ЕЛДІК БІРЛІКТІҢ БАЙРАҒЫНДАЙ

ЕЛДІК БІРЛІКТІҢ БАЙРАҒЫНДАЙ

Ұлттық құрылтай – халқымыздың басын бір арнаға тоғыстыратын бірегей құрылым. Осынау құрылымның тарихына көз жүгіртер болсақ, 2022 жылдың 14 маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлыққа қол қойған-ды. Ұлттық құрылтай – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрылған ҚР Президенті жанындағы кеңесші органы.

Еліміздегі ең алғашқы Ұлттық құрылтай осыдан екі жыл бұрын 16 маусымда жаңадан құрылған Ұлытау облысының төрінде өткен-ді. 

Ұлттық құрылтай құрамында республика аумағындағы барлық облыстан, әр буын өкілдері мен әртүрлі салалардан 117 адам болған-ды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, Ұлттық құрылтайдың басты міндеті – ұлтты ұйыстыратын парасатты тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән бере отырып, жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту.

«Ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз», – деген болатын Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиынында сөйлеген сөзінде. Ұлттық құрылтай ұлтты ұйыстырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ететіндігі оның мән-маңызының жоғары екендігін көрсетсе керек. Ел ішінде жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызын халыққа дұрыс түсіндіру Ұлттық құрылтайдың екінші міндеті саналса, ал халықтың жаңа технологиялар арқылы ауқымды реформаларға қатысуын үшінші міндетіне бағамдаған-ды.

Әу баста осындай зор міндет арқалаған Ұлттық құрылтай уақыт өте келе ұлт ұпайын түгендейтін үлкен құрылымға айнала білді. Жыл сайын межелі бір мекенде ғана емес, әр жыл сайын еліміздің әрбір аймағында өтуі де құрылтайдың ауқымының кең екендігін көрсетсе керек-ті. 

Егемен ел тарихындғы екінші Ұлттық құрылтай екі дүниенің бесігі атанған, түбі бір түркінің Отаны – Түркістаннан бастау алған-ды. Осылайша ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланды да. 

«Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен, қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған.

Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы», – деді Тоқаев.

Осылайша Ұлт ұясы Ұлытаудан басталған құрылтай төрт қақпалы Түркістанда жалғасын тапты. Ел Президентінің өзі киелі мекен Түркістанды ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығына балауының тек түркістандықтар үшін ғана емес, тұтас түркі халықтары үшін зор мәртебе екендігін атап өткен жөн. Жыл өткен сайын жаңғырып келе жатқан Ұлттық құрылтай биылғы жылы Атыраудай қастерлі қалаға табан тіреуі де бекерден бекер емес.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» аталуында да зор мән жатыр. Елімізде әлі күнге дейін жең ұшына жалғасқан жемқорлықпен бетпе-бет келетін жағдайлар аз емес. Сондықтан да жемқорлықсыз қоғамды құрудың бірден бір жолы – адал адам болып қалыптасып, өзіңнің адал еңбек, маңдай теріңмен өз кәсібіңнен нәсбіңді таба білсең мұның өзі үлкен жетістік. Мұның артында адал қоғам жатыр. Яғни адал қоғамды құрушы адал еңбек етіп келе жатқан сіз бен мына біз. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты бір-бірінен бөліп-жаруға келмейтін үш ұғымды әрбіріміз жанымызға айнымас серік ете білгенде ғана біздің қоғамда адалдықтың ақ туы желбірейтіні сөзсіз. 

Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді қаузаған, келелі кеңесте Мемлекет басшысы Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық сынды идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табатынына сенім білдірді. Осы орайда Атырауда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда айтылған мәселелер төңірегінде біз де бірқатар зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірін білген едік. Осылардың бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.


Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:


Көкейкесті мүдде қаузалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты III Ұлттық құрылтай ел өміріндегі өзекті мәселелерді көтеруімен ерекшеленді.  

Қаламгер ретінде өз басым қазақ тілінің дамуы турасындағы орамды ойларға мән бердім. Атап айтқанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы тұтас ұлттың назарын аударған Ұлттық құрылтайда: «Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды» деп кесіп айтты. Бұл сөз өз кезегінде біздің үкілеген үмітімізге үміт жалғайды.

Иә, бұл сөздің жаны бар. Туған тіліміз – қазақ тілін тұғырына қондыру үшін ең бірінші қоғамдағы қазақ тіліне деген қажеттілікті арттыру қажет. Қажеттілікті арттыру үшін мемлекеттік тілді білуге міндеттейтін талап қойылуы қажет-ақ. Мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылданатын кез келген секілді. Алдағы уақытта осы бір өзекті мәселе шешімін тапса, онда туған тіліміздің айы оңынан туады деп сенемін. Өйткені Мемлекет басшысы қазақ тіліне қашан да өте жоғары баға беріп келеді. Сонымен қатар, қандай жиын болса да ең бірінші мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің биік болуы қажеттігін үнемі назарға алып келеді. Демек, бұл мәселенің де таяу күндері түйіні тарқатылатыны анық деп ойлаймын. 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – Мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан, мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес», – деуі осы сөзіміздің айқын дәлелі екені сөзсіз. 

Осы орайда Ұлттық құрылтайдың ұлттық мүддемізді қорғап, ұлтымыздың ұпайын түгендеп жатқаны көңілімізді қуантады. Мәселен, салт-дәстүрімізден ажырамау, тарихи мұраларымызды терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударылғаны әрбрімізді бей-жай қалдырмағаны сөзсіз. 

Жарқын болашақ – бүгінгі өскелең ұрпақтың қолында десек, ендеше, ұлттық рухы мықты ұрпақтың өсіп шығуына әрбіріміз шама-шарқымызша үлес қоса берейік дегім келеді. 

Сейдулла САДЫҚОВ,

профессор, Түркістан қаласының Құрметті азаматы

Бойтұмар мекенді бағалағаны қуантты

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының қасиетті өңірі саналатын Атырау қаласында өткен үшінші Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде ұлттық құндылықтарымызға жан-жақты тоқталды. 

– Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

– Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет.  

Осы орайда Президент Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы өзекті мәселеден хабардар етті: «Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед Пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын» деп атап көрсетті.

Бұл өте орынды, әрі құптарлық іс деп ойлаймын. Себебі, Қожа Ахмет Ясауидің отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы мәңгі жаңғырып жатыр. Түркістан – бойтұмар мекен, түбі бір түркі халықтары кие тұтар қарашаңырақ. Түркістан – тұнған шежіре. Оның киелі топырағы ғасырлар қойнауынан тарих болып күмбірлейді. Күллі мұсылмандар қауымында екінші Мекке саналатын бұл киелі шаһар – түрік тектес халықтардың биік парасаты, ой-өресі, ерлік, елдік келбеті, шер-шеменге толы шежіресі жатқан мекен. Өткен ғасырларға зер салсақ, әлемдік мұраға мол үлес қосқанымызды мақтан етеміз. Оған тым әріге бармай-ақ Қорқыт бабаның, Әл-Фарабидің, Махмұд Қашғаридің, Жүсіп Баласағұнидің, Қожа Ахмет Ясауидің, Абайдың, Мақтұмқұлының еңбектерін алсақ та жетіп жатыр.

Ежелгі түркілер үшін түстіктегі Түркістан қаласының орны ерекше. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі түркі халықтарының Атажұртындағы олардың басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рух астанасы. Тарихи дамуда түрік атаулы алып бәйтеректің аясында қазақ, өзбек, қырғыз, әзірбайжан, түрік, татар, башқұрт, қарақалпақ, тағы да басқа тектес халықтардың дербес мәдениеті, әдебиеті, ғылым саласындағы мұралары кең өріс тауып, түрік әлемі деген ұғымның ұшан-теңіз рухани қазынасын қалыптастырады десек, осынау ұлы көште Түркістанның атқарар рөлін ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Сондықтан да болар Қазақ елінің екінші Ұлттық Құрылтайы Түркістан қаласында өткен болатын. 

«Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие баба Қожа Ахмет Ясауидің есімін Түркістаннан немесе керісінше Түркістанды Ясауиден ажыратып қарау мүмкін емес. Ұлы баба Қожа Ахмет Ясауи Түркістанға тұрақтап, сопылық идеяларын уағыздаған ислам дінінің аса ірі, көрнекті өкілі болды. 

Түркі халықтарына исламды тарату ісінің басы ғана емес, сонымен бірге Тәңірге табынушылық пен ислам мәдениеттерінің өзара ықпал ету үрдісі де Қожа Ахмет Ясауидің есімімен байланысты. Ортағасырлық Қазақстандағы ислам мәдениетінің негізгі ислам догмаларына онша сәйкеспейтін өзіндік ерекшеліктері бар. Ол кездегі түркі тілдес қоғамдағы қадір-қасиет жүйесінің барлық деңгейлеріне де Ясауи сопылығының ықпалы мықтап сіңген болатын.

Ясауи ілімі арқылы ислам қазақтардың рухани өмір салтына айналды. Қазақ хандығы құрылғанда, оның бастауында осы ілім тұрды. Ұлы ақын-әулиені рухани көсем санаған мұсылмандар тоғыз жүз жылдан бері оның ілімімен бірге жасап келеді.



Қаншайым ИЗАМБЕКОВА, 

ҚР Ұлттық кітапханасының 

Кітап қорын толықтыру қызметінің жетекшісі:


Кітапханаға көңіл бөлуі – зор көрегендік


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырауда өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты ІІІ Ұлттық құрылтайда ел өміріндегі ең бір өзекті мәселелер қозғалды. 

Алқалы жиын барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы, бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар» деп отандық кітапхана саласының дамуына айрықша мән берді. 

Әсіресе, алдағы уақытта кітапхана саласының жұмысын жетілдіру үшін ауқымды шаралардың қолға алынатындығы сала маманы ретінде бізге зор қуаныш сыйлап қана қоймай, одан әрі қарқынды жұмыс істеуімізге зор күш-жігер мен жаңа серпіліс беретіні анық. Осындай келелі кеңесте ел Президентінің кітапхана ісіне зор мән беруі маған және менің әрбір әріптестеріме үлкен жауапкершілік жүктейді деп ойлаймын.

Осы орайда Қазақстан Руспубликасының Ұлттық кітапханасының жұмысы күн өткен сайын Мемлекет басшысы атап көрсеткен биік межеден көріну бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өткім келеді. Нақты айтқанда, 23 сәуірде Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында әлемнің жүзден астам елінде миллиондаған адам атап өтетін Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған жыл сайынғы «КІТАПшоу-2024» кітап фестивалі өтті. Фестивальдің мақсаты – оқу белсенділігін арттыру, кітап оқуды қолдау, көркем әдебиетке деген қызығушылықты ояту, жеке тұлғаның ақпараттық сауаттылығын және оқу мәдениетін қалыптастыру. Осы«КІТАПшоу-2024» кітап фестивалі аясында кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Кітап жәрмеңкесінің мақсаты – кітап нарығындағы баспагерлерді, ақын-жазушыларды бір алаңға жинау, қазақстандық баспалармен тығыз байланыс орнату, отандық авторлардың шығармалары мен жаңа кітаптарын барша қауымға дәріптеу. Кітап жәрмеңкесіне 20-дан астам отандық баспалар, кітап дүкендері қатысты. Атап айтсақ: «Алматыкітап», «Арман-ПВ», «Атамұра», «Көкжиек-Горизонт», «Қазақ университеті», «Отбасы хрестоматиясы», Ziyat, «ADAL KITAP», «Qasym баспа үйі», «Molia&Dos», «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі, «Qyr balasy» қоғамдық қоры, «Комунити плюс» қоғамдық қоры, «Dudar kitap» дүкені, «Kitap al» кітап дүкені, «Qazyna» кітап дүкені, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. 

Кітап жәрмеңкесі – қалың оқырман үшін мүмкіндіктер алаңы. Бұл шарада көпшілік қауым баспалардың кітап өнімдерінің заманауи үздік ассортиментімен танысып, пікір алмасып, әркім өзіне қажетті кітабын сатып алды. Кітап жәрмеңкесі келер ұрпақтың кемелденуіне, білімді қоғамның қалыптасуына зор ықпал етеді. Осындай кітап жәрмеңкесі арқылы бір- бірімізді кітап оқуға шақырайық, жаңа кітаптармен танысайық. Сондай-ақ, «КІТАПшоу-2024» кітап фестивалі аясында Әдеби академия залында OpenPlace USW – Қазақстан Жазушылар қоғамдастығының іс-шарасы өткізіліп, авторлармен, тәуелсіз театрлармен танысудың интерактивті алаңы, нетворкинг, кітап алмасу, актерлік шеберлік бойынша сабақтар ұйымдастырылды. Бұл Интерактивті қарым-қатынас оқырмандар мен жазушылар арасында авторлық шеберлікті, жазушылық дарынды қалыптастыру, шешендік шеберлікті дамыту тақырыбындағы қызықты пікірталаспен ұштасты. Сондай-ақ, Ұлттық кітапханада қазақтың зиялы қауым өкілдерінің мерейтойларына және басқа да атаулы мерекелерге орай мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай тәлімі зор іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Ал, енді Президентіміз Ұлттық Кітап күнін белгілеу туралы бастаманы қолдайтынын айтып, кітапқұмар жұртты бір серпілтіп тастады.Былтыр басталған Кітапханашылар күні – кәсіби мереке болса, енді бүкіл оқырман, жалпы халық үшін ортақ мереке – Кітап күнін атап өту зайырлы қоғамға тән кітап оқу мәдениетін жандандыра түседі деп сенеміз.

Гүлмира САДЫҚ

qazaquni.kz