Түркістанда отызға жуық ауыр ота жасалды

Түркістанда отызға жуық ауыр ота жасалды

Түркістан қаласында ҚР Президент іс басқармасы Медициналық орталығының Түркістан облысындағы күндері өтті. Іс-шара аясында медорталықтың нейрохирург, аритмолог, гинеколог, пульмонолог, уролог және басқа да білікті мамандары 28 күрделі операция жасады. Сондай-ақ, 370-тен астам адамға консультациялық көмек көрсетті. 

Осы орайда ақ халатты абзал жандар Түркістан өңірінде бұрын-соңды жасалмаған күрделі операцияларды сәтті өткізгенін атап өтуге тиіспіз. Жоғары білікті мамандардың көмегіне жүгінгендердің басым бөлігі ауыр диагнозы бар науқастар. Сонымен қатар, елордалық және алматылық мамандардың 51 презентациясы мен шеберлік сабақтарына 900-ден астам адам қатысты. 

Сондай-ақ, ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен Түркістан облысының әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 

ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ұйымдастыруымен, облыстық әкімдіктер мен денсаулық сақтау басқармаларының қолдауымен биыл екінші рет өткізіліп отырған ауқымды жоба аясында Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының өкілдері жергілікті әріптестеріне алғашқы медициналық-санитарлық көмек тақырыбында бірқатар презентация жасап, өз жұмыстарының қыр-сыры туралы толығырақ әңгімеледі. Осы сапар кезінде «Оқжетпес» ЕСК АҚ Алматы филиалының өкілдері Түркістан облысының халқы мен кәсіпкерлерін «Оқжетпес» шипажайлар брендінің медициналық мүмкіндіктерімен және оңалту бағдарламаларымен таныстырды. Медорталық мамандарынан құралған делегация жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірін қамтитын болады.