Елінің шын мәнінде халық қалаулысы атанған Қазыбек Исаға айтар алғысы шексіз - академик
2024 ж. 22 мамыр
1405
1
ДЕПУТАТ ҰСЫНЫСЫ ЗАҢМЕН БЕКІТІЛДІ
Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның алпыс жасқа толуына орай “Мінезді депутат” деп айдар тағып, көлемді мақала жариялап,“Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден” деген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның осы сөзі Қазыбек Иса құрдасыма қаратылып айтылғандай көрінетінін тілге тиек еткен едік.
Парламент мінберінен жолдаған депутаттық сауалдарының ішінде әсіресе, мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданыс аясын кеңейту бойынша ұсыныстары көпшіліктің қолдауына ие болғанынын да сөз еткен едік.
Сондай депуттаттық сауалдардардың бірінде “Ақжолдықтардың” Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін мемлекеттік тілде емтихан тапсыру керетігі туралы ұсынысы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, депутат Қазыбек Иса осындай талапты Заң нормасына енгізуді ұсынған-ды.
Міне, соңғы күндері Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес, енді “Мемлекеттік тілді білмегендер Қазақстан азаматы бола алмайды” деген жағымды жаңалықты БАҚ-тар мен әлеуметтік желілердің жарысып жазып жатқан жазбаларынан оқып, тіл жанашырларынан біз де сүйінші сұрап, ақжолтай хабармен бөлісіп жатқан жайымыз бар…
Көпшіліктің көңілінен шығып, халықтық қолдауға ие болған Заң нормасының мемлекеттік тілді дамытуға қосар үлесі мол болатынын бағамдай беруге әбден болады.
Ол үшін елінің шын мәнінде халық қалаулысы атанған Қазыбек Исаға айтар алғысы шексіз.
Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі арта берсін, ағайын!
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Қазақстан Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор.