ТҰЛҒАЛАР ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН ҰЛЫ КӨШ

ТҰЛҒАЛАР ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН ҰЛЫ КӨШ

Білім – сарқылмас қазына. Ел өміріндегі мән-маңызы жоғары осынау саланың дамуына еліміздегі әрбір мектеп өз үлестерін қосып келе жатқаны белгілі. Осы орайда оқырман назарына Алматы облысы Қарасай ауданындағы Абай атындағы мектеп-гимназияның 85 жылдық мерейтойына орай өткен «Тұлғалар жолын жалғаған ұлы көш: кеше, бүгін, болашақ» тақырыбындағы облыстық көшбасшылар алаңынан арнайы репортаж ұсынғалы отырмыз. Іс-шараның мақсаты – мектеп тарихындағы ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, қазіргі таңдағы үздік педагогикалық тәжірибені тарату, болашақ заманауи мектеп жүйесінің идеяларымен бөлісу 

 Шара бағдарламасы үш кезеңге бөлінді. 1-бөлім «Мектеп тарихы – ел тарихының бастауы» деп аталып, мектепті сонау 1979 жылдан бүгінггі дейін басқарған көшбасшылардың тағылымды да тарихи сұхбаттары мен деректі фильмдеріне арналса, 2-бөлімі қазіргі таңдағы озық педагогикалық тәжірибелер алаңына ұласты. Атап айтқанда, «Педагогикалық тәжірибедегі жасанды интеллект» тақырыбы бойынша өткізілетін сабақтан – зеректілікті, «Қуыршақ театрынан» актерлық шеберлік пен шешендікті, Шағын «Green house» жобасымен танысып, табиғат пен адамзаттың байланысын тереңінен түсінуді және «Reading for pleasure» жобаларымыз арқылы кітап оқу марафонынан оқыған кітапқа шолу жасау арқылы ағылшын тілінде сөз саптауын қалыптастыру сынды тәжірибелерімізбен бөлісті.Ал 3-бөлімде ел болашағы- бүгінгі білім алушыларымыздың білім, өнер, спорттағы биік белестерді бағындырған дарындылар шеруіне ұласты.

Мектеп тарихы – ел тарихының бастауы

        Абай атындағы мектеп- гимназия ауданымыздағы 1937 жылы ашылған тұңғыш қазақ мектебі. Шежіресі дастан мектепке биыл 85 жыл толып отыр. Ғасырға жуық тарихы бар мектеп – кеңес дәуірінде аудандағы алғашқы қазақ мектебі болып, ұлт тілін, ділін, тарихын қандай қиын кезеңдерден аман сақтап, бүгінге жеткізген тамыры терең білім ордасының қара шаңырағы. Мектеп-интернаттан бастау алып, мектеп-гимназия, гимназия статусына дейін көтерілген, еліміздің егемендігі жолында қызмет етіп жүрген қаншама шәкірттерді тәрбиелеген, ұлағат ұялаған құт мекен.

        Осы кезеңде мектептің өркендеуі мен нығайып дамуына үлес қосқан қаншама абзал азаматтар мектепті басқарса, солардың ішінде Еңбек ардагері, Халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Қарасай ауданының құрметті азаматы, мектебімізді 1979-1999 жылдары басқарған Мұқанова Мария Хамзақызын, Қазақстан білім беру ісінің озаты, КСРО білім беру ісінің озаты, Еңбекшіқазақ, Қарасай ауданының құрметті азаматы,«Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері – Бекбаева Ақылия Бекбайқызын, Қазақстан Республикасының Білім озаты, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Халық мұғалімі» медалінің иегері, мектебімізді 1999-2005 жылдары басқарған Сағатова Нағима Сағатқызын, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Бауыржан Момышұлының "Батыр шапағаты" медалінің иегері, Қарасай ауданының құрметті азаматы, мектебімізді 2005-2013 жылдары басқарған Баян Мұхамедярованың, Халықаралық экология, инженерия және педагогика ғылымдар академиясы» Қоғамдық қорының «Д.А.Қонаев» атындағы төсбелгісінің, «Білім саласының үздігі - 2017» иегері, 2013-2022 жылдары мектебімізді басқарған Тұрсын Сайбырованың зор қошеметпен сахна төріне шақырып, олардың мектеп басқарудағы тарихи еңбегіне арналған видеофильмді көруді ұсындық.

        Білім ордасының қайталанбас ерекшелігі – ұрпақтар сабақтастығының алтын тінінің үзілмеуі. Мектеп басшылары сонау 1979 жылдан бүгінге дейін 45 жыл басшылықты үлкен сеніммен біріне-бірі табыстай отырып, Абай мектеп-гимназиясының ар-намысын, абыройын бірге көтеріп келеді. Олар мектепте өтілетін мерекелік шаралар, семинар,тренигтер, түрлі кездесулердің қадірлі қонақтары бола жүріп, мектептің қазіргі тыныс- тіршілігінің куәсі, жақсылығының жаршысы болған береке апалар. Басшылардың мектепті басқару стилінде, оқу-тәрбие процесін сапалы басқару ісінде үндестік бар. Олар Абай мектебінің өзіндік даму жолын, өзіндік салт-дәстүрін жалғастырып, өткен тарих тәжірибесін ескере отырып, басқаруды жетілдіріп отырады. Бұл ешкімге ұқсамайтын Абай мектеп-гимназиясының бренді, ұлттық коды. Ерекше құрметке бөленген бұл басшылардың біліктілігіне, ақыл-парпсатына бас иіп, алдымызда аман-түгел боп, бас қосып, әрқайсысы өзі басқарған тұстағы білім ордасының қиын да қызықты тарихынан сыр шерткені бүгінгі жас буынға тағылымдық мәні бар үлкен мектеп болды.

          Ұжымның жағдайы мен қажеттілігін ескеріп, кәсіби біліктілік пен шеберлігін жетілдіру мақсатында аянбай еңбек етіп, 20 жыл мектепті басқарған, қазір жасы 86- ға толған қарт-қазына Мария Хамзақызының кеңес дәуірінде аудандағы жалғыз қазақ мектебін сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмсап, жанқиярлық еңбекпен қиындықтарды еңсергені кімді де болса бей- жай қалдырмады. «Қазақ мектебін сақтап қалу үшін облыс көлемінде малшылардың балаларына интернат ашумен толтырдық» деп еске алады қарт ұстаз . «Мектептің биіктен көрінгенін үнемі бақылап отырам, әрбір шәкірттің қол жеткен табысы – менің бақытым, мен бар күш- жігерімді, қуатымды осы мектепке бердім»- деуінің астарында ісіне деген адалдық, махаббат, патриотизм жатқан жоқ па?

          «Мен 1999 жылы Мария Хамзиқызынан мектеп басшылығын қабылдап алдым. Тамыры терең, дамуы даңғыл мұндай мектепті ұлағатты ұстаздан соң басқару маған оңай болмады, сынай қараған жұртшылықтың назарында болдым. Бұл менің мектеп жеткен абырой биігінен де асыра жұмыс істеуіме негіз болды. «Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас» деп, ұжымды басқаруды ізгілік пен демократияға негіздеп, мықты орынбасарларыммен сенімді команда жасақтадым, біз күн демей, түн демей білімнің сапасы үшін аянбай еңбектендік, сол күндерді сағына еске аламын» – дейді Нағима Сағатқызы. Иә, жанқиярлық еңбек өз жемісін берді, сол жылдары ҰБТ- дан аудан бойынша 1- орынды иеленіп, Қарасай ауданы әкімдігінің грантын жеңіп алыпты. «Өткеннің тереңдігі, бүгіннің кеңдігі - болашақтың биігі, деген ұранмен жұмыс жасадық. Өткеннің тереңдігіне куә болдыңдар, бүгіннің кеңдігін көріп отырмыз, болашақ бұдан да биік болары сөзсіз»- деп сөзін аяқтағанда жұртшылық ду қол соқты.

            Мектебімізді 2005-2013 жылдар аралығында басқарған Баян Әбдікәрімқызы, еңбек жолын осы мектептен бастаған, ұзақ жылдар директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. «Мен басқарған жылдары мектептің аты халықаралық деңгейде танылып, оқушыларымыз шетелге шығып, Грекия, Ұлыбритания, Москва т.б елдерге барып, ғылыми жобаларын қорғап, жоғары оқу орындарына түстіп жатты. Тағы бір атап өтетін жайт, мектеп күрделі жөндеуден өтіп, мультимедиялық кабинеттер ашылып, интерактивті тақта, компьютерлермен жабдықталды. Осылайша материалдық базаны нығайту арқылы білім сапасын көтердік»- дейді ұстаз. Еліміздің тұңғыш Президенті, мектептің 1957-58 оқу жылының түлегі Н.Ә.Назарбаевтың ұшқан ұясына келу сапарлары туралы әңгімесі тарихтан бір сыр болды.

          «Мен білім жүйесінде үлкен өзгерістер болған кезде мектепке келдім, жан басына қаржыландырған кезеңде бізге бюджет берілді. Облыста 1- рет жаңа кітапхана, акт залы, жылыжайды аштық» – деп еске алады жас директор Тұрсын Әділбекқызы. Осы жылдары мектеп-гимназия республика бойынша таңдаулы 100 мектептің қатарынан орын алды. Мектеп-гимназия 2015 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің педагогикалық идеяларын таратушы тірек мектебі статусына ие болды. Нәтижесінде республикалық «Үздік мектеп-2021» байқауында «Үздік аудандық мектеп» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. 

          Ұлы ойшылдың атымен аталатын мектепте Абай мұрасы терең насихатталады. Әрине мұндай игі істің басы-қасында ардагер ұстаз, абайтанушы Ақылия Бекбайқызы тұр. «Абай әлемі» авторлық кабинеті – бұл бағыттағы жұмыстың басы. Ұстаз Семейдегі Абай мұражайының құнды жәдігерлерінің көшірмесін жасатып толықтырды.Өз қаржысымен «Абай нұры» мектепішілік газетін шығарып, жас буынның шығармашылық ізденіске, креативті ойларға, журналистиканың қыр-сырын тануға жетеледі. «Мен осындағы 5 директормен жұмыс жасадым, бірақ жай мұғалім болдым.Шәкәрім бабамыздың «Жоба тап, жол көрсет, келешек қамы үшін.Ғибрат алар артыңда із қалдыр, мәңгілік өлмейсің» деген сөзі ұстаздық жолыма жолдама болды» – деп өзінің тарихи шеруі туралы әңгімеледі. Көшбасшылардың ауқымды ойлары, қадау-қадау сөздері бүгінгі жастарға үлкен сабақ. Тарих пен тіл тамырлас. Шараның 1- бөлімін тарих пен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің аға буын ұстаздары В.Қыдырбаева, А.Қаныбекова, Ж.Құрманбаева, сондай- ақ , Э.Есмұратова, З.Ордаева, А.Қалиева ұйымдастырды. Олар мектеп тарихының 85 жылдық мұрағатын түгендеп, көрерменге видеофильм ұсынды.

«Green house» жобасы оқушыларды еңбекке баулуда

          «Мектебімізде 2022 жылдан вертикалды жылыжай жұмыс істейді. Оның ауданы – 34 м2 құрайды. Тік үлгідегі 5 бөлікке 48 түбек орналастырылған. Жылыжайда құлпынай, аскөк, жалбыз, ақжелкен,қияр, болгар бұрышы, шалғам, шпинат, черри, салат жапырағы секілді көк шөптер өсіріледі» – деп таныстырды биология пәні мұғалімі Жұмагүл Бөрібайқызы. Семинар қатысушыларына 9-сынып білім алушылары Аяулым, Берік, Аида жылыжайдың жұмыс істеу жүйесіне таныстырылым жасады. 

Аида: «Жылыжайдағы басты қажеттілік өсімдіктерді суару жүйесін дұрыс ұйымдастыру болып табылады. Осы орайда, тамшылатып суару әдісін қолдану – тиімді таңдаудың бірі болмақ. Тамшылатып суару – өсімдіктің тікелей тамырлық зонасына құбырлар, түтіктер, эмиттер көмегімен суды баяу тамшылату арқылы суаруға мүмкіндік беретін тәсіл»,-деп таныстырды. Ал Берік жылыжайды сапалы жарықтандыруда жарық диодты шамдарды қолданатыны, бұл өз кезегінде жаңа технологияға негізделіп, энергия және қаржыны үнемдеуге негіз болатынын түсіндірді. Аида кондиционер арқылы жылыжайдың температурасын темендетіп және жоғарлатып, желдету арналары арқылы суық және жылы ауа массаларының алмасуы конвекция жүретіні, сол арқылы жыл он екі ай өнім алатынын айтып өтті. 

    Жылыжайда биология пәні мұғалімдері практикалық сабақтар өтеді. Ал жылу мен жарық технологиясын, желдету арналарының жұмысын физика пәні мұғалімі А.Ауытбаева бақылайды. «Жауқазын» жаратылыстану пән бірлестігі мұғалімдері жыл бойы өсімдіктерді күтіп баптау, суару жұмыстарын оқушылармен бірге жасайды. Білім алушылардың теориялық білімдері практикамен ұштастырылып, осында өсімдіктердің өсіп жетіліп, жеміс бергенге дейінгі үдерісті өздері бақылайтыны семинар қатысушыларын тәнті етті. Білім алушылар қонақтарға өз өнімдерінен жасалған шай, смузиларын ұсынды.

«Reading for pleasure» жобасының берері мол

      «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша кітап оқу мәдениетін кешенді түрде дамытып, оқу мәртебесін, оқу белсенділігін, отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғыртып, сол арқылы білім алушылардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруда кең көлемде жұмыс жасалуда. Соның нәтижесі ретінде «Слово» орыс тілі пәні бірлестігінің жобасы «Еркетай» балалар қуыршақ театры өз қойылымдарымен жұртшылық назарын өзіне аударды. Мұғалімдер Баян Исаеваның ұйымдастыруымен 6-сынып білім алушылары «Красная шапочка» ертегісін, Ақдидар Жүнісбекованың ұйымдастыруымен 5-сынып оқушылары «Чудесная шуба Алдар Косе» ертегісін қойды. Олар қажетті қуыршақ образдарын, дизайндарын өздері дайындап, өздері образдарын сомдағаны мақтауға әбден тұрарлық. Ал ағылшын тілі пәні мұғалімі Аршагүл Ғиниятовнаның дайындауымен 9- сынып оқушылары «Рамео және Джульетта» драмасын ағылшын тілінде сахналауы ондағы актерлық шеберліктері, образды шынайы бейнелеп ашуы көрермендерге үлкен ой салды. Жобаның мақсаты оқушылардың театр өнері арқылы жеке тұлғаның шығармашылық ізденісіне жол ашып, креативті әлеуетін дамыту болып табылады. Сондай- ақ ағылшын тілі пәні мұғалімі Еламанова Әлия 8,9 сыныптар арасында кітап оқу марафонын ұйымдастырды.Білім алушылар өздері таңдаған жанрда әдеби шығармалар оқып, оны ағылшын тілінде сюжетіне шолу, тезис, аннотация жасау арқылы оқырмандарға жарнамалады. Осы арқылы қатысушылар 3 тілді жетік білетін, 3 тілде көркем туындыларды еркін оқитын, сөз саптауы қалыптасқан, шаршы топ алдында еркін сөйлейтін бүгінгі буынның тереңдігі мен шығармашыл ізденістерінің куәсі болды. Бұл бөлімді Республикалық «Үздік педагог-2022» номинациясының иегері, тарих пәнінің мұғалімі Айнұр Абджалалқызы өзінің үздік педагог тәжірибесімен бөлісіп қорытынды жасады.

Ұлттың болашағы – білімді ұрпақ қолында

       Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді, дарынды жастар. Ұрпағың білімді болса, болашағың жарқын. Себебі ұлт болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі, келешектің келісті келбеті. Сондықтан бәсекеге төтеп беретін білімді, алғыр, бастамашыл ұрпақтың көп болуы ертеңіміздің берекелі озықтығын дәлелдейді. Ұлттың болашағын білімді ұрпаққа табыстау үшін оларға деген сенім зор болуы тиіс. Ал ондай жан-жақты, өнерлі, дарынды, білімді ұрпақ ұлт болашағы бізде бар. Мектеп гимназиясының биылғы оқу жылында пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының, түрлі өнер және спорттан озық шыққан бүгінгі жас буынның дарындылар шеруі композициясы сахна төрінен орын алды.

         Олардың ішінде Республикалық пәндер олимпиадасының жеңімпазы 10-сынып оқушысы Кәріпбек Жанерке, «Зерде» ғылыми жобалар байқауының Республикалық кезеңінің жеңімпазы 5-сынып оқушысы Дүйсембай Бекжан, «Алтын түлек» олипиадасының республикалық кезеңінің жеңімпазы 10-сынып оқушысы Раптан Өмірхан, облыстық тур жеңімпазы Хабиболла Мөлдір, СДУ университеті ұйымдастырған олипиада жеңімпаздары Асылхан Айзат, Мамедова Румейса, Кольбаев Мейрамбек, Сейсембай Мадина сондай - ақ спорт пен өнерден жеңімпаз атанған қаншама таланттар өнер көрсетті. Болашағыңды білгің келсе, бүгініңе қара демекші,бүгінгі ұрпақтың биік шыңдарды бағындыруы мектеп гимназия директоры Айгүл Сатановнаның шебер де нәтижеге бағытталған жұмысының жемісі деп білеміз. 

«Мен бақытты басшымын. Алдымда Абай мектеп-гимназиясын өзіндік даму жолын, дәстүрін, мектеп басқару үлгісін қалыптастырған, мектептің әр жетістігіне қуанып, қолдап отырған осындай ардагер ұстаздарым бар. Сіздер менің әрбір ісіме үлгісіздер, ақылшымсыздар. Өткен тарих тәжірибесін ескеріп, сіздер бастаған ұлы көшті абыроймен атқарамын», – деп қорытындылаған мектеп басшысы бүгінгі іс шараны ұйымдастырған мектеп директорының әдістемелік істері бойынша орынбасары Қалиева Үміт Ерланқызына, Пазылова Меруерт Анафьяевнаға және барша ұстаздарға ерекше ықыласы мен алғысын білдірді. Бұл ауқымды шара мектеп тарихы туралы деректі фильм түсіруге жол алды.

Венера ҚЫДЫРБАЕВА,

Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының 

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі 

Қарасай ауданы

Қаскелең қаласы