ҚАЗАҚ ТІЛІ ҮШІН КҮРЕС - ҚАЗАҚ ЕЛІ ҮШІН КҮРЕС!
2024 ж. 09 мамыр
767
2
ТІЛІМІЗ ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ЖЕТПЕЙ, ЕЛІМІЗ ТӘУЕЛСІЗ БОЛА АЛМАЙДЫ!
ЖЕҢІС КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ЖЕҢІС
Тіл майданында үлкен-кіші күрестер деп қарауға болмайды - әрбір алға басқан қадам - Мемлекеттік тіл үшін - Мемлекеттік мүдде үшін жеңіс!
Еліміздегі Фортебанктың жұмысқа қабылдау үшін жариялаған хабарламасындағы “ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ МІНДЕТТІ ЕМЕС!” деген қорлық сөзден шыққан дау банктың кінәні тілсіз роботқа - жасанды интеллектіге аударып, қалың елден кешірім сұрауымен және Мемлекеттік тілді дамыта беретін уәделерімен бітті.
Банктің жауапты қызметкерлері пост жариялаған белсенді тіл күрескерлеріне хабарласып, кешірім сұрап шықты… Қазақ мектебін салып жатқан көрінеді, қазақ суретшілеріне қолдау жасаған дейді тб. Банк осы уақытқа дейін қазақ үшін не істепті, соны іздеп, тізім жасап кетті…
Тіл үшін күрес - тілсіз роботқа кінә аудара салумен бітпейді. Жасанды интеллекті өзінің базасында, қорында не бар, соны жазады. Яғни, банктің сөздік қорында “ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ МІНДЕТТІ ЕМЕС!” деген сөз бар, тіпті жеткілікті де, “ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ - МІНДЕТТІ!” деген сөз жоқ, өмірі болмаған! Мемлекеттік тілді талап ету - банктер түгілі мемлекеттік мекемелердің де көбінде жоқ!
Өмірімізге енді алапат қарқынмен ене бастаған Жасанды интелектінің негізгі сөздік қоры -Мемлекеттік тіл - Қазақ тілі болуы тиіс! Өткен жылдың аяғында Назарбаев университетінде қазақ-ағылшын тіліндегі Оксфорд сөздігінің тұсаукесерінде сөйлеген сөзімізде осындай талапты баса айтқан едік. Ол міне, алдымыздан шығуда.
Бұндай саяси қателік, Мемлекеттік тілдің рөлін жоққа шығару - тек Фортебанкте ғана емес, еліміздегі ең үлкен банк Халық банктен бастап, барлық банкте де бар. Тек қаржылық мекемелерде ғана емес, құқық қорғау органдарында да, министрлік пен әкімдіктерде, мемлекеттік органдарда да мемлекеттік тілдің заңсыздыққа ұшырап келе жатқанын жақсы білеміз. Сол үшін мемлекеттік органдардан бастап, қаржылық институттар мен мекемелердің бәрін тексеріп шығуы керек тиісті органдар.
Қайда біздің 2021 жылғы Халықаралық Қазақ тілі құрылтайынан бастап, айқайлап жүріп, екі жыл бұрын құрылған Мемлекеттік тілді қадағалайтын Мемлекеттік ведомоствоаралық комиссия? Әлі күнге дейін бір жиыны өткен жоқ қой?
Тиісті орындар тексермегесін, халық өз күшімен, қоғамдық ұйымдар мен тіл үшін күресуші белсенділер іске кірісіп, мемлекеттік тілді қорғайтын заңнаманың сақталуын талап етіп келеді.
Былтыр бизнесмен Рамиль Мухоряпов деген көпшілік алдында қазақ тіліне қарсы шығып, дау-жанжалдың астында қалған. Орысша сөйлегендерге қазақша жауап беруді мәдениетсіздік деп санайтын ол заңымызға қарсы шыққан… Кезінде экс президентіміз де “Орысша сұраққа қазақша жауап бергендер жұмыстан қуылсын” деп, өзі қол қойған заңына қарсы шыққан… Бизнесменнің бұл астамсуының ақыры қоғамның қатты наразылығына ұшырап, Мухоряповқа тиесілі «Chocolife.me, Chocotravel, Chocomart.kz, iDoctor.kz, Aviata.kz» өнімдерінен жаппай бас тарту жөніндегі үндеулерге ұласып кеткен еді…
Бірақ, банк дауы біткенмен, халық дауы бітер ме?
Қазақ тілі үшін күрес - Қазақ Елі үшін күрес біткен жоқ?!. Ол қашан бітеді?!.
Ол еліміздегі барлық жұмысқа, қызметке алу үшін “ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ МІНДЕТТІ ЕМЕС!” деген қорлық сөзден “ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ - МІНДЕТТІ!” деген заңдық сөзге ауысқан күні бітеді!
Ол үшін отыз жылдан бері қалың ел зарлап келе жатқандай, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕЙТІН ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!
Мемлекеттік тіл үшін дауды тек Мемлекеттік тіл туралы заң ғана тоқтата алады! Әйтпесе, осылай отыз жыл бір елді екі тілге бөлу арқылы екіге бөлгендіктен туып келе жатқан жанжал жалғаса береді. Оған бәріміз отыз жылдан бері нақты куә болып келеміз.
Бұл қазақ тіліне қарсыларға ұнасын, ұнамасын, иртышбаевтар инфаркт болып кетсе де, өмірдің ащы шындығы! Шындық ащы болғасын, Ақиқаттан алыстарға ұнамайды! Біз бұған бәрібір келеміз! Ол тарихи да, табиғи да заңдылық!
Барлығы 100 мың мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік тілді білмейтіндері 15-16 мыңдай десек, ол 20 миллион халықтың 0,01 пайыздайы ғана. Ресми мәлімет бойынша 20 миллион халықтың мемлекеттік тілді меңгерген 81 пайызы - 16 миллионнан аса халық.
Яғни, 16 миллион халықтың 16 мыңдай мемлекеттік тілге миы жетпейтін “мемлекеттік қызметкерлер” үшін отыз жылдай уақыттан бері тілдік дискриминацияға ұшырап келе жатқан заңсыз масқаралығын тоқтату керек!
Қазақ тілі қорланып жатқанда, Мемлекеттік мүддені қорғап алғаш дабыл қаққан белгілі әнші, нағыз ұлт зиялысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әлемге қазақ тілін үйретіп жүрген әйгілі әнші, дүлдүл Димашымыздың әкесі Қанат Айтбай мен Республикалық “ҚазБілімге” қарайтын барлық мектеп-мекемелерінің есепшотын, 420 мұғалімнің жалақы алатын картасын Фортебанктен басқа банкіге ауыстырып жатқан, елімізде қазақ тілін қорғап, алғаш нақты іс-әрекетпен қарымта жауап қайтарған ұлтшыл ұстаз, білікті білім қайраткері Аятжан Ахметжанұлына айтар Алғысымыз зор!
Үнсіз қалмай, үндеу жасаған барлық тіл күрескерлеріне көп рахмет!
Тіліміз Тәуелсіздікке жетпей, Еліміз Тәуелсіз бола алмайды!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні