ТАЛАБЫМЕН ТАНЫЛҒАН
2024 ж. 10 мамыр
144
0
Қазіргі қарбаласы көп заманда үлкендердің шаруасын тындырып, жас та болса бас болған азаматтар еңбек адамына лайық десек артық айтқанымыз емес. Іскерлігімен танылып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген азаматтардың бірі – Оразхан Асылбек. Оның биыл Ақтоғай ауданы орталығындағы Құрмет тақтасынан көрінуінің өзі көп нәрсені аңғартқандай.
Асылбекпен хабарласып, әңгімеге тартқан едік. Үлкендерше ойлап, үлкен істің басы-қасында жүретінін бірден аңғартты. Өмірбаянына көз жүгіртсек, ол 1998 жылы желтоқсан айының 26-ы жұлдызында Мүткенов ауылында дүниеге келген. 2006 жылы Серікбай Мүткенов атындағы орта мектебінің 1-сыныбына қабылданған. Білім мен тәлім-тәрбиені жетілдірген алғашқы ұстазы – Тұрсын Искакова.
2017 жылы аталған білім ордасын аяқтап, Павлодар қаласындағы Инновациялық Евразия Университетінің колледжіне «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша оқу орнына түсті. 2020 жылы оқуын аяқтаған соң Ақтоғай ауданының «Жас Қанат» жастар ресурстық орталығына қызметке орналасты. Жұмысының алғашқы күндерінен бастап Мүткенов ауылдық округінің жастар қауымымен бірлесіп жұмыс істеудің нәтижесінде аудандық, облыстық деңгейдегі ұйымдастырылған спорттық-мәдени, патриоттық маңызы бар іс-шараларда жеңімпаз атанған сәттері аз емес.
Атап айтсақ, 2020 жылы «Здоровая нация» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен өткен облыстық «Healthy Style» сайысының жеңімпазы атанды. 2020-2023 жылдар аралығында Мүткенов ауылының жастарының қолдауының арқасында Ақтоғай ауданында өткізілетін кешенді спартакиада бағдарламасында Мүткенов ауылдық округінің құрамасы үздіктер қатарынан табылды.
Асылбек Балтабайұлы 2020-2023 жылдар аралығында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар Педагогикалық Университетін «Дене тәрбиесі мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтады.
Оның шығармашылық жетістіктері де бір төбе. 2021 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне арнайы ұйымдастырылған «Тәуелсіздікті жырлаймын» ақындар сайысының жеңімпазы. 2021 жылы өткізілген облыстық «Call center 1424» сыбайлас-жемқорлыққа қарсы бағытталған бейнероликтер сайысының жеңімпазы. 2022 жылы Павлодар қаласындағы Жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған «Үздік жастар қызметкері» сайысының екінші орын иегері.
Мүткенов ауылының «Ақ-Жарқын» волонтерлық тобының белсенді мүшесі ретінде көптеген қайырымдық іс-шараларға ұйытқы болғанын атап өткен жөн. Бұл топтың басты мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету.
2023 жылы Оразхан жетекшілік еткен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы Ақтоғай ауданының «Үздік жасағы» номинациясын жеңіп алды.
Оразхан Балтабайұлы жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, қоғам игілігі үшін оң өзгерістер әкеле алатын табанды жастардың бірі екенін ісімен дәлелдей білді.
– Жастар – қоғамның үлкен қозғаушы күші, мемлекеттің дамуына серпін беретін қоғамның бір бөлігі. Сондықтан жастар мәселесі мемлекеттің басты назарында. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау да ерекше. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жетіп, жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Осы орайда, елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстары да жолға қойылып келеді. Мемлекет тарапынан жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасалуда. Соның бір дәлелі, жоғарыда атап өткендей, жастарды қолдау орталығы болса, екіншіден, арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауды атап өтуге болады. Мысал ретінде еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікті ипотекалық несиелеу, жас мамандарды жұмыспен қамтудағы жеңілдіктер, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектерді тізіп шығуға болады. Біз өз тарапымыздан еліміздің өркендеуіне белсенді атсалысуға дайынбыз! – дейді Оразхан.
Оралхан АХМАДИЯ.