Намаз бен діни рәсімдер Ханифа мәзһабы бойынша орындалады - ҚМДБ

Намаз бен діни рәсімдер Ханифа мәзһабы бойынша орындалады - ҚМДБ

МЕШІТТЕГІ ЖАҒДАЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚМДБ МӘЛІМДЕМЕСІ

Әлеуметтік желіде өзге мазһабта намаз оқып, мешіт ережесін өрескел бұзғандардың оқиғасы таралуда. Осыған байланысты ҚМБД мәлімдеме жасады.

Бұл туралы ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбай фейсбук парақшасында жазды.

- Оқиға 2024 жылдың 12 мамырында кешкі ақшам намазы уақытында Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде болған. Өзге өңірден Шымкент қаласына келген біртоп азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан бірнеше рет жамағат намазын бұзған. Өзге мәзһабта намаз оқыған олар жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған. 

Намаз кезінде “әмин” дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші бір азамат олардың біріне қол жұмсаған. Нәтижесінде имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған. Оқыс оқиға дер кезінде тоқтатылып, полиция қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізуде. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады. 

Еске сала кетсек, ҚМДБ бекіткен "Мешіт ережесі" бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады, - делінген аталмыш жазбада.

Еске сала кетейік, былтыр Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса сол кездегі премьер-министрі Ә.Смайылов пен Ұлттық Қауіпсіздік комитеті төрағасы Е.Сағынбековке "Ақ жол" фракциясының атынан депутаттық сауал жолдап, діни теріс ағымдарға заңмен қатаң тыйым салатын кез жеткенін айтқан болатын.