Ғылымның өзекті мәселелерін айқын көрсетті

Ғылымның өзекті мәселелерін айқын көрсетті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысындағы сөйлеген сөзінде еліміздің ғалымдарын 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күнімен және осы күнмен тұспа-тұс келген қазақ елінің мақтанышы – академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуын ерекше атап өтті. Еліміздегі алғашқы Ғылым академиясын ұйымдастырып, индустрияландыру жылдарында маңызды еңбектер жазған академик Қ.Сәтбаевтың салған ғылым жолы әркез өзектілігімен ерекшеленіп, маңыздылығы қазіргі кезде арта түсуде. Академик Қ.Сәтбаевтың: «Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады», – деген сөздері ғылымның ерекше сипатын ашқандай.

Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте Мемлекет басшысы ең өзекті мәселелерді нақты айқындап атап көрсетті: 1) ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды; 2) ғылым экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізуге тиіс; 3) жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет; 4) университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару қажет; 5) ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту мәселесі өте өзекті.

География және табиғатты пайдалану факультеті ұжымының профессор-оқытушылары және факультет түлектерін негізгі жұмыспен қамтамасыз ететін География және су қауіпсіздігі институты ғалымдарының Мемлекет басшысы айқындаған өзекті мәселелерді жүзеге асыруға мол мүмкіндігі бар. Себебі гидрология, климатология, география, гляциология т.б. салаларының кәсіби ғалым-мамандары шоғырланып, аталған институт пен факультеттің ғылыми зертханалары озық заманауи құралдармен жабдықталған. Биік таулы ландшафттардың құрамдас бөлігі саналатын мұздықтарды зерттеу де География және су қауіпсіздігі институтының еншісінде. Институт ғалымдары гляциология проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, халықаралық деңгейде сәтті ғылыми жұмыстарды нәтижелі атқаруда.

Сонымен қатар факультет ұсынған бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейлеріндегі оқу бағдарламалары қажетті кәсіби біліктілігі жоғары гидролог, климатолог, географ мамандарды даярлауға бағытталып, Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының ғылыми және қолданбалы дамуын айқындайды.

Өкетай САҒЫМБАЙ,

География, жерге орналастыру

және кадастр кафедрасының аға оқытушысы