АМАНДЫҒЫ СӘБИДІҢ – ҚУАНЫШЫ ӘР ҮЙДІҢ

АМАНДЫҒЫ СӘБИДІҢ – ҚУАНЫШЫ ӘР ҮЙДІҢ

Бөбектерге барлық жағдай жасалған...

Ана үшін дүниеге дені сау ұрпақты әкелуден асқан бақыт жоқ. Себебі адам өмірінің мәні де, сәні де – бала. Осы орайда балалардың саулығын сақтау жолында еселі еңбек етіп келе жатқан еліміздегі бірден-бір мекеме – Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жұмысына тоқталуды жөн көрдік. Тоқсан жылдан астам тарихы бар осынау іргелі мекемедегі Неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімінің алар орны ерек. Себебі, мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен кішкентай қаралушылар тоқтаусыз ағылып келуде.

 5 сәуір – неонатологтар, жаңа туған нәрестелерді қарайтын дәрігерлер күні. Осынау атаулы датаға орай аталмыш бөлімнің жұмысы турасында кеңінен сөз қозғамақпыз. 

Ең әуелі неонатология сөзіне түсініктеме беріп өтсек. Неонатология жаңа туған нәрестелерді күту туралы ғылым. Туа біткен даму ақауы бар жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету үшін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мұнда кішкентай ғана науқастар үшін 20 төсектік неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімшесі күндіз-түні жұмыс істейді. Жоғары білікті хирургтар урологиялық, абдоминальды және басқа патологияларға шағын инвазивті бейне-эндоскопиялық араласуды қолдану арқылы қызмет көрсетеді.

Осы тұста туа біткен даму ақауы бар жаңа туған нәрестелердің өміршеңдігінің үлес салмағы 83%-ды құрайтындығын атап өткен ләзім. 1959 жылдан бастап ана мен баланың саулығын сақтау жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дене салмағы өте төмен балаларға күтім жасау ісі бойынша тәжірибесі зор. 2003 жылдан бастап Неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімі Алматы қаласы мен Республиканың әр түрлі аймақтарынан туа біткен даму кемістіктері мен хирургиялық патологиясы бар жаңа туған нәрестелерге шұғыл медициналық көмек көрсетіп келеді. Атап айтқанда, өңеш атрезиясы, диафрагмальды жарықтар, ішек бітелісі, аноректальды даму ақаулары, гастрошизис, омфалоцеле, сегізкөз-құйымшақ аймағы тератомалары және басқа да туа біткен даму ақаулары бар нәрсетелерге күрделі реконструктивті-пластикалық операциялар жүргізілуде.

Бар баланың бақыты үшін...

Ғылым мен техника мейлінше дамыған бүгінгі күнде медицинаның сан саласы да заман талабына сай өркендеп келе жатқаны аян. Дегенмен, барлық мүмкіндік қарастырылған қазіргі жағдайдың өзінде дүниеге денсаулығында кінараты бар нәресте келіп жатуы да тағдырдың жазылмаған бір заңы іспетті. Ауыр жағдайдағы жаңа туған бөбектерге дені сау балаларға қарағанда екі есе жауапкершілікпен қарау жүктеледі. Күндіз-түні кірпік қақпастан қарқынды жұмыс істеп келе жатқан Неонатология және нәрестелер хирургиясы бөлімі жаңа туған нәрестелер ғана емес, сонымен қатар елдің барлық аймақтарынан орфандық және генетикалық аурулары бар жаңа туған нәрестелер де ем алады. Бөлім жұмысы жаңа туған нәрестелерге өмірінің алғашқы сағаттарынан бастап дер кезінде реанимациялық көмек көрсету мүмкіндігін қамтамасыз ету. Осы орайда бөбектерге реанимациялық-консультациялық көмектің үш деңгейлі жүйесінің жүргізілетінін атап көрсеткен жөн. Атпалмыш бөлім біріншіден тиімді перинаталдық технологияларды қолдануымен ерекшеленеді. Екіншіден мұнда шала туылған балаларды күтудің заманауи әдістері қолданылады. Үшіншіден, практикалық жұмыста баланың мүгедектігіне әкелетін ұрық миының ауыр зақымдануын ерте диагностикалау және алдын алу әдістерінің кешені кеңінен қолданылады.

2017 жылдан бастап ПБХҒО ретинопатиясы бар шала туылған нәрестелерге аваскулярлық торлы қабықтың транспупиллярлық лазерлік коагуляциясы енгізілді. Бүл тәсіл бүгінгі күнде сәтті қолданылып келеді. Қазіргі таңда 805-тен астам лазерлік коагуляция жүргізілген. Терапияның тиімділігі 96%-ды құрайтынын ескерсек, бұл өте жақсы көрсеткіш.

Күннен-күнге дамудың жаңа сатысына көтерілуге бел буған орталықтың атқарып жатқан істері ауқымды. Қазақ көз аурулары ғылыми зерттеу институы мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы бірлесе отырып республика бойынша шала туған нәрестелер ретинопатиясының тыртықты және дамыған сатыларында витреоретинальды хирургия енгізіліп, қолданылуда. Алғаш рет 4 балаға хирургиялық араласу жүргізілді. Нәтижесінде олардың екі көздерінің де жарықты және ішінара объекті қабылдауын сақтай алды.

Қазіргі таңда орталықтың Неонатология бөлімінде 3 неонатолог және бөлім меңгерушісі, сонымен қатар 2 неонаталды хирург және офтальмолог мамандары өз қызметтерін мінсіз атқарып келеді.

Сондай-ақ мұнда операциялық блокпен бірге нәрестелерге арналған анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі бар. Реанимация бөлімі толықтай заманауи аппараттармен, ИВЛ, SPAPP/құрылғылармен жабдықталған, онда медицина қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікпен жұмыс істейді. 

Неонатология бөлімінде интенсивті терапияны және өмірлік маңызды функцияларын тәулік бойы бақылауды қажет ететін Жаңа туған нәрестелерге арналған анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі бар. Бөлімге Қазақстанның түкпір-түкпірінен ауыр жағдайда түскен жаңа туған нәрестелер мен шала туылған нәрестелер жатқызылады. Бөлімнің білікті балалар анестезиолог-реаниматолог мамандары күні-түні мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Ондағы пациенттердің негізгі тобы - хирургиялық аурулары бар, туа біткен ақаулары бар, пневмония, гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия және т.б. сияқты әртүрлі соматикалық патологиясы бар жаңа туған нәрестелер. Мұның барлығы ұрпақ саулығын нығайу жолындағы атқарылып жатқан ауқымды істердің бір парасы ғана.


Ең алғашқы дәрігері адамның...


Енді ғана дүние есігін ашқан нәрестелер өмірінің алғашқы төрт аптасында олардың ауруларын анықтау мен емдеудің қолайлы әдістерін іздейтін маман иесі ол – неонатолог. Адамның ең алғашқы дәрігері болуымен де бұл мамандық – құрметті де қастерлі десек асыра айтқанымыз емес. Енді ғана жарық дүние есігін ашқан кішкентай адамның неонтальдық кезеңінде оның алдағы өмірінде денсаулығын қалыптастыруға қажетті жағдайларды тудыруға бағытталған педиатрияның негізгі саласы саналады. 

Аз салмақта туылған нәрестелерді өмір сүріп кетуіне мүмкіндік туғызып, тірі алып қалуда неонатологтар мен балалар мейірбикелерінің еңбегі зор. Педиатрия орталығының Неонатология бөлімінде 2 айға дейінгі жаңа туған нәрестелер мен шала туылған 500-650 грамнан жоғары сәбилер ем алады. Бұл жерге тек жаңа туған нәрестелер ғана түседі. Сондықтан бұл бөлімнің көтерер жүгі ауыр.

Мерзімінен бұрын туған сәбилердің өсіп-жетілуі үшін де ұзақ уақыт, айырықша қамқорлық, төзім мен шыдамдылық, жанашырлық пен мейірімділік аса қажет. Осы қасиеттерге ие, күні-түні шақалақтарға күтім жасайтын неонотолог дәрігерлердің, кувездерде сағаттап тұратын мейірбикелердің еңбегі өлшеусіз.

Осындай ауыр міндет арқалаған маманның бірі бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Гүлзира Әдуова.

– Біздің орталық науқастарға төртінші дәрежеде қызмет көрсететіндігімен ерекшеленеді. Яғни, аудан, облыстарда көмек көрсетіле алмайтын ауыр жағдайдағы нәрестелер республиканың әр өңірінен келіп түседі. Біздің мамандар бір жапырақ шақалақ сәбилерге күрделі оталар жасап, екінші өмір сыйлайды. Ол кісілер өздері ем жүргізе отырып кішкентай науқастарымызды үйлеріне шығарып жатады. Бұл – өте маңызды іс, – деп сабақтады сөзін маман.

Әрбір дүние есігін ашқан сәбидің «Мен келдім» дегендей шырылдап жылаған сәтіне куә болудан асқан бақыт жоқ екенін айтады маман. Өз ісін шынайы сүйетін біздің кейіпкеріміз неонатолог Гүлзира Тұрысханқызы: 

– Бүгінде біздің қоғамда шала туған балалар жетерлік. Оларға жасалатын күтім әлбетте көп күш-жігерді талап етеді. Сондықтан да, ата-аналар жүктілікті бірге әрі дұрыс жоспарлауы тиіс. Әйтпесе бір рет шала туған баланы өмірге әкелген ана, тағы да сол жағдаймен бетпе-бет келіп қалуы мүмкін. Сондықтан да қандай жағдайдың болсын алдын алған абзал, – дейді маман. 

Иә бала өміріміздің жалғасы. Олар біздің жарқын болашағымыз. Еліміздің ертеңі де – балалар. Дені сау ұлтты қалыптастыратын да мына сіз бен бізден өрбіген ұрпақтар. Сондықтан да дүние есігін ашқан әрбір баланың дені сау болуы аса маңызды. Әр бала бақытты болуы үшін жаралған. Сондықтан да бәріміз баланы өмірге әкелмей жатып өз денсаулығымызға мән бергеніміз артық болмас. 

Иә Гүлзира Тұрысханқызының сөзінше, ол кісі өз мамандығын өте қатты жақсы көреді екен. Өз мамандығын жақсы көрген жан ғана, өз қызметін өте жоғары деңгейде атқарып, жан-жағына қуаныш сыйлап жүретін тәрізді. Иә біздің кейіпкеріміз де жылы жүзімен, күлімдеген көзімен әлемге жарық шашып жүре берсін дейміз. Әлемді ұстап тұрған дәл осындай мейірімді жандар емес пе?!

Гүлмира САДЫҚ,

Қазақ үні