ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ЖІГІТ

ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ЖІГІТ

Ол сапарда кетіп барады. Алдындағы ирелеңдеген тас жолдарды кейде бүкіл адамзат тіршілігінің қан тамырына ұқсататыны бар. Желмен жарысқан жүрдек машина жер апшысын қуыра жүйткиді. Алда алыс шақырымдар жатыр. 

                                                  ***

Бұл жігітті «қыз мінезді» деуге келмес. Қайсыбір азаматты мақтағымыз келгенде осы сөз дерді де қолданып жібереміз ғой. Жалпы ойлап қарасақ, осы теңеу аса сәтті емес-ау. Қыздың жөні бөлек, әрине. Әйел халқының жан дүниесі жатқан бір жұмбақ әлем емес пе?! Ал, қайткенде де, жігіттің жігіт мінезді болғанына не жетсін?!

Біз білетін Аңсар дәл соңғы топқа жатады. Кәдімгідей қайсар да, қайратты, қиянатқа төзбейтін бірбеткей азамат. Онысы өзіне жарасады.

Мектеп табалдырығын аттап, алтын ұядан түлеп ұшқан сәтіне дейін тек үздіктер қатарынан көрініп өткен. Оқушылардың Құрмет тақтасында Аңсардың құлағы қалқиған тақырбас бала кезінен мұрты тебіндеген бозбала шағына дейінгі аралықтағы суреттері түгел ілініп шықты. Астында «Үздік А.Жұмағұлов» деп жазылған оның өсу, есею кезеңдеріндегі кескіндерінің бәрі елдің көз алдында болды. Бұл өзі қызық нәрсе ғой.

Сұрауға болады: «Сонда ол баланың оқудағы табыстарының сыры неде болды?» деп.

Аңсар отбасындағы балалардың ең үлкені-тін. Сондықтан оның үйдегі күнделікті сабағын мұқият пысықтатып отыратын аға-апалары болған жоқ. Намысқой бала өз бетінше тапсырмаларды орындап біткенше дамыз таппайтын. Қолға алған ісін ақыр аяғына жеткізгенше табандап отыруға дағдыланған. Кейде, тіпті, ойынды да ұмытатын. Сөйтіп, ол еңбекқорлыққа үйренді. Ізденімпаз, ойшыл баланың рухани өрлеуге бет алуына ұстаздары – Рымжан Махамбетова мен Тиішкүл Аманжолова дұрыс бағыт сілтеп отырды. Оның ой-өрісінің жетіле түсуіне, дүниетанымының кеңеюіне ерекше ықпал етті. Бүгінде Аңсар сол аяулы адамдардың шексіз қамқорлығын ризалық сезіммен еске алады.

Мектептегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан. Оқушылардың ұйымдарына жетекшілік ете жүріп, мұғалімдердің сенімді көмекшілерінің бірі бола білді.

Аңсар мектепті де алтын медальмен аяқтайтын еді. Мемлекеттік сынақтарда барлық сабақтарды тек «үздікке» үлгеріп келді де, жалғыз-ақ пәннен «жақсы» алып қалғаны... Шынын айту керек, үлкендер тарапынан аздап әділетсіздік болып кеткендей. Бұл қиянат дегенді қайтерсіз?! Жә, оны қойшы...

Мақсаты – білікті маман болу еді. Әуелден-ақ жас талапкердің кез келген іске алғырлығы таныла бастаған-ды. Жоғары оқу орнына қиналмай түсетініне сенімді болып барған. Бірақ бұл мектеп мектеп бітірген кездер бүгінде жиі еске алып жүрген сонау «тоқырау» кезеңінің әлі де жалғасқан кезеңі сияқтанады. Онда да қайсыбір оқу орындарына түсу үшін, орталық басылымдарымыз талай жазғандай, білімнің емес, таныс-тамырлық, жерлестік көбірек қажет болған секілді ме деп ойлап қалды. Шығармашылық конкурста «дөкей» болып, дүрілдеп жүрген дүрлейлеу ағайындардың бірі жас талапкердің бетін қатты қайтарды. Маңдайы тасқа тиіп, тауы шағылып көрмеген намысқой, қызу қанды жеткіншек қиянатқа төзе алмады. Керемет қорланған. Ол алғашқы сынаққа кіруден бас тартты. Емтихандық бетті ортасынан қақ айырып тастап, ауылға билет алған. «Екінші мұнда аттап баспаспын!» деп қайтты. Бұл әділетсіздік дегенде не істерсіз?! Жарайды мұны да қояйық...

Ауылға оралған соң аудандық әскери комиссиариаты оны көрші қаладағы жүргізушілер даярлайтын алты айлық курсына жіберген. Аңсар оны аяқтаған соң әскер қатарына аттанды. Бөлімге түскеннен кейін де оқуды жалғастыруға тура келген. Іске тындырымды, ұғымтал жігітті рота командирі Герман мемлекеті өндірісінен шыққан алып «Магирус» маркалы автомашинасының қыр-сырын үйреніп қайтуға жолдама берді. Бейтаныс техниканы ойдағыдай меңгерген соң мақтаулы жауынгер көп ұзамай екпінді құрылыстар қызу жүріп жатқан магистралға жіберілді. 

Сол қастерлі борышын өтеп, ауылға оралғанына да, ширек ғасырға жуықтапты. «Қырандай құзға қонған қайран отыз» дейтін жасқа жаңа іліккен жігіт содан бері туған жерде жүргізуші болып еңбек етіп келеді. Осынау жылдар аралығында ол жерлестері арасында үлкен құрметке ие болып үлгерді. 

Сұрауға болады: «Бұл азаматтың осынша сенімге ие болып, табысқа жетуінің мәнісі неде?!» – деп.

Оның сыры саналы еңбексүйгіш азаматтың туған шаруашылықтың экономикасына шынайы жанашырлықпен қарауында, сол себепті уақытпен санаспай үнемі қызған науқандық жұмыстардың бел ортасынан табылатындығында, шаруашылық өміріндегі қоғамдық істерге белсене араласуында дейміз.

                                                      ***

Аңсар қазір сапар үстінде. Иә, ол үлкен өмір жолымен жарқын болашағына беттеп барады. Кейде бізге осынау жол үстіндегі жігіт өзінің адал еңбегінің биік тұғырына бағыт түзегендей көрінеді.

Асулар әлі алда.

Құлан САҒАТҰЛЫ