МҰҒАЛІМДІК МІНЕЗ

МҰҒАЛІМДІК МІНЕЗ

«Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам бас иеді. Осындай жақсы ұстаздарымыздың бірі – Алтыншаш Құндызбекқызы Алишева. 

Алтыншаш Құндызбекқызының Балтасап негізгі мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келе жатқанына биыл қырық жыл толды. Ұстазымыз өз бақытын балаға деген сүйіспеншілігінен тапқан жан. Оқушыларға өз пәнінің қыр-сырын үйретумен бірге ұлттық тәрбиенің әр шәкірт бойында дұрыс сіңуін қатты қадағалайды. Алтыншаш Құндызбекқызы әр шәкірттің бойындағы қабілетті көре біледі және оған бар шуағын төгіп, аналық, ұстаздық мейіріммен қарайды.

«Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, ұстазымыз ізденімпаз, еңбекқор, өз пәнін жетік білетін шәкірттерін өз баласынан кем көрмейтін адам. Ұстазымыздың бір даралық қасиеті – көркем мінезі. Көрікті де биязы мінез, ақыл-ой, білімге деген құштарлығы, ар-ұяты, имандылығы, міне, осының бәрі ұстазымыздың бойында баршылық. Сыныпқа кіріп келгеннен бастап әр баланы назарында ұстап, оқушыларға жүрек жылуын бағыттайды. Менің ойымша, ұрысу, айқайлау, зеку, желкеден нұқу – мұғалімнің әлсіздігі. Алтыншаш Құндызбекқызында мұның бірі де жоқ.

Мұғалімнің шеберлікпен аса тартымды өткізген сабағы біздің санамызда өшпестей қалар. Жылдар өтіп, есейіп, азамат қатарына қосылғанда ұстазымыздың өте сәтті өткізген сабағының әсерін санамызға қайта жаңғыртып кәдеге асыруға тырысарымыз сөзсіз. Жоғарғы сыныпқа келгеннен бастап мен үшін Алтыншаш Құндызбекқызы кісіліктің, кіршіксіз тазалықтың үлгісі болмақ. Өзін байсалды ұстауы, ұсақ-түйекке күйіп піспейтіні, біреудің кемшілігін, тәкаппарлығын сезсе де бетіне басып жатпайтыны біз үшін үлгі-өнеге.

Жүсіп Айша, 

Балтасап негізгі мектебінің оқушысы.

Ақтоғай ауданы 

Павлодар облысы.