ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР
2024 ж. 10 мамыр
127
0
Павлодар облысы Ақтоғай ауданында қоғамдық өмірге белсенді атсалысып, өмірлік тәжірибесімен бөлісетін аяулы жан аз емес. Солардың бірі – Бәкизат Башикова. Игі істердің басы-қасынан табылып, қашан көрсең де жалындап жүретін қазыналы қарияның жастарға айтар ғибратты әңгімесі мол. Бағалы ғұмырын саналы дүниеге жұмсаған Бәкизат Қаракерейқызы биыл 75 жасқа қадам басты.
Әңгімеміздің кейіпкері – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданының тумасы. 2001 жылы отбасымен Ақтоғай ауданына қоныстанып, содан бері ауданның тыныс-тіршілігіне белсенді араласып кетті. Тіпті, ауданның тарихын осы өңірдің тумаларынан артық біледі десек артық айтқанымыз емес.
Журналист болуды аңсаған ол асқақ арманына жетті де. Балалық һәм жастық шағы да шығармашыл жандардың жанында өткен соң Бәкизат Қаракерейқызының журналист болмауы мүмкін емес еді. Бірақ, журналистика саласына жолдама алу бірден бұйырған жоқ.
– Журналист болуды армандаушы едім. Мұғалімім – Тоқан апай Смағұлова – Абай атамыздың ауылының қызы болғандықтан ба, әйтеуір қазақ тілі мен әдебиеті пәнін хакім Абайдың өзі оқытып тұрғандай әсер етуші еді. Мен тым құрығанда сол қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы болатын шығармын деп ойлайтынмын. Ал ол кісі менен және Марат Қабанбаевтан күшті журналист шығатынына күманданбайтын және бізді осы мамандыққа оқуға түсу үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мықтылап дайындады. Бірақ, ол кісінің үмітін Марат қана ақтады, ал менің маңдайыма тарих мұғалімі болу жазылыпты. Дегенмен, мектеп бағдарламасы шеңберінде 4,5,6,7,8-сыныптарға қазақ тілі және әдебиеті пәнінен де сабақ бердім. Оқушыларымның ішінен – ақын Гүлнар Салықбай, Қазақстан телерадио корпорациясының мықты қызметкерлерінің бірі болған, журналист Бибігүл Жексенбай, заң ғылымдарының докторы Айгүл Қасенова сияқты танымал адамдар шыққанына шүкіршілік етемін. Ақтоғай ауданына көшіп келген 2001 жылы редакцияға аудармашы болып қызметке тұрдым. Қазақ тіліндегі газеттің шығуына жауапты, редактордың (бас редактор ол кезде Т.Ә.Смағұлов болатын) орынбасары марқұм Бәйкен Мұрсәлімұлы аударған мәтіндеріме әрқашан риза болатын. Редакциядан бұрын аудандық әкімдікте бос әкімшілік лауазымдық орын – жетекші маман- аудармашылыққа өтініш берген едім. Тестілеуден, басқа да конкурстық рәсімдерден өткен соң сол қызметке қабылдандым. Әкімдікте еңбек еткен жылдары ешқандай сын-ескерту алған емеспін, - дейді Б.Қаракерейқызы.
Иә, 23 жылдай ұстаздық еткен іскер маманның сауатты болуы заңдылық еді. Кез келген ұжымда жұмысты сеніп тапсыратын адамдар болады. Бәкизат Қаракерейқызы сондай жандардың қатарынан. Жұмысқа кешігу былай тұрсын, уақытпен санаспай тапсырманы аяқтағанша жаны жай таппайтын жайсаң жанның бұл бір жақсы қасиеті жас мамандарға үлгі.
Бала күнгі журналист болу арманы зейнеткерлікке шыққан соң бұйырыпты. Сол кездегі аудандық газеттің редакторы марқұм Талғат Смағұловтың шақыртуымен қара шаңыраққа жұмысқа орналасып, сүбелі дүниелерді жаза білді. Кез келген тақырыпта еркін жаза алатын талантты жан аудан өмірін газетте қаламмен суреттеп берді. Мұрағатты ақтарсаңыз, Бәкизат Қаракерейқызының жазған мақалаларынан сол жылдардағы ауданның ахуалы сезіліп тұратындай. Проблемалық мақалаларды жазып қана қоймай, оның шешілуіне атсалысты. Облыстық, республикалық басылымдардың кейбір журналистері «әкімдіктің жиынынан басқа не жазады?» деп аудандық газеттің тілшілерін менсінбеуі мүмкін. Шын мәнінде, бәзбіреулер сияқты «баспасөз релизін» күтіп кабинетте отырмай, ауыл-ауылды аралап, қыста боранмен алысып, жазда шаң жұтып, ауыл өмірін бейнелейтін «тірі мақала» жазуда аудандық тілшілердің еңбегі зор. Зейнеткер болса да, Бәкизат Қаракерейқызы қызығы мен шыжығы мол журналистік саланың жүгін көтере білді. Осылайша, асқақ арманы орындалып, газет тарихында мәңгілік қолтаңбасы қалды.
– Мен басқаларға зиян тигізбей, пайда ғана тигізуге тәрбиеленген ұрпақтың өкілі ретінде шамам келгенше еңбек етуге тиіспін деп түсінемін. Адам шамасы келетінін, немесе келмейтінін өзі мөлшерлейді ғой, - дейді әңгімеміздің кейіпкері.
Иә, зейнеткерліктің «ауылында» жүрсе де қоғамдық өмірден тысқары қалмайтын абзал жанның белсенділігі мақтауға тұрарлық. Әйтпесе, «жастық шақта еңбек еттім, енді пенсиямды алып демалып жатайын» деп әуреге түспей тынықса да болмай ма? Қара бастың қамын емес, ауданның абыройын ойлаған Бәкизат Қаракерейқызы жастарға үлгі екенін анық.
О.Ахмадия