ҚОЗҒАЛЫС БАСЫНДА ТҰРҒАН КІМ?

ҚОЗҒАЛЫС БАСЫНДА ТҰРҒАН КІМ?

Ел тарихындағы әлеуметтік маңызы бар, ерекше есте қаларлық даталар дегенде осыдан отыз бес жыл бұрын, нақтырағы, 1989 жылдың ақпан айында Семейдегі сынақ полигонын жабу бағытында үлкен күрестің алғашқы әрекеті басталғаны еске түседі. 

Сөйтіп атақты ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің мұрындық болуымен антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы құрылған еді. 

Арада бес жыл өткенде, яғни 1994 жылдың ақпанында сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық қаруды таратпау туралы» шартқа қол қойды. Демек, одан беріде тура отыз жыл өтті. Қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан жоқ ел ретінде осынау зұлматпен күрестің алғашқы баспалдағын қалады. Расында да, мұндай қадам Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтпаса, әлсіреткен жоқ. Өйткені, ядролық қару дан бас тарта отырып, Қазақ елі оның орнына сол кездегі жетекші ядролық державалардан АҚШ, Ресей, Ұлыбританиядан еліміздің қауіпсіздігінің халықаралық кепілін талап етіп, 1994 жылдың соңына қарай оған да қол жеткізді. 

Кейіннен мұндай кепілдемеге Франция мен Қытай да қосылды. Бұл да жас Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі халықаралық аренадағы лайықты, маңызы зор жетістігі еді.

1994 жылы ҚР Парламенті отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы ұсыныс жасады. Түрлі мемлекеттердің астананы ауыстыру жөніндегі тарихи тәжірибелерімен, ғылыми негіздемелерімен, геосаяси қажеттілікпен тұжырымдалған баяндамасымен жан-жақты түсінік берілді.

1994 жылы мемлекетіміздің тұңғыш ордендері мен медальдары дүниеге келді.

1994 жылы Байқоңыр ғарыш айлағы Ресейге жалға берілді. Осы жылы қазақтың екінші ғарышкер ұлы Талғат Мұсабаев «Союз-ТМб» ғарыш кемесімен көкке самғады. Ұшу уақыты 126 тәулікке созылды.

1994 жылы Алматыдағы Реслублика сарайында Т.Рысқұловтың, С.Қожановтың, С.Сейфулиннің, І.Жансүгіровтің және Б.Майлиннің туғандарына 100 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. 

«Бүгін міне, бес арыстың – Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың, Сәкен Сейфулиннің, Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің туғанына жүз жыл толуына орай ерекше жағдайда тағы да бас қосып отырмыз. Тұрар, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сұлтанбек ағаларымыз ғұмыр бойы тәуелсіздікті арман еткен еді. Сол жолда күрескен еді. Сол жолда халқы үшін шырылдап, шыбын жандарын құрбан еткен еді. Тәуелсіздік таңы атты. Азат ел атандық. Дегенмен, атымыз да азат, затымыз да азат болуы үшін әлі де талай шаруа атқаруға, Сәкен ағамыз айтқан «тар жол, тайғақ кешуден» өтуге тура келеді. Бұл – қайырлы сапар, қасиетті жол. Ол жолдан біз таймаймыз» – деді Тұңғыш Президент Н.Назарбаев аталмыш салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

Қазақстан 1994 жылы Лиллехаммерде өткен қысқы Олимпиада ойындарына алғаш рет жеке команда болып қатысты, сол уақыттан бастап барлық жазғы және қысқы Ойындарға қатысып келеді. Бұған дейін Қазақстан СССР құрамасы мен ТМД құрамасының сапында қатысқан.

1994 жылы еліміз түрлі тұрмыстық қиыншылықтарды басынан кешірді. Жыл ішінде коммуналдық қызметтердің тарифтері, тұтынушылық тауарлар бағасы бірнеше рет еселеп өсті. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әлсіреуі салда- рынан жалпы ішкі өнім өткен жылғы көрсеткіштер- ге қарағанда 27 пайызға дейін қысқарды. Осынау ауыртпалық шақта ҚР Президенті Н.Назарбаев халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету мақсатында бірқатар құжаттарға қол қойды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы «1994-1996 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлікке қолдау және дамыту мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қаулы қабылдады. Осымен кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету жүйесінің алғышарттары жасалды және ел экономикасы біртіндеп нарықтық арнаға түсті.

Десек те, сонау Семейдегі атомдық полигонды жабуға алғаш болып ықпал еткен кім деген мәселеде ел арасында осы күнге дейін әлдебір түйткіл, түрлі қайшылықты көзқарас сақталғаны да жасырын емес. Бұл орайда біз мәселе мәнісін саралауды оқырманның өз еншісіне қалдыра отырып, сондай пікірдің бірін ұсынғымыз келеді. 

           Редакция.

Кешірім

Әдебиет үйірмесі. Жорналшы, жазушы болғандардың көбі-ақ алғашқы қадамын осылай аталатын бейресми де шағын ұжымнан бастаған шығар-ау! Бүгінде жасым ұлғайған, әзіл-сықақ әңгімелерінің, әдеби аудармаларының, алуан тақырыпты мақалаларының көптеген жинағы жарық көрген менің де қаламгерлік бірінші үнім Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов атындағы «Тарғын» орта мектебінің әдебиет үйірмесінде естілген. 7-класта оқып жүргенімде класс жетекшіміз әдебиетші Ақылбек аға Баймұханов үйірмені ұйымдастырып, көркем әдебиет жайында небір тартымды әңгімелер айтып, әдебиет әлемімен таныстырған. Кейін, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») гәзеті редакциясына қызметке орналасқанымда сол әдеби үйірменің өзіме көп көмегі болғанын бірден сезіндім. Өлең, әңгіме, мақала жазуға қорғанбай кірістім. Редакцияның әдебиет үйірмесіне мүше болдым Үйірмеде басқа жақта қызмет, жұмыс істеп жүрген жастар да бар екен. 

Солардың бірі орта бойлы, атжақтылау қоңыркдй өңді, ұзын кірпікті қара көз жігіт – Бозтаев Кешірім еді. Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында инженер екен. Жап-жас болса да мінезі тым салмақты. Қоңыр үнмен баяу сөйлейді. Айыз қандыра қатты күлетін сәттерімізде оның ақырын ғана жымиып отырғаны. Фантастикалық оқиғаларды ойнатып әңгіме жазады. 

Үйірмеде әркім талқыға ұсынған өз шығармасын өзі дауыстап оқитын дәстүр бар, сондайда Кешірім қызарып, кібіртіктеп қалады. Ерекше қарапайымдылығы ғой. Ал қарапайым адамның «ақырын жүріп, анық басқанын» өз басым сол Кешірімнен көрдім. Ол қызметтің қым-қиғаш сатыларында ешбір бөгелген де, сүрінген де жоқ. Адал еңбегі ақ бағаланып, алғыр альпинисше жоғарылай берді. Айналасы он бес жыл шамасында Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысына дейін көтеріліп, одан соң Семейге ауыстырылды. Кешірімнің Адам, Азамат бейнесі дәл осы соңғы орнында жарқ етіп көрінді. 

1987 жылғы ақпанның аяқ шенінде: 

– Семей облыстық партия комитетінің бірінші секретары Кешірім Бозтаев Мәскеуге, СОКП Орталық Комитетінің Саяси бюросына хат жазып, Семейдегі атом полигонын жабуды талап ктіпті! – деген хабар дүңк етті. 

Ол хабарға пікір де бұрқ етті. Көпшілік: «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді деген»; «Сау басына сақина тілеген ғой!»; «Оны түлен түрткен шығар!» десе, оған кереғар: «Е, атом бомбасын, ядролық қаруларды сынаймыз деп халықты сорлатып отырған жоқ па, қашанғы шыдау керек?!», «Кешірім Бозтаев Батыр екен!», «Өй, тусаң – ту!» дескендер де болды. 

Рас, соңғылар азшылық еді. Компаргияның айбаты айды қорғалатарлық, күнді тұтылдырарлық болып тұрған жылдарда оның саясатына қиғаш пікір айтушы былай тұрсын, ондай батыл пікірді қостаушы көп болып көрді ме?!.

Кешірімнің «Кремльден бір-ақ шыққаны» шын екен. Мәскеуден тексерер комиссия жетті. Тоқетері: Кешірім жеңді!

Кейінірек Кешіріммен Алматыда ұшырасып қалып: 

– Жеделхатыңды Алматыдағы «құдайлармен» келісіп алып жіберіп пе едің? – дегенімде ол әдетінше ақырын ғана жымиып: 

– Олар сезді дегенше телеграммаң құртылды дей бермейсің бе? – деді. 

– Оу, партиядан шығарып, қызметтен қуып тастаулары оп-оңай еді ғой?! – десем, ол жымия түсіп: 

– Екі тумақ та, екі өлмек те жоқ қой! – дегені.

Еңіреп туған Ердің сөзі емей не?!

Семей полигонынан зардап шегіп жатқан жерді, елді көрген, сынақтың сұмдығы бұл өңірдегі халықтың бүгінгі ұрпағына қоса алдағы неше буын ұрпағын сорлатарын сана сүзгісінен өткізе алған Асыл Азамат қинала, қайғыра, қайраттана ашыньшты. Басқа облыста жүргенінде анық көре алмаған сұмдықка – ядролық сынақ зұлматына өзі тікелей куә болған соң оған қарсы тұруға бел байлаған. Сынықтың дізгін-шылбырын ұстап отырғандарға Алматы арқылы емес, тура, төте шығу керек деп білген. Ақыл, ар-ұят, намыс тұжырымын ешбіреумен кеңеспей, жалғыз өзі жасаған. «Не көрсем де – өзім ғана керіп алайын!». 

Иә, өзі ғана көріп алды, жалғыз өзі төтеп берді. Оған қарсы ұйымдастырылған «еңбекшілер хатында» есеп болған жоқ. Айтаққа ергіштер оны «партия мүддесін сатты!» деп те айыптап жатты. СОКП Орталық Комитетінің Хатшылар алқасы Кешірім Бозтаевтың обкомның бірінші басшысы ретіндегі есебін тыңдамақ болды.

Алайда, ҚКП Орталық Комитетінде ұзақ жыл қызмет істеген сырласымның айтуынша (ол бүгінде арамызда жоқ, аты-жөнін атап аруағын мазаламайын), Мәскеудегі «көсемдер» сол тұстағы халықаралық, ішкі саяси, экономикальіқ жағдайларды, АҚШ-қа қыр көрсетіп байқауды да ескеріп, оның үстіне СОКП XXVIII құрылтайы мұрын ұшында тұрғандықтан, Кремльде шұғыл ауыс-түйіс болуы керектігі себепті «Бозтаев мәселесін» қарамай қоя тұруды ұйғарыпты және соған орайластыра «КСРО жер жүзінде ядролыққаруларды сынауды тоқтату жөнінде бірінші болып бастама жасады» деу қажеттігін көлденендетіпті. 

Ол үшін қарсылықты бастаған Қазқстаннан дабыл көтерілуі, сынаққа қарсылық дауыстың асқақ шығуы көзделген де, Алматыға сөз салынған. Мұндағылар ашық дабылшы болуды сынаққа бірінші болып ашық қарсы шыққан Кешірім Бозтаевқа қимай («ҚКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы тұрғанда облыстық комитеттің бірінші хатшысы дабыл қаққаны қалай болмақ?!»), ол міндетті үшінші біреуге, атағы жетерлік кісіге жүктеуді дұрыс көріпті. Сөйтіп, ақын Олжас Сүлейменовті таңдаса керек. 

Ол Мәскеуден комиссия келген 28-ақпанда дабыл қақты. Дәл сол күні. Бір күн ерте де емес, бір күн кеш те емес. Кездейсоқтық емесі көзге ұрып-ақ тұр. Бірақ ол: «Полигонды жапқан менмін! Бозтаев дегенді білмеймін!» деп жүр. 

Бұл жәйттің осылай екендігі Кешірім Бозтаевтың «29-тамыз», Ғалымжан Жақияновтың «Өмір өткелдері», Батырхан Дәрімбеттің «Демократия және автократия» кітаптарында көрініс тапқан.

«Менің жеделхатым қырық жыл бойы ядролық сынаулардың жемтігі болып жатқан Қазақстаннан Кремльге Семей полигонын жабуды талап етіп жеткен тұңғыш ресми құжат болды... Ол қалжыраған қаралы даланың қарғыс дауысы еді... Мен тәуекел еттім... Ертеңгі күнге сендім, құрбандықсыз болмас күресімнің мақсатын қадір тұттым...» деп жазды Кешірім.

Қайран Азамат, қаһарман Кешірім! Сен құрбан болдың. Семей полигонының зардабы сені ортамыздан ерте алып кетті...

Әділ құрметті ертеңгі ұрпағымыздан күткейсің! Тарих сені алаламас!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, 

жазушы.