ҮМІТ СІЗДЕ, АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР...

ҮМІТ СІЗДЕ, АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР...

Алматыда Қазақстандағы онкогематологиялық қызметтің негізін қалаушы, отандық педиатрияның корифейі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Күлән Омарованың мерейтойына орай «Гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері» атты шеберлік класы өтті. 

Педиатрия орталығы мен «Қазақстан Педиатрлар Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды іс-шараға Ресей, Беларусия және еліміздің балалар онкологиясы мен гематология саласының жетекші мамандары, республикалық ғылыми орталықтардың, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың, Еуразиялық педиатрлар және неонатологтар қауымдастығының, «Ұлттық медициналық қауымдастық» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, онкологтар мен гематолог дәрігерлері қатысып, түрлі қан ауруларын емдеудің тың тәсілдерін ортаға салды.  

Халықаралық деңгейде өткен келелі жиын барысында 1 жасқа дейінгі балалардағы жедел лейкозды, жедел промиелоцитарлы лейкоз бен балалардағы апластикалық анемияны емдеудің заманауи емдеу хаттамалары, қазіргі емдеу хаттамаларында балалардағы нейробластомаға анти-GD2 терапиясын қолдану мәселелері турасында ой қозғалды. Сонымен қатар, іс-шара шеңберінде балалардағы гемофилия А түрін емдеудің заманауи мүмкіндіктері тақырыбында баяндамалар жасалып, балалардың қатерлі ісігін, қан ауруларын емдеу саласындағы өзекті тақырыптар білікті мамандардың талқысына түсті.

Жиынды Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов салтанатты түрде ашып, балалар саулығына сүбелі үлес қосып келе жатқан білікті онкогематолог дәрігер Күлән Омарқызын мерейтойымен құттықтады. Ақжарма тілегін айтып, «ҚазҰМУ ардагері» медалімен марапаттады. Марат Едігеұлы Күлән Омарқызының педиатрияның басым және өзекті ғылыми бағыттарын дамытуға, жоғары мамандандырылған кадрларды даярлауға және жас мамандарды тәрбиелеуге қосқан айрықша үлесі үшін зор алғысын білдірді. Алдағы уақытта да толағай табыстарға кенелуіне тілек қосты.

Салтанатты іс-шараның ашылуында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайынов Күлән Омарқызының Педиатрия орталығы мен онкогематология қызметіне сіңірген көп жылғы қажырлы еңбегін атап өтіп, өз атынан және ұжым атынан мерейлі жасымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

«Ұлттық медициналық қауымдастық» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Айжан Садықова Күлән Омарқызын Отандық денсаулық сақтауды дамытуға қосқан зор үлесі және Қазақстан халқының денсаулығы үшін жанқиярлық еңбегі үшін «Гиппократ» жоғары орденімен марапаттады. 

«Күлән Омарқызы – Сіз нағыз аңыз адамсыз. Бастамашыл, қайтпас қайсар, жігерлі де табанды жансыз. Осы қасиеттеріңіздің арқасында сонау 1993 жылдың қиын кезеңдерінде балалар гематология орталығын ашып, құрдыңыз. Міне, 30 жылдан астам уақыт бойы нәтижелі қызмет жасап келеді. Сізге мыңдаған балаларға өмір сыйлағаныңыз үшін, Қазақ елінің ғылымына қосқан үлесіңіз бен жүздеген шәкірт тәрбиелеп, біліміңізбен бөліскеніңіз үшін барша шетелдік әріптестеріңіздің атынан зор алғысымды білдіргім келеді. Сізге зор денсаулық, бақыт пен шаттық, мол күш-қуат тілейміз!», –деді Ресейден келген онкогематолог маман, м.ғ.д., профессор, Д.Рогачев атындағы БГОИ ҰМЗО ФМБМ бас директоры Галина Новичкова.

Осынау айтулы күні еліміздің онкогематология саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқан Гппократ антына адал, ақ халатты абзал жан Күлән Омарқызын құттықтаушылар легі толастаған жоқ. 

Мерейтой иесін алыс-жақыннан келген әріптестері, шәкірттері, ұжымы, тіпті пациенттері де арнайы келіп құттықтап, жүрекжарды тілектерін білдіріп жатты. 

Елдің амандығы үшін еселі еңбек еткен тұғырлы тұлғаның мерейтойы ақ халатты абзал жанға деген құрметтің жарқын көрінісі екені сөзсіз.

Біздің кейіпкеріміз Күлән Омарқызының бастамасымен ашылған республикалық балалар онкогематология орталығы ашылғаннан бергі 30 жылдан астам уақытта мыңдаған қазақстандық балалар емделуге, аман қалуға мүмкіндік алды. Бүгінде олар мектепті, Жоғары оқу орындарын аяқтап жемісті жұмыс істеп жүр. Сол бір кездегі кішкентай нәрестелердің көпшілігі ер жетіп, отбасылы боп, қоғамның толыққанды мүшелері атанып, табысты азаматтардың қатарынан көрініп жүргендігі көңіл қуантады. Соның бірі Өзбекстаннан арнайы келген пациенті – Азиз. Отыз сегіз жастағы Азиз қазіргі таңда үш баланың әкесі. Халықаралық қатынастар саласында қызмет атқаруда. Ол әкесі – Камиль Тұрсыновпен бірге Күлән Омарқызының мерейтойына Өзбекстаннан арнайы келіп, алғысын білдірді. Күлән Омарованың алғыс арқалаған ақ халатты абзал жан екендігін осы сөзіміз дәлелдей түссе керек.

Республикалық балалар онкогематологиялық орталығының ашылуымен елімізде балалар онкогематологиялық қызметінің жаңа деңгейі басталып, осынау күрделі саланың жұмысы жолға қойылды. Осы тарихи отыз жылдан астам уақыт ішінде жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде зор жетістіктерге қол жеткізілді. Профессор Күлән Омарованың жетекшілігімен балалар онкологтары мен гематологтарының отандық ғылыми мектебі құрылып, сала дамудың жолына бет түзеді. Аталмыш ғылыми мектептен жүздеген онкогематолог мамандары даярланып шықты. Қазіргі кезде олар еліміздің барлық өңірінде және шетелдерде жемісті еңбек етіп жүр.

Екі күнге жалғасқан шеберлік класы кезінде клиникалық жағдайлар көптің талқысына түсті. Сондай-ақ, молекулярлық-генетикалық диагностика бойынша өткізілген тәжірибелік сабақтардың сала мамандарына берері мол болды.

Шеберлік класының басты мақсаты – балалар жасындағы гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің бүгінгі өзекті мәселелерін талқылау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту болды. Сонымен қатар осынау мән маңызы жоғары жиын балалардағы гематологиялық ауруларды ерте диагностикалау және емдеудің жаңа терапияларымен бөлісу, қатерлі дертпен күреске күш-жігерді біріктіруді көздеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші жұдырықтай жұмыла білген кезде ғана қатерлі дертпен күрес те өз жемісін беретіні анық. Халықтың саулығы үшін адал еңбек, маңдай терін арнаған білікті дәрігерлер барда ел амандығына шексіз сенесің...

Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ



Өмірдерек


ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР 


Қазақстандағы онкогематологиялық қызметтің негізін қалаушы, отандық педиатрия корифейі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Күлән Омарқызы. 

Омарова Күлән – елу сегіз жылдық жұмыс өтілі бар дәрігер, оның ішінде елу екі жылын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығыныңда жұмыс істеуге арнап келеді. Әр жылдары ол кіші, аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Он алты жыл бойы директордың ғылым жөніндегі орынбасары болды. Осы жылдар ішінде оның барлық қызметі еліміздегі балалар денсаулығын нығайтуға арналды. Директордың ғылым жөніндегі орынбасары қызметінде жүріп Күлән Омарқызы педиатрияның басым және өзекті ғылыми бағыттарын дамытуға, жоғары мамандандырылған кадрларды даярлауға және тәрбиелеуге үлкен үлес қосты.

Профессор К.Омарованың негізгі ғылыми зерттеулері, оның ішінде диссертациясы күрделі онкогематологиялық аурулар мәселесіне арналған.

Осы саладағы жалғыз маман бола отырып, Омарова Күлән 1989 жылы ПБХҒО-да гематология бөлімшесін ашты. Содан кейін 1993 жылы КЭР-Германия неміс қайырымдылық ұйымының көмегімен Республикалық балалар онкогематологиялық орталығын ашып және сол орталыққа жетекшілік етті. 2010 жылы Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми медициналық орталығына шақырылып, онда 40 төсектік онкогематология бөлімшесін ашып, бөлімше жұмысын ұйымдастырды. 

Білікті маман он сегіз жыл бойы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің балалар гематологиясы бойынша бас штаттан тыс маманы болды. Ол Қазақстанның медицина ғылымының көрнекті қайраткері. Бүгінде оның қаламынан 250-ден астам мақала, екі монография, 20 әдістемелік ұсыныс, 20 өнертабыс туған. Оның ғылыми жетекшілігімен 23 кандидаттық және 5 докторлық диссертация қорғалған.

К.Омарова осы күнге дейін клиникалық, ғылыми және педагогикалық қызметін жалғастырып, стационарда және амбулаториялық қабылдауда ауыр науқастарға кеңес беріп, жас дәрігерлермен және ПБХҒО-ның резиденттерімен күн сайын өз тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісіп келеді. 

Осылайша, ол лейкозға шалдыққан балаларға тиімді емдік көмек көрсетудің мамандандырылған қызметінің алғашқы негізін қалаушысы болды. Қазақстанның балалар онкологтары мен гематологтарының жеке мектебін құрды және басқарды.