АЗАМАТТЫҚ БЕРУДІҢ ОРНЫНА АЗАП АРҚАЛАТУ ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ?! – Қазыбек Иса
2024 ж. 14 мамыр
1081
1
ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мырзаға,
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ханымға!
«Жүре берсең, көре бересің» деген мақал өз қазағымыз, Ауғанстан азаматы Сәми Атақұлға ҚР Көші-қон, құқық қорғау және заң органдары тарапынан жасалып жатқан заңсыздық пен қысымның шектен шығып кеткенін көргенде еріксіз есіңе түседі.
Бүгін, 2024 жылы 14 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне, біздің атымызға Азаматтығын ала алмай, керісінше қудалауға түскен қандасымыз Сәми Атақұлдың атынан арыз келіп түсті.
Сами (аты) Атта Гул (тегі), 1992 ж.т. (пасп.: Atta Qul Sami, PO3985684), Ауғанстан азаматы, ұлты қазақ, Ауғанстан Ішкі істер министрлігі тарапынан 2021 ж. 23 маусымда беріліп, Астанадағы Ауғанстан Елшілігі мен ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті растаған №1400-0400-37212 жеке куәлігінде: «Азаматтығы – Ауғанстан, ұлты – қазақ» деп көрсетілген. Туған-туыстары Қазақстанда тұратын Сәми Атақұлға Астанадағы Ауғанстан Елшілігі С.Атта Гулдың ешқашан сотты болмағандығы және оның Қазақстанда тұрақты тұруына ауған үкіметі тарапынан қарсылықтың жоқтығы туралы жазбаша анықтамалар берген.
С. Атта Гул Ауғанстан астанасы Кабулда ағылшын және француз мектептерінде дәріс алып 12 жылдықты бітірген соң, бір жыл медсанитарлық курстан өткен. Кейін Сауд Арабиясына барып, араб тілін оқып білген, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы (Джидда қ.) Елшілігінде 6 ай аудармашы болып қызмет атқарған, қазақ тілінен өзге парсы, пушту, араб, ағылшын, француз, хинди, урду тілдерін, 8 тіл біледі.
Хатта жазылғандай, басынан талай қиындық өткізген Сәми Атақұл ақыры Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы қызметкері Бақыт Сарайдың көмегімен алғашқы тіркелген және қандас куәлігін алған мекенжайы бойынша ҚР азаматтығы мен Қазақстанда тұрақты тұру рұқсаты – Ықтиярхат алуға барлық құжаттарын жинап, Ақмола облысы, Ақмол ауылындағы Целиноград аудандық ПД Көші-қон бөліміне жүгінеді. Парламентке арыз жазушы А.Айдашев пен Б.Сарайдың жазуынша, «Ақмола облысы Целиноград аудандық көші-қон бөлімі басшысы Есентай Қинаятов құжаттар толық болса да қабылдамай, ұзақ әуреге салады. Алғашында барлық құжаттарды қарап шығып, «толтырылған анкета дұрыс емес, дұрыс толтыру керек» деп қайтарған. Айтқанындай анкетаны толтырып, қайтадан Е.Қинаятовтың алдына барғанда, ол «берілген медициналық анықтамада психикалық есепте тұрмайды деген сөйлем қолмен жазылуы керек» деп қайтарады. Қайтадан барып қолмен жаздыртып алып келгенде, Е.Қинаятов «Менің территориямда ауғандардың тұруына болмайды» деп қабылдамай, итеріп шығарып жібереді. «Бұл мекеме мен жер сенің меншігің емес, мемлекетке тиесілі, мемлекет қызметкері өз міндетін атқаруы керек» дегенге құлақ аспайды.
Ақырында, Целиноград аудандық Полиция департаменті басшылығына құжаттарды азаматтық пен ықтиярхатқа Е.Қинаятовтың себепсіз қабылдамай қойғаны туралы айтып, шағым арыз беріледі. Аудандық ПД басшылығы шағым арыз бойынша С.Атта Гулды қабылдап, барлық құжаттарын қарап шыққан соң, Е.Қинаятовқа хабарласып, «барлық қажетті құжаттары дұрыс қой, қабылда» дегенде, «ол Ауғаннан келген» деген уәждер айтуға тырысты. Алайда басшылық «сенің міндетің барлық қажетті құжаттарды қабылдап, құзыретті органдарға жіберу, шешімді солар қабылдайды» деп нықтап айтып, С.Атта Гулдың құжаттарын ҚР азаматтығы мен ықтиярхатқа қабылдаттырады. Бірақ, Е.Қинаятов құжаттардың қабылданғаны туралы талонды бермей ұзақ күттіріп қойды және «Осы уақытқа дейін мені бастыққа шақыртып ешкім арызданған емес, көрсетемін, менің қалауымсыз ешкімге рұқсат берілмейді» деп кіжінеді.»
Айта берсе, «Атамекенім» деп аңырап келген қандасымыз, қазағымыз Сәми Атақұлға жалақы алып отырған қызметі бойынша көмек көрсетудің орнына Қинаятовтың қиянаты жетерлік. Бұл қиянаттың, заңсыздықтың орындалуына Ақмола облыстық көші-қон басқармасы, Ақмола облысы Целиноград аудандық ПД полицейлері Алмас, Бақтияр және үшінші бір полиция қызметкері көмектескен. Оқи берсең, шоши бересің, сонда да арыз хаттан тағы да үзінді келтірейік:
«Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция қызметкерлері Алмас және Бақтияр тез арада Қазақстаннан кетуді талап етіп С.Атта Гулды қыспаққа алды, билет алып беретінін, шығарып салатынын мәлімдеді. ҚР Жоғарғы сотына кассациялық тәртіпте сот актісін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізу туралы өтінішхаттың (2024.10.04., №196001700362316) жіберілгені бойынша берілген талонның көшірмесі Целиноград аудандық полиция қызметкері Алмасқа тапсырылды. Алайда, 14 сәуірде таң алдында С.Атта Гул жатқан хостелге Ақмола облысы Целиноград аудандық ПД полицейлері Алмас, Бақтияр және үшінші бір полиция қызметкері басып кіріп, оны күштеп машинаға отырғызып, ешкіммен сөйлестірмей телефонын өшіріп тастап, алып кеткен. С.Атта Гулдың қорғаушысы Б.Сарай оны күні бойы іздеп таба алмай, 102 қызметіне іздеу салды. Оны қайда апарғаны, поицейлердің не істегені туралы ешбір дерек болмаған соң Б.Сарай Астана әуежайына барып бақылап отырғанда, 15 сәуір күнгі таңғы сағ. 7.10-да Астана-Дубай бағытындағы ұшаққа Целиноград аудандық полиция қызметкерлері Алмас пен Бақтияр күштеп әкеліп С.Атта Гулды тіркеуден өткізіп, ұшу терминалына кіргізіп жіберді. Б.Сарайдың сот актісін қайта қарау туралы өтінішхат ҚР Жоғарғы сотында қаралу мерзімі біткенге дейін С.Атта Гулды күштеп шығару заңсыз дегенін полиция қызметкерлері тыңдаған жоқ. С.Атта Гул әуежайдың ұшу терминалына өте салысымен «Мен ата жерім – Қазақстаннан кетпеймін, өлсем осында өлемін» деп паспортын жыртып тастады. Терминалдың арғы жағында қалған С.Атта Гулды құжаттандырып шығарып алуға және адвокатты әкелуге Б.Сарай кетіп қалғанда, полиция қызметкерлері Алмас пен Бақтияр С.Атта Гулды ұшу терминалынан шығарып алып, Ақмола облысы, Целиноград аудандық ПД мекемесіне апарып қамаған, кейін оны ҚР заңының 28-бабымен бір айлық мерзімге қамауға алып, Көкшетау қаласы ПД арнайы қабылдау мекемесіне жіберген.»
Бұл не масқара, ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мырза, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ханым?!
Атамекенін аңсап келген қазағымызды түн жарымда үйіне басып кіріп, әуежайға зорлап апарып, ұшаққа зорлап салмақ болып, бүкіл елдің көзінше жылатып, ақыры шетелге жібере алмағасын, арнайы қамаққа тығып тастаудың артында не тұр? Бұл кімнің тапсырмасы?
Хатта жазылғандай, «Сәми Атта Гулдың ісін қараған Ақмола облысы, Целиноград аудандық соты, алғашқыда сот төрайымы Д.Байкенжина полиция қызметкерлеріне бірнеше сұрақтар қойып, бұлайша қысым жасауға болмайтынын меңзеген сияқты болады. Алайда, сот шешім шығару үшін үзіліске шыққан кезде полиция қызметкері Бақтияр сот төрайымының кабинетіне кіріп алып, 40 минуттай сөйлеседі. Үзілістен кейін сот ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 517-бабының 4-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін С.Атта Гулды кінәлі деп танып, «ол ҚР шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберілсін, қаулы жария етілген күннен бастап 7 күн мерзім берілсін» деген қаулы (2024ж.03.04., іс №1166-24-00-3/470) шығарады.”-дейді.
Бұл жерде Целиноград аудандық соты «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларының» 20 және 21 баптары бойынша шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 30 күнге дейінгі мерзімде елден шығатыны, қажетті мерзімге уақытша тұруға рұқсаттың берілетінін қаперіне де алмауын қалай түсінеміз?
ҚР Президенті Қ.Тоқаев шетелдегі қазақтарды Қазақстанға тарту, оларға қолдау жасау, Азаматтық алуды жеңілдету жөнінде тапсырма береді. Ал аталмыш екі министрліктің жауапты қызметкерлері жауапсыз қиянат жасайды?! Бұл Президенттің тапсырмасына қарсы жасалып отырған саботаж ба, әлде жері кең, халқы аз Қазақстан халқының санын артыратын қазақ қандастардың көбеюіне қарсылық па? Әлде Ауғанстан қазақтарын қабылдамау туралы жасырын тапсырма бар ма? Ақмола облысы Целиноград аудандық көші-қон бөлімі басшысы Есентай Қинаятовтың арызда жазылған іс-әрекеттері мен сөздеріне қарасаң, дәл солай деп ойлауға болады.
Қинаятов бастаған қиянат жасаушыларға тоқтам болып, жауапқа тартыла ма, жоқ па?
АЗАМАТТЫҚ БЕРУДІҢ ОРНЫНА АЗАП АРҚАЛАТУ ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ?!
Осы бүгін түстен кейін тағы да Сәми Атақұлдың адвокаты Абылайхан Қалабаев хабарласты бізге. Сәми Атақұлға Көші-қон басқармасы қызметкері келіп, “Бүгін-ертең сені елден шығарамыз, дайындал!”-деп айтып кетіпті…
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Гүлдара Нұрымова да қандасымыздың тағдырына араша түсу үшін шырылдап жүргеніне біраз болыпты. Бұл даулы іс халықаралық деңгейге (Адам құқықтары) көтеріліп кету қаупі және төл ұлты өкілдерінің құқықтарын қорғай алмау бойынша еліміздің абыройына орасан нұқсан келтіруі мүмкін екенін дұрыс ескертіп отыр парламентке хат жазушылар.
Қазақстанды Атамекенім, Тәуелсіз мемлекетім, Елім деп, еңіреп келген қандасымыз Сәми Атақұлды жылатып, сыртқа теппей, ішке тартып, мемлекет ретінде өз ұлтымызға қамқорлық жасап, Азаматтығын алып бере алмасақ, елдігіміз қайсы, құрметті министрлер!
Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты
Мәселеге толық көз жеткізу үшін парламентке жазылған хатты толық жариялап отырмыз.
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты
Қазыбек Жарылқасынұлы Иса
мырзаға
ҚР азаматы, зейнеткер
Айдашев Айтжан Мұратұлынан
Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!
Осы хатты Сізге жазуға этникалық қазақ, Ауғанстан азаматы Сәми Атақұлға (аударма құжат бойынша: Сами Атта Гул) ҚР құқық қорғау және заң органдары тарапынан жасалып жатқан заңсыздық пен қысымның шектен шығып халықаралық деңгейге (Адам құқықтары) көтеріліп кету қаупі және төл ұлты өкілдерінің құқықтарын қорғай алмау бойынша еліміздің абыройына орасан нұқсан келтіруі мүмкін саяси мәселе мәжбүрлеп отыр.
Сами (аты) Атта Гул (тегі), 1992 ж.т. (пасп.: Atta Qul Sami, PO3985684), Ауғанстан азаматы, ұлты қазақ, Ауғанстан Ішкі істер министрлігі тарапынан 2021 ж. 23 маусымда беріліп, Астанадағы Ауғанстан Елшілігі мен ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті растаған №1400-0400-37212 жеке куәлігінде: «Азаматтығы – Ауғанстан, ұлты – қазақ» деп көрсетілген. Ақтау қаласының тұрғыны, Қазақстан азаматтары Сафархан Ибраһим (жеке куәлігі – 041451226) Самидің әкесінің туған қарындасы, Абубакр Мухамедалтаф (жеке куәлігі – 049088378) Самидің туған жиені, сондай-ақ Самидің әкесінің екі және үш атадан қосылатын қазақстандық бауырлары да Түркістан облысында тұрады. Астанадағы Ауғанстан Елшілігі С.Атта Гулдың ешқашан сотты болмағандығы және оның Қазақстанда тұрақты тұруына ауған үкіметі тарапынан қарсылықтың жоқтығы туралы жазбаша анықтамалар берген.
С. Атта Гул Ауғанстан астанасы Кабулда ағылшын және француз мектептерінде дәріс алып 12 жылдықты бітірген соң, бір жыл медсанитарлық курстан өткен. Кейін Сауд Арабиясына барып, араб тілін оқып білген, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы (Джидда қ.) Елшілігінде 6 ай аудармашы болып қызмет атқарған, парсы, пушту, араб, ағылшын, француз, хинди, урду тілдерін біледі.
Ауғанстан тәліптер билігіне өткенге дейін С.Атта Гул Кабул қаласының бір ауданындағы бір ауыл (махалла) әкімдігінде әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі әкімнің орынбасары лауазымында қызмет атқарған. Сонымен қатар, Қазақстанда жақын ағайындары болғандықтан, бұрыннан да ата-баба жеріне қоныс аударуды армандап жүрген ол 2023 ж. қазан айында ата жұрты – Қазақстанға туристік визамен келіп, Ақмола облысына тұрақтап, қандас куәлігін (№АҚМ13094, қолдану мерзімі – 2023.28.11. - 2024.28.11.) алған.
Қазақстанда жақын ағайындары болғандықтан, бұрыннан да ата-баба жеріне қоныс аударуды армандап жүрген С.Атта Гул 2023ж. қазан айында ата жұрты – Қазақстанға туристік визамен келіп, Ақмола облысына тұрақтап, 2024 ж. қаңтардың 25-нде қандас куәлігін (№АҚМ13094, қолдану мерзімі – 2023.28.11. - 2024.28.11.) алған соң тұрақты тұруға тіркеліп азаматтық алу үшін Ақтау қаласына барды. Ақтау қалалық ПД Көші-қон басқармасы С.Атта Гул алғашқы тіркелген және қандас куәлігін алған мекенжайы бойынша ҚР азаматтығы мен Қазақстанда тұрақты тұру рұқсаты – Ықтиярхатқа тапсыра алады деп, қабылдамады.
Визалық мерзімі біткені үшін Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танып, С.Атта Гулге ақшалай 92 300 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза (2024ж. 7 ақпан, Қаулы №4714-24-00-3/629 іс) қолданды, Ақтау қалалық көші-қон полициясы он күндік мерзімге (2024.13.02. - 2024.27.02.) шығу визасын берді.
Белгіленген айыппұлды төлеген соң Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы қызметкері Бақыт Сарайдың көмегімен барлық құжаттарын жинап, Ақмола облысы, Ақмол ауылындағы Целиноград аудандық ПД Көші-қон бөліміне жүгінді. Целиноград аудандық көші-қон бөліміне жауапты қызметкер Есентай Қинаятов құжаттар толық болса да қабылдамай, ұзақ әуреге салды. Алғашында барлық құжаттарды қарап шығып, «толтырылған анкета дұрыс емес, былай толтыру керек» деп көрсетіп берді. Айтқанындай анкетаны толтырып қайтадан Е.Қинаятовтың алдына барғанда, ол «берілген медициналық анықтамада психикалық есепте тұрмайды деген сөйлем қолмен жазылуы керек» деп қайтарды. Қайтадан барып қолмен жаздыртып алып келгенде Е.Қинаятов «менің территориямда ауғандардың тұруына болмайды» деп қабылдамай, итеріп шығарып жіберді. «Бұл мекеме мен жер сенің меншігің емес, мемлекетке тиесілі, мемлекет қызметкері өз міндетін атқаруы керек» дегенге құлақ аспады.
Ақырында, Целиноград аудандық Полиция департаменті басшылығына құжаттарды азаматтық пен ықтиярхатқа Е.Қинаятовтың себепсіз қабылдамай қойғаны туралы айтып, шағым арыз берілді. Аудандық ПД басшылығы шағым арыз бойынша С.Атта Гулды қабылдап, барлық құжаттарын қарап шыққан соң Е.Қинаятовқа хабарласып, «барлық қажетті құжаттары дұрыс қой, қабылда» дегенде, «ол Ауғаннан келген» деген уәждер айтуға тырысты. Алайда басшылық «сенің міндетің барлық қажетті құжаттарды қабылдап, құзыретті органдарға жіберу, шешімді солар қабылдайды» деп нықтап айтып, С.Атта Гулдың құжаттарын ҚР азаматтығы мен ықтиярхатқа қабылдаттырды. Бірақ, Е.Қинаятов құжаттардың қабылданғаны туралы талонды бермей ұзақ күттіріп қойды және «Осы уақытқа дейін мені бастыққа шақыртып ешкім арызданған емес, көрсетемін, менің қалауымсыз ешкімге рұқсат берілмейді» деп кіжінді. Қабылдау талонын бермеуінің себебін сұрағанда «ҰҚҚ-дан комиссия келеді» деді. 26 ақпан күні кешкі сағат 17 шамасында «ҰҚҚ қызметкері» деген екі ер адам келе салып С.Атта Гулды жеке шақырып алып, «кімсің, неге келесің, не мақсатың бар» деген сауалдарды қойып, т.б. сұрақтардың астына алды. Оған құжат өткізуге жәрдем беріп жүрген Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының қызметкері Б.Сарайды да жеке шығарып алып, оның барлық тарихын қопарып айтып, оның кім екенін, немен айналысып жүргенін, қандай жерлерге барып не істеп жүргенін білетіндерін оған ескертіп, «Ауған қазақтары мәселесінен аулақ жүр, оларға көмектеспе, мұндай істерге араласпа» деп ескерту жасады. Б.Сарай: «Біздің Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы «ауған қазағы», «қытай қазағы» деп алаламайды, жәрдем сұраған дүниежүзіндегі барша қазаққа көмек қолын созуға міндетті, маған және С.Атта Гулге бұлай сес көрсетулерің заңсыз» деп мәлімдеді. ҰҚҚ қызметкерлері біраз қоқан-лоқы жасап, осындай жауап алған соң, Е.Қинаятов ҚР азаматтығы мен ықтиярхатқа құжаттардың қабылданғаны туралы талонды 26 ақпанда С.Атта Гулдың қолына берді.
Ертесінде қабылдау талонын алған соң С.Атта Гул визасын создыру үшін Көкшетауға барды, ондағы облыстық көші-қон басқармасы құжаттарын қабылдап, «бес күннен кейін жауабын алуға кел» деп шығарып салды. Бес жұмыс күнінен кейін барғанда, азаматтық пен ықтиярхатқа тапсырылған өтініштің 45-50 күндік мерзімде қаралатынына қарамастан, паспортына он күн ішінде (2024.05.03. - 2024.18.03.) шығу визасын басып берді. Алайда, заң бойынша, ҚР азаматтығы мен Ықтиярхатқа өтінішхат тапсырылғаннан кейін 90 күндік виза берілуі тиіс. ҚР Көші-қон заңының 7-бабында «...этностық қазақтар өздеріне берілген визаның санатына қарамастан, тұрақты тұруға арналған рұқсатты алу үшін ішкі істер органдарына өтініш жасайды. Заңнамада белгіленген тәртіппен тұрақты тұруға арналған рұқсатты алуға өтініш жасаған көшіп келушілерге өтінішхатты қарауға қажетті, бірақ күнтізбелік тоқсан күннен аспайтын мерзімге уақытша тұруға арналған рұқсат ресімделеді», деп атап көрсетілген.
Бұдан кейін С.Атта Гул Ақмола облысы Целиноград аудандық ПД Визалық бөліміне Ақтаудағы туыстарына барып келетінін айтқан және ондағы Көші-қон бөлімінің инспекторы Исакова Римаға телефон арқылы хабарлап, Ақтауға баратынын жеткізгеннен кейін жол жүріп кеткен. Ал полиция қызметкерлері Ақтауға барып келетіні туралы жазбаша өтініш білдірудің қажеттілігі немесе қажетінің жоқтығы туралы С.Атта Гулге түсіндіріп айтпаған. Ақтауға кеткен кезінде еңбек демалысында жүрген Целиноград аудандық ПД Көші-қон бөлімінің басшысы Е.Қинаятов С.Атта Гулдың уақытша тіркеуде тұрған үйіне түнгі сағат 10-11 шамасында барып, «ол неге рұқсатсыз кетіп қалады, қашқын» деп айыптап, хаттама толтырып, заңсыз, үй иесіне 92 300 теңге көлемінде айыппұл салған.
Сонымен қатар, 2 сәуірде Ақтаудан оралған С.Атта Гул Ақмола облысы Целиноград аудандық ПД Көші-қон бөліміне барғанда полиция қызметкерлері оны зекіп, «қашып жүрсің» деп 24 сағатқа қамап тастады. «Халықтың көші-қоны туралы ҚР Заңының 14-бабының 2-тармағына сәйкес құзыретті органмен тұрақты тұруға және ҚР азаматтығын қабылдауға рұқсат беруден бас тартылды» (2024.27.03.,№888-15/53369-4) деген хабарлама С.Атта Гулдың қолына тапсырылды. 3 сәуір күні Ақмола облысы, Целиноград аудандық соты С.Атта Гулдың ісін қарады, алғашқыда сот төрайымы Д.Байкенжина полиция қызметкерлеріне бірнеше сұрақтар қойып, бұлайша қысым жасауға болмайтынын меңзеген сияқты болды. Алайда, сот шешім шығару үшін үзіліске шыққан кезде полиция қызметкері Бақтияр сот төрайымының кабинетіне кіріп алып, 40 минуттай сөйлесті. Үзілістен кейін сот ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 517-бабының 4-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық жасағаны үшін С.Атта Гулды кінәлі деп танып, «ол ҚР шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберілсін, қаулы жария етілген күннен бастап 7 күн мерзім берілсін» деген қаулы (2024ж.03.04., іс №1166-24-00-3/470) шығарды. С.Атта Гулдың құқығын қорғаушы Б.Сарай «517-баптың 4-тармағымен бұрын жазаға тартылған» деп ескерткеніне сот төрайымы құлақ асқан жоқ. Бұл ретте Целиноград аудандық соты «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларының» 20 және 21 баптары бойынша шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 30 күнге дейінгі мерзімде елден шығатыны, қажетті мерзімге уақытша тұруға рұқсаттың берілетінін қаперіне де алған жоқ.
Осы оқиғадан кейін Ақмола облысы Целиноград аудандық полиция қызметкерлері Алмас және Бақтияр тез арада Қазақстаннан кетуді талап етіп С.Атта Гулды қыспаққа алды, билет алып беретінін, шығарып салатынын мәлімдеді. ҚР Жоғарғы сотына кассациялық тәртіпте сот актісін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізу туралы өтінішхаттың (2024.10.04., №196001700362316) жіберілгені бойынша берілген талонның көшірмесі Целиноград аудандық полиция қызметкері Алмасқа тапсырылды. Алайда, 14 сәуірде таң алдында С.Атта Гул жатқан хостелге Ақмола облысы Целиноград аудандық ПД полицейлері Алмас, Бақтияр және үшінші бір полиция қызметкері басып кіріп, оны күштеп машинаға отырғызып, ешкіммен сөйлестірмей телефонын өшіріп тастап, алып кеткен. С.Атта Гулдың қорғаушысы Б.Сарай оны күні бойы іздеп таба алмай, 102 қызметіне іздеу салды. Оны қайда апарғаны, поицейлердің не істегені туралы ешбір дерек болмаған соң Б.Сарай Астана әуежайына барып бақылап отырғанда, 15 сәуір күнгі таңғы сағ. 7.10-да Астана-Дубай бағытындағы ұшаққа Целиноград аудандық полиция қызметкерлері Алмас пен Бақтияр күштеп әкеліп С.Атта Гулды тіркеуден өткізіп, ұшу терминалына кіргізіп жіберді. Б.Сарайдың сот актісін қайта қарау туралы өтінішхат ҚР Жоғарғы сотында қаралу мерзімі біткенге дейін С.Атта Гулды күштеп шығару заңсыз дегенін полиция қызметкерлері тыңдаған жоқ. С.Атта Гул әуежайдың ұшу терминалына өте салысымен «Мен ата жерім – Қазақстаннан кетпеймін, өлсем осында өлемін» деп паспортын жыртып тастады. Терминалдың арғы жағында қалған С.Атта Гулды құжаттандырып шығарып алуға және адвокатты әкелуге Б.Сарай кетіп қалғанда, полиция қызметкерлері Алмас пен Бақтияр С.Атта Гулды ұшу терминалынан шығарып алып, Ақмола облысы, Целиноград аудандық ПД мекемесіне апарып қамаған, кейін оны ҚР заңының 28-бабымен бір айлық мерзімге қамауға алып, Көкшетау қаласы ПД арнайы қабылдау мекемесіне жіберген.
Адвокат А.Қалабаев құқығын қорғау мақсатында С.Атта Гулге барып, келісімін алған соң, тиісті мекемелерге хат жолдап, іске кірісті. Ақмола облыстық сот төрағасы атынан 2024 ж. мамырдың 6-нда С.Атта Гул ісі тыңдалады деген шақырту Б.Сарайдың атына жолданған болатын, кейін облыстық сот хатшысы телефон соғып ол істі қарауды 13 мамырға шегергенін жеткізді. Алайда, 6 мамырда Ақмола облысы Целиноград аудандық ПД көші-қон полиция және ҰҚҚ қызметкерлері Көкшетау қаласында арнайы қамақта жатқан С.Атта Гулды Астана әуежайына зорлап алып келіп, таңғы сағ. 7.10-дағы Астана-Дубай бағытындағы рейске зорлап алып келіп, шекаралық бекеттен өткізіп жіберген. С.Атта Гул ұшаққа отырмай әуежайдың ұшу бөлігінде ұшаққа отырғызушыға жыртып тастаған паспортының орнына анықтаманы беріп зорлап ұшырып жатқанын айтқаннан кейін ұшаққа оны алмаған.
С. Атта Гул қазір Көкшетау қаласының арнайы қабылдау түрмесінде отыр. Адвокат А.Қалабаев оның ісінің қайта қаралып жатқан мерзімінде зорлап елден қуып шығу әрекеттерін тоқтату туралы хат жолдады. Алайда, Ақмола облысы полицейлері мен қауіпсіздік мекемелері тарапынан оны күштеп елден кетіру қаупі зор.
Ауғанстаннан келген, ауған және қазақ мемлекеттік мекемелері тарапынан расталып, «ұлты – қазақ» деп көрсетілген жеке куәлігі «№1400-0400-37212» бар, Қазақстанда ҚР азаматтары болып табылатын жақын туыстары бар, «Қандас» куәлігі (№АҚМ13094, қолдану мерзімі – 2023.28.11. - 2024.28.11.) берілген этникалық қазақ С.Атақұлға (Atta Qul Sami) ҚР құқық қорғау және сот органдары тарапынан жасалып отырған қудалау «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңының 4-бабының 2-тармағының 9)-тармақшасын, 7-бпты және 26-баптың 1-тармағын өрескел бұзғандық болып табылады. Сондай-ақ ҚР ІІМ және Әділет министрінің бірлескен бұйрығымен бекітілген «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларының» 20 және 21 баптары да бұзылған.
Ақмола облысы Целиноград аудандық ПД Көші-қон бөлімінің басшысы Е.Қинаятов тарапынан жасалған С.Атта Гулдың құжаттарын ҚР азаматтығы мен тұрақты тұру рұқсатына қабылдамай сергелдеңге салып, қысым көрсету әрекеттері аталған полиция қызметкері тарапынан өз міндеттерін асыра пайдалану, қызмет алушыларды қинап мәжбүрлеу болып табылады.
С.Атақұлға «Қазақстан сені қабылдамай сыртқа тепсе, Астанадағы АҚШ Елшілігіне барып пана сұра», деп кеңес берушілер де бар. Бірақ, С.Атта Гул Қазақстанның жаңа бағытынан үміттеніп, жаңғырған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарына зор сенім білдіреді.
Осыған орай, құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы, С.Атта Гул ата жұртындағы туғандарымен қауышып, Қазақстанда қалдыруды Сіздерден өтініп сұрайды.
Сәми Атта Гулдың өтінішін жеткізушілер: А.Айдашев, Б.Сарай
2024.14.05.