СӨЗМЕРГЕН

СӨЗМЕРГЕН

Есімі елге белгілі журналист Өмірзақ Ақжігітті білмейтін қаны бар қазақ жоқ шығар…

Тәуелсіздік жылдары Қазақ журналистикасы Ұлттық партияның рөлін атқарды деген жоғары баға алдымен Өмірзақ Ақжігіттей өр тұлғалы қалам қайраткерлеріне қарап айтылатыны анық.

Өмекең бұл бағаны республикалық “Жас қазақ үні”, (қазіргі “Қазақ үні” газеті), “Қазақия” газеттерінің бас редакторы кезінде айқын дәлелдеп берді және дәлелдеп келеді.

Қазір бар Қазақ үніне айналған нар “Қазақ үні” газетінде бас редактор болып істеп жүргенде Өмекең жұмысқа берілгені сонша, пәтеріне қайту қаперіне кірмейтін… Түн ауып кеткесін, редакцияда өзіне арнайы жасалған бөлмеде жата салатын. Таңмен таласа тұра салып, тағы да тағамынан бұрын қаламына қол созатын…

Өмекең 2003 жылдан бері жиырма жылдан артық журналистика майданында алдыңғы қатарда қарқынды қайрат көрсетіп келе жатыр. "Оңтүстік Қазақстан", "Жас Алаш" газеттерінде арнаулы тілші, "Жалын" журналында жауапты хатшы, "Жас қазақ үні" мен "Қазақия" апталығында бас редактор қызметтерін абыройлы атқарды.

Өмекең халықшыл әкімдермен де тізе қосып, еңбек етті. Арыс пен Сайрамда Айтахановтың академиясынан тәлім алған ол “әкімдердің ақыны, ақындардың әкімі” Ислам Әбішпен де бір майданда жүрді. Исекең Су министрі кезінде халық қазынасының триллионын үнемдегені үшін жазықсыз жала жабылып, түрмеге түскенде, Өмекең әрбір соттың отырысына қатысып, қаламымен араша түсті.

Өмекең газет редакцияларында күнделікті газет шығарумен ғана күйбең тірлік өткізіп қоймай, қазаққа қажетті құнды кітаптар жазып тастады. “Тыныштық жақпайтын адам", "Жауғашты Нәбиев - істің адамы", "Боямасыз өмір", "Мини-Қабуснама" деген тағылымды да, тартымды кітаптардың авторы ретінде де есімі елге белгілі. 

Өмекең қоғамда болып жатқан әрбір қоғамдық-саяси оқиғаларға әділ үн қатып келеді. 

Әсіресе, қазақ тіліне, қазақ мүддесіне қарсыларға қарсы майданда хан болсын, қара болсын, аямайтын біздің “Қазақ үні” газетінің ұстанымы мен Өмекеңнің ұстанымы да бірдей. Маған осы мінезі қатты ұнайды. Өмекеңде бұл өткен ғасырда Кеңес империясына қарсы шыққан Созақ көтерілісін басқарған атақты Салықбай мергеннің он жеті мергенінің бірегейі болған Ақжігіт атасынан қанында бар. 

Атасы көзмерген болса, Өмекең сөзмерген! Қаламымен атқанын қаусатып түсіреді. Ондыққа тиетін ойлы сөздер ойып түседі!

Мәскеуде инженерлік институтты бітірген соң, орыс тілінде де еркін жаза береді. Бұл қазақ тіліне, ұлттық мүддемізге қарсы өзіміздің орысқұлдарға, 

ана тіліне миы жетпесе де, министр, әкім, депутат болып жүретін шенеуніктерге, атағы жер жаратын әйгілі қайраткерлерге қарсы жазылған мақалаларды солардың оқитын тілінде жариялау қажет болған кезде қатты кәдеге жарап жүр. Ұлттық мүдде үшін күресте орыс тілінде мақалалар жарияларда әрине, “Қазақ үні” газеті орыс редакциясының редакторы, көрнекті журналист, “Ақпарат саласының үздігі” Дастан Елдестің үлесі де ерекше болады.

Жаңа заман, Әділетті Қазақстандағы түбегейлі өзгерістерді қолдап, Алаш жолын ұстанған “Ақ жол” демократиялық партиясына тілектес болып, сайлауда да, жайлауда да, барлық майданда да өткір, күшті мақалалар жазып, қайрат көрсетіп келе жатқан Ақжолдас Ақтілектесіміз ретінде де ақкөңіл Ақжігіт ағамыздың қаламгерлігі мен қайраткерлігіне айтар Алғысымыз зор!

Сондықтан да, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Тұрлыбекұлы Өмірзақ Әбдуәлиұлын 70 жасқа толған мерейтойымен партияның парламент және мәслихат депутаттарының атынан құттықтап, “Ақ жол” партиясының Алаш арыстары құрметіне арналған “Қазақ Республикасына 100 жыл” алтын медалымен марапаттады!

Өмекең қандай марапатқа да лайықты тұлға!

Өмекең анау бір жылы менің әкем Жарылқасынмен “Меркі” шипажайында бірге демалды. Табиғаты тамаша, суының емдік қасиеті мол “Меркі” шипажайын бес-алты жыл басқарған кезінде қазіргі жақсы жағдайға жеткізген Жапар Баубеков деген кәсіподақ саласының қайраткері, Жетісулық ағамыз. Сол кезеңде әкемді демалуға жіберетін болдым. Ол кісіні жалғыз жібергіміз келмей, Шымкенттегі Өмірзақ ағамызға: “Әкеміз шипажайға бара жатыр. Бойдақ шал шипажайда қолды болып кетпес үшін қасына өзіңіздей сенімді серік керек” деп, әзілдеп, екеуін бірге жібердік. 

Шамасы, демалысы мен жорықтары сәтті болған болуы керек, Өмекең әкемізге қатты ұнап қалыпты… Кетер-кеткенше: “Біздің күйеу бала Өмірзақтың жағдайы қалай?”-деп сұрап тұратын… Пейіште рухы шалқи бергей. Өмекең де “әкең мықты қазақ екен” деп қоятын да, әріге бармайтын… Біз де одан әрі қазбаламаймыз, қоя саламыз.

Иә, айтпақшы, көкем айтқандай, Өмекең біздің елге күйеу бала, яғни маған жезделігі бар. Сондықтан да Өмекең ұл-қыздарының жетістігі туралы айтып қалса, “Нағашыларына тартқан да. Сіздің мықты боп жүргеніңіз де, біздің әпкеміздің арқасы ғой” деп қорытамыз барлық әңгімені. 

Құрметті Өмеке!

Сізді жемісті жетпіске, мерейлі жасқа толуыңызбен құттықтаймыз! Денсаулығыңыз зор болып, шаңырағыңыз шат-мереке мен бақ-мерекеге бөлене беруіне тілектеспіз!!

Ел болып тойлап жатқан төл Мерекеңіз мол Берекеге айналсын!

Ұлттық мүддемізді қорғауда үнемі алда болып, Қазақ үнін биіктен шырқай беріңіз!

Жүзіңіз жарқын күйде Жүзге жете беріңіз!

Әрқашан Ақ жол тілейміз!

Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты