ӨМІРДІҢ ЕҢ КҮРДЕЛІ ӨТКЕЛІ
2024 ж. 19 мамыр
441
0
Жасөспірімдік кезең – адам өміріндегі дамудың ең күрделі кезеңі. Дәл осы кезеңде адам дамуының негізгі сипаттамалары: биологиялық, физиологиялық, тұлғалық, психикалық және әлеуметтік дамуы мен өзгеруі белсенді түрде жүреді. Бүкіл іс-әрекетінде, құрдастарымен, мұғалімдермен және ата-аналармен өзара қарым-қатынаста өзгерістер байқалады.
Жасөспірімдердің физикалық мүмкіндіктері артады, гормоналды өзгерістер орын алады, сыртқы түрі мен мінез-құлқы өзгереді. Бұл кезеңде маңызды тұлғалық неоплазма – өзіндік сана, өзінің мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін, басқа адамдармен ұқсастықтары мен айырмашылығын түсінуге ұмтылудың жаңа деңгейі қалыптасады. Жасөспірім өзін ересек адам ретінде көрсете бастайды, өзін ересек адам сияқты ұстауға тырысады.
Осы өзгерістердің аясында жаңа қажеттіліктер пайда болады, жасөспірім үшін құрдастарымен қарым-қатынас және олардың пікірі маңызды болады, осыған байланысты көптеген қақтығыстар туады. Жасөспірімдер қайшылықты жағдайларды көбінесе бір-бірін айыптау, агрессия және талап қою түрінде шешеді. Олар зорлық-зомбылықтың психологиялық және физикалық түрлерін қолданады. Жанжалмен күресуге тырысып, психологиялық қорғаныс, эмоционалды және агрессивті реакция, рефлексия сияқты механизмдерді қолданады.
Ұлдар мен қыздар бұл кезеңді түрліше бастан кешіреді. Ұлдарда бәсекелестік рухы қалыптасады, олар көшбасшылық үшін күресе бастайды, агрессивтілік деңгейі, өзіне деген сенімділік жоғарылайды, өз бетімен оқуға ұмтылады және компьютерге көбірек уақыт бөледі. Қыздар үшін эмоционалды өмір маңыздырақ, сыртқы әлеммен және сыртқы келбетімен тәжірибе жасау қажеттілігі оянады, құрдастарымен қарым-қатынас, жақын достық, өсек-аяң және досымен сыр бөлісуге ұмтылу бірінші орынға шығады. Жақын қарым-қатынастың азаюы жалғыздық немесе жоғалту сезімін күшейтеді. Жаңа байланыстар орнату және күйзелістен арылу үшін телефонға көп телміруі мүмкін.
Жасөспірімдердің бұл мінез-құлқы, олардың эмоционалдық тұрақсыздығы жанжалды жағдайлардың және буллингтің пайда болуына әкеледі. Көптеген зерттеушілер ұлдар қыздарға қарағанда агрессивті мінез-құлыққа бейім, оларда физикалық агрессия басым болады деген пікірде.
Жасөспірім қыздарда сөздік агрессия, күдік, ашуланшақтық, негативизм және дұшпандық басым. Олар өздерінің агрессиясын жасыруға тырысады. Бұл ұлдардың агрессивті мінез-құлқын жұртшылықтың мақұлдап, қыздардың мұндай мінез-құлқын айыптауымен байланысты деген болжам бар.
Осы уақытқа дейін ер балалар қыздарға қарағанда анағұрлым агрессивті мінез-құлықты ашық көрсететіндіктен, буллинг тек ер балаларға тән болып саналып келген еді. Бірақ бұл пікірдің теріс екендігін күнделікті өмірден көріп, естіп жатқан фактілер жоққа шығарады. Иә, қыздар ұлдармен салыстырғанда буллингтік әрекетке аз баратыны белгілі, дегенмен соңғы уақыттарда буллинг жасайтын қыздардың үлес салмағы артып отырғаны белгілі. Сондай-ақ, бұрын қыздар арасындағы буллингтің сипаты өзгешелеу болған. Қазіргі кезде қыздар мен ұлдардың агрессивті мінез-құлқы арасындағы айырмашылықтың ара салмағы азайып барады.
Психологиялық тұрғыдан алғанда, бақталастық рухының көріністері, өзін-өзі көрсетуге, өз күшін өлшеуге ұмтылу ер балаларға тән. Бұл «соғыс», «жарыс», шытырман оқиғаға, қауіп-қатерге, бәсекелестікке және мықтыны іздеуге деген құштарлықтан көрінеді. Қыздар үшін эмоционалды қарым-қатынас, сүйіспеншілік, жақын достық және құпия сырлар маңыздырақ. Көбінесе, олр қуыршақпен, «қызы мен анасы», «үйлену тойы» сияқты ойындарды ойнайды, әдемі көрінуге, сыртқы түрі мен киіміне көп көңіл бөледі.
Ұлдар, әдетте, қыздарға қарағанда ашушаң және шыдамсыз болып келеді, олар шиеленіс жағдайында ынтымақтастық пен ымыраға келу стратегиясын аз пайдаланады, олар үшін күш көрсету және үстемдік ету әлдеқайда маңызды. Қоғамдағы қатыгездікті, махизмді тәрбиелейтін мінез-құлық нормалары қыздардың мойынсұнуын және бағынуын күтетін ұлдардың агрессивті мінез-құлқын қоздырып, күшейте алады. Өздерін дәлелдеу және өздерінің еркектік қасиеттерін атап көрсету арқылы олар әлсіз қыздарды және жынысына сәйкес келмейтін ұлдарды ренжітуі, физикалық және жыныстық жағынан қорлауы мүмкін. Сонымен қатар, «крутой», агрессивті және батыл ұлдардың қыздармен табысты болғаны, олармен жиі кездесіп тұратыны, жыныстық тәжірибені ерте алатыны және т.б. белгілі. Осылайша, ер балалардың агрессивті мінез-құлқы белгілі бір дәрежеде құрдастарының тарапынан құпталады.
Айтып өткеніміздей, соңғы кездері қыздар мінез-құлықтың буллингтік формаларын жиі көрсетіп жүр. Олар буллингті шектен тыс ширығу мен өзін-өзі бақылауды жоғалтудың нәтижесі ретінде қарастыратын сияқты. Ал агрессивті әрекеттен кейін барынша мазасыздану, өзін-өзі кінәлі сезінуді бастан өткереді. Өз кезегінде ұлдар агрессивті әрекетті оның өзін-өзі бағалауына, ар-намысына, абыройы мен тұтастығына қауіп төндірген адамдарға қарсы әдіс ретінде қарастырады. Сонымен бірге ұлдар арасында буллинг позитивті және құралдық сипатқа да ие болады.
Норвегиялық ғалым Д.Олвеустің зерттеулеріне сәйкес, ұлдар қыздарға қарағанда көбінесе «қуғыншы» (булли) рөлін алады. Қыздар ұлдарға қарағанда буллингті аздау көрсеткенімен, олар қақтығысты жағдайларға мүлде араласпайды дегенді білдірмейді.
Расында да, қазіргі қыздар ұлдардан мүлде қалыспайды және барлығы бірдей үлгілі деуге болмайды. Оқушылардың мінез-құлқын бақылай отырып, қыздардың кейбірі «сатып кетуге» бейім, қу, айлакер болады деп айта аламыз. Егер ұлдарда физикалық агрессия басымдық көрсетсе, қыздарда тікенекті сөзбен түйреу, түрлі интригалар, бос сөздер, достар мен құрбылар арасындағы манипуляция, арандату кезінде бірінші кезекке жанама агрессия мен негативизм шығады.
Буллинг көрінісінде гендерлік айырмашылық, әсіресе 10 және 14 жас аралығында анық байқалады. Бұл кезде қыздардағы психикалық және физикалық даму ұлдарға қарағанда әлдеқайда жоғары болады. Бақылауды мықты меңгерген қыздар, көбінесе жігіттерді арандатып жатады.
Қатыгездік тұрғысынан қарастырғанда, ғалымдар «қыздар ұлдардан кем түспейді» деп көрсетеді. Бұрын мұндай мінез-құлық қыз баласының имиджіне мүлде сәйкес келмейтін, бірақ қазір гендерлік поляризацияның әлсіреуіне байланысты мұндай жағдаяттар барған сайын жиілей түсуде. Көп жағдайда қыздар бақталастық пен қызғаныштың әсерінен буллингке жиі түседі екен.
Қыздар қоғамда булингке ұшырау көрінісінен ұялады, қорлаудың дөрекі көрінісі, әдетте оларды жиіркендіреді. Сондықтан олар физикалық агрессияны сөзбен ауыстырады. Қазірдің өзінде 10-11 жастағы ұлдардың да, қыздардың да арасындағы буллингтің ең айқын түрі – негативизм болып келеді.
Қыздар буллингтік іс-әрекеттердің көрінісін ертерек бақылауды үйрене бастайды. Олар өздерінің агрессиясын нақты адамға, оның психологиялық жанды жеріне дәл тигізе отырып бағыттайды. Қыздар арасындағы буллингтің бұл түрі жасырын түрде жүреді және сырттай әсері аз болады, бірақ есесіне барынша тиімді болып келеді.
Британдық психолог Валерий Бесагтың айтуынша, әсіресе қыздар арасындағы буллинг өте қауіпті. Ол мектеп оқушыларының мінез-құлқын 16 ай бойы зерттеп, мониторинг жасаған. Нәтижесінде егер ұлдар бір баланы айыпты етіп, оны ұру үшін таңдап, тек физикалық жағынан артықшылығын көрсететін болса, ал қыздар құрбандарына қарсы нағыз психологиялық соғысты бастайтыны анықталды.
Ұлдар қыздарға қарағанда өз қатарластарына екі-үш есе жиі буллинг жасайды және олар өздері де қорқытудың құрбаны болады. Бұл қыздардың өз агрессиясын жақсы басқара алатындығымен және оны шешудің басқа да балама жолдарын таба алатындығымен байланысты болуы мүмкін.
Берген және Стокгольм сияқты батыстың бірқатар университеттерінде буллингтің гендерлік ерекшеліктерін зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ұлдар қыздарға қарағанда екі есе буллингтік әрекеттерге ұшырайды. Бірақ буллингтің ұзақ мерзімдік эмоционалды әсері ұлдарға қарағанда қыздарда анағұрлым күштірек байқалған, яғни буллингтен кейін қыздар қатты күйзеліске ұшырап, психологиялық жарақат алған. Бұл бұзылыстың клиникалық симптомдары мектепте буллингке ұшыраған ұлдардың шамамен 28%-да және қыздардың 41%-да көрініс тапқан.
Буллинг ұл балаларда негізінен барынша ашық, дөрекі түрде көрінеді және оны ауыздықтау оларға қиынға соғады, ұлдар қыздарға қарағанда өз агрессиясын бақылауда ұстай алмайды. Ұлдардың өз мінез-құлқын басқаруы қиын, ол оларда жалпыланған сипатқа ие болады да, айналасындағылар содан зардап шегуі мүмкін.
Ұлдар үшін буллинг нағыз ер адамның қалыпты бейнесі ретінде танылады. Осындай рухта тәрбиеленген ұлдар қыздармен тең дәрежеде сөйлесуді білмейді және олар басқа да жанжалды қара күштің көмегімен шешуге тырысады. Көп жағдайда мұндай әрекет олардың өзі үшін де, басқалар үшін де қауіп тудырып жатады. Өз кезегінде буллингтің құрбаны болған ұл балалар үлкендерден көмек сұрауға намыстанып, агрессия арқылы өзін қорғауға тырысады. Бұл олардың әлеуметтік және психологиялық қиындықтарын одан сайын күшейте түседі.
Шет елдерде орта мектептің 10-12 жас аралығындағы төрт мыңнан астам мектеп оқушыларына жүргізілген сауалнама нәтижесіне қарағанда, буллингтік әрекеттерге әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен топтан шыққан балалардың жиі баратыны анықталған.
Мәдениетінде маоизм (ерлердің үстемдік идеологиясы) маңызды орын алатын Бразилия орта мектептерінде буллинг ұлдар арасында едәуір кең тараған және бұл сексуалды қудалаумен тығыз байланысты. Бұл жалпы мінез-құлықтың нашарлығымен және әсіресе мұғалімдер тарапынан буллингке төзбеушілік дәрежесіне байланысты болып келеді.
Австралиялық мектеп оқушыларының арасында қыздар буллингті жиі жасайды екен. Финляндияда 2540 ұл баланы 8 жасында және тура сол балаларды 18-23 жасында әскерге шақыру кезеңінде зерттеуден өткізген. Бастауыш сыныпта жиі буллингтік мінез-құлық көрсеткен ұл балалардың 28%-ында 10-15 жыл өткен соң психикалық мәселелер туындаған. Олар әр түрлі сипатта көрінген: есірткіге тәуелділік, депрессияға шалдығу мен мазасыздану, мазасыздану және т.б.
Зерттеулерге сәйкес, гендерлік тұрғыдан буллинг көрінісінде мынадай үрдістер байқалады: қыздар келемеждеуге, жәбірленушіге қарсы интригаға, түрлі лақап ат қоюға, өсек пен қауесет таратуға бейім келеді, бұл ерекшелік жасына қарай күшейе түседі. Бозбала жігіттер физикалық агрессияға, төбелеске, жәбірлеуге, мазақ етуге бейім. Осылайша, ауызша агрессия буллингпен қатар жүреді.
Балалар мектепте буллингке ұшырағанын айта бермейді. Ата-анасы мен мұғалімдер бұл жайында мүлде білмеуі мүмкін. Егер бала мектептен көңілсіз оралатын болса, сабаққа барғысы келмесе, достары жоқ болса, бұл жағдайға назар аудару қажет. Буллингке тап болған балалар ашуланшақ болады, жүйкесі сыр береді, ұйқысы бұзылады, оқу үлгерімі нашарлайды. Жасөспірімнің бойынша осындай белгілер байқалса, мұғалімдермен және мектеп психологымен ақылдасу керек. Буллингті елеусіз қалдыруға болмайды. Баламен асықпай әңгімелесу, оған ұнайтын іс тауып беру, спортқа, өнерге қызықтыру жақсы көмектеседі. Психологтың көмегі және ата-ананың мейірімі мен жанашырлығы буллингке ұшыраған баланың жан жарасын емдеп, біртіндеп сауықтырары сөзсіз.
Ендигүл НАЗАРОВА,
Философия ғылымдарының
кандидаты, доцент