ЖАҢА МЕДИА – ЖАНЫМЫЗҒА ЖАҚЫН

ЖАҢА МЕДИА – ЖАНЫМЫЗҒА ЖАҚЫН

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультеті Журналистика кафедрасына биыл 30 жыл. Осынау атаулы дата аясында кафедраның бүгінгі тыныс-тіршілігімен оқырман қауымды таныстыруды жөн санадық. Оқырман назарына Журналистика кафедрасының 30 жылдық мерейтойына орай ұлағатты ұстаз, профессор Бекжігіт Сердәлінің мақаласын ұсынып отырмыз. 

Мәдениет және ақпарат министрлігінде есепке алынып, жұмыс істеп жатқан БАҚ саны 6 мыңға тақап қалғанын ескерсек, Қазақстанның 30-ға жуық жоғары оқу орындарында жыл сайын бітіріп шығатын журналист-түлектердің теңізге тамған тамшыдай ғана болары даусыз. Сол себепті, әсіресе, қазақ тілді ортада білім алған мамандарға деген БАҚ сұранысы көбеймесе, азайып отырған жоқ. Ақпараттық кеңістікте бәсекеге қабілетті мамандар әзірлеу қажеттілігін жақсы ұғынған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Журналистика» кафедрасы журналистерді даярлау бағытына ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі таңда оңтүстік өңіріндегі және республикадағы бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатарында, мемлекеттік қызмет салаларында осы университетті бітірген түлектер жұмыс істейді. 

Қазақстан мен Түркияға ортақ халықаралық оқу орны кейінгі жылдары Болон үдерісі негізінде еліміздің білім беру стандарттарымен қабат әлемдік стандарт үлгілерімен де жұмыс жүргізуде. Мұнда дамыған мемлекеттердің білім беру жүйесімен жақынырақ танысып, білім сапасын жақсарту бағытында нақты нәтиже беретін жол таңдап алынған. Күн өткен сайын таргетологиядан, маркетологиядан, медиаграфиядан хабары бар білікті медиа-мамандарға деген сұраныстың артып отырғаны қатты сезіліп отыр. Болашақ журналистерге білім берудің әлемдік үлгілеріне сүйенсек, онда тәжірибелік дәрістерге басымдық берілетінін, әр студенттің өз бетімен шығармашылық еркіндікте жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тудырылатынын аңғарамыз. 

ХҚТУ-де журналистік жоғары білім берудің әлемдік стандарттарын жүзеге асыруға лайықты жағдайлар жасалған. Ең алдымен, ЖОО-ның материалдық базасының талапқа сай екендігін айта кету керек. Әлемнің жоғары дамыған өркениетті елдерінде «студенттің санынан компьютердің саны асып түскен» жағдайда ғана маман талапқа сай деп танылады. Интернет желісімен қамтамасыз етілген бірнеше компьютер сыныптарын журналист-студенттердің күнделікті тегін пайдалануы, теле-радио студия мен фотолабораторияда компьютер көмегімен сандық бейне-аудио технологияны монтаждау процесін тәжірибе жүзінде игеруі осының айғағы. Білімгерлер сабақтан тыс уақытта жергілікті телеарна мен баспасөз жұмыстарына араласып, арнаулы репортаждар жүргізіп, хабар әзірлеу, газет шығару ісіне де етене араласып отырады. Оқу ғимаратының ішіндегі радио студиясы университет порталы арқылы студенттерді білім мен ғылым жаңалықтарынан, университет хабарларынан құлағдар етіп отырады. Студенттер қоғамда журналистиканың рөлінің барған сайын артып келе жатқандығын, қазіргі жаһандану кезеңінде ақпараттық майданда «төртінші билік» ықпалының айрықша сезіліп отырғандығын жақсы ұғынған. 

Сапалы білім берудің тиімді бір түрі – сапалы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар шығару. Әсіресе, студент жастардың журналистика теориясы мен тәжірибесінің іргелі туындыларымен етене танысуларына, зерттеп, зерделеулеріне барынша ден қойылуда. Себебі, білімгерлер университет қабырғасында жүргенде теориялық білімдерін қазіргі заман талаптарымен байланыстырып пайдалануға дағдыланбаса, ертеңгі күні БАҚ-қа барған соң әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді қорытуға қабілетсіз болмақ. Ақпарат алу, жазу, оны талдау-сараптау тәсілдерін ерте меңгерген журналист-студенттер БАҚ саласында да өз қабілеттіліктерін тез таныта алады. Бұған дәлел, оқу дәрісханаларында ізденімпаздығымен танылып, баспасөз бетінен жиі көрінген, бүгінде шет елде оқып, республиканың белді БАҚ құрылымдарында басшылық қызмет етіп жүрген Лира Қоныс (АҚШ), Назира Байырбек (АҚШ), Гүлжаз Қарыбек (Түркия), Мариям Әбсаттар («Түркістан» тв), Жолдыбай Базар («Егмен Қазақстан»), Гүлмира Садықова («Қазақ үні»), Жадыра Нармаханова («Ұлан»), Ғани Жапишев, Айгүл Сейіл (Ұлттық арна), Үміт Зұлхарова («Ара»), Азамат Тілеп (Қазақ радиосы), Мәлік Дәулетов («Түркістан» газеті), Дәурен Болыс, Ғабит Сапарбеков (облыс әкімдігі) сияқты көптеген шәкірттеріміз.

Бүгінде ескі жүйе тұсында жарық көрген оқулықтармен студенттерді алдарқату қисынсыз. Журналистика теориясының тұжырымдамалары мен практикалық қызметтерінің тәсілдері жаңа медиа арқылы жаңаша бағытта оқылуда. 

Кафедрада сөйлеу және мәдени коммуникация, кәсіби этика, конвергентті журналистика, сандық медиа секілді пәндердің сапалы оқытылуына айырықша назар аударылуда. Ендігі міндет – болашақ журналистерді дәл осы салалардың базасында даярлай отырып, журналист-құқықтанушы, журналист-экономист, журналист-саясаттанушы, журналист-бағдарламашы, т.с.с. қос мамандықты игеруіне қол жеткізу. 

Бүгінгі әлемдік, әсіресе, еуропалық БАҚ тыныс-тіршілігінен жанды мысалдар мен жан-жақты мол мағлұматтар беретін тың ізденістер қажет. Әзірге бізге қолымыз жетеді дейтін Түркия журналистикасының тәжірибесімен жақынырақ танысу мүмкіндігі бар. Студенттер осында өндірістік тәжірибеде болып, газет шығару, эфирге хабар тарату технологияларын игеруде.

Кафедраның оқу-ғылыми және тәрбие процесін ұйымдастыруда профессор-оқытушылар: профессор С.Садықовтың, доценттер Ә.Белдібекованың, Б.Баешованың, М.Ергебектің, аға оқытушылар Ә.Тәшімованың, А.Сәдібектің, Ғ.Тәжібайдың, магистрлер Ж.Хумар мен А.Ахметтің өзіндік үлестері бар. Университет ректоры Ж.Темірбекова тікелей өзі мұрындық болып, студенттерге заманауи технологиямен білім беретін компьютер сыныбын, радио студиясын жабдықтап берді. Енді жаңа медиаға қызығатын білімгерлер сабақтан тыс уақытта сол жерден шықпайтын болып алды. 

Сөз жоқ, қазір БАҚ-тың талаптарына сай келетін сапалы мамандар даярлап шығаруға мүмкіндік бар. Ақпарат нарығында бәсекеге қабілетті, БАҚ менеджментін жолға қоятын және шынайы қоғамдық пікірді қалыптастыратын журналистердің нақ осы университет қабырғасынан түлеп шығатынына кәміл сене беріңіз. 

Бекжігіт СЕРДӘЛІ,

профессор.