БОЛАМЫЗ БА, ЖОҚ, БОРДАЙ ТОЗАМЫЗ БА?..

БОЛАМЫЗ БА, ЖОҚ, БОРДАЙ ТОЗАМЫЗ БА?..

Атырауда өткен Құрылтай дүбірі әлі талай кезеңге дейін басыла қоймайтын болар. Себебі, онда көтерілген жәйттер бірер жылда шешіле қалатын нәрсе емес. Мәселен, ұлы жиында алға тартылған елдегі есірткі саудасы мен нашақорлықты тез арада тізгіндеу оңайға соқпас. Сондай-ақ елдегі лудомания кесапаты, яғни, құмар ойындарға деген тәуелділік жедел тыйыла қоя ма? 

Сондайдың да кесірінен шығар, бүгінде мыңдаған отбасының шаңырағы шайқалыпты. Тіпті, жастар арасында шарасыздықтан, өз-өзіне қол салу оқиғасы жиілеген. 

Одан соң елді қатты алаңдатқан тағы бір келеңсіздік – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейіп барады дейді. Агрессия мен вандализм күрт артқан. Қатыгездік көбейген... 

Мұның бәрі, сөз жоқ, көбінесе ішкілікке үйірліктен туындап жатпай ма... 

Міне, үлкен Құрылтайда қозғалған сондай жәйттерді телевизия хабарлары арқылы тамашалған едім. Құдай-ау, қызық болғанда, дәл сол жағдайдың біразы арада апта өтпей өзімнің алдымнан шыққаны бар емес пе?!. 

Жұма күнгі жұмыстан соң «өз үйім – өлең төсегім» дейтіндей, қала шетіндегі ұядай пәтеріме енсем, есік аузында селтиіп екі ауылдас жолдасым күтіп отыр. Қауқылдасып қауыштық. 

Мені көре салып, жанарларында қуаныш оты ұшқындап, өре тұра келіскен.

Өз ішім де жылып қоя берді. Алыстан ат сабылтып, жерлестерің іздеп келіп жатса құшағыңды қалай ашпассың!

Өзімнен екі-үш жас кіші бауырларым еді. Бірінің үйлене салып ажырасып үлгергендігінен, екіншісінің отызға келсе де сопайып соқа басы жүгендігінен хабардартынмын. Екеуінің де орта мектепті әупіріммен тәмамдағанын білетінмін. Екеуі де дөкірлеу, екеуі де тікбақайлау-ды.

Ең жаманы, ауыздары былапыт; көшеде де, қоғамдық орындарда да жұрттың мазасын алып жүретін қуыс кеуделеу, қасиетсіздеу жігіттер... Және «тамашасы» – екеуі де насыбай атады...

Бірақ ондайға қайдан қарап жатасың, іні-қарындас десе ес шығып, ет-бауырымыз елжіреп қоя беретін ел емеспіз бе, әлгі сәтте мұның бәрін есептеп отыруға мұрша болған жоқ.

Бірталай қауқылдасқаннан соң, қонақ келсе сыраға сүйрей жөнелетін «ежелгі» әдет бойынша (екеуінің қалаулары да сол-тын):

– Ал, кеттік!

– Ыдысты ұмытпа!... – дестік.

Бір көшеде өсіп, балалық бал дәуренді бірге өткізген жігіттер ғой. Сол сәтте бір-бірімізге деген көңіліміз бүкпесіз-тін.

Сырахана үйдің дәл түбінде болатын. Маңайдағы жұрт «сары сиыр» атап кеткен жарықтық ұдайы «ийтін» де тұратын.

Сонымен қойшы, біраз уақыт аралығында бірталай сусын сілтенді. Насыбайды да жиі атқандықтан болар, бағжаңдап, екеуі жұрттың көзін ала бере, бұрыш-бұрышқа түкіріне отырып, бірталай «әңгіме» басы қайырылды. Бірталай «шер» тарқады...

Енді қанағаттанатын шығармыз, дем алатын болармыз дегенмін. Қас қарайғанша отырғанда ауыздарынан титімдей түзу сөз шықпай, атты-бұттылап отырған інішектің бірі әлден уақытта:

– Ал, брат, біздің «сыбағамыз» қайда? Көп әуре болудың керегі жоқ, екеумізге екі шөлмек те жетеді, – деп ыржиды.

Екінші қу да:

– Е, мұны сөзге жібер. Бәленшекеңдердің тұқымы емес пе. Елдің жол-жоралғысын да тәуір біледі өзі, – деді ыржалақтап.

Сөздерінің ығытын ұқтым да, қалтамдағы барды суырып бердім. Мәрттіктен емес. Мұндайда жақсы жолдасың үшін неше теңгені де қиналмай тастай салуға болады ғой. Бұлардың «жөні» бөлек еді. Ырың-жырың жайларынан ығыр болып, тықырши бастасам да, айтқандарын орындап құтылайын дегенмін. Содан соң, бұл екі тоғышардың ертең ауылға жеткенде, менің туыстарыма өз әрекеттеріне қарамай: «Анау ағайынға еркелеп барып едік, әкесінің құнындай қылып екі шөлмек шарапты да аяды» – деп баратынын да білген ем. «Бәледен машайық қашыпты» деген ғой. Ақшаны ұстатып жатып:

– Ал жөнеліңдер! Мен үйге бара берейін. Шөлмектеріңді өздерің тауып ала жатарсыңдар. Енді мазаламаңдар! – дегенмін.

Мезгіл тым кеш еді. Екеуі алдында өздері айтатындай, шынында да, «нағыз тапқышбектер» екен, қайдан алғанын кім білсін, лездің арасында екі шыны арақты алып, алқынып жетті. Тепсе темір үзетін соқталдай-соқталдай екі апайтөс бір-біріне соғылып, қуанысып жүр. 

Бір қызығы, бұлар көңілденгендегі сезімдерін де боқауыз сөзбен білдіреді екен. Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасындағы» Мишаштың аузынан түспейтін «Бля» мен орыстың түрлі-түрлі «тұздықты» сөздері біздің үйде де жиі айтылады.

Абырой болғанда, пәтерде жалғыз едім. Боқауыз сөз бен бостәкі, пәтуасыз мылжыңдықтан құлақ сарсып, абыржи бастасам да, бауырларды жамандыққа қимай, барды алдыға тартып:

– Ал, жарқындарым, ішіңдер, жеңдер, жақсы демалайық! – деп жатырмын.

«Қысылмаңдар» деудің қажеті жоқ-тын. Бір шөлмек орталана бере-ақ екеуі салқын тау, самал бел ортасында оңаша отырғандай даурығып, еркінси бастаған. Әлден уақытта мені әбден ұмытты. Келе-келе бір-бірінің өткен-кеткен қателіктерін еске түсіріп, тәжікелесуге кірісті. Бара-бара бір-бірін жағадан алуға көшті. Жын ұрғандай айғайға басты.

– Ау, бұларың не, тыныштық берсеңдерші! – деп есік қаққан көршілермен жағаласты...

Ырду-дырдумен таң да атты-ау. Қонақтарымнан да құтылдым-ау. Әйтеуір, кетті. Бірдеңеге ұрынбай, аман-есен қайтақандарына керемет қуандым.

(Енді олардың ертеңіне қайтып «бас жазғандығын», қанша сыра ішкендігін, қалайша «татуласқандығын» әңгімелеп жатудың қажеті бола қоймас. Қысқасы, дүйсенбі күнгі жұмысқа шаршап-шалдығып әзер бардым).

Е-е... Айтқандайын, екеуі кетерінде жуынған қолжуғыштың да суын жаппай, сарылдатып ағызып кетіпті. Құдай сақтағанда, өзім байқап, өшіріп шықтым. 

Содан су бұрандасын бекітіп тұрып іштей күлейін келіп... Құрылтайда жарық пен суды үнемді тұтынудың тәртібі туралы да жақсы айтылып еді-ау... 

Әлдебір замандастарым: «Мұны неменеге жазып отыр? Кімнің үйіне бауырлары келмепті? Кім ішпейді? Кім шаршамапты? Кімнің үйі шашылмапты» дер.

Дұрыс қой. Бірақ мені мазалаған: «Арамыздағы дәндүріс бауырларымыз бұл екеуі ғана емес қой. Көріп жүргеніміздей, көпшілік жігіттер осылайша оспадар, парықсыз келеді-ау. Бүгінгідей сүрінген ізіңді бағып, жеке біреуіміздің кемшілігімізді бүкіл ұлттық қасиетке телігісі келетін өзге халық өкілдері алдында таба қылып жүрген де осындайлар емес пе? Мұнымен қалай өркендемекпіз? Боламыз ба, әлде осы бетпен бордай тозамыз ба» деген ой-тын. 

***

Әлгі екеуі түн ішінде арақты да төгіп-шашып, қақырынып-түкірініп, қақалып-шашалып отырғанда ішу мәдениеті жайлы да ойлағанмын. Қадыр ағамыздың: «...Ішетін ел бар, алайда, атына бір сөз келтірмей... Ішетін ел бар, алайда, араққа бір сөз келтірмей» дейтін өлең жолдары еске түскен.

Адамға ұқсап жүрсе, біреуге «Ішпе, жеме!» деп нең бар. Бірақ жан дүниелері жүдеу, қуыс көкірек, пасық кеуде, ойсыз жігіттер «ішу мәдениетін» қайтсін. Тек мас болып, қиқалаңдағанға, елдің мазасын алғанға мәз. Соны ерлік көреді. Халық атына да кір келтіретін осылар емес пе. Баяғыда бір досым: «Егер – қанағат, әйелге инабат керек. Айуанға ұқсамай, түзу ішіп-жейік. Үй артында кісі бар...» дегенді жиі қайталаушы еді...

Өзі, бауырларыма орынды-орынсыз ақыл айтып, бас қатыруға аса құштарлығым жоқ. Өйткені, өмір күрделі. Бәлкім, жоғарыдағыдай келеңсіз қасиеттерімізге қоғамымыз да кінәлі шығар. Жастық шақтың да қателіксіз болмайтындығы белгілі. Өзіміз де аяулы бозбалалық дәуіренді бастан кешіріп көргенбіз. Тәттіні де, ащыны да таттық...

Солай бола тұра шынын айтайтын, әлгіндей әдеттерді соншама жек көретінім де рас. Дана халқымыздың: «Болар елдің баласы бірін-бірі батырым дейді» аталатын аталы сөзі де есте. Алайда, анау екі бауырды қалайша дәріптерсің? Ондай інішектердің санасына бүгінгі ел тағдыры, жер жайы, тіл тазалығы мәселелері кіре ме?!

Ертең екі жерлесімнің бұл мақала жайында естулері мүмкін. Содан соң әрине, мені көрместей болады. Бірақ қайтер дейсің. Біраз боқтанған соң қояды ғой. Өздері білсін де...  

Әлімақын Байдосов