Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі қолөнершілер көрмесін өткізді
2024 ж. 22 мамыр
505
0
18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі «Parasat AJ» жекеменшік мектебімен бірлесе ұйымдастырған «Шеберлерге кәсіп болған қолөнер» атты қолөнершілер көрмесінің ашылу салтанатын өткізді.
Мақсаты, оқушылардың ұлттық өнерді құрметтеуіне, халық мұрасын ұлықтап, қайталанбас мәдениетті дәріптеп, кәсіп ретінде дамуына бағыт бағдар беріп насихаттау.
Көрменің ашылу салтанатында «Parasat AJ» жекеменшік орта мектебінің директоры Бауыржан Нүркешов пен музейдің «Экспозиция және көрмелік қамтамасыз ету» бөлімінің меңгерушісі Зәуре Қолдасбекова сөз сөйледі. Сонымен қатар, іс-шарада «Parasat AJ» өнер үйірмесі өнерпаздарының орындауында мерекелік әндер шырқалып, сазды күй күмбірледі. Сондай ақ «Алиша» қолөнер мектебі оқушыларының өз қолдарымен тіккен киім үлгілерінен дефиле көрсетілді.
Тарихи-өлкетану музейінің «Экспозиция және көрмелік қамтамасыз ету» бөлімінің ғылыми қызметкері Сәния Стамқұлова назардағы мерекеге орай жасақталған «Музей – құндылықтар ордасы» атты көрмені музей қонақтарына таныстырып, тақырыптық экскурсия жүргізді. Өз кезегінде көрме тамашалаушылар сәулетші Бақытжан Әшірбаевтің жеке заттарына, қайта қалпына келтірілген құмыраларға қызығушылық танытты.
Көрмеге білім көрсеткіші жағынан Шымкент қаласындағы ең озық мектептердің бірі «Parasat AJ» жекеменшік орта мектебінің ұстаздары мен оқушыларының қолдарынан шыққан 40-қа жуық туындылар көпшілік назарына ұсынылды.
«Музей түні – 2024» біркүндік акциясы аясында Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері музей алаңында концерттік бағдарлама құрып, кеш қонақтарына көңіл-күй сыйлады.
Сондай ақ , Халықаралық музей күніне орай, «Күнбағыс», «Балалар әлемі» және тағы басқа балабақша бүдірішіндеріне «Кім тапқыр?» викториналық ойыны ойнатылды. Ойында белсенділік танытқан балаларға сыйлықтар үлестірілді.
Іс-шара соңында өнер көрсеткен өнерпаздар мен белсене атсалысқан мұғалімдер марапатталды.
Ата-бабамыздан аманат боп қалған жәдігерлерімізді көздің қарашығындай сақтап, тарихын түгендеп, келер ұрпаққа насихаттап жүрген барша музей қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймыз.