске алып», әлемдегі барлық демократиялық, азаматтық, тіптен, авторитарлық елдер сияқты өзінің «азамттық шегарасын» «мемлекеттік тіл» арқылы қорғауға шешім қабылдаса керек. Ол бірден‑бір дұрыс саяси қадам. Мысалы, Қытай, Жапон, Корей, Араб елдері, тұтас Еуропа елдері, Англия, АҚШ және т.т. әлдеқашан «азаматтық беруді» мемлекеттік тілмен тығыз байланыстырып қойған. Тек Қазақстан ғана өзінің қызын алған кез келген шетелдікке жеделдетіп азаматтық берумен болды... (Ол, әрине, өз елінде қырық миллионнан астам бойдағы бар қытайлықты қалай қызықтырмасын, немесе, кедейліктен әбден шаршаған африкалықты қалай қызықтырмасын!..).
Міне, енді, мемлекеттік тіл өз статусына сай осы «саяси процесске» араласуға Заңды түрде мандат алды. Бұдан былай азаматтық алу үшін қазақ тілін белгілі бір деңгейде меңгеру қажет болады ‑ бұрынғыдай «қазақ қызына үйлене салу» енді оған жеткіліксіз.
Мұның тағы бір жақсы жері – бұл заң азаматтықты шетелдікке заңсыз тарқатып жүрген коррупционер шендіге тосқауыл болмақ. Осы заң шыққанан кейін кез келген азаматтық алған шет елдіктің «тілді меңгеру» деңгейі бақылауда ұстап, тілді меңгермеген шетелдікке азаматтық куәлік берген органның не адамның «коррупциялық әрекетін» адресті түрде анықтауға мүмкіндік туады. Ендеше, әрбір көші‑қон шенеунігі кез келген шет елдікке еліміздің азаматтығын белгілейтін куәлік не паспорт берерде «мың ойлап, мың толғанатын» болады. Болмаса, болашақта қызметінен ажыраудан бөлек, темір тордың арғы жағына топ ете қалуы да ғажап емес... Міне, «тіл құдыреті» дегеніміз осы!
Одан кейін, бұл заң мемлекеттік тілдің статусын мемлекеттік шарамен ұштастыру арқылы, қазақ тілінің беделін көтеруге қызмет етпек. Заң тілге деген құрметті заңдық тұрғыда бекітті. Ал, ол қазақ тілінің дамуына қарқын береді. Сөз соңында Қазақ тілі үшін талмай күресіп жүрген барша ұлтжанды азаматтарымызды осы заңмен құттықтап, бәріміз бірігіп оның қарқынды іске асуына қолдау көрсетеміз деп сенім білдіремін. Ондаған мың жылдан астам тарихы бар көне қазақ тілі – ана тіліміз мәңгілік жасасын!
Әбдірашит Бәкірұлы,
философ
Abai.kz