Батпаққара көтерілісіне 95 жыл

Батпаққара көтерілісіне 95 жыл

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Есенова Үрзада Мырзабекқызы «Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің» ұйымдастыруымен өткен Батпаққара көтерілісінің 95 жылдығына орай, Қазақстандағы 1929-1931 жылдардағы көтерілістер – зерттелуі және тың деректер тақырыбындағы республикалық ғылыми тәжірибелік конференциясына онлайн қатысты. 

Конференцияға тарих ғылымдарының докторы, прфессор Хангелді Әбжанов, тарих ғылымының докторы, профессор Әлима Ауанасова тағы басқа еліміздің әр өңірінен музей қызметкерлері, ғалымдар, өлкетанушылар қатысып, тың деректер айтты. 

Батпаққара көтерілісі кеңес үкіметінің қазақ халқына көрсеткен зорлық-зомбылығына қарсылықтан бастау алған. Халық наразылығы Қостанай округінің Батпаққара, Наурызым, Торғай аудандары мен кейбір ауылдарын қамтыған. Көтерілістің басталуына 1928 жылдың қыркүйек-қараша айларында жүргізілген кәмпескелеу науқаны себеп болған. Сондай ақ осы науқанда қазақтың бай, бақуатты адамдарының, өлкеден шыққан Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, М. Есболовтың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі Ә. Жанбосыновтың серіктері мен балаларының әділетсіз қуғындалып, абақтығы жабылуы халықтың ашу-ызасын тудырды. Батпаққара көтерілісі кезінде РКФСР «Қылмысты істер кодексінің» 58-бабы бойынша «контрреволюционерлер» «ұлтщылдар», «алашордашылар» деген айыппен 50 адам тұтқындалған. Көтерілісшілердің басты мақсаты-осы адамдарды қамаудан босату болды. Кеңес үкімет органдарындағы басшы адамдардың озбырлығы астық дайындай науқанындағы жүгенсіздіктер, өкіметтің дінге теріс көзқарасы қалыптасқан ахуалды шиеленістіре түсті. Көтерілісшілер «Кеңес үкіметі жойылсын», «Алынып қойылған жерлер иелеріне қайтарылсын» «Байлардың кәмпескеленген малдары өздеріне қайтарылсын», «Хандық жасасын» деген саяси ұрандар көтерген. 1929 жылы 2 қарашада наразылыққа қатысушылар Батпаққара ауданының орталығына басып кіріп, Олар жергілікті кеңес, партия, сот, милиция, кооператив, шаруашылық мекемелері орналасқан үйлерді өртеген. Батпақара көтеріліс туралы қысқаша мағлұмат осындай.

 Ал, соңғы дерек бойынша белсенді түрде 2-3 күн болған Батпаққара көтерілісіне 500-ге жуық адам қатысқан. Олардың басым бөлігі өз дүние мүлкін қайтаруын сұраған қазақтар еді. 9 қараша күні Батпаққара ауылында кеңестік билік қайта орнап, кеңестік жаппай жазалау мен қуғын-сүргін бірнеше жылға созылған. Тіпті, Батпаққара көтерілісіне мүлде қатысы жоқ жандар да қуғынға ұшырап көтерілісті дайындаушы алашордашылар деген айып тағылған дейді, профессор Хангелді Әбжанов.

Конференция соңында қатысушыларға және Түркістан облыстық Тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Үрзада Есеноваға арнайы сертификат табысталды.