АРДАГЕР

АРДАГЕР

Кәсіподақтың жұмыс берушіге еңбекшілердің мүддесі тұрғысынан келуімен бірге, бұлардың қызметтік құқы мен заңды тілек-талабын жан-жақты қорғауы сынды негізгі екі міндетінен көпшілік хабардар-ау деген ойдамыз. Әйткенмен, таратып тіркей түссе, ұйымның қатардағы жұмысшыға көрсететін қамқорлығы ұзақ-сонар тізімге ұласар еді. Былайша айтқанда, еңбеккерлердің ұжымдағы әкесі де, шешесі де осы одақ деуге толық негіз бар. Яғни, жұмысшыны тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай бағып-қағатын осы қоғам десек қателеспейміз. 


Кез келген мекемеде істің сүйегін шағып, майын ішкен ескі кадрлар болатыны мәлім. Ақтөбе ферроқорытпа зауытында да бүкіл ғұмырын осы ұжымға арнаған, яғни, еңбек өтілі қырық жыл шамасындағы мамандар баршылық екен. Ел мұндай адамдарды сырттай «кәрі тарлан» деп бағалайтыны да аян. Міне, сондай көрнекті тұлғалардың бірі, тіпті, бірегейі – Жамансары Мақашев екендігіне ешкімнің дауы болмас. 

Жәкең мұнда жиырма төрт жасында келген екен. Істі зауыттағы комсомол комитетінің бірінші хатшысы лауазымынан бастаған. «Қазхром» трансұлттық компаниясы акционерлік қоғамы құрамындағы өндіріс ошақтарында директорының орынбасары сияқты бірқатар жауапты міндеттер атқарған. Одан әр жылдарда кәсіподақ ұйымын басқарыпты.

– Осынау ұзақ уақыт аралығында он директормен жұмыс істеппін, – деп ағынан жарылады кейіпкеріміз. – Талай жақсы басшылар болды. Осындағы елге де, маған да ерекше ұнаған сол бастықтарымыздың бірі Никита Новиков еді. 

Жәкеңнің айтуынша, кәсіпорынды, негізінен, кеңес дәуірінде басқарған Никита Варфоломеевич іскер маман, білікті жетекші ретінде зауытты талай қиын кезеңдерден алып шыққан адам көрінеді.  

– Әсіресе, сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басында қатты қиналдық. Зауыт өндірісі тоқырады. Жұмысшылар айлық ала алмайды. Іс тетігін тапқан Новиков бетімізді Еуропаға қаратты. Өнімді экспортқа шығару жолдарын реттеді. Біртіндеп дұрысталдық. Жалақымызды уақытылы берді. Бас мамандар мен бастауыш партия, кәсіподақ ұйымдары жетекшілерін тәжірибе алмасу мақсатында шет елге жіберуді қолға алды. Мәселен, өз басым кәсіподақ жетекшісі ретінде іссапармен Болгарияда, Чехия, Венгрияда да болдым... 

Ірі өндіріс ошағында жарты ғасырға жуық уақыт жұмыс істеген Жәкеңнің әрбір құбылысқа мейлінше әділ баға беруге тырысатынын байқаймыз.  

– Екінші күшті жетекші ретінде бұдан кейінгі басшымыз Мұрат Солтанғазыұлын айтар едім. Экономиканы жетік игерген, тиынды есептеу білетін ұсынықты маман-ды. Оның бұл қасиетіне, әсіресе, өзім Көлік басқармасы болып жүрген кезімде көз жеткізе түстім. Зауыттың тыныс-тіршілігін тамыршыдай дөп басып, бәрін көріп, біліп отырды. Өйткені, қызметін жай жұмысшыдан бастаған адам-тын. Ешкім алдай алмайды. Өндірістік тәжірибесі мол, батыл жан. Кәсіби жоғары білік, бай өндірістік тәжірибе зауытты биік техникалық деңгейге көтеріп келеді. Қысқа мерзім аралығында бәрімізді тәртіпке үйретті, экономикаға баулыды...

Ескі кадр ретінде кешегінің де, бүгінгінің де жетістігі мен кем-кетігі сырын жақсы білетін Жәкеңді отандық өндірістің қанат жая түскені қатты қуантатын-ды. 

– Совет дәуірінде орталықтандырылған жоспарлау болғанын білесіз. Айталық, Мәскеу өз өнімінің алпыс пайызын экспортқа шығаратын Ақтөбе зауытына жалпы табыстың бір ғана процентін қалдырып отырды. Сұмдық қой. Тіпті, қажетті жиһаздың өзін сол «орталық» арқылы алатын едік. Мәселен, 1984 жылы осындағы санаторий-профилакторийі үшін қажетті мүліктің көбін Мәскеуден әкелген мен едім... 

Сөз орайында Жамекеңнен зауыттағы жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмысына қатысты қамқорлық жайын сұрап қалдық.

– Өндіріс орнында еңбеккерлердің түрлі жеңілдіктер арқылы үй-жаймен қамтамасыз етуіміз өз алдына, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына, денсаулығына терең мән беріледі, – деді кәсіподақ жетекшісі. – Жұмысшылар кәсіпорында күніне бір мезгіл тегін тамақтанады. Ас-ауқаттың рационы, сапасы жіті бақыланып отырады. Сондай-ақ еңбекшілерге емделу үшін жыл сайын жеткілікті көлемде қаражат аударылады. Әрқайсысы медициналық тексеруден өткізіліп, Қарағанды қаласындағы емдеу-сауықтыру орталығына жіберіліп отырады. Еңбекақы ешқашан кешіктірілген емес. Бізде ай сайын және жарты жылда, сондай-ақ кәсіптік мерекелерде беріліп тұратын сыйақылар көп. Металлургтердің жалақылары жоғары. Жұмысшыларды арнайы бекітілген көлікпен жұмысшыларды үйінен әкеліп, ауысымнан соң қайта жеткізіп тастайтын дәстүр ертеден қалыптасқан. Озат металлургтер медальдармен қатар түрлі дәрежедегі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып, «Еңбек сіңірген жұмысшы», «Құрметті жұмысшы» секілді атақтарын алып жатады. Құрмет тақтасына суреттері ілінеді. Ондай адамдардың еңбекақысына жиырма бес пайыз үстеме төленеді. Олардың бәріне азын-аулақ сыйлық, гүлін қоса алып, үйлеріне өзіміз барып құттықтайтын салт орнатқанбыз. Ондайда бүкіл жақын-жуық, туған-туысы жиылып, мәз болып, шексіз ризалық білдіріп жатады. Сол сияқты зейнет демалысындағы ардагерлерімізді де ұмытқан емеспіз. Іздеп, шақыртып жатсақ, баладай қуанып, жетіп келеді. Осындағы кітапханада бас қосып, арқа-жарқа әңгімелесіп, шахматтарын ойнап, сергіп қайтады. Олардың да бейнелерін «Ардагерлер даңқы» тақтасына шығарып, қолдарына бір-бір пакет сыйлығын ұстатып жіберіп жатамыз. Олар да дән риза. Біз де көңілдіміз... 

– Айтпақшы, өндіріс еңбеккерлері арасындағы салауатты өмір салты мәселесі қай деңгейде екен?

– Әрбір мамандық иелерінің өздеріне тән мінезі болады. Мысалы, баяғы кеңес дәуірі тұсында металлургтер мен шахтерлер алдыңғы лектегі жұмысшы тап ретінде дүрілдеп тұрды. Осыны арқаланған бұ кісілер көп еркінситін. Бұрынғы әдетпен, жұмысқа қызара бөртіп келуді ұят санай қоймайтын.  

Бізге, міне, осы әдетті ақырындап тыйғызуға тура келгені бар. Себебі, іс ақсайды, өндірістен мән кетеді. Бастапқыда, әлбетте, түсініспеушіліктер, реніштер болды. Кейін бәрі реттелді ғой. Тегінде, «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда бұрылса, артқылары сонда бұрылады» деген рас сөз. Біз бұл шаруаны спортты дамытудан бастадық. Қазір үш залымыз, екі жүзу әуізіміз бар. Гандболдан, волейболдан, футболдан, үстел теннисінен... секциялар жұмыс істейді. Металлургтердің Мәдениет үйі – ол ашық. Ән, би топтары іс атқарып тұр. Жаттығулар да, көркемөнерпаздар үйірмелері де – тегін. Бұларға зауытта жұмыс істемейтін қала тұрғындарының балалары да келіп қатысып жатады. Оларды да ешбір шеттемедік. 

Сөйте-сөйте зауытта жұмыс істейтін он жеті цех арасында ұдайы жарыстар өткізу салтқа енгізілді: Көңілді тапқырлар клубының сайыстары, концерттер ұйымдастырылды. Жаңа жыл мен Металлургтер күнінде ұжымдардың саяси, қоғамдық, спорттық көрсеткіштері жағынан қорытынды жасадық. Онда жеңімпаздарға миллиондаған теңге қаражат бөлінді. Осының бәрі жұмысшыларды салауатты тірлікке құлшындыратыны даусыз ғой... 

Жамансары Қуанышұлының айтуынша, «Қазхром» компаниясының жылдық айналымы, шамамен, 500 млн. доллар. Мұның ішінде ферроқорытпа өндіру көлемі жылына 1 миллион тоннадан асады. Негізгі тұтынушылар АҚШ, Еуропа мемлекеттері және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері көрінеді. 

– Мұның бәрі иен дәулет, қисапсыз байлық қой. Металлургия – экономика негізі деп бекер сөз емес. Тек сол жақсылықтың қадіріне жетіп, қашанда іс тетігін табуға ұмтылу керек. Ұсынықтылық, іскерлік қажет. Жаңа зауыт іске қосылғанда ел ырысы бұрынғыдан да еселене түскені анық. Тағы бір нақты білетінім, ТМД аймағында соңғы жиырма-отыз жыл ішінде мұндай зауыт салынған емес. Осыған орай таяу келешекте Ақтөбе тұрғындарының саны бір миллионнан асатыны да анық...   

Әлемдегі ең озық технологиямен жабдықталған жаңа өндіріс орны салынғанға дейін-ақ зауыт қала бюджетінің өзіне ғана тоқсан сайын 1,5 млрд. теңге құйып келгенін білген едік. Жәмекең бұл көрсеткіш біртіндеп 4 млрд. теңгеге дейін көтеріледі деген-ді.

Кәсіподақ шаруасына қоса тілдерді дамыту бөлімінің жұмысы да оңай болмаса керек. 

– Жас елімізде мемлекеттік тілді жандандыру ісіне қаншалықты мән беріліп жатқанын өзіңіз білесіз. Бұл да өте маңызды шаруа. Жұмысты тым етеректе-ақ бастағанбыз. Таңдаулы аудармашыларымыз, тәжірибелі мұғалімдеріміз бар. Миллиардтаған келісім-шарттар келіп жатады. Соның бәрі қазақшаға аударылады. Жұмыс көп. Кейбіреулер құжат атаулыны жаппай тәржімалаудың не қажеті бар деп, қызметіміздің мәнін түсінбей де жүреді. Бірақ іс-қағаздардың мемлекеттік тілде жазылуы қалыптасқан заң, нақты қағида ретінде қабылдануға тиісті.

Бөлім тиісті құжаттарды аударумен қатар зауыттағы өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету мәселесіне де жіті ден қойғандай. 

– Әрине, ешкім де өзге тілді бірден үйреніп кетпейді. Қажеттілік туындамаса, оған ешкім құлшынбайды да. Тілді сіңіруге алдымен – ынта, одан соң бірталай уақыт қажет. Және біреуге бірдеңе үйрету үшін оны ең алдымен өзің жетік игеріп алуға тиістісің, – дейді бөлім бастығы.

Жамансары Қуанышұлының беделі, еңбеккерлер арасындағы салмағы, былайша айтқанда, «ақсақалдығы» бұл істе де зор көмегін тигізетіндей. Қазір қазақ тілін меңгеруге жетекші буыннан бастап жұмысшыларға дейін көптеп тартыла бастапты. 

Бірде Жәкеңнің ғалым інілерінің бірі телефон арқылы: «Өзге ұлт өкілдеріне қазақ кітабының бетін ашқызып, оқытқаныңыз үшін сізге мың да бір рахмет!» деп хат жазып жіберген екен.

– Әр жұмыстың қиындығы бар. Бәрі бірден қиюласа қалмайды. Мысалы, өзімнің де төрт немеремнің үшеуі «шалақазақ». Көбіне орысшаға бейім. Біреуі ғана таза қазақша сөйлейді. Біреуінің шешесі орыс. Міне, қазір солардың өзін ана тіліне бейімдеуге ден қойып жүрмін. Дегенмен, мұның да ұтқыр әдістерін табуға тырысқан жөн. Күштеу – қауіпті. Өзара татулығымызға, ынтымағымызға нұқсан келтіріп алмауымыз қажет, – дейді Жамекең. 

Айтпақшы, осыдан он жылдан аса бұрын «Қазхром «ТҰК» АҚ – филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты аясында Ардагерлер кеңесі зейнеткерлерден тұатын үлкен хор тобын құран еді. Мұндай ұжымның қанат қағуына да сол кезеңде Ардагерлер кеңесіне жетекшілік еткен Жамансары Мақашев ағамыз бастамашы болған-ды.

Ұзақ жылдар зауыт өмірінің ыстығына күйіп, суығына тоңып, береке ұйытқысы болған ескікөз кадрды кәсіпорын басшыларының да қатты сыйлап, санасып отыратынын аңғарып масаттанып аттанған едік.

Құлан САҒАТҰЛЫ.