Майдангерлер мәңгілік жүрегімізде

Майдангерлер мәңгілік жүрегімізде

9-мамыр Ұлы Жеңіске 79 жыл. Осынау айтулы мереке қарсаңында жеңісті жақындатқан түркістандық майдангерлеріміздің өмір дерегін жас ұрпаққа үлгі болар деген ниетпен жариялап отырмыз. Ел қорғаған ерлеріміздің ерліктері қашан да ел жадында.

Асауов Жолдас Асауұлы - 1925 Түркістан облысы (бұрынғы ОҚО) Қазығұрт ауданы, Социал елді мекенінде дүниеге келген. Әке-шешеден үш ағайынды бала тараған. Әкесінен жастайынан айырылған Жолдас Асауұлы Леңгір қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Сол жерде сегіз жылдық мектепті бітіреді. 

18 жасқа толған кезде Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанады. Ұлы Отан соғысына қатысып, Сталинград және тағы басқа қалаларды неміс басқыншылығынан қорғау атсалысады. Бірнеше жерінен оқ тиіп жараланады. 1945 жылы жеңісті Берлин қаласында қарсы алады. Соғыстан 1947 жылы күзде оралады. Соғыстан кейінгі жылдары сол уақыттағы қоныстандыру саясатына байланысты Жетісай ауданының Абай колхозынп көшіп келеді. 

Абай колхозында бастауыш сынып мұғалімк болып қызметке орналасады. Қызметін атқара жүріп, Шымкент педагогикалық институтын сырттай бітіреді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін көп жыл бойы үзбей осы мектепте ұстаздық қызметті атқарады. 

Қадірлі ұстаз, аяулы жар, асқар тау әке Жолдас Асауұлы зайыбы Күлжан он ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Отыз үш немере, тоғыз шөбересі бар. Үлкен қызы Қалзинат бұл күнде әке жолын қуған ұстаз. Жеті ұл тәрбиелеп, немере сүйіп отырған ардақты ана. Екінші қызы Күләш Шымкент қаласында тұрады. Жоғары білімді маман. Екі баласы бар. Қалған ұлдары да әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, қызметтерін атқарып жүр. Отбасылы, балалы-шағалы. 

Жолдас Асасуов Отанды қорғаудағы ерен еңбегі үшін бірнеше награда, ордендермен марапатталды. Көп жығы еңбегі еленбай қалған жоқ. Ұстаздық қызметі үшін алған наградалары да бар. Ұлы Отан соғысының ардагері 2000 жылы 20 наурыз күні өмірден озды.