ЗАҢҒАР ЗАМАНДАСТАРЫМЫЗ

ЗАҢҒАР ЗАМАНДАСТАРЫМЫЗ

1. Дүниеде теңдесі жоқ өнім дайындайды 

Бүгінде «Қазхром» ТҰК АҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өнімдері көршілес ТМД, сондай-ақ Еуропа мемлекеттерін былай қойып, АҚШ, Австралия, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайвань елдері арасында үлкен сұранысқа ие. Яғни бұл кәсіпорын феррохром өндіру жағынан әлемдегі көшбасшы мемлекеттердің үштігіне кіреді. Ал сапа тұрғысынан дүние жүзінде бірінші орын – біздікі! 

Бұл талай жәйтті аңғартса керек. Ал мұны кім дайындайды десек, бәрі де қарапайым өз бауырларымыз екен. Иә, бірімізге аға, екіншімізге іні немесе апа, қарындастарымыз. 

Ал жер бетіндегі космостық зымырандар мен жойғыш ұшақтардан бастап түрлі кемелер мен автөкөліктердің, сан алуан тұрмыстық құрал-жабдықтар металдарының құрамының бәрінде Ақтөбе хромы бар. 

Аталмыш кәсіпорынның сонау сұрапыл соғыс жүріп жатқан 1943 жылы құрылу себебінің өзінен небір терең мәнді әңгіме өрбітуге болады. Ақтөбе зауытының Жеңісті жақындатудағы орны туралы лайықты баға да әлдеқашан берілген. Сол совет өкіметі заманында хромның тоқсан алты пайызы –өзіміздің Дөңде, яғни, Хромтауда өндірілген көрінеді. Ақтөбе зауытының өнімі кезінде ғаламның отыз сегіз еліне тараған. Осындай жетістік бағытында айта бастасақ, сөзіміз тым ұзап кетеді.  

Іске қажетті коксті арагідік Ресей мен Қытайдан алдырылатыны болмаса, кварцит, әк тас, «SiCr», «ФС 75» аталатын негізігі шикізат түрлері өз елімізде дайындалады. Мәселен, ең қажетті хром ігеміздегі «Дөң» кен- байыту комбинатынан жеткізіледі. Жеті жүз метр тереңдіктегі шахтададан шығарылатын кен сондағы фабрикада байытылып, Ақтөбе зауытына жентек күйінде әкелінеді. Сөйтіп, керекті заттар өзара араластырылып, балқытыла бастайды. Жалпы, «ферроқорыту» – темірді хром, марганец, кальций элементтерімен қосып балқыту дегенді білдірмекші. 

Осылайша, шыққан металл арнайы шөміштерге құйылады. Олардың белгілі өлшемдері бар. Мысалы, айталық, анау тапсырыс беруші америкалықтар өнімді «5,80» деген қалыпта немесе жапондықтар «0,5» стандартында, яки кәріс ағайындар «520» аталатын үлгіде сұратуы мүмкін. Олардың тілегі зауыттағылар үшін қашанда заң, сондықтан бұлар істі сұранысқа сай, әрдайым нақпа-нақ, аса жоғары деңгейде атқаруға міндетті. Ал жұмыстың биік технологияда атқарылатындығын осынау аталған алпауыт елдердің тұтынушылары тұрақтылығынан-ақ біле беруге болатын шығар. Демек, директордан бастап, бас технолог, инженер, балқытушы, уатушы, бөлуші, краншы, тепловоз бен электровоз машинисі, электрик, слесарь дейсіз бе... мұндағылардың әрқайсы өз жауапкершілігін лайықты кәсіби дәрежеде орындауға тиісті. 

Құрылғанына сексен жылдан асқан зауытта қыруар адам жұмыс істейді екен. Міне, осындағылардың бәрінің еңбегі бір-біріне тығыз байланысты. Айталық, анау шикізаттың жеткізілуі мен дайын өнімді тапсырыс берушіге аттандыруға дейінгі жұмыстың бәрі қатаң контейнер тәртібіне бағындырылған. Осы механизм сағат тәрізді сақылдап істеп тұруы керек. Арада бес минут кешігу болса, өзара байланысқан барлық жүйе бұзылады. Яғни, бұған дейінгі еңбектің бәрі еш болып, төгілген тер зая кетпекші. Сондықтан, ұжым арасында ешкімді жерге қаратпайтындай нақты тәртіп қалыптасқан. Басқаша айтқанда, зауытта инновациялық басқару қағидасы түзілген. Бір жақсысы, баяғыдай «ананы өйт, мынаны бүйт, кранды жеткіз, контейнерді әкел» деп жүгіріп жүретін жағдай жоқ. Жаңа заманғы өндіріс технологиясы керемет дамыған. Тек әркім өзіңе жүктелген жұмысты мүлтіксіз атқаруға ұмтылуы қажет.   

Металлургия бір минут та тоқтамайтын өндіріс ошағы. Тіпті, үлкен мереке күндерінің өзінде бір сәт аялдамайды. Демек, ел мүддесі жолында атқарылып жатқан еңбек – адал. 

2. Қарындасым – қарлығашым

Есті қыз екені көрініп тұр.

Жүріс-тұрыс, сөз саптауынан-ақ байқайсың ғой. Көз жанарында тұнған парасат пен салмақты мақпал үні еріксізден биік құрмет сезімін туғызады. Мұндай жанмен тілдесудің өзі бір ғанибет. 

Жап-жас. Техникалық-бақылау бөлімінің мастері екен. Бәденді келген талдырмаш қана қыз. Өз ісін сонша жетік білетіні де бірден аңғарылды.  

– Біздің бөлім, негізінен, зауытқа келетін шикізат пен кәсіпорыннан шығатын дайын өнімнің сапасын бақылайды. Шикізат деп отырғаным – феррохромды балқытуға қажетті материалдар. Кен, хром, марганец, кальций, кокс, кварцит, тағы басқалары. Жалпы, балқыту үдерісінің технологиясы қадағаланады. Сондай-ақ зауыттан шығып бара жатқан барлық өнімнің деңгейі тексеріледі... 

Әрине, зертхана жұмысы, бір есептен, белгілі де. Бөлімде жетпіске жуық адам жұмыс істейді. Іс ауысыммен атқарылады. Тоғыз бақылау нүктесі бар. Лаборатория өмірі күндіз-түні қыз-қыз қайнап жатады. Тиісті заттардан сынама алынады. Бәрі мұқият зерттеледі. Ақау табылса, материал қалыпқа келтіруге, жетілдіруге жөнелтіледі. Дұрысына тіленетіні – «ақ жол»... 

Ақтөбеде-туып өсіпті. 2010 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің Металлургия факультетін бітірген. Феррохром, болат, түсті металлургия балқыту технологиясын оқыған. 

– Әрине, нақты іске келгенде бәрі басқашалау. Бірақ өндірістегі процестерді жақсы түсініп отырамыз, – деген еді өзі. 

Зауытта жүргеніне талай уақыт өтіп үлгеріпті. Бір жылдай техникалық-бақылау бөлімінің бақылаушысы қызметін атқарған. Одан кейін мастерлікке жоғарылайды.  

Мұнда оқу бітіріп келгеннен кейін жас маман ретінде тіркелу үшін басқа ешқайда орналаспай, қараша айына дейін тек осында келу шарт көрінеді. Зауытқа келген соң бір жыл бойы тәжірибелік сынақтан өтеді. Әркім өз-өзін көрсетуге тиісті. Түрлі ғылыми конференцияларға, конкурстарға, басқа да шараларға қатысу міндетті. Жыл аяғында аттестация тапсырады. Өткендерге елу айлық есеп көрсеткіші мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді. 

Осындай сатылардан кейін әркім өз саласы бойынша белгілі қызметтік лауазымға резервте тұрады.  

Біздің кейіпкеріміз осынау өткелектерден сәтті өткен адам... 

Жас маман дәрежесінің тағы бір жақсылығы – белгілі бағдарламасы бар. Мәселен, жеңілдікпен үй беріледі...

Қызымыз зауыттағы бастауыш партия ұйымында жастар жағынан төрағаның орынбасары болған екен. Кезінде Астанада өткен жастар ұйымы қанатының құрылтайына да қатысып қайтыпты. 

Зауытта қыз-жігіттердің үлес салмағы қырық пайыздай. Мұндағы ұйымдастырушылық жұмыстар, түрлі мерекелер өткізу көбіне жастар жетекшілеріне жүктелетіні түсінікті. 

Айтпақшы, кейіпкеріміздің аты – Салтанат. Тегі – Науырзалина. 

Аман болса келешекте зауыт жетекшілері қатарынан көрінейін-ақ деп тұрған жалынды жас. Оның Ақтөбе ферроқорытпа өнімдерін тұтынып отырған анау АҚШ, Жапония, Қытай, сияқты алпауыт мемлекет мамандарынан еш кем емес екенін түйсіндік. 

Қоғамда осындай алғыр қарындастардың жүргеніне қалай қуанбассың. 

3. Жігіттің жайсаңы 

Жұрт Жасұланның ылғи жүгіріп жүргенін көреді. 

Жастар кеңесінің төрағасы жетіскеннен жүгірмейтін болу керек. Жұмыс көп.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ұжымының қырық пайыздан астамы –қыз бен жігіт. Яғни, үш мың еңбеккердің жартысына жуығы жастар... 

Жасұлан Жұмайдың мамандығы – инженер-геодезист. Бұл жауапкершілік те оңай емес – ертеден кешке дейін зауыт аумағын шарлап, жер өлшейді. Дүние жүзінің жиырмаға тарта еліне экспортқа өнім шығаратын алып өнеркәсіптегі өлшем атаулының бәрі өте дәл болуы қажеттігі өз-өзінен түсінікті. 

Зауытқа 2006 жылы жиырма жасында келіпті. Содан бес жылдай шихта дайындау цехында уатушы жұмысын атқарады. Хром, кокс, кварцит сияқты материалдарды тиеумен айналысады. Бертінге дейін біраз уақыт мастерлік қызметті өткерген. Кейін өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Әуелде Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын түгескен еді. Одан екінші мамандық алу мақсатында Оралдағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде сырттай білім алады...

Ал, Жастар кеңесінің төрағалығы деген – қоғамдық жұмысы-тын. 

Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін мүлде естен шыққан мұндай ұйым кейініректе зауыттың бұрынғы бас инженері Арман Есенжоловтың бастамасы арқылы құрылған-ды. «Біз де баяғыдай жас мамандар кеңесін құрайық та; сөйтіп, түрлі жеңілдіктер қарастырайық» деген еді ол. (Арман Бекетұлы кейірінекте «Қазхром» трансұлттық компаниясы акционерлік қоғамы құрамындағы Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры болған). 

Әрине, қоғамдық кеңес жұмысы жеңілдіктер қарастырумен ғана шектелмейді. Өзінің арнайы бизнес-жоспары бар. Ол ай сайын пысықталып отырады. Мәселен, небір мейрамдар өтеді, конкурстар, түрлі интеллектуалдық ойындар, «Көңілді тапқырлар» клубының сайыстары ұйымдастырылады, көркемөнераздар үйірмелерінің концерттері дайындалады. Дарынды жастар өте көп.    

Аталған шаралардың бәрі «Қазхром» ТҰК Акционерлік қоғамы құрамындағы «Дөң» кен-байыту комбинаты, «Қазмырыш» кен басқармасы, Ақсу, Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары жастары арасына негізделген-ді.  

Әсілі, арнаулы орта немесе жоғары оқу орнын бітірген отыз бес жасқа дейінгі қыз-жігіттер белгілі сынақтардан өткеннен кейін жас мамандар есебіне алынады. Бұлар өз саласы бойынша тәжірибелі тәлімгерлерге бөлініп беріледі... 

Жалпы, зауыттың Жастар кеңесі өз тәжірибесіне сонау Кеңес дәуірінің ең жақсы дәстүрлерін сіңіруге ұмтылады. Өйткені «Ескінің бәрі ерсі емес» деген қағида бар – жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену онша қисынсыз нәрсе саналмаса керек.

Қоғамдық ұйым зауыт жаныдағы Ардагерлер кеңесімен ұдайы байланыс орнатуға ұмтылады. Сөйтіп соғыс және еңбек ардагерлерін жіті қамқорлыққа алған. Мәселен, тіпті, қарт адамдардың бау-бақшасын күтіп, ауласын тазалап беруге еш арланбайды. 

Балалар үйін шефтік көмекке алып, бір күндік жалақыларын сонда аударып тұру дәстүрі қалыптасқан. Сондай-ақ «Балалар күні», «Мектепке жол» деген деген акциялар үрдіске енгізілген. 

Сонау спорттық, мәдени шараларға белсене қатысқан адамдар «Қазхром» есебінен жылына екі мәрте қомақты қаражатпен ынталандырылып отырады. «Қазхром» АҚ президентінің арнайы сыйлығы өз алдына. Ең белсенді жастарға жүз елу мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Айта берсе, жақсылық жеткілікті.

Осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген жүз жиырма пәтерлік үйдің қырық пайызы жастарға бөлінуін де сондай қамқорлық қатарына жатқызуға әбден болады. Мұың мәнісі: екі бөлмелі пәтер құны қырық мың доллар тұратын болса, алған адам осыны он бес жыл ішінде бір процент үстемемен төлеп шығады.

Бұдан соң «Екінші нұсқалы баспана» деген және бар. Мұнда жас отбасылар қаланың кез келген жерінен төлеу жағдайына қарап, бір, не екі бөлмелі үй таңдап алады. Оның да мөлшердегі қырық сегіз, елу мың доллар көлеміндегі қаражатын компания қолыңызға ұстатпақшы. Белгіленген уақыт аралығында бұл қаржыны да бір пайыздық үстемемен қайтаруға тиістісіз. Өндіріс ошағына жас мамандардың көптеп тартылатыны, сондай-ақ олардың өндірісте биік көрсеткіштерге ұмтылуы аталған игіліктерге байланысты екені даусыз.

Зауыт балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін де жыл сайын жиырма үш миллион теңге қаржы бөледі. Ал ата-аналар аз ғана жарна төлейді. Сөйтіп, төрт жүз алпыс бала төрт маусым бойына арнайы лагерьлерде демалады.  

Кәсіпорында жұмыстың зияндылығы үшін деп ай сайын айран, сүтін беріп, еңбеккерлерді күніне бір рет тегін тамақтандырады... 

Шыр-пыр болып осындай қаморлық пен ізгіліктің айналасында жүретіндігінен бе, жоқ әлде ылғи қыз-қыз қайнаған мәдени, спорттық шаралардың айналасынан табылатындығынан шығар, жұмысшы ағайындардың үлкен-кішісі Жасұланды туған бауырларындай мейлінше жақсы көрмегенде қайтсін. Сыртынан «жақсы жігіт» деп іш тартады.

Айтпақшы, «жақсы жігіт деген мамандық жоқ» деп жатататынымыз бар. Бірақ Жасұланның білікті маман екендігіне де ешкім шәк келтірмеген еді. 

4. Қала ғимараттары қол бұлғады

Ғаламторға үңіліп, Хромтау қаласына қатысты беттерді ашсаңыз, тағдыр толқындарымен бірі – Ресейге, екіншісі Украинаға немесе Еуропа мемлекеттеріне қоныс аударған осынау елді-мекен тұрғындарының сағынышқа толы хаттарына кезігесіз.

Олар өздері өніп-өскен өңірдің жаңалықтарын сұрайды, елдің кейінгі тыныс-тіршілігін білуге құмартады, қалашық көріністері бейнеленген фотосуреттерді жариялауды өтінеді. 

Иә, туған жер деген кім-кімге де ыстық... 

Хат авторларының Хромтаудағы алыстан мұнартатын зәулім мешіт мен шіркеу құрылысын алдымен айтатынын аңдайсыз. Одан соң Балалар аттракционын сөз етеді. Жөнделген жолдар мен инженерлік жүйелерді, түрлі алаңдар мен әлеуметтік нысандарды әңгіме қылады. Күніне мың адамға дейін келіп жаттығатын керемет спорттық-сауықтыру кешені мен кеншілер емделетін «Еуразия медициналық орталығына» тамсанады. 

Расында, осынау аядай ғана моноқаланың көз тартатын көркі мен жылылығы мол. Жаз айларында жолыңыз түссе – жап-жасыл, ал күзде алтынға малып алғандай, сарыала, қызылала түске боялған тал-дарақ ортасындағы айрықша мөлдіреген қоныс кескінін көресіз. Әйтеуір, тап-тұйнақтай, жып-жинақы шағын қала өзіндік болмысымен баурайды. 

Осы жақсылықтардың басы-қасында жүретін бір адам бар еді.

Оны жерлестерінің жүзбе-жүз тани қоймауы да заңдылық. Бау-бақшаның тәтті жемісін татсақ жетіп жатыр; оны кім өсіріп, кім баптағанын біле бермесек, сөге-жамандаудың реті жоқ-ау... 

Бұл да дәл сол секілді жағдай шығар. Дегенмен, кейіпкеріміздің аты-жөнін айтпасақ болмас, ол – Нұрланбек Ермаханов болатын. «Дөң» тау-кен байыту комбинаты Жөндеу-құрылыс цехында басшылық етті. Қаладағы қисапсыз құрылыс жұмыстарына жетекшілік жасаған іскер басшы, білікті маман ретінде көрінді.

Хромтауға 1984 жылы Целиноград Құрылыс институтын бітіріп келген екен. Еңбекті қатардағы жұмысшылықтан бастаған. Кейін біртіндеп мастер, прораб, учаске бастығы дегендей сатылардан өтеді.

О заманда мекемелері Қазақ КСР Ауыр индустрия кәсiпорындарының құрылыс министрлiгi қарауындағы «Хромтаутяжстрой» тресі аталған. Кезінде 1200-дей адам істеген ірі кәсіпорын. Сонда жүріп өз кәсібінің түрлі-түрлі қалтарыс-құпияларын игереді.

Осылайша 1988 жылы басшыларды сайлау арқылы бекіту науқаны басталғанда әріптестері Құрылыс басқармасының бастығы қылып сайлайды. Содан кейін бірнеше құрылыс басқармасына жетекшілік жасайды. 

Шағында бұл мекемеге бірнеше құрылыс орыны қараған. Бетон, асфальт, темір-бетон, металл конструкциялары, есік-терезе, басқа да түрлі құрылыстық ассортименттер... 

Қысқасы, құрылысқа не керек, соның бәрін өздері дайындады. Мүмкіндік мол еді. 200-дей техникасы бар үлкен кәсіпорын-ды. Кейінірек, нақтырағы, 1995 жылы комбинат қарамағына кіреді... 

Нұрланбек Ертілеуұлы әңгіме барысында қоңыр үні күмбірлеп, бір сәт сонау тарих қойнауына да сүңгіп алады. Айтуынша, мұндағы құрылыс учаскесінің «жасы» «Дөң» тау-кен комбинатынан үлкен болмаса, аса кіші емес. Себебі, халыққа үй салу керек, басқа да әлеуметтік бағыттағы орындар қажет, соның іргетасының бәрін, негізінен, саяси тұтқындар қалап бастаған. Тіпті, қылмыскерлер күші пайдаланылған сияқты. 

О кезде кен дегеніңіз жер бетіне шығып жатқандай. Соны ойып-ойып алып, өгіз арбамен Ақтөбеге жеткізе берген. Кешікпей шахта пайда болады, ферроқорытпа зауыты ашылады. Ірі өндіріс орындары бой көтерген соң біртіндеп Ресей мен Украинадан, Белоруссиядан жұмысшылар келе бастайды, құрылыс монтажшылары тартылады. 

Ел тәуелсіздігіне дейін Хромтаудағы жергілікті халық өкілдерінің үлес салмағы 25-30 пайыздай ғана екені осындай жағдайға байланысты еді. Кейін орыс, неміс, башқұрт-татар ағайындардың бәрі тарихи Отандарына қарай үдере көшті. Олардың орнын төңіректегі тұрғылықты жұрт басады. 

Өзінің де басшылық қызметте жүргеніне де талай уақыт өтіпті. Қарап отырса, осы уақыт аралығында, қаладағы ірілі-ұсақты құрылыс жұмыстарының бәрін өз ұжымы атқарған екен. 

Кейінде ғана үш жүздей пәтерден тұратын көптеген үй салыпты. Тұрғын үй бағдарламасы деген бар... 

Бұлар үйді салғанда да, баспананың іргетасы, қабырғасы, төбесі, әрлеуі, нәрлеуі дейсіз бе, сақадай-сай пәтер кілтін үй иесіне ұстататындай жұмыстың бәрін тұтастай өздері атқарады. Қазаншұңқырына дейін қазып, дайындап, береді. Және жұмысты қысқа мерзімде сапалы атқаруға қабылдаған міндеттеме бар. 

«Қазхром» трансұлттық компаниясы акционерлік қоғамының өз құрамындағы кәсіпорын жұмысшыларына жасап отырған үлкен қамқорлықтарының бірі – осынау жайларды он бес жылға бір ғана пайыз үстемемен беруі. Халықты қанамайды.  

Қалай болғанда да, әлеуметтік қамқорлық атаулы, әсіресе, өскелең ұрпақты ынталандырудың да таптырмас жолы. Болашақ – жастардікі. Өмір заңдылығы солай. Күні ертең барлық шаруашылыққа ие болып, өндірісті дамытатын да солар...  

«Дөң» тау-кен байыту комбинаты Жөндеу-құрылыс цехының да ел игілігі бағытында атқарған істерін тізе бастаса, әңгіме бірталайға созылып кететіндей. Дегенмен, мекеме салған кейбір шоқтықты құрылыс орындарын атамасқа болмас. Мысалы, «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахта сөзсіз сол қатарға жатады. Екі бірдей шекемтас цех құрылысының да маңызы зор. Және бұлар озық фин технологиясымен салынған айрықша кәсіпорындар. Сондай-ақ 30 миллион кірпіш шығаратын зауыт, көпсалалы «Еуразия медициналық орталығы» ғимараты, балалар аттракционы – аса қажетті нысандар екені даусыз. 

Осы секілді сәулеті анадайдан көз тартатын мешіт пен шіркеу құрылысының мәні айтпаса да түсінікті шығар.  

Бұл орайда айрықша тоқталып айтатын тағы бір орын югославтық жоба бойынша тұрғызылған спорттық-сауықтыру кешені екені даусыз. Мұндай жан-жақты қарастырылған әлеуметтік құрылымды республиканың ірі мегаполистерінің өзінен сирек кездестіресіз. Волейбол, баскетбол, стритбол, бокс, күрес, жүзу спорты, аэробика, гимнастика, таэквондо, үстел теннисі, допты хоккей сияқты көптеген спорт түрлеріне арналған құрал-жабдық, негізінен, Германиядан алынған көрінеді. Яғни, әлемдік стандартқа сай. Жаттығулар тегін. Соның арқасында өңірден шыққан чемпиондардың саны артқан... 

Қазір комбинаттың жөндеу-құрылыс цехында үш жүздей жұмысшы бар. Ал, бастапқыда, тіпті, 1200-дей құрылысшы болған екен. 

– Нарық бәріне үйретті, – деп еді цех бастығы. – Бүгін сонау мың адамның істейтінін үш жүз кісі де істейді. Қазір қолданылатын материалдар жаңа заманғы. Сапалы, қолайлы. Жұмысшылардың да құрал-саймандары сайма-сай. Топырлатып адам ұстағанша, аз күшпен көп шаруа атқару тиімді екені түсінікті. Бәсекеге төтеп берушілік деген бар. Экономика заңдылықтары ұсынықтылыққа үйретпей қоймайды...    

  Байқауымызша, цех комбинаттың бас мердігері ретінде ірілі-ұсақты жөндеу жұмыстарының бәріне араласуына тура келетін секілді. 

Құрылысшылар жетекшісінің айтуынша, қалада салынғанына жарты ғасырдан көп өткен цехтар кездеседі. Солар күрделі жөндеуден өткізіледі. Бұған қоса елді-мекендегі көптеген әлеуметтік нысандардың сапалық жағдайы да осы мекемеге тапсырылатын сияқты.  

Бүгінде Хромтау қаласында жүз отызға тарта дүкен, жиырмадай мейрамхана, ондаған шаштараз, дәріхана, емхана, қоғамдық монша... үйі бар.

– Құрылысшыларымыздың шеберлік деңгейлері өте жоғары. Кез келген тапсырысты биік дәрежеде атқарамыз...

Біз бірқатар еңселі ғимараттарды аралап келе жатып цех еңбеккерлері тобын жұмыс үстінде ұшыраттық. 

Бұлардың қолынан шығатын шағын қондырғыларда қисап жоқ сияқты. Ірі өндірісті шағын қаланың атпал азаматтары мен аймаңдай аруларының ыстық ілтипаты жан жылытады... 

Көше шамдары жыпырлаған жұлдыздармен жарыса жымыңдаған қаладан кештетіп шыққан едік. Хромтаудың «Дөң» деп аталуы, бір себептен, елді-мекеннің Орал таулары аяғының Мұғалжарға қосылатын биігінде орналасқандықтан болуы керек деп ойладық.  

Түнгі қаладан біртіндеп ұзай бергенде көңіл алабұртып, кеудені беймәлім ырғақ тербегендей болады:

– Тіршілік жырын жырлайды –

                                Самала жарық оттары...

                                Алыстан «қолын» бұлғайды 

                                Хромтау ғимараттары...

Хромтау – Ақтөбе облысынағы елдегі республикалық моноқалаларды дамыту бағдарламасына енген жалғыз мекен. Бұл бағытта да бір миллиард теңгеден аса қаржы игерілмекші. 

Демек, іс тетігін білетін кәнігі жетекшілер барда қала өмірінің бүгінгіден де гүлдене түсетіні анық-ау.

Манас ЕСКЕРМЕСҰЛЫ,

Қазақ үні