КӨТЕРГЕН ИЫҒЫМЕН ҒАСЫР ЖҮГІН...

КӨТЕРГЕН ИЫҒЫМЕН ҒАСЫР ЖҮГІН...

Бала кезімізде Ақбұлақ ауылындағы қыстау-жайлаулардың көпшілігі адам аттарымен аталатын еді. Кейбіреулерін «мынау біздің бабамыздың мекен еткен жері» деп мақтан етіп жүретін жұрт. 

Мысалы, «Ақан» қыстауы біздің бесінші атамыз Ақан Жолбарысұлының қонысы болғанын білетінбіз. Сол сияқты, «Қияқбай», «Қырықбай», «Бекқожа», «Баянды», «Балтабек», тағы басқа қыстаулар да ауылдастарымыздың ертеректе өмір сүрген ата-бабаларының есімін өшірмей сақтап келе жатқаны анық. Алыстан мұнартып көрінетін Матай адырының бір қуысында Балтабек қыстауы бар. «Ол біздің ата қонысымыз еді» деді, «Ақбұлаққа» келген бір сапарында Сағындық Балтабеков. Сағындық ағаны Ақбұлақта, Семейде, Алматыда болған әлдебір жиын-мерекелерде көріп қалып жүретінмін. Үлкен-кішімен тез тіл табыса кететін, көргені мол ағамыздың Абыралы өңіріне деген құрметі мен сүйіспеншілігінің сыры әріде жатыр.

 Абыралылықтар отызыншы жылдары болған ашаршылық пен қарулы көтерілістің салдарынан үркіншілікке бір ұшыраса, елуінші жылдары атом полигонының салдарынан тағы да басқа аймақтарға еріксіз көшіріліп, туған өлкеден қол үзуге мәжбүр болды. Олар барған жерлерінде де еңселерін түсірмей, тектілік танытып, абырой биігіне өрлей білді. Содан болар, қазір әлдебір елге танымал тұлғалар туралы сөз еткенде, абыралылық деп ауыз толтырып айта алмай, атамекені Абыралы еді деумен ғана шектелуге тура келеді. 

***

Балтабек әулетінің де Абыралыдан кетуіне Оспан Балтабекұлының көтеріліске қатысып, қуғындалуы себеп болған. Оспан Балтабекұлы 1896 жылы Абыралы ауданының Ақбұлақ ауылында дүниеге келеді. Ауыл молдаларынан сауатын ашады. Кәмпескелеудің ізінше келген ашаршылық, ет салығының шамадан тыс көбеюі «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген халықтың ашу-ызасын оятып, шегіне жеткізеді. 1931 жылы ақпан айында Абыралы өңірінде басталған көтеріліс ауыл-ауылдарға тез таралады. «Аудан орталығы Қайнарды көтерілісшілер басып алды, көп ұзамай тағы да көмек келеді, астықты, малды қайтарып аламыз» деген үгітшілердің сөзіне еріп, дүрбелең одан әрі ушыға түседі. 10-шы ауылдағы (қазіргі Ақбұлақ ауылындағы) оқиғаларда Оспан Балтабековтің есімі белсенді қатысушы ретінде тергеу құжаттарында жиі аталған.

Тарихшы Болатбек Нәсеновтің «Абыралы көтерілісі» кітабында келтірілген құжаттарға сүйенсек, тергеу материалдарында Балтабеков Оспанды малшының баласы, сауатты, партияда жоқ, 1918-1922 жылдары Ертіс өзенінде пароходта матрос болып жұмыс істеген, көтерілістің алдында ауылда учаскелік бригадир болған деп жазады. «Матай» учаскесінде сақтандыру төлемдерін жинаған. Оспанның алғашқы жары мен кішкентай қызы және бірге туған бінеше бауыры ашаршылықта көз жұмыпты. Тірі қалғандары көтерілістен кейін қуғын-сүргінге ұшырап, хабарсыз кеткен.

1931 жылы 14 қарашада ОГПУ үштігінің отырысында он сегіз адамның ісі қаралып, ішінде Оспан Балтабеков та бар, алты адамды он жылға концлагерьге жіберу туралы қаулы алынған. 

Қалғандары – сегіз, бес, үш жылға кесілген. Оспан Балтабекұлы сол кеткеннен мол кетіп, хабарын ешкім біле алмайды. Туыстары басқа амалдары қалмаған соң, сырттай жаназасын шығарып, құран оқытады. Сөйтіп жүргенде «Оспан тірі екен, келеді екен» деген сөз шығады. Абақтыдан шыққан Оспанның қайтадан Абыралыға қайтуының мәні болмаған сияқты. Ол жақта ескі жаланы қайта қозғайтын жандар табылмас деймісің, оның үстіне, отызыншы жылдардағы аласапыранда аталас туыстардың да бірі Кеңес үкіметін жақтап, бірі Алашорда идеясын тірек тұтып, өзара алакөз болып жауласуға дейін барды ғой. Ендігі бақытты басқа өңірден іздемеске болмаған сияқты. Жаңасемейде Елеусіз Кәтебайұлы деген жамағайыны қайтыс болған соң, 1940 жылы оның әйелі Ұқыпжамал Жақияқызына үйленіп, Новошульба ауданының кілең орыстар тұратын Красный Яр ауылында өмір сүре бастайды. Ұқыпжамал апа – Көкен тауын мекен еткен Уақ руының қызы. 

Сағындық Оспанұлы 1941 жылы 24 ақпанда Красный Ярда дүниеге келген екен. Елеусіздің артында қалған ұлы Бектұр бұдан сәл үлкенірек, осылармен бірге өседі. Кейінірек қарындастары Күлпаш пен Гүлбаһрам өмірге келеді. Оспанның отбасы жергілікті тұрғындармен сыйласып тіршілік етіп, қиын күндерді енді артқа тастадық па дегенде, соғыс басталып кетеді. 

Оспан Балтабекұлын жасы ұлғайғанына қарамастан еңбек армиясына шақыртып, Риддер қаласындағы шахтаға жұмыс істеуге әкетеді. Көп ауыртпашылықпен ол соғыс та аяқталады. Ел тағы да еңсесін көтере бастайды. 1945 жылы әскерден босаған Оспан Балтабекұлы Семей облысы Шар ауданының Сталин атындағы колхозына қарайтын Карповка ауылына көшіп келеді. Зайыбы екеуі ұзақ жыл бойы шопан болып еңбек етеді. «Тың жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталады. Арабша оқығандығы да бар, имандылық жолын ұстанған. Ауыл тұрғындары молда ата деп атайды екен. Төрт баланы тәрбиелеп жеткізіп, немерелер сүйеді. Ұқыпжамал Жақияқызы 1966 жылы, Оспан Балтабекұлы 1974 жылы өмірден өтеді. 

Қарап отырсаңыз, Оспан атаның бір басынан кеңестік дәуірдегі ауыртпашылықтардың барлығы өткен екен. Ол кісінің тағдыры – уақыт сынына мойымаған рухы мықты жандардың бір үлгісіндей. Ертеректе жазылған «Әжелер» деген бір өлеңімнің жолдары еске түсіп отыр:


Көтерген иығымен ғасыр жүгін,

Әжелер дөң басында жатыр бүгін.

Кейінгі ұрпақтарға берер ме екен,

Солардың сүйегінің асылдығын!

Осындай әке мен ана тәрбиесін көрген Сағындық Оспанұлы да жасынан еңбекке, білімге, өнерге жақын болып өседі. Бастауыш білімді Карповкадағы орыс мектебінен алып, кейін Шар қаласындағы Абай атындағы мектепті бітіреді. Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтының студенті атанады. Институтты үздік бітіріп, Шар ауданының Киров совхозында бас мал дәрігері болып жұмыс істейді. 1967 жылы институт басшыларының шақыруымен Зооветеринарлық институтына жұмысқа келіп, оқытушы, аспирант, жұқпалы емес аурулар кафедрасының аға оқытушысы болады. 

Өзі малшының баласы, еңбек жолын да ауылда бастап, тәжірибе көрген маман болғандықтан, институт қабырғасында ұстаздық етуде мұның пайдасы тигені анық. Мал ауруларын емдеу тақырыбында диссертация қорғап, ғылым кандидаты атанды. Ғылыми жаңалығы тәжірибе жүзінде сәтті қолданылып, одақтық деңгейде қолдау тапты. Елуден астам ғылыми еңбектің, үш оқу құралының, екі оқулықтың авторы болды. Сол кездегі шәкірттері әлі күнге дейін жер-жерде абыройлы қызметтер атқарып жүр. Институтта жиырма жеті жыл бойы ұстаздық еткен Сағындық аға тоқсаныншы жылдардың басындағы нарық кезеңінде кәсіпкер Мұхит Тұмабаев басқарған «Приречное» агрофирмасының коммерциялық құрылымын басқаруға шақыртылып, онда он сегіз жыл қызмет етті. Зейнетке шықаннан кейін Семей қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі болып, «Жанашыр» атты ақсақалдар ұйымын басқарып келеді. «Еңбек ардагері» медалінің иегері.

«Терең өзеннің ағысы тыныш болатыны сияқты, Сәкең салмақты, салиқалы өмір сүріп, азаматтықтың ақ туын жоғары ұстап, өмірбаянына кір жұқтырмаған мәрт тұлға» деп баға берді белгілі журналист Бекен Нығметұлы «Ғибратты ғұмыр» мақаласында («Семей таңы» газеті, 23 ақпан, 2021 ж.).

Сағындық Оспанұлының тағы бір қыры – әнге, музыкаға жақындығы. Төртінші сыныпта оқып жүрген кезінен балалайка, мандолина тартып үйреніпті. Қазақ ортасына келгеннен кейін домбыраны да үйреніп алады. Семейде жүргенде М. Төлебаев атындағы музыка училищесінде баян аспабын үйрететін сыныпта сырттай оқиды. 

Алқалы жиындарда шырқаған әнімен көңіл тербесе, енді бірде шешендігімен сөз бастап, жұртты ұйыта біледі. Газет-журналдарға мақалалар жариялап тұрады. «Ақыл мен ізет» және мұнай саласының маманы, қоғам қайраткері Мұрат Саламатов туралы естелік кітапқа редактор болды. 

Мұрат Саламатов – Сағындық Оспанұлының қарындасы Гүлбахрамның күйеуі. ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрінің 1-ші орынбасары, «Қазақойл» ҰМК 1-ші вице-президенті болған, мұнай саласының білгір маманы еді. 1999 жылы өмірден өтті. Сағындық ағаның тағы бір қарындасы Күлпаш Оспанқызы Алматы облысында ұзақ жыл мұғалім болды. Ері Асқар Молдағазыұлы ауыл шаруашылық маманы, кеңшар директоры болған.

***

Сағындық Оспанұлының зайыбы Кәкима Мағауияқызы Шаған өзені бойындағы Тоқтамыс (бұрынғы «Қызылту») ауылының тумасы. Семейдің мұғалімдер институтының физика-математика факультетін бітірген. Шар қаласында, кейіннен Семейдегі «Сосна» санаторийіндегі мектепте ұзақ жыл бойы ұстаздық етті. Үш бала тәрбиелеп өсірді, немере-шөберелер сүйді. Ұлдары Нұрлан – ғылым кандидаты, ұлттық компанияларда қызмет атқарып жүр. Нұргүлі мен Айгүлі – заңгерлер. Сонымен қатар, Сағындық ағаның балалары әке өнегесімен музыкадан да дәріс алған өнерлі жандар.

Міне, ашаршылық пен көтерілістің салдарынан сөне жаздаған бір шырақтың қайта тұтанып, самаладай жарыққа айналуы осы болар! 

Мұндай жетістіктің бәрі, әлбетте, еңбекшілдіктің арқасы екені түсінікті шығар. 

«Халық басына енді ондай қиын кезеңдер тумасын, ұрпақтарымыз бақытты болсын» деп тілейді Сағындық ата.

Қайырбек ШАҒЫР,

Абай облысы