ТҰЛҒАЛАР ЛАБОРАТОРИЯСЫНА АЙНАЛҒАН УНИВЕРСИТЕТ

ТҰЛҒАЛАР ЛАБОРАТОРИЯСЫНА АЙНАЛҒАН УНИВЕРСИТЕТ

Біздің үй – университеттің дәл іргесінде. Кішкентайымнан көзімді ашқаннан 4 қабатты ғимаратты көріп өстім. Қала берді күз болса, «пәтер жалға бересіздер ме?», - дейтін студенттер жауып кететін. Солар әрлі-берлі үйдің қасынан өткенде «шіркін, мен де осы Ясауи университетіне түссем ғой», - деген арман болды менде. Расында, бір нәрсені қатты қаласаң, сол дұғаға айнала ма деп қалдым. 2000 жылдың күзінде солайша мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті атанып шыға келдім. 

САТТАРХАНОВПЕН СҰХБАТ

немесе алғаш студент атанған күн

Ол – тура Сиднейде олимпиада өтіп жатқан кез. Жерлесіміз Бекзат Саттарханов қатысып жатқандықтан, сабақтан келе сала үй ішімізбен теледидардан соны тамашалайтынбыз. Ең қызығын айтайын, біздің студенттік билет алатын күніміз бен Бекзаттың Түркістанға чемпион боп оралған сәті бір кезге түйісті. 

Әлі есімде қазанның 5-і болатын. Ұмытпайтын бір себебім, ол - жан құрбым әрі группаласым Айнұр Қалдарбектің анасының туған күні. Өзіміз студент атанып, қолға билет алған «вручение» кешінен буымыз бұрқырап, марқұм Бекзат тұратын «жолдың асты» (теміржолдың) атанып кеткен жаққа тартып отырдық құрбымдыкіне. Бір жағы онда туған күннен сарқыт күтіп тұрған еді. Алайда, үйге жете бергенде, алдымыздан Нәзира анамыз қарсы шықты, «жүріңдер, жүріңдер тез, Бекзат келіпті, үйіне барамыз» деді. Көршілері еді. Тап осы жерде журналистік сезіміміз оянып кетті. Сөйттік те, түн болғанына қарамастан айтылған жерге тартып тұрдық. Небары 17-ақ жастамыз сонда әрі ешқандай жердің тілшісі де, басқасы да емеспіз. Бірақ өзімізді бейне бір ақпарат құралының өкілі сезініп, «қазір Бекзат ағадан сұхбат алып алайық, есесіне бірінші боп жариялаймыз» деп қоямыз. Жақындағанда байқадық, қақпа ашық тұр, жан-жағында тұрған көліктерде есеп жоқ. Адамдар да көп. Алайда сол көптен қорықпай, кібіртіктемей, «біз журналистпіз, сұхбат аламыз» деп киліге ішке кірдік те кеттік. Қақпадан кірген бетте аққұба жүзі күлімдеп, өңі жұқа, уыздай жап-жас спортшының өзі қарсы алды. «Мен чемпионмын» деген кісімсудің исі де жоқ ол тұрыста. Қолын алдық, алақаны жұп-жұмсақ, осы жұдырықпен талайды ұрып құлатты деуге тілің бармайды. Адам аяғы сәл саябырсығанша сабыр ете тұрдық, бір кезде қолқа салдық. Кіп-кішкентай қыздар ғой деп меселімізді қайтарған жоқ, сол сәттегі көңіл күйі, жалпы Сиднейдегі атмосфера жайлы шағын естелік айтып берді де, «ана жерде анам тұр, сол кісі мен жайлы толық айтып береді», деп жол нұсқады. Сонда барып байқадық, жүзі шаршау екенін.

Қысқасы, біздің Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне студент боп қабылдануымыздың өзі осындай оқиғадан басталды. 

Оқиғалар қазанында бұрқ-сарқ қайнап...

Жалпы, оқу орнына түскен соң бір күніміз бос өткен жоқ. Бір күні пікірсайыс, бір күні «Құтты білік» - интеллектуалдық білім жарысы, келесі бір күні «Журшоу», ондай болмай кетсе, өзіміз іс-шара ойлап тауып аламыз. Яғни, біздің біліміміз аудиториядағы дәріспен шектелген жоқ. Бара сала бізге алты ай тіл үйретті: түрік тілі мен ағылшын тілін үйрендік аптасына 4 күн, тек жұма, сенбі күндері ғана мамандыққа баулитын пәндер қойылды. «Журналистика жанрлары», «Қазақ журналистикасының тарихы», «Телерадио негіздері» – сабақтарымыз да осал емес. Сонау «Дала уәллаяты газеті» мен «Қазақ» газеті, «Айқап» журналының пайда болу тарихы, шығару барысындағы қиындықтары, бәрі-бәрін біз алғаш осы журналистика кафедрасындағы дәрістер барысында оқып-білдік. Сейдулла Садықов ағамыз бастаған, Бекжігіт Сердәлі, Әлімбет Бостанов, Досымбек Нысанбаев, Үміт Зұлхарова, Асхат Сәдібеков, Бекжан Есенбаев сынды ұстаздарымыз бізге жақсы білім берді. Оның қадірін, деңгейін біз кейін бакалавриатты бітіріп, ҚазҰУ-не түскенде білдік. Сонда ұстаздарымыз «Түркістан универсиеті сендерге жақсы білім беріпті, біздің балалар оқу-білімнен гөрі жұмысқа ерте естері ауып кетті» деп бір емес, бірнеше ұстаз айтты.

Қалтада көк тиын болмаса да...

Жалпы, біздің Қожа Ахмет Ясауи университеті студенттерді әлеуметтік қамту жағынан да алда болды. Тіпті қалтасында көк тиыны жоқтар да, оқудан шығып қалмай, соңына дейін бітіріп шықты. Себебі тегін тамақ, оқу орны мен жатақхана арасында тегін тасымалдайтын автобус, жайлы жатақханамен қамтамасыз етті. Белсенді студент болсаң, бір күнде бір емес, тіпті түскі және кешкі ас ішуге екі талон беретін. Жоғарыда айтып кеткендей, түрлі сайыстарда оза шауып, бәйге алсаң, ақшалай сыйлығы өз алдына. Қысқасы, не керек, университеттің осындай қолдауының арқасында біз алаңсыз білім алып әрі қоғамдық жұмыспен де айналысып, жай маман емес, көкірегі ояу, көзі ашық, қоғам белсендісі болып шықтық. Қатарластарымыз кілең Мәдениет сарайындағы би, ән, көңілділер мен тапқырлар клубына қатысатын өнерпаз, дарынды жастар болды. Біз бір-бірімізбен білім жағынан, қоғамдық жұмысқа қатысу жағынан бәсекелес болдық, бірақ бір үйдің баласындай тату да болдық. 

Қазіргідей бір-бір ұялы телефонға шұқшию деген жоқ. Ақпаратты көбіне газет-журналдар, телесюжеттер мен бағдарламалардан алатынбыз. Кітап оқитынбыз. Соны отырыстарда талқылап, «Әдеби орта бар ма?» деген сияқты тақырыптарда жиі пікірсайыс өткізіп тұрушы едік. Сонда «өй жастар ғой» деп бәлсінбей, сол тұстағы университетіміздің маңдайалды профессор оқытушылары Рахманқұл Бердібай, Мекемтас Мырзахметұлы сынды тау тұлғалар келіп, қатысып, өз бағаларын беріп кетуші еді. Ол деген біз үшін бір мәртебе болды. 

«Құтты білік» үшін ерекше алғыс

«Құтты білік» үшін Мақсат Шотаев ұстазымызға ерекше алғыс. Өзі филология факультетінде дәріс беретін ағайымыз бос уақытында осы білім сайысын ұйымдастырып, жыл сайын жаңа топ құрып, бұрынғы мықты командалармен сайыстырып, кіл мықтыдан, кім мықтыны айқындап беретін. Ай сайынғы үздіктерден жыл соңында Кубок иегері іріктеліп шығатын.  

 Қазір қарап отырсам, біз керемет студенттік шақты бастан өткеріппіз. Қожа Ахмет Ясауи университеті десе, көз алдымызға сол бір құт мекен елестейді. Мерейтойың құтты болсын, қара шаңырақ алтын ұямыз дегім келеді. 

   Мәриям ӘБСАТТАР, 2004 жылғы түлек, 

«Түркістан ТВ» телеарнасының шеф-редакторы.