ХАЛЫҚ СІЗДЕРГЕ СЕНУ ҮШІН НЕ ІСТЕП ЖАТСЫЗДАР? - Қазыбек Иса

ХАЛЫҚ СІЗДЕРГЕ СЕНУ ҮШІН НЕ ІСТЕП ЖАТСЫЗДАР? - Қазыбек Иса
  • “Аңшының сөзі мен Статистикаға сенуге болмайды!” - дейді халық.
  • Топан судан қорғану үшін төселген қаптардың санын бірнеше миллионнан асырып көрсетіп, “социалистік жарысқа түсу” шындыққа сай келе ме?!.
  • 3,5 миллион қаптың өзі Петропавл қаласын түгел қоршап шығуға болады…
  • Статистиканың ең маңызы - халық санын айқындау!
  • 2009 жылы Статистика агенттігі төрайымы қазақтың саны 67 пайыз деп көрсеткені үшін сотталып кетіп еді…
  • 2020 жылы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қазақ халқының саны 78 пайыз болады деді…
  • Бірақ 2021 жылғы Халық санағы қорытындысы 70 пайыздың айналасы деп көрсетті…
  • Жалпы, отыз жылдан бері мемлекет құраушы қазақ халқының санын азайтып көрсетіп келеді деген күдік бар елде.

Бүгін 2024 жылы 2 мамыр күні ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысында "Мемлекеттік статистика және деректерді басқару мәселелері бойынша" ҚР Заңының жобасы жөнінде бірінші оқылым қаралды.

Баяндамасын әдеттегідей мемлекеттік тілде жасаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Е.Смышляева депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Біз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның статистиканың сенімсіздігі туралы мәселені көтерген сөзін жариялап отырмыз.

-Мен алдымен қазақ тілінде толыққанды баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Екатерина Василийқызы Смышляеваға рахмет айтамын. Үнемі парламентте баяндамасын да, сөзі мен сұрақтарын да қазақша жасап, кейбір қазақтарға үлгі көрсетіп келеді.

Менің сұрағым Ұлттық статистика бюросы басшысы Мақсат Тұрлыбаевқа.

Жалпы халықта баяғыдан статистикаға сенімсіздік бар. “Аңшының сөзі мен Статистикаға сенуге болмайды!”-дейді халық.

Ал атақты жазушы Марк Твен: «Өтіріктің үш түрі болады: жай өтірік, арсыз өтірік және статистика» дейді.

Қазір тасқын сумен алысқан халық 7 жасар мен 70 жасқа дейін алапат еңбек етуде. Құдай қуат берсін дейміз. 

Бірақ осы халықтың ерлік еңбегіне мемлекеттік органдардың статистикалық мәліметтері, көрсеткен есептері көлеңке түсіруде.

Топан судан қорғану үшін төселген қаптардың санын 7 таңбалы саннан тұратын миллионнан асырып көрсетіп, “социалистік жарысқа түсу” шындыққа сай келе ме?!.

Мысалы:

-3,5 млн қап төселді дейді Атырау облысы. 

-3,5 млн қап төселді дейді Петропавл қаласы СҚО.Атырау облысы.

-3 млн қап төселді дейді Орал қаласы БҚО.

-1 миллион 600 мың қап, 1,2 млн тонна инертті материал төселген -Төтенше жағдай министрлігі.

-1 миллион 53 мың қап төселген дейді - Ұлттық ұлан.

1 тоннаның өзі 1 мың кг емес пе? Ал Төтенше жағдайлар министрлігі инертті материалдар төселді деп көрсеткен бұл жерде 1 млн 200 мың тонна. Сонда 1 мың кг-ды 1 млн 200 мыңға көбейтсеңіз не боп кетеді өзі?!.

Бір оқырман 3,5 миллион қаптың биіктігінің өзі төрт қатардан қойғанның өзінде 18 метр биіктікте Петропавл қаласын түгел қоршап шығуға болады дейді.

Тал егу мен гүл егуде де миллиондар айтылады.

Таразда 1 миллион гүл мен 40 мың тал егіліпті…

Талғарда бір күнде 100 мың қызғалдақ егіліпті!

Бұл не деген қаптаған рекордтар!?.

Жыл сайын астананың айналасына 100 мыңдаған тал егілді деген мәліметтер жүреді баспасөзде.

Бірақ Астананың айналасынан қалың орман көріп тұрған жоқпыз…

Статистиканың ең маңызы - халық санын айқындау! 

2009 жылы Статистика агенттігі төрайымы қазақтың саны 67 пайыз деп көрсеткені үшін сотталып кетіп еді… Бұл шын болуы да мүмкін, өйткені сол кезде “Қазақтың саны 70 пайызға жетіпті” деген ақпараттар жүрді.

Билік 67 пайыздан 63-ке, 4 пайызға түсірді -4 жыл қашып жүрді төрайым. Қолға түскесін 4 пайыздың әр пайызына 2 жылдай мерзім беріп, 7 жылға соттап жіберді... 

2020 жылы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қазақ халқының саны 78 пайыз болады деді Абайтв арнасының алғашқы хабарында. Қырекең мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, талай үлкен лауазымдарда істеген салмақты саясаткер, сараптап алмай ешнәрсе айтпайды.

Пандемияға байланысты Халық санағы 2019 жылы емес, екі жылдан кейін 2021 жылы болды. Бұл кезде ел қазақтың саны 80 пайыз болады деп болжап отырғанда, Халық санағы 70 пайыздың айналасы деп көрсетті, оған да шүкір…

Жалпы, отыз жылдан бері мемлекет құраушы қазақ халқының санын азайтып көрсетіп келеді деген күдік бар елде.

Мен бұл ойларымды Хабар24 арнасы мен басқа БАҚ-тарда екі-үш рет айттым. 

Сондықтан, Ұлттық статистикалық бюро төрағасы Мақсат Тұрлыбаевтан сұрайтыным, статистикалық мәліметтердің шындығын қалай анықтауға болады?

Халықтың статистикаға сенімсіздігін жою үшін қандай шара қабылдап, не істеп жатсыздар?

Ұлттық статистикалық бюро төрағасы Мақсат Тұрлыбаевтың жауабын видеодан тыңдайсыздар: