ЕҢБЕК АДАМЫ - МАҚСАТ
2024 ж. 01 маусым
1020
0
Есімі күнделікті ел аузында жүрмесе де, қоғам үшін қыруар жұмыс атқарып, сертке ұстаған семсердей жарқылдаған жандар аз емес. Қашанда халықтың жанынан табыла білетін сондай аптал азаматтардың бірегейі Мақсат Раманқұлов.
Өмір өткелдерінде небір белестерді бағындарған ол бүгінде еліміздегі беделді кәсіпкерлердің бірі. Құрылыс саласындағы «Mabex» сияқты қуатты компанияны басқарып отырған Мақсат Базаралыұлы тынымсыз еңбектің арқасында осы уақытқа дейін жиырмаға жуық тұрғын үй, мектеп пен балабақша секілді әлеуметті нысандарды, өзге де мемлекеттік маңызды ғимараттарды тұрғызды. Соның ішінде, алданған үлескерлердің жағдайына қарайласып, өз қаражатына «Талисман», «Алтын бұлақ» тұрғын үйлерін салып беріп, үш жүз отбасының сөнген үмітін қайта жақты.
Одан бөлек, еліміздің Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы вице-президенті ретінде ұлттық спорттың өрісін кеңейтіп, жастар арасында спорттың бұл түрінің дамуына да зор үлес қосып келеді. Федерацияның ұйымдастыруымен тоғызқұмалақ бойынша әлем чемпионаттары мен түрлі республикалық жарыстар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Осы орайда "Ақ жол" партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашевтың әріптесі туралы толғамды пікірін келтіре кеткен жөн.
-Мақсат демеушілік жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Пандемия кезінде дәрігерлерге зор көмек жасады. Талай тұрғын үй кешені, әлеуметтік нысандарын салды. Онымен қоса, мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, шығармашылық адамдарына әрдайым қамқоршы болып жүреді. Бұл оның ұлт руханиятына деген шын жанашырлығын көрсетеді. Өзі де шығармашылыққа жаны жақын тұлға. Бір атап өтерілігі, оның депутаттық сауалдары қоғам тарапынан, кәсіпкерлік қауымдастық тарапынан үлкен қолдауға ие болатын, - дейді "Ақ жол" лидері Азат Тұрлыбекұлы.
Мақсат Раманқұлов кәсіпкерлік шыңын бағындырса да, қоғамдағы қордаланған мәселелерді шешуде де алдыңғы қатардан табыла білді. «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты болып сайланып, талай күрмеуі қиын түйіннің шешілуіне қолғабыс болды.
Парламент мінберінен акцизделетін тауарларға ілеспе жүкқұжаттар және шағын бизнеске арналған цифрлық таңбалау, қарапайым еңбек адамдарын тонамай, жемқорларды жүгендеп, халықтан ұрланған миллиардтарды офшорлардан қайтару, әлеуметтік саладағы қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеру, пандемия кезінде ковид аймағында қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлерінің жалақыларын арттыру, оқу жабдықтарының отандық өндірісі секілді түрлі өткір мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал жасады.
Депутат болып жүріп мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы депутаттық сауал жасап, нәтижесінде сол сауал іске асып, мәдениет қызметкерлерінің жалақысы артқанын ерекше атап өту керек.
Өз ісіне адал Мақсат Раманқұлов еліміздегі ең үздік қазақ тілді портал атанған «Қазақ үні» сайты мен газетінің «Жыл адамы» байқауында "Жыл депутаты" атанғанын да еске сала кетейік.
Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасын таңдайды. Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы өткізіледі. Нәтижесінде арнайы құрылған Сарапшылар алқасы 2021 жылдың үздіктерін анықтаған еді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай таңдалған «Жыл адамы – 2021» байқауының жеңімпаздары қатарында сол кездегі Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" фракциясының мүшесі болған Мақсат Раманқұлов та бар.
«Мақсат Раманқұлов 2021 жылы бірқатар өзекті тақырыптарды көтеріп, депутаттық сауалдарды жолдады. Олардың арасында коронавируспен күресіп жүрген дәрігерлердің жалақысын қалпына келтіру, толық вакцина алған шағын және орта бизнестің жұмыс уақытын шектемеу, салықшылардың халықты тонамай, офшорлардағы миллиардтарды қайтаруды, әлеуметтік саладағы қарапайым жұмысшылардың жалақысын көтеру сынды бірқатар батыл талаптар бар. Сонымен қатар, халық қалаулысы Қарағандыдағы «Абай» шахтасында кеншілердің қаза тапқанын мысалға келтіре отырып, осындай жұмысы қауіпті мамандардың зейнет жасын қайтару мәселесіне баса тоқталды» деп жазып, еңбектерін атап өткен едік сол кезде.
Міне, «Құрмет» Орденінің кавалері, мақсаты асқақ, рухы биік Мақсат Базаралыұлы бүгінде ердің жасы елуге толып отыр. Отызында орда бұзып, елуінде ел сеніміне ие болған ұлтының ұлтшыл ұлына зор денсаулық, қажымас қайрат, тасыса толмайтын, толса төгілмейтін бақ пен ырыс тілейміз. Алдағы өмір жолында да алған бетінен таймай, елі үшін еңбек етуін, сол еңбегінің еленуін тілейміз. Төл мерекеңіз мол берекеге ұлассын! Ақ жол!
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні
***
Атыңа сай орындалсын Мақсатың!
Үлесің бар, көркейсе егер астана,
Құрылыспен сәулетті ғой бас қала.
Көшпенді боп өскен талай қазақты
Бақытты етіп салып жүрсің баспана!
Еңбегімен өз бақытын тапса кім?
Шығарады ел әрқашан жақсы атын
Атам қазақ атты тегін қоймайды-
Атыңа сай орындалсын Мақсатың!
Көтеріп сен ел жүгінің ауырын,
Қолдап жүрсің әншілердің қауымын.
50 деген 25-тің екеуі-
Екі есе енді қуатты бол, бауырым!
Қазыбек ИСА