Кенен Әзірбаевтың ұрпақтарымен кездесу өтті

Кенен Әзірбаевтың ұрпақтарымен кездесу өтті

     Биыл халық ақыны, әнші, күйші Кенен Әзірбаевтың туғанына – 140 жыл. Осыған орай «Кенен әлеміне саяхат» бағдарламасы аясында Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты Кенен Әзірбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде Кенен Әзірбаевтың ұрпақтарымен кездесу өтті. Салтанатты шараны Қазығұрт аудандық ардагерлер үйінің төрағасы А. Омаров пен ауыл әкімі Асқар Қуандықұлы сөз сөйлеп ашып берді. Сондай ақ, ардагер-ұстаз С. Бейсенов, Қазығұрт аудандық білім бөлімінің бас маманы А. Егізек, бөлімнің әдіскері Г. Құралбаева қатысты. 

    Сөз кезегі Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен Әзірбаева және ұлы Бақытжан Әзірбаевқа берілді. Төрткен және Бақытжан Әзірбаевтар оқушыларға әкесінің өмірбаяны жайлы айтып берді. Сонымен қатар, мектепке бірнеше кітапты сыйға тартты. 

    Жиын барысында ҚР Мәдениет саласының үздігі Бейбіт Мұсабаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері С. Байғожин, халықаралық конкурстарының лауреаты Е.Максим және Қазығұрт аудандық өнер мектебінің бір топ бишілері мен күйшілері өнер көрсетті. Кенен Әзірбаевтың ұрпақтары ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. 

Шара соңында келген барлық қонақтар мектеп ішіне кіріп, оқушылар ақын өлеңдерін жатқа айтып берді. 

     Кенен Әзірбаевтың ұрпақтары барша ұжым мүшелері мен оқушыларға алғыстарын айтып, батасын берді.