НАР ТЕҢІН АРҚАЛАҒАН
2024 ж. 04 маусым
591
0
Майра Амантаеваның келбетіне кескіндеме
Талай жылғы журналистік қызметімде саналуан маманмен жолығыппын. Сол жүздеген кейіпкерімнің ішінде қатардағы жұмысшыдан бастап кейбір елдердің мемлекет басшылары да бар екен.
Осы тұлғалардың арасынан жұмыс бабымен жиі жолығып, көбірек тілдескен адамым Майра Амантаева десем қателеспеспін. Жоғары оқу орнын түгескен соң қарапайым мектеп мұғалімі қызметінен СССР Жоғарғы Советінің депутаты лауазымына дейін көтерілген бұ кісі бүкіл ғұмырын ұлттық мүддеге арнап, халыққа көбінесе жанкешті Кәсіподақ қайраткері ретінде танылды.
Кезінде ұзақ уақыт «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігін басқарған Майра Тұрғанқызының осы бағытқа қатысты үзік лебізі жетекшінің өз болмысы мен іске деген айрықша жанашырлығын айқындай түсетіні анық.
– Президент Жолдауы біздің де бірлестігімізге соны идеялар мен өресі биік мақсаттар жүктеді. Халықтың мұң-мұқтажын дөп басып, оның шешімін айқындап берген бұл Жолдауда апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту ділгірлігін шешу мәселесі нақты қадағаланып айтылды. Келешек ұрпақтың білім алу түйткілдері қашан оң шешімін таппайынша, бүкіл бір ұлттың жұлынына түскен құрттай, іштей мүжи беретіні айдан ақиқат.
Мемлекет басшысы: «Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін үш жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс», – деп нақты атап өтті.
Бұл бағыттағы істі бетімен жіберудің жөні жоқ. Балабақша жұмысын бірізділікке келтіріп, тәртіп орнатуда ешбір тосқауыл болмауы тиіс. Осы мәселеге қатысты қиындықтар орнын тауып шешіліп жатса, біздің жас мамандар мен жас отбасыларына үлкен көмек болары сөзсіз. Бүлдіршіндер балабақшамен толыққанды қамтамасыз етілсе, жас аналар уақытылы жұмысқа шығып, огбасылық табыстарын арттыруға мүмкіндік алар еді. Сонымен қоса, мектепке дейінгі дайындық шараларының сапалы көрсеткішке қол жеткізілгендігі ел болашағының білім көкжиегін арттыруға мұрындық болмақ.
– Білім сапасын арттыруда білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасының жетіспеушілігі де көздеген мақсатымызға жетуге кедергі келтіреді. Үш ауысымды мектептердің санын азайтудың алғашқы қадамдары да дәл осы материалдық-техникалық базаның шешілуінен туындайды. Бұл дегеніміз білім сапасын көтеруге, мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге, мектеп әлеуетін нығайтуда жасалған жемісті қадам болары хақ. Болашақ мамандарды дайындауда жоғары оқу орындарындағы оқыту- әдістемелік және материалдық-техникалық базаны арттырудың да негізгі ұлттық ресурсты бекемдеуге ықпалын тигізеді. Үкімет тарапынан ауқымды қолдау тауып отырған бұл мәселе бойынша жеке секторға тек білек сыбана кірісу ғана қалды.
– Шоқан Уәлихановтың: «Халықтың кемеліне келіп өркендеуі үшін ең алдымен білім мен азаттық керек» дегеніндей, ұлт мәйегі болып саналатын білім саласына соныдан соқпақ салып, тыңнан түрен түсіретін данышпандықтан гөрі, көз жұмған тәуекелділік пен ұқыптылық анағұрлым қажет. Жастардың тұрғын үй проблемасын шешу, оны қаржыландыру мүмкіндіктерін ескере отырып алғашқы төлем займынсыз тұрғын үймен қамтамасыз ету – жас отбасылардың болашақтарын айқындауға зор серпіліс береді. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, жас отбасылардың әлеуметтік жағдайы түзелмесе, қоғамның тұрақтылығы баянды болмақ емес.
– Әлемдік деңгейде болып жатқан қаржы дағдарысына қарамастан, Президенттің мұндай тәуекелге келіп, ел әлеуетін еселеуге бағытталған барлық ізгі бастамаларын білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы қолдай отырып, сала құрылымына міндеттелген тапсырмаларды орындауға өзіміздің әлеуметтік әріптесіміз болып табылатын Оқу-ағарту министрлігімен қоса, Кәсіподақтар федерациясы, облыстық кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе атсалысатынымызға сенімдімін.
– Мемлекет басшысының «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заңға қол қоюының өзінен ол кісінің кәсіподақтарға деген сенімін аңғару қиын емес. Бұл сенім үдесінен абыроймен шығатындығымызға, кәсіподақ қызметін қоғам талабына сай сәйкестендіретінімізге еш күмән жоқ. Жаңа заң қабылданғаннан бері көптеген құрылымдық кәсіподақ ұйымдары өздерінің есеп беру, сайлау конференцияларын өткізді. Біздің сала кәсіподағы да өзіне лайық жұмыс нәтижелерін қорытындылаған болатын. Еңбек дауларын реттей отырып, елдің бірлігі мен тыныштығын сақтауда, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау бағытында баршаға үлгі болу үшін ауызбіршілікпен жұмыс істейміз. Жолдауда көрсетілген тапсырмалардың орындалуы мен жүзеге асырылуындағы барлық міндеттерді тек мемлекеттік лауазым иелеріне артып қою – жауапсыздықтың белгісі. Әрбір азамат өз үлесін қосуы тиіс. Кәсіподақ жетекшісі де мейлінше белсенділік танытқаны абзал.
– Бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру механизмін жасау жөніндегі жұмыс тобының екі мәжілісі өткізілді және ҚР Премьер-Министрінің Кәсіподақтар федерациясының және салалық кәсіподақтардың жетекшілерімен кездесуі ұйымдастырылды.
Оқу-ағарту министрлігі кәсіподақтарының одағы облыстық (аймақтық) кэсіподақтарының берген ақпараттары бойынша ауылды жерлерде тұратын әрі жұмыс істейтін білім қызметкерлеріне коммуналдық қызмет үшін өтемақы төлеуге байланысты облыстардың жұмысына мониторинг өткізіп, болжам жасады.
Коммуналдық қызметтер және отынды пайдалану нормативтерін жасау мәселесін шешу туралы мемлекеттік орындармен ұзақ хат жазысудан кейін ҚР Үкіметі Қазақстан Республикасының Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі агенттігіне ұсыныстарды қарау жөнінде тапсырма берді.
– Ұзақ жылдар бойы Үкіметпен, Парламентпен, тиісті министрліктермен, ведомостволармен, саяси партиялармен және үкіметтік емес ұйымдармен әлеуметтік диалог қалыптасқан. Кәсіподақтың ұсыныстары білім беруге қатысты заңдарды, нормативтік актілерді қабылдау кезінде ескеріледі.
Салалық кәсіподақ министрліктердегі жұмыс топтарының жұмысына қатысады (педагог қызметкерлерді аттестациялау, қосымша жеңілдікпен несие беру және үздік студенттерге қосымша гранттар тағайындау, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру, Еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу, ауылдық жерлердегі әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және ынталандыру).
Жас мамандарды ауылдық жерлерге тұрақтандыру мақсатымен, Қазақстан Республикасының «ҚР кейбір заңдық актілеріне ауылдық жерлердегі әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және ынталандыру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын талқылау кезінде кәсіподақтың белсенді қатысуымен әлеуметтік қолдау шараларының көлеміне байланысты талаптар енгізілді.
– Сондай-ақ, педагог қызметкерлерді аттестациялау Ережесінің жобасын талқылау кезінде өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Салалық кәсіподақ өкілдері «Үздік педагог», «Үздік сынып жетекшісі», «Үздік тәрбиеші» атақтарын беру жөніндегі әртүрлі комиссиялардың жұмысына қатысады. Салалық кәсіподақ байқау жеңімпаздарына санаторийге жолдамалар мен бағалы сыйлықтар тапсырады.
Сала кәсіподағының қорғау қызметін жүзеге асырудың басты құрамы – ұжымдық келісім-шарт. Ұжымдық келісім-шарттар бойынша 8827 кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді, оларға 752167 кәсіподақ мүшесі тартылған, яғни 96 пайыз. Үздік ұжымдық келісім-шарт Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, т.б. облыстарда жасалды.
Нәтижесінде білім беру мекемелерінде еңбекақы мен демалыс ақысын мезгілінде төлеу мәселелері шешілді. Қоғамдық міндеттерді орындауда, дәрігерлік бақылаудан өту кезінде жұмысшылардың орташа жалақысы сақталады. Көптеген ұжымдар жұмысшыны біліктілік арттыру курстарына немесе сырттай оқуға жіберген кезде олардың жұмыс орны мен еңбекақысын сақтап қалады. Білім беру мекемелерінің басшылығы уақытша еңбекке жарамсыздық үшін берілетін жәрдемақыны уақытында төлеп отырады.
Барлық деңгейдегі кәсіподақ ұйымдары еңбек заңдарының сақталуын қадағалайды. Азаматтардан келіп түскен өтініштер мен хаттар арнайы барып тексеріледі, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігімен бірігіп тексеру де тәжірибеде бар.
– Облыстық (аудандық, қалалық) білім беру мекемелерінің басшылары мен қызметкерлерін Республикалық білім жетілдіру институтының базасында оқыту барысында салалық кәсіподақ қызметкерлері еңбек зандарын іс жүзінде қолдану туралы дәріс оқып, сұрақтарға жауап береді. Жергілікті жерлерде де осындай жұмыстар жүргізіледі.
Салалық кәсіподақтың қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, бұл түрғыдағы біршама жұмыстарды еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторлар атқарады.
Елдегі білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы және оның құрылымдық бөлімшелері жергілікті атқарушы ұйымдармен, білім басқармаларымен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын сауықтыру және бос уақытын ұйымдастыруға жыл сайын қатысады.
Жазғы демалыстар кезінде 1,5 млн. астам оқушы демалып, денсаулығын нығайтып, мәдени-кпшілік шараларға, спорттық, әскери-патриоттық, еңбек тәрбиесіне қатысты. Он мыңнан астам әртүрлі лагерьлер жұмыс істеді. Осы мақсатқа жер-жердегі атқарушы ұйымдар, жұмыс берушілер демалушыларға 1893,8 млн. теңге қаржы бөлді.
Салалық кәсіподақ қызметінің басым бағыты жұмыс берушілермен, жергілікті атқарушы ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту әрі нығайту және еңбек қатынастарын реттеуде, білім мен ғылым қызметкерлерінің жеке және ұжымдық мүдделерін қорғау шараларын анықтауда, білім беру мен кәсіби шеберлік сапасын арттыру ісінде үйлесімді саясатқа қол жеткізуде болмақ.
***
P.S.
Айтпақшы...
Астана қаласындағы Кәсіподақтар үйінде «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі қызметкерлерінің Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембавпен кездесуінде елдегі кәсіподақ көшбасшылары өзекті жәйттерді талқылап, ведомство жетекшісіне түрлі ұсыныстарын айтты.
Дүбірлі іс-шараға кәсіподақ ардагері Майра Амантаева да қатысты. Ол министрге ашық бағыты мен пайдалы әңгімесі үшін мыңдаған педагогтер мен кәсіподақ армиясы атынан алғыс сезімін білдірді. Сондай-ақ бас ұстазға мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсартуға негізделген осындай шаруада ардагер мамандардың тәжірибесін ұтқыр пайдаланып отыру туралы тілегін жеткізді.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
журналист