30 жастағы шаңырақ тек білікті мамандар даярлайды
2024 ж. 10 мамыр
460
0
Түркістан талай білікті журналисті түлетіп ұшырды. Бұл ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың «Журналистика» кафедрасының маңызы өте жоғары. Биыл 30 жылдық мерейтойын тойлап жатқан кафедра туралы айтылар сөз көп.
Журналистика мамандығы бойынша студенттер, топтар аз болғандықтан ба, білмедім, осы мамандықта оқитын студенттерді университеттегі ұстаздарымыз ерекше қадағалап, бағалайтын. Университет қабырғасындағы мәдени, рухани іс-шаралардың бірде-бірі журналистика мамандығындағы студенттерінсіз өткен емес.
Бұл – кафедрадағы ұстаздарымыздың бізді еркін ұстап, сенім артуының нәтижесі. Жас демей тең дәрежеде сөйлесіп, қамқорлықтарын аямайтын. Мейірімді, білікті ұстаздарымыздың қолдауы мен еңбегінің арқасында талай жастың жүрегіне сенім ұялап журналистика әлемінде еркін қалықтап жүр. Қазір Түркістанның журналистика мектебінен жүздеген маман түлеп ұшып, қазақ журналистикасының дамуына өз үлесін қосып, еңбектерін сіңіріп жүр. Республикалық, халықаралық деңгейде мойындалған әріптестеріміз бар.
Түркістан облысының құрылып, Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі «Журналистика» кафедрасының құлашын кеңге жаяды деп ойлаймын. Өйткені, бұрын аймақта жас журналистерге жүмыс орындары өте аз еді. Қазір үлкен медиахолдинг құрылып, телеарна ашылды. Мемлекеттік мекемелер де білікті баспасөз хатшыларға жұмыс ұсынуда. Қасиетті білім ордасы даярлаған кадрлар Түркістанды түркі әлемінің орталығына айналдыруға өз үлестерін қосып жүр және алдағы уақытта да елге еңбек ете береді. Ұстаздарымыздың көз алдында бір шаһарда еңбек ету бізге шабыт береді және жауапкершілік жүктейді.
«Журналистика» кафедрасын мерейтойымен құттықтай отырып, ұстаздарымызға, әріптестерімізге ұзақ өмір, шалқар шабыт тілеймін.
Ғабит Сапарбеков,
2009 жылғы түлек,
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің бас маманы.