МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ЖОҚ - ӨНДІРІС ҚАЛАЙ КҮН КӨРЕР?! - Қазыбек Иса

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ЖОҚ - ӨНДІРІС ҚАЛАЙ КҮН КӨРЕР?! - Қазыбек Иса

Бүгін 2024 жылы 29 сәуір күні ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырыс залында "Жаңа өнеркәсіптік саясат - өңдеу өнеркәсібін дамытудың сапалы жаңа моделі" деген сала құлаш тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Баяндама жасаған ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Бейсембайұлы Шарлапаев депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Біз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның талқылауда сөйлеген сөзін ұсынып отырмыз.

"ОРЫСША ЖАУАП БЕРЕ БЕРІҢІЗ"- дегенді ТОҚТАТУ КЕРЕК! БҰЛ - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ӨЛТІРУ!

-Құрметті министр Қанат Бейсембайұлына ең алдымен айтарым, Өнеркәсіп министрі өнеркәсіпті қайдам, мемлекеттік тілде сөйлеуді жақсы меңгеріп алыпты, рахмет. Иә, баяндамада да, депутаттар сұрағына жауап беруде де, қазақ тілінде жақсы сөйледіңіз, сол үшін рахмет! Енді сіз қазақ тіліндегі сұрақтарға ғана емес, орыс тіліндегі сұрақтарға да қазақша жауап бере берсеңіз болады. Ал әріптестеріме айтарым, "орысша жауап бере беріңіз" деген сөз бен орысша сұрақ қоюды тоқтату керек. Бұл - министрге жақсылық жасау емес, бұл - министрді мүсіркеу! Бұл - парламент қабылдаған тіл туралы заңды парламентте өлтіру болып табылады.

ҮКІМЕТ ОТАНДЫҚ КӘСІПОРЫНДАРДЫ ҚОРҒАЙ АЛМАЙ ОТЫР...

Ал енді баяндамаға келейік. Баяндамаңызға қарасақ, бәрі қатып тұр, тамаша! Ал өмірдегі өндірістің жағдайы сіздің баяндамаңыздағы жағдайға жете алмай жатыр...

Мысалы, өткен 2023 жылы күзде "Ақ жол" партиясы парламентте Шымкентте мақта өңдеуден дайын өнім тігуге дейінгі толық өндірістік циклі бар Қазақстан Республикасындағы жалғыз жұмыс істеп тұрған тоқыма фабрикасы «AZALA Textile» ЖШС фабрикасының жағдайын айтып, мәселе көтерді. Үкіметке депутаттық сауал жасады. Ал сіздің баяндамаңызда бұл фабриканың аты аталмады да... 

Бұл фабрика 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді, 20 жылға жуықтады. Жалпы инвестициялардың көлемі 70 млн АҚШ долларын құрайды. «AZALA Textile» ЖШС шығарған өнімнің 80 пайыздан астамы Еуропалық Одақ елдеріне экспортталды. Сондықтан да бұл фабрика мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болған емес. 

Тек Ресей Украинаға басқыншылық жасап, соғыс басталғалы бірқатар себептерге байланысты (қауіпсіз логистикалық бағыттың болмауы және т.б.) ЕуроОдақ елдеріне өнім экспорты тоқтатылды. Сондықтан, кәсіпорын қиындықтарға тап болып, өндіріс 40 пайызға дейін төмендеді. Қазір фабрика банкротқа ұшырап, жабылу алдында тұр.

Кәсіпорын Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша жеткізген матаның шаршы метрлерінің максималды саны 1,8 миллион шаршы метрді құрады. Ол жалпы өндірістік қуаттың 13 пайызы ғана. Біздегі ақпарат бойынша, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы 2022 жылы 23 миллиард теңгені, ал 2023 жылы 24 миллиард теңгені құраған.

Оның 15-16 миллиарды киім-кешек сатып алуға жұмсалады, оның матасын Қазақстанда тікелей қазақстандық мақтадан өндіруге болады. 

Бұл Қорғаныс министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әскери киімдерге арналған маталарды шетелдік жеткізушілерден сатып алатынын көрсетеді. Яғни мемлекеттік қорғаныс тапсырысы үшін маталарды шетелдік тоқыма кәсіпорындары қазақстандық өнім ретінде сатады. Мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарын қалыптастыру, орналастыру және рәсімдеу ережесінен киім-кешек бұйымдарына техникалық шарттарды рәсімдеу кезінде тапсырыс беруші арнайы мақсаттағы бөлімдерге арналған киім мүлкін қоспағанда, кемінде 30% жергілікті шикізат үлесі болуын талап етуге тиіс екені белгілі.

Демек бізде мемлекеттік орган бұл талаптарды орындамайды? Яғни, үкімет өз кәсіпорындарын қорғай алмай отыр? Мұның бәрі өз кезегінде біздің тауар өндірушілерге үлкен қиындықтар туғызып, бүкіл Қазақстан бойынша мұндай кәсіпорындардың одан әрі дамуына кедергі келтіреді (кешеуілдетеді). Оның үстіне, мемлекеттік қолдаусыз мұндай кәсіпорындар мен олардың қызметкерлері жұмысынан, күнкөріс қорынан айырылып қалу қаупі бар. Ал бұл біздің елдегі әлеуметтік шиеленіске қатты әсер етуі мүмкін.

Мәселе тек қана осы жеке компанияда ғана емес, жалпы мемлекеттік экономикалық саясатта. 

«Ақ жол» фракциясы экономикалық ұлтшылдық саясатын қолдап, бірнеше ұтымды ұсыныстар жасаған:

1.Киім бұйымдары үшін жергілікті шикізат үлесіне шекті 30%-дан 60%-ға дейін арттыру қажет.

2.Жергілікті қамту үлесін анықтаудың нақты Әдістемесін әзірлеу және Ережеде белгілеу.

3.Тиісті талаптарды, нормаларды, құжаттамаларды жергілікті қамту үлесін бақылауды күшейту керек, импорттық өнімді отандық өнім ретінде өткізуге мүмкіндік бермеу.

4.ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекеттік сатып алудағы отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің үлесін арттыру туралы тапсырмасының орындалу барысында, отандық өндірушілер ұзақ мерзімді офтейк келісім-шартқа көшуді талап етеміз.

Сіз, министр мырза, баяндамаңызда бұл ұсыныстардың орындалып жатқанын айтып, біразына жауап беріп кеттіңіз. 10 пайыз отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді офтейк келісім-шарт жасалғаны, "Ақ жол" ұсынған киім бұйымдары үшін жергілікті шикізат үлесіне шекті 30%-дан 60%-ға дейін арттыру жасалып жатқанын, жергілікті қамту үлесін анықтаудың әдісі реестр бойынша болатынын айттыңыз.

Бірақ өмірде бәрі басқаша! Мен кеше ғана сол «AZALA Textile» фабрикасында болдым. Олар "30 пайыз жергілікті өнім" түгілі, жыл басынан бері осы уақытқа дейін бір де бір мемлекеттік тапсырыс алмаған. Авангард фабрика банкрот болып, жабылғалы тұр... Сонда сіздердің " Жаңа өнеркәсіптік саясаттарыңыз" неге бастап, қайда апара жатыр?

ӨНІМ ӨНДІРУШІЛЕРІМІЗ ҮШІН ЭНЕРГИЯ ЕКІ ЕСЕ ҚЫМБАТТАП КЕТТІ?!. 

Мәселе тек бір осы фабрикада ғана емес, барлық жерде жағдай солай. Біз өз өндірісімізді қолдауымыз керек. Ал жағдай керісінше?! 

Осы өндіріс орындарының бәрі өнімді немен өндіреді? Электр қуатымен! Ал біздің өндіріспен айналысып, нақты тауар өндіріп отырған кәсіпкерлер үшін энергия тарифтеріміз екі есе қымбаттап кетті қазір?! Сол «AZALA Textile» фабрикасынан бастап, бәрі осы электр қуатының қымбаттауына шағынып отыр. "Ақ жол" партиясына жүздеген кәсіпкерлерден арыз түсуде. Біз не деп жауап береміз? Энергетика министрі А.Сәтқалиев "Электр энергиясы бағасының тарифі төмендемейді" деді. Яғни, өсе береді деген сөз... 

Сонда отандық өнім өндірушілер қалай өнім өндірмек? Қалай өмір сүрмек?!.

МАҚТАНЫ МЕМЛЕКЕТ САТЫП АЛУЫ КЕРЕК!

Сонымен қатар, ерекше атап айтарымыз, жеңіл өнеркәсіптің негізгі шикізаты - мақта, ақ алтын. Түркістан облысында 100 мыңға жуық гектарға мақта егіліп, 100 мыңдаған адам сол мақтамен күн көріп отыр. Жыл сайын көктемде қарызданып, қауғаланып еккен мақтасын күзде өткізе алмай, өткізген күнде ақшасын ала алмай зарлап жүреді. Мақта стратегиялық өнім болғандықтан, мемлекет мақта шаруашылығын барынша қолдауы керек! 

Ең бастысы - Мақтаны мемлекет сатып алуы тиіс!

Қазыбек ИСА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты