ЖҮЗ ЖЫЛ КЕЙІНГІ КЕЗЕҢГЕ КӨЗ ЖҮГІРТСЕК

ЖҮЗ ЖЫЛ КЕЙІНГІ КЕЗЕҢГЕ КӨЗ ЖҮГІРТСЕК

Дүниеде бүкіл игілік атаулы еңбектен басталатыны мәлім. 

Сол себептен де, қай елде болсын, адамның өнімді еңбек етуіне жағдай туғызу әрқашан алдыңғы кезекке қойылады. Бұл ретте қоғам дамуының ажырамас бөлігі – кәсіподақ ұйымдары атқаратын міндет ұшан-теңіз.

Дегенмен, кәсіподақтың жұмысшы мүддесін қорғау, еңбек заңдылығын сақтауды қадағалауы әр кез көңілден шығып отырды дей аламыз ба? Әрине, тіршілік объективті де, субъективті жәйттерге байланысты күнде сәтті бола бермесі түсінікті. Одан соң, сөз жоқ, іс мәніне тереңірек бойлау үшін елдегі кәсіподақтардың өсіп-өну жолын саралап отыру өте маңызды.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының ортасынан отызыншы жылдарының басына дейінгі қазақ халқы аса ауыр оқиғаларды басынан кешірді. Бұл кезең Қазақ Өлкелік партия үйымының басшысы Филипп Голощекинмен тікелей байланысты. Ол орталықтан жіберілген компартияның қолшоқпары ретінде әкімшіл-әміршіл мемлекеттік басқару жүйесін орнықтырып, келеңсіз саяси шараларды жүзеге асырды.

Өлке басшысы кәсіподақтарға партия басшылығын орнатып, оларды компартия жүргізіп отырған саясатты жүзеге асыруда негізгі бұқаралық күш есебінде пайдалануды көздеді. Қазақстан партия ұйымының басшылығына Ф.И.Голощекин тағайындалмай тұрып, Қазақ автономиясында 1925 жылы кәсіподақтармен біраз жұмыстар істелген болатын.

Қазақ Өлкелік партия комитетінің III пленумы (1925 жылы 9-10 сәуір)

«Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының жайы туралы» мәселені қарастырды. Онда кәсіподақ қозғалысының өскеніне және нығайғанына қарамастан, партия ұйымдарының алдына кәсіподақ қозғалысын одан әрі күшейтіп, Қазақ АКСР партия ұйымдарының алдында тұрған жалпы саяси міндеттерімен байланысты оларға әкімшіл-әміршіл басқаруды орнықтыратындай мідетттер жүктелді. 

1925 жылы 30 мамыр – 2 маусым аралығында Қызылордада Қазақстан кәсіподақтарының I съезі шақырылды. Съез өнеркәсіп, өндіріс салаларындағы кәсіподақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың жұмыстарын күшейтуді ұсынды. Сонымен қатар, КОБОК (Кәсіптік одақтардың Бүкілодақтық Орталық Кеңесі) Қазақ Өлкелік Партия тыңдап, бюросының есебін Еңбек Халық комиссариатының қызметі туралы, Қазақ АКСР-інің экономикалық жағдайы жөнінде, кәсіподақтардың ұйымдастыру міндеттері, мәдени-ағарту жұмысын күшейту жайында баяндамаларды талқылады. Қазақ кәсіподақ бюросының орнына Қазақ кәсіподақтар кеңесі құрылды. Съезд қарсаңында кәсіподақтардың құрамында 82 мың адам болды.

Қазақ Өлкелік партия комитетінің V конференциясында (1925 ж. желтоқсан) «Партиялық басшылық мәселелеріне» тоқталғанда кәсіподақ ұйымдарындағы және төменгі ұялардағы фракциялардың жұмысы өте нашар болып шықты. Осыған байланысты БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің II пленумы (1926 ж. 30 сәуір – 3 мамыр) кәсіподақтардың Қазақ кеңесі фракциясына кезекті жаңа міндеттерді белгілеп берді.

Бұдан жұмысшылар мен еңбекшілердің тұрмыстық және құқықтық жағдайларын жақсарту, қатарға қазақ жұмысшыларын көбірек тартып, оларға білім беру деген сияқты шаралармен кәсіподақтарға қарапайым жеңілдіктер көрсету арқылы әкімшіл-әміршіл басқаруды орнықтыру жұмыстары жүргізілгендігін байқаймыз. Қазақ АКСР-і бойынша кәсіподақтағы қазақтардың үлес салмағы 23 пайызға дейін барды. 

Кәсіподақ аппараттарында қосымша ақылы жұмыс бөлімдері болды. Оған белсенді кәсіпшілер тартылып, 1926 жылдың 1 қаңтарында ондай өлкелік ұйымдар 10-ға (16,3 пайызға), төменгі кәсіпшілер ұйымдары 28-ге (9,0 пайызға) дейін өсті. Жалпы саны 90-ға (13,6 пайызға) жетті.

Қазақ Өлкелік партия комитеті таптық күреске тек батырақтарды, кедейлер мен орташаларды ғана емес, кәсіподақ ұйымдарын да тартты. Мұндай мәселелер кәсіподақтардың мәдени-бұқаралық жұмыстарынан байқалады. Большевиктер кәсіподақты пролетариаттық, таптық ұйым ретінде түсіндірді.

Қазақ АКСР-індегі кәсіподақтар жұмысының жандануы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында коммунистердің санын өсіруге әсерін тигізді. Бұл партия ұйымдарындағы жұмысшылардың қатарын толтырды. 

1927 жылы 1 шілдеде коммунист жұмысшылар 32,4 пайызды құрады. БК(б)П Қазақ Өлкелік комитеті бюросының 1927 жылғы 8 қазандағы қаулысы бойынша партия ұйымдарындағы жұмысшылармен жүргізілген жұмыстың нашарлығы ескеріліп, оларды партияға тарту шараларын жалғастыра беруді ұсынды.

Кәсіподақтардың қатарын өсіру – партияның ықпалын күшейту болып табылды. Өнеркәсіп және өндіріс орындарындағы кәсіподақтарға партия әкімшіл-әміршіл басқаруды орнықтыруды біртіндеп жүзеге асырды. Жұмысшылар партияға кіргенде Кеңес үкіметінің экономикалық құрылысын жүзеге асыру үшін ғана емес, оның бағыгтаған саясатын да орындайтын күшке айналды.

Республика кәсіподақтарының қатары жұмысшылардан басқа кедейлер мен батырақтар есебінен толтырылды. Ауыл-село жұртшылығынан өлкедегі ең ірі ауыл шаруашылық жұмысшылар кәсіподағы құрылды. Ол 1925 жылы 3933 қазақты, 1930 жылы 37333 қазақты біріктірді. Ал ұйымның жалпы адам саны 1930 жылы 85215-ке жетті.

Бұл ұйым ауылды кеңестендіруге, ауыл шаруашылығын ұйымдастыруға және Түркісіб теміржол құрылысына өзінің әсерін тигізді. Осы ұйымның жұмысшылары таптық күреске, ұжымшарлар мен кеңшарлар құрылысына кеңінен пайдаланылды. Ауылшаруашылық жұмысшылар кәсіподағындағы мүшелер, сонымен қатар, кедейлер мен орташалардың қоғамдық «Қосшы», «Кедей» ұйымдарының мүшелері бола алды.

Қазақстан кәсіподақтар ұйымдарының құрамын күшейту үшін арнайы кітапшалар мен жинақтар шығарылды. Қазақ кәсіпшілер одағы кеңесі 1928 жылы қазақ тілінде 48 кітапша шығарды. Олар, көбінесе, кәсіпшілер жұмысының теориялық және тәжірибелік мәселелеріне арналды. 

Жұмысшылар мен еңбекшілерге арналған кітапшаларда экономикалық дамудың жолдары кеңестік идеология шеңберінде түсіндіріліп, одан басқалары антикеңестік идеялар ретіндетеріс сипатталды. 

1929 жылы 6 қыркүйекте Кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық Кеңесі барлық кәсіптік ұйымдарға, жұмысшыларға үндеу жариялады. Онда жұмысшыларды таптық жауларға қарсы күреске шақырып, социалистік құрылыста жылдан жылға пролетариат күшеюде деп насихатталып, таптық күресте белсенділік көрсетуге шақырды. Пролетарлық күштерді жігерлендірудің мақсаты – жұмысшылардың арасындағы ауқатты, жағдайы жақсы делінгендер және кәсіподақтар мен жұмысшылар ұйымдарының ішінде буржуазияшыл көзқарасты қолдайтындар бар дей келе, оларға әкімшіл-әміршіл басқаруды орнықтыру саясатын жүргізді. Жұмысшыларды біріктіретін, басқаратын ұйым кәсіподақтар болды. 

Бүкілқазақтық III кәсіподақ съезінде Халық Комиссариатының жұмысшы шаруалар инспекциясының жасаған баяндамасы бойынша арнайы қаулылар қабылданды. Онда мемлекеттік және шаруашылық аппараттарына тазарту жұмыстарын жүргізу белгіленді. Ал съез кәсіподақтардың біраз кемшіліктеріне тоқталып, олардың бұқараны ұйымдастыруы және төменгі ұйымдарға басшылығы жеткіліксіз екенін атап өтті.

Жаппай ұжымдастыру науқанына қатысты Кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық Кеңесінің алқасы 1929 жылғы 28 қыркүйекте «Ауыл шаруашылығындағы ұжымдастыру ісіне кәсіподақтарды тарту туралы» қаулы қабылданды. Қаулыны жүзеге асыру Қазақ кәсіподақтар кеңесіне тапсырылып, Жұмабаев, Құрамысов, Айтмағамбетов, Жұмалиев және Девяковтардың мойнына жүктелді. Сөйтіп, Қазақстандағы жаппай ұжымдастыру науқанына да кәсіподақтар кең түрде тартылды.

Ал 1930-1931 жылдардағы ұжымдастыру кезінде аштықтан қырылып жатқан халықты көрген жұмысшылардың біраз бөлігі компартияға сенімін жоғалтты. Ұжымшарлар мен кеңшарларды құрудың жақсы нәтиже бермегенін олар өз көздерімен көрді. Кеңес қоғамындағы апатты сезінген жұмысшылар мен еңбекшілер әкімшіл-әміршіл жүйенің орныға бастауына байланысты қарсы шығуға қорықты. Наразылық баскөтерулер тез арада тұншықтырылды. Сол үлкен зиян алып келген нәубеттің ішінде олардың да отбасылары, туған-туыстары және бауырлары қырғынға ұшырады.

Кеңестік дәуірде кәсіподақтар ірі қоғамдық ұйым ретінде есептеліп, партияның нағыз көмекшісіне айналдырылды. VII Қазақстан Өлкелік партия конференциясында кәсіподақтардың қателіктері мен кемшіліктерін түзетуге көмектесе отырып, оларға партиялық басшылықты күшейту міндеті алға қойылды. Кәсіподақтарға партия басшылығының әлі орнатылмағанын партия қызметкерлері де осы конференцияда мойындады.

Қазақстан кәсіподақтарында 1929 жылы 172624 адам болса, 1932 жылы 438840 адамға жетті. Қазақтар 163 мыңға таяп, 37,5 пайызды құрады. 

Өлкенің ауыл шаруашылығында да жұмысшылардың үлесі артты. Степняк, Қарағанды, Қарсақпай, Ембі-мұнай және тағы басқа кәсіпорындарда қазақ ұлтының саны жылдан жылға біртіндеп өсті. Осылайша сан алуан аласапыран белестерден өткен кәсіподақ ұйымдарының қоғам дамуының біртұтас бөлігі екені мейлінше айқындала берді.  

Дәурен АЙНАҚҰЛОВ, 

тарихшы.