Өнегелі той өтті, жоқ бір кемі...
2024 ж. 19 мамыр
329
0
Осы кезге дейін көрген көп тойымыздың ішінде өткен жексенбідегі журналист Өмірзақ Ақжігіттің 70 жастық мерейтойы ерекше әсер етті. Көпшіліктің қажетіне жарап қалар деп, сол әсермен бөліскенді жөн көрдік.
Біріншіден, ағамыз әдеттегідей ортаға ұрпағының бәрін ертіп шыққан жоқ, оның орнына 22 жасар немересі Арда-Шер «Әкеге алғыс» әнінің сөзін атасына лайықтап сәл өзгертіп өлең айтты, онысы әдемі шықты.
Екіншіден, «бата көптік етпейді» деп, дастарғанға отырғанда да, тұрғанда да бата жасайтын бұрынғы қазақтың дәстүрімен той «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы» атты халықтың көзін ашқан кітаптары үшін Мемлекеттің сыйлықты алған, Қытайдағы қалың архивтерді ақтарған екі жылда екі кітап шығарып, сегіз кітаптың материалын алып келіп, әріптестерін «екі жыл бойы ұйықтамапсыз ғой!» деп таңғалдырған жазушы, тарихшы, астаналық Қойшығара Салғараұлының төмендегі керемет батасымен ашылды
Уа, ағайын, ниет – сізден, бата – бізден!
Таймаған халық едік ата-ізден.
Тілейік жақсылықты Жаратқаннан,
Жан болмас ертеңінен күдер үзген.
Жаратқан халқымызға бәрін берсін!
Саналы ой, салмақты сөз нәрін берсін!
Ұрпақтың ел болмағы өзінен ғой,
Осы отырған бәріңе тәлім берсін!
Отбасы, Отанымыз аман болсын!
Қиындық халық көрген тәмәм болсын!
Қазақ үшін кәдімгі қой үстіне,
Бозторғай жұмыртқалар заман болсын!
Ұл өсіп, елге қорған пана болсын!
Қыз өсіп, қойны құтты ана болсын!
Немере, шөберелер жүзден де асып,
Шетінен білімі асқан дана болсын!
Береке, бірлігі мол келіскеннің.
Басынан бағы ұшады керіскеннің.
Өмірзақтың тойында берген батам,
Шалынсын құлағына періштенің, аумин!
Үшіншіден, экс-президентті көбіміз күнге, пайғамбарға теңеп, қол соғып жүргенде біз білетін Өмекең отыз жыл бойы «Назарбаев қазақты орға апарып жығады!» деп шырылдаудан танған емес. Қатары күлумен болғанына, үлкендер ұрсумен болғанына өзіміз куәміз. Ал, бүгін ағамыздың көрегендігін мойындауға мәжбүрміз. Өмекең тек айтып қана қойған жоқ, 2016 жылы жерді Қытайға сатуды оңайлату үшін неке туралы заңды да өзгертіп жіберген билікке атойлап қарсы шықты, облыстық Жер комиссиясын құруға бастамашы болды, 6 сараптама мақала жазған жалғыз қазақ журналисі де, сол кездегі облыс әкімі Б.Атамқұловтың ел алдында әлгі мақалалардың көшірмесін «Нұрекеңе апарып беремін!» деген уәдесін алған да өзі. Ақыры НӘН сазарып, көгеріп, ызадан жарылып кете жаздап отырып мораторийға қол қоюға мәжбүр болса, ол осы Өмекеңдей ерлердің арқасы.
Ал, біз білмейді екенбіз, өте қарапайым ағамыздың атасы Ақжігіт Кіші жүзден әрқайсысы он адамға татитын 30 мың сарбаз жинап, «Ұлт-азаттық жорығына» аттанған Әбілқайыр ханмен бірге Еділ-Жайықтың арасындағы елінен 1726 жылы келген екен, 1754-55 жылдары Арқадағы соғыста қаза тапқанда, сүйегін Әзірет Сұлтан кесенесіне әкеліп қойған, ондағы тізімде №71 болып жазылған Шеркеш Сүтемген батырдың ұрпағы екен. Ақаң 1930-жылы Созақ көтерілісіне қатысқан, қызыл әскерлерді Қаратаудың Суындық асуынан өткізбеген, әйгілі Салықбай мерген басқарған 18 мергеннің бірі болған екен. Атылып, аман қалып, жан сауғалап Тәжікстанға өтіп кетіпті...
Тойдағы ең үлкен өнегелі ерекшелік – жетпістегі жыңғылдай Өмекеңнің тойын Қойшекеңмен бірге сексенінде де бәрі сексеуілдей мықты, қуат-қызуы қайтпаған ағалары: ұстаз, ғалым, жазушы, ең бастысы «өзім Дулат болсам да, ең үлкен жақсылықты Қоңыраттан көрдім» деп, аз қазақтың арасын қосып жүретін дәнекер адам Бегман Ысқақ, әйгілі «Казатомпромды» өз қолымен құрған азамат, «Қазақстан-Коммерция» фирмасы 90-жылдардың басында Қазақстанның Сыртқы сауда министрлігінің рөлін атқарған, тек биліктегі болмағыр біреу «бұдан жемқор шықпайды екен» деп, орбитадан шығарып тастаған, нағыз істің адамы Жауғашты Нәбиев, елге сіңірген еңбегін екі күн жырласаң таусылмайтын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ешқандай өкімет тапсырма бермесе де Арыс пен Монтайтастың арасына жол салу секілді игі істермен айналыспай тыныш жүре алмайтын адам Қуаныш Айтаханов ашқаннан кейін болды – Өмекең жаңа жол-жосық салып, абыз ағаларына шапанның орнына елге белгілі суреткер Жеңіс Кәкенұлының қолынан шыққан портреттерін сыйлады!
Бұдан соң күміс көмей Сәуле Жанпейісова мен жез таңдай Құралай Сәтмұхамбетова таңғы шықтай таза, көздің жасындай мөлдір дауыспен қонақтардың құлақ құрышын қандырды, фонограмманың жасанды әнінен әбден жүрегі жеріп болған жұрт бір жасап қалды.
Алтыншы ерекшелік – Арыс қаласын 1982-85 жылдары басқарған кезде 1016 пәтерден тұратын тұтас мөлтек аудан салып, бүкілодақтық бейресми рекорд жасаған Михаил Кириллович Анищенконы ерен еңбегі ұмытылмас үшін бүгін ұрпаққа таныстыру мен Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның мерейтой иесін Алаш-Орда үкіметінің құрылғанынан 100 жыл толғанына арнап шығарылған мерекелік медальмен марапаттап, халқымызға осыншама жерді рәсімдеп беріп кеткен ерлердің рухын ұлықтап, елдің есіне салуы болды...
Иә, ондай депутаттар аз болмаса керек. Қазыбек Иса ол санатқа кірмейді. Мәжілісте «елім» деп, «жерім» деп, «тілім» деп жүрген екеу болса – біреуі, біреу болса – өзі екені даусыз.
О, бұл тойда кімдер болмады десеңізші! Қызмет жолын Арыс қаласының комсомол жастарына жетекшілік етуден бастап, прокурорлықтан зейнетке шыққан соң кәсіпкерлікпен айналысқан, сегіз адамға үй, жеті адамға көлік әперіп, жарнамасыз нақты жақсылық жасаған 75-тегі «жыңғыл» Сағынбек Жолбарысхандай, бес бірдей ауданның милициясын басқарып, тек жақсы аты шығумен болған Құдияр Ибраевтай, 2000-шы жылдар басында Шардараны екі жылға жетпейтін уақыт қана басқарса да елдің есінде мәңгі қалып қойған Серік Ибадуллаевтай, совхоздың жері мен малын еңбекші елге адалдықпен бөліп берген күнгейдегі жалғыз директор Сламбек Мергенбаевтай, ауыл әкімінің күрсісіне «алғашқы сайланған» деген атпен отырып, кейін сол орынға 7(!) рет қайтып келген мақтаралдық Пернебек Есенбектей, Өзбекстанда Ауыл шаруашылығы министрі, Мемлекеттік агропром комитеттің төрағасы болған, вице-премьерлік лауазымды тастап, қынсыз қылыш қырық жасында «бес жылда бес миллион қазақты көшіріп әкелем» деген жалындаған жүрекпен келіп, одан бергі 20 жылда теңдессіз қазақ бюрократиясының «арқасында» бір ауданның қазағын ғана түгел көшіріп әкелген Ибадулла Қалыбековтей, жергілікті олигархтар заңсыз иеленіп алған жерлерді қарапайым халыққа қайтарып жүрген жас пері Бекболат Қаржандай не бір ерлер мен дүрлер болды. Көпшілік солардың өнегелі сөздерін есітті, тәлімді істерімен танысты...
Тойдың жетінші ерекшелігі – Мырзашөлдік өнер тарланы, менің ұстазым Бөрі Исаның күйші ұлы Шыңғыстың Нұрғиса атасының «Аққуы» мен қонақтардың сұрауы бойынша Төлеген Момбековтің «Салтанат» күйін тартуы. Және. Күні кеше ғана бақилық болған, артына өшпес, өлмес өнер туындысын – 20 жасында қапыда көз жазып қалған ғашығын 20 жылдан соң көріп, оған арнап күй шығаруды ойлап, 20 жыл бойы толғатып жүргенінде, тағы бір 20 жыл өткен соң сыры кетсе де сыны кетпеген, бабына келіп балбырап тұрған, сүйегі асыл жанды көргенде отыра қалып, қазақтың ең сұлу күйін, махаббаттың символын, өзі «кемпірге арналған күй» деп атаған «Ерке-сылқымды» өмірге алып келген Әбдімомын Желдібаев ағамыздың рухы шат болсын деп, «Ерке-сылқымды» шабыттана тартқаны, көпшілікті күй әлемінің сиқырына бөлегені болды... Қырық жылдан аса той басқарып жүріп, тойда күйді сұрап тартқызған Тұрақ-Серіктей азаматты көргенім осы ғана шығар...
«Я там был, мед пил» деп Пушкин айтқандай, мен де сол тойда болдым. Шамамның келгенінше басшылық еттім. Бәріңіз де сондай мерейтойға жете беріңіздер!
P.S. Оқырманнан көсіліңкіреп кеткенім үшін ғафу өтінемін. Әншілік жолға түскенде италиялық Пласидо Доминго, испандық Хулио Иглесиастың қатарынан табылатын Жауғашты ағамызға тойдың басында ән салдыру ойымыза келмепті. Өкінішті-ақ! Аптасына екі рет тойға барудан шаршаған, «антракт» дегенді, «бес сағаттық той» дегенді баяғыда ұмытқан Шымкенттің халқы тойдың соңына қарай ағамыз ән салғанда, қайту деген ойынан бас тартып, үш-төрт ән біткенше тыпыр етпей отырды...
Әбдіғаппар АЙДАРОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ЮНЕСКО-ның ,,Ұлттық өнер жанашыры" сертификатының иегері, ақын