ЕКІНІҢ БІРІ ДОНОР БОЛА АЛМАЙДЫ
2024 ж. 10 мамыр
138
0
Соңғы уақытта донорлық мәселесі жиі айтылып жүр. Дамыған мемлекеттерде ағза ауыстыру – қалыпты ахуал. Ал біздің елде бұл үрдісті жаппай қолдаушылар аз. Соның да салдарынан шығар, бертінде донорлар қатары сирей түскені байқалады.
Статистика не дейді?
Ресми деректер бойынша Қазақстанда 4 мыңға жуық науқастың ағзасын шұғыл түрде ауыстыру керек. «Күту парағында» кезекте тұрғандардың 100-ден астамы – балалар. Бірақ «Күту парағынан» жыл сайын 150-300 адамның есімі «жоғалады» екен. Себебі, 6-7 жылдап донорын күтетін науқастардың сырқаты дендеп, қайтыс болады. Кейін ол тізімді қауіпті диагноз қойылған жаңа науқастар толықтырады. Бұл процесс үздіксіз жалғасып жатыр.
Мамандар Қазақстанда «мәйіт донорлығы» жақсы дамыса, бір мәйіттің ішкі ағзалары кемінде 7 адамның өмірін құтқаруға мүмкіндік беретінін айтады.
Донорлардың аздығы алаңдатады
Әр қазақстандық тірі кезінде ештеңе айтпаса, көз жұмған соң донор ретінде қаралуы тиіс екен. Алайда дәрігерлер үнемі соңғы сөзді қайтыс болған адамның туысқандарынан сұрайды. Әлбетт, көбіне туысқандары марқұмның мүшелерін өзге адамға беруге қарсылық білдіріп жатады. Дәрігерлер марқұмның жақындарының алдынан өтпей, ішкі ағзаларын пайдалана алмайды. Бұдан біраз жыл бұрын 2017 жылы Ақтөбе облысында 22 жастағы жігіт қайтыс болып, дәрігерлер туысқандарына айтпай, оның 2 бүйрегін алған болатын. Жігіттің туыстары олай істеуге рұқсат бермегендерін айтып, наразылық білдірді. Тіпті, бұл оқиға қоғамда үлкен шу туғызды. Мамандар осы оқиғадан кейін донорлардың азайып кеткенін алға тартып отыр.
Десе де, дәрігерлердің өлген адамның органдарын алуға құқығы бар екені аз айтылған жоқ. Егер адам дүниеден озғаннан кейін донор болғысы келмейтінін жазып, қолхат қалдырмаса, бәрі де заңды. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР 2009 жылғы 18 қыркүйектегі заңындағы 169-бап негізінде мәйіттен қажетті ағзаларды рұқсатсыз алуға болады. Алайда бұл заң нормасы орындалмай келеді.
– Заң жұмыс істемей отыр. Егер қарсылық болмаған жағдайда, яғни тірі кезінде ондай өсиетхат қалдырмаса, автоматты түрде органын алуға болады. Бұл жерде мен насихат жоқ дегенді айтып тұрған жоқпын. Бізде дәрігерлердің өздерінен де бар. Біз сескенеміз. Егер мәйіттен бір органда рұқсатсыз алсақ, ертең бір арыз түссе, тексеру басталады. Бұл – жұмыстың барлығын тоқтатады деген сөз. Заң бойынша келісім призумпциясы деген бар. Ол туралы нақты жазылған. Бірақ біз туысқандардың келісімінсіз бәрібір ештеңе істей алмаймыз. Мәселе осында. Бізге жоғарыдан қолдау керек. Онсыз тәуекелге бара алмаймыз», – дейді медицина ғылымдарының докторы Болатбек Баймаханов.
Трансплантологтер мәйіттен ағза алу мәселесін бұған дейін де көтерген. Бірақ айтарлықтай өзгеріс жоқ. Елімізде 2011-2019 жылдар аралығында мәйіт донорлығы 302 адамға өмір сыйлаған. 2022 жылы тек 4 мәйіттік донор 16 адамның өмірін сақтап қалған, ал 2023 жылы 4 мәйіттік донор 9 адамның өмірін жалғастыруға үміт сыйлаған.
Иә, сау органын өзгеге бөліп беру – жанқиярлықпен тең. Ал оқыс жағдайда өмірден өтіп кеткен туысының ішкі органдарын өзгеге қиып беру де үлкен ерлік. Павлодарда донор іздеп, кезекте тұрған науқастарға марқұм болған жанның жүрегі, бүйрегі мен бауырын берген отбасы тұрады. Бұл шешім үш адамға өмір сыйлады. Осылайша дәрігерлер комаға түскен әйелдің ішкі органдарын сәтті пайдаланды.
«Егер осындай қасіретке тап болсаңыз, маңызды шешім жасаудан қорықпаңыз. Әрине, өте ауыр. Дегенмен, біреудің өмірін сақтап қалуыңыз мүмкін. Мәселен, менің анам үш адамға өмір сыйлады. Оның жүрегі ер адамның кеудесінде соғып тұр. Ал мен үшін анам әлі тірі деген сөз», – дейді Арина.
Республика көлемінде өзге облыстармен салыстырғанда Атырауда донорлық мәселесі оңтайлы жолға қойылған.
Атырау облыстық №2 ауруханасының реанимация бөлімінің меңгерушісі Дәурен Елеуовтің сөзінше, адам қайтыс болып кеткеннен кейін марқұмның ағзасын алудың медицина үшін пайдасы жоқ.
«Адамның миы жұмысын тоқтатқаннан кейін, белгілі бір уақытқа дейін оның жүрегі жұмыс істеп тұрады. Осы кезде біздер науқастың туыстарынан донорлыққа дене мүшелерін алуға рұқсат сұраймыз. Рұқсат алғаннан кейін ғана аппаратты өшіріп, операция жасай аламыз. Бірақ донорлықтың маңызын біздің қоғам әлі де болса түсіне алмай отыр», – дейді маман.
«Бүйрек ауыстыруға мұқтаж екенімді туыстарыма ғана айттым. Әрине, трансплантация жасау – күрделі операция. Сау адам үшін де дене мүшесімен бөлісу оңай шешім емес. Әзірге ем қабылдауды жалғастырамын. Бәрі үйлесіп, сәтті ота жасататыныма үміттімін», – дейді Нұрлан.
Елімізде алғаш рет қостанайлық азаматтың жүрегі алмастырылған болатын. Отаны «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» базасында 2012 жылы Қазақстанның жоғары білікті кардиохирургы Юрий Пя жасады. Кейін осы еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.
Әлеуметтік желінің әсері
Мамандардыңі сөзіне сүйенсек, әлеуметтік желілерде донор мәселесіне қатысты алып-қашпа әңгімелер өте көп. Сондықтан болса керек, тұрғындар арасында теріс пікір қалыптасқанын айтып отыр.Дін атын жамылғандар тіпті, «Денсаулық туралы» кодекске өзгеріс енгізіп, мәйіт донорлығын тоқтатуды сұрайтын көрінеді.
«Әркіммен сөйлесу де оңай емес, туыстарына келіп, рұқсат беріңіз деп, бір тіленші сияқты тұру, олардан «жоқ» дегенді есту бізге оңай емес. Бұл қарап тұрсаң, біздің жұмыс емес. Біз алдымызға келген адамға операция жасау керекпіз. Заңда жазылған «келісім презумпциясы» немесе «ықтимал келісім» деген қағида орындалмай отыр. Жоғарыдан қолдау жоқ, оған пропагандистер қосылды.
Біз сіздерді қорғаймыз, жасай беріңіздер десе, біздің команда дайын. Тіпті күні, түні жасауға әзірміз. Біздің артымызда жылап-еңіреп донорын күтіп отырған қаншама адам тұр. Тек бүйректің өзіне күту парақшасында 2,5 мың, ал диализбен жүрген тағы 2,5 мың адам бар. Олардың барлығына бүйрек керек. Хирург мамандар трансплантация кезінде адам ағзаларын ұрлап, артынан оны саудалайды деген жалған. Себебі пациенттің ем-домымен қаншама адам айналысады», – дейді Болатбек Баймаханов.
Қандай ағзалар қажет?
Қазақстанда жүрек, бауыр, өкпе, ұйқы безі және бүйрек трансплантациясы жүргізіледі. Тірі донор да, өлі донор да бүйрек пен бауыр бөлігінің доноры бола алады.
Жүрек, өкпе және ұйқы безінің доноры жүрек пен өкпенің жасанды қолдауымен мидың өлімі туралы хабарланғаннан кейін ғана өлі донор бола алады. Ал денсаулығында кінәрат жоқ әрі донор болуға ниет білдірген қазақстандық тірі донор бола алады. Әрине, бірінші кезекте донор органдарының «сапасына» баса мән беріледі. Мәселен, қатерлі ісіктен қайтыс болған науқас қайтыс болғаннан кейін донор бола алмайды. Кәмелетке толмағандардан немесе әрекетке қабілетсіз азаматтардан орган трансплантациясы басқа үйлесімді донор болмаған жағдайда ғана мүмкін болады, ал трансплантация реципиенттің өмірін сақтап қалуға арналған.
Сонымен қатар, барлық басқа шарттар орындалуы керек. Біріншіден, сіз ресми өкілдердің (ата-аналардың немесе қамқоршылардың) жазбаша және расталған нотариаттық келісімін ұсынуыңыз керек; донор реципиенттің ағасы немесе қарындасы болуы керек. Бастысы, органды алуға ерікті келісім қажет. Қазақстанда балалардың қайтыс болғаннан кейінгі донорлығы қолданылмайды, өйткені елде балалардың миының өлімі тіркелмейді.
Трансплантация оталары бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. Яғни, денсаулық сақтау министрлігінің толық бақылауында. Ал органдарды сатып алуға және сатуға тыйым салынады. Ағзасын сатқан да, сатып алған да қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Қарсылық білдірмейтіндер де бар
ҚМДБ діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайырбеков хадистерде адам өмірін сақтап қалудың қаншалық құнды екені баяндалатынын айтады.
– Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағзаларды трансплантация жасау рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады. Өйткені, көз жұмған адам Құран мен хадисте айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болады, – дейді Нұрлан Қайырбеков.
Жақында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та «Ағзамды донор ретінде беруге келісемін» деп мәлімдеме жасады. Ол бұл қадамын тек медицина тұрғысынан ғана емес, адамгершілік тұрғысынан да дұрыс деп санайды.
«Өлген соң сенің сау ағзаң өзге біреуге өмір сыйласа, бір адамның өмірін құтқарып қалуға септігі тисе несі жаман?! Өмір үшінгі күресте донор қажетсінген жағдай ет жақын туысымызда болуы әбден мүмкін ғой» деп көпшілікке ой салды министр. Сондай-ақ донор қажетсінетіндер үшін электронды тіркеу жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті. Ел азаматтары электронды үкімет арқылы мәйіт донорлығына қатысты өз таңдауын білдіруге құқылы. 40 мыңнан астам азамат өз ойын жазып қалдырса, оның 15 пайызы өзін қандай да жағдайда қайтыс болса да ағзасын басқа азаматтардың өмірін сақтау үшін алуға рұқсат ететіндігін жазыпты. Бұл өз кезегінде қоғамда болашақта донорлыққа қатысты оң пікір қалыптасуы мүмкін екендігін көрсетеді.
Оралхан ҚОЖАН,
«Қазақ үні»